Мұстафа ШОҚАЙ: БIЗ ҚҰЛ БОЛЫП ТҰРА АЛМАЙМЫЗ

Мұстафа ШОҚАЙ: БIЗ ҚҰЛ БОЛЫП ТҰРА АЛМАЙМЫЗ

Мұстафа ШОҚАЙ: БIЗ ҚҰЛ БОЛЫП ТҰРА АЛМАЙМЫЗ
ашық дереккөзі

Мұстафа Шоқайдың Алаштың басқа алыптарына қарағанда өз тағдыры, өзгеге ұқсай бермейтiн өзiндiк сүрлеуi болды. Ол өмiрiнiң соңғы 20 жылдан астамын жат жерде өткiздi. 1941 жылдың аяғында көз жұмғанша жас кезiнде-ақ таңдап алған ауыр жолы – арманы мен мұраты өз ұлтының, Түркiстан аймағының саяси егемендiгi, рухани бостандығы болды.

Мұстафа Шоқайдың азаматтық шынайы болмысын түсiну үшiн оның өскен ортасын, қажырлы қоғамдық қызметiн тану, сан алуан әлеуметтiк саяси ой-пiкiрлерiн терең зерделеу қажет. Оның әкесi Шоқай болыс болып, ел басқарып, би атанса, атасы Торғай – даңқты датқа. Осындай өзiндiк мәдениетi, салт-дәстүрi жеткiлiктi әулеттiң шаңырағында дүниеге келген Мұстафа шынайы қазақ тәрбиесiн жеткiлiктi көрiп өстi. Ол кезде атадан балаға мирас болып келе жатқан ауызша сан тақырыптағы дастандарға қазақ даласы кенде болған жоқ. Ауқатты датқа ауылында ақын-жыраулардың да жиi болып тұруы ғажап емес-тiн. Олардың ел билеген хандар мен халқын қорғаған батырлар туралы толып жатқан жырларын, көршi түркi тектес елдердiң әртүрлi қиссаларын бала Мұстафа көп естiп, халықтық рухты бойына жасынан сiңiрiп өскенiне күмән жоқ. Сыр бойында қазақтың соңғы ханы, халқының ұлт-азаттық күресiне өмiрiн арнаған Кенесары хан туралы да әңгiме көп болатын. Оның қырғыз елiне осы өңiр арқылы өткенi де ел есiнде едi.

Ауылда орысша сауатын ашқан Мұстафа Шоқай Ташкенттегi гимназия оқушысы кезiнде-ақ қоғамдық жұмыстарға ерте араласады. Елден келген кiсiлердiң түрлi өтiнiш-арыздарын шешуге қатыса отырып, жергiлiктi халықтар арасындағы әлеуметтiк теңсiздiктi көзiмен көрдi. Басқаны былай қойғанда, оқуды өте жақсы бiтiруiне байланысты өзiне тиiстi алтын медальды генерал Самсоновтың орыс баласына жаздыруын "Мемлекеттiк билiктi қолында ұстап отырған ұлт қана шовинизмдi жүргiзе алады" деген Мұстафа Шоқай пiкiрiн ескерсек, оңай түсiне қоямыз. Бұл оқиға ел iшiнде де отарлық саясаттан туған әдiлетсiздiктi көрiп келген гимназист бойындағы ұлтшылдық жiгерiн жанып, орыс билеушiлерiнiң озбырлығын басынан кешiрiп отырған қазақтан басқа да Түркiстан өңiрiндегi туыс – халық өкiлдерiне деген шынайы сезiмiн арттыра түстi.

Болашақ саясаткердiң қоғамдық-саяси өмiрiнде оның Петербургтағы оқуы мен қызмет жылдары ерекше маңызды болды. Орыс қауымындағы демократиялық үрдiстердi бойына сiңiрдi. Ұлтының азаттық жолындағы күресiне сол кездегi империя орталығында орын алған күрделi оқиғалар және 1914 жылы Әлихан Бөкейхан көмегiмен Мемлекеттiк Думаның Мұсылман Фракциясы хатшылығына орналасуы негiз қалады. Оның саяси санасының өсе түсуiне Ресейдiң орталық аудандарында бiрiншi орыс революциясынан кейiн құрылған саяси партиялар мен қозғалыстардың бағдарламаларымен жете танысуы да аз әсер еткен жоқ.

Петербургтағы кезеңнiң тағы бiр тағылымды жайы – өз халқын азат ету басқа да түркi тектес халықтарды ұйыстырудың нәтижесiнде ғана мүмкiн екенiне Мұстафа Шоқайдың көзiн жеткiзе бастайды. Сондықтан ол Ресейдiң езгiсiндегi Едiл, Қырым татарларын, Кавказ халықтарын, Орал башқұрттарын бiрiктiрудi қажет деп есептедi. Кейiн шетелде жүрген кезiнде де оның өз халқымен бiрге өзге аймақтардағы халықтардың отарлық езгiден құтылуын армандауы жайдан-жай емес едi.

1905 жылдан бастап қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысын басқарған, Мемлекеттiк Думаның мүшесi болған, қазақ ұлттық "Алаш" партиясының негiзiн қалаған, оның бағдарламасының авторларының бiрi, кейiн Алашорда үкiметiнiң басшысы Әлихан Бөкейханның ықпалының ерекше болғанын айта кету керек. 1939 жылдары Мұстафа Шоқайдың: "Ұлтқа пайдалы адам болғыңыз келсе, бәрiнен бұрын орыс өкiметiнiң атамекенiмiздегi жер саясатын мұқият зерттеп үйренуге тырысыңыз. Сiзге не iстеу керектiгiн осы саясаттың өзi-ақ көрсетiп бередi" – деген ғибратты ұстаз сөзiн еске алуы тегiннен-тегiн емес едi.

Түркiстан ұлт-азаттық қозғалысы Мұстафа Шоқайдың бүкiл саяси қызметiнiң мазмұнын құрады. Ол, шын мәнiсiнде, Түркiстан Республикасының ұйымдастырушысы болды. Мұның тарихи жағдайы бар едi. Ташкентте өткен Түркiстан Кеңестерiнiң өлкелiк съезiнде большевиктердiң өкiмет басына келердегi "халықтардың өзiн-өзi басқару туралы" уәдесi саналы түрде ұмыт қалдырылды. Сөйтiп Кеңес үкiметi жариялаған ұлттардың өзiн-өзi билеу туралы декларациясына сенуден қалған аймақ зиялылары 1917 жылы 26 қарашада Қоқан қаласында өлкелiк төтенше IV Мұсылмандар съезiнде Ресей Федеративтiк Демократиялық Республика құрамында Қоқан автономиясын құрды. Бұл шын мәнiсiнде Түркiстан Республикасы едi. Оның премьер-министрi болып алғашында Мұхамеджан Тынышбаев, екi аптадан соң Мұстафа Шоқай сайланады. Алайда 1918 жылғы 18-23 қаңтарда өткен Түркiстан Кеңестерiнiң IV съезi Қоқан автономиясы үкiметiн заңнан тыс деп жариялап, оның басшыларын тұтқындау және автономияны тарату жөнiнде қаулы қабылдады. Мұның аяғы қанды қырғынға ұласты. Содан әлдеқалай аман қалған жаңа республика басшысы шетелге кетуге мәжбүр болды.

Мұстафа Шоқайдың сан салалы саяси қызметiнде оның эмиграциядағы кездерi ерекше орын алады. Ол шетелдiк эммиграцияның ең iрi өкiлi болды және өз ұлтының азаттығы үшiн күресiн қарымды қаламмен толықтырды. Қалам саяси қайраткерге көмектесiп, оның қызметiн айрықша ажарландырды, ерекше биiкке көтердi. Сөйтiп қазақ тарихында азаттық үшiн күрестiң жаңа түрi мен жаңа кезеңi басталады.

Түркiстанның тәуелсiздiгi жолындағы саяси күрестiң жаңа амалының нақты мақсатын М.Шоқай былайша айқындаған едi: "Бiз, Түркiстан тәуелсiздiгiн жақтаушылар, елiмiздiң еркi үшiн және жұртымыз Түркiстанның бодандықтан құтылуы үшiн күресемiз. Түркiстандықтарға бұдан басқа жол болмаған. Қазiр де жоқ және бұдан соң да болмайды. … Бiздiң мұратымыз Түркiстанда түрi жағынан да, мазмұны жағынан да ұлттық болатын мемлекеттiк құрылымға қол жеткiзу болмақ. Сонда ғана халқымыз өз жерiнiң нағыз қожасы бола алады".

Мұстафа Шоқай Түркiстанды күшпен жаулап, қырып-жойып қанға бөктiрген Ресейдiң жат күшiне қарсы өле-өлгенше күресетiнiн, құл болып тұра алмайтынын, ұлтының азаттыққа қолы жететiнiне сенiмiн жасырмады: "Бiз, әрине, өзiмiздiң атамекенiмiз Түркiстанды кеңестiк Ресейден де, басқа Ресейден де бiржола бөлiп алуды мақсат етемiз. Бұл – бiздiң ұлттық мұратымыз, ұлттық арман-мүддемiз. Бiз тек осы идея үшiн қызмет етемiз. Атамекенiмiздiң iшiндегi және сыртындағы барлық ұлттық күштерiмiздi осы идея төңiрегiнде топтастыруға барынша тырысамыз". Осы идея ұлттық мұрат, ұлттық арман-мүдде саналды, осыған бар күш-жiгер, қуат жұмсалды. Ол – азаттық пен тәуелсiздiкке бастайтын ең төте және қысқа жол Түркiстан ұлттық майданының iшкi бiрлiгiн барынша нығайту және оны азаттық үшiн күресiп жатқан басқа халықтардың ұлттық орталықтарымен тығыз үйлестiру лазым, тығырықтан шығудың бұдан басқа жолы жоқ деп санады. Тек осылай еткенде ғана бостандыққа және тәуелсiздiкке жету мүмкiн едi. Осы мақсатта ол барлық түркi тектес халықтардың өзара татулығы мен ынтымағын көздiң қарашығындай қорғап, дәрiптеп отыруды, олардың арасында ешқандай бiр алауыздық болмауын қалады.

Мұстафа Шоқай – Түркiстан ұлттық қозғалысының көшбасшысы ғана емес, оның шығу, даму мен қалыптасуына ерекше үлес қосқан қайраткер. Әрине, ол осы мәселенi арнайы зерттеген емес. Оны бұған күрес мұраты мәжбүр еттi. Қозғалыстың шығу төркiнiн отаршылдық озбырлықтан iздей отырып, патшалық саясаттың екi мақсатын атап көрсетедi. Оның бiрi – жергiлiктi халықтың материалдық және рухани өркендеуiне шек қойып, оның азып-тозып, өлiп бiтуiне душар ету; екiншiсi – орыс мұжықтарын өлкеге көшiрiп әкелiп, Түркiстанды нағыз орыс Түркiстанына айналдыру. Сонымен бiрге ол Ресейдiң отаршылдығының басқа ешбiр жерде дәл Түркiстандағыдай қатыгез болмағанын көре бiлдi. Шынында да, орыс патшалығы халықты қараңғылық пен надандықта ұстауға, оларды материалдық және рухани жақтан әлсiретуге барын салды. Қазақтың басқа өлкелерi сияқты Түркiстанның ең шұрайлы жерлерi орыс келiмсектерiне берiлiп, ондағы байырғы тұрғындар әлдеқайда нашар аймақтарға ығыстырылды.

Мұстафа Шоқай "бiр ұлттың рухани, экономикалық мүдделерi екiншi бiр күштi ұлттың мүдделерiне құрбан етiлуi отаршылдық болып табылады" деген маркстiк-лениндiк теорияны қайталай отырып, отарлаушы мемлекетке тән барлық белгiлердi кеңестiк Ресейдiң басынан тауып, большевиктер билiгiнiң саяси бет-бейнесiн барынша ашып көрсетедi. "Қызыл отар" деген мақаласында ол Кеңестер Одағы деген атау туралы ұсыныс енгiзген көрнектi коммунист Затонскийдiң: "Бiз айналамыздағы өлкелердiң есебiнен Орталықты нығайтқанымыз дұрыс болар едi. Егер Орталықты күшейту үшiн төңiрегiмiздегi өлкелердi тонау қажет болса, бiз оған да барған болар едiк" деген сөзiн мысалға келтiре отырып, Түркiстанның кеңестiк Ресейдiң отары екенiне бұлтартпас дәлелдер келтiредi.

Орыстың патшалық мекемелерi шет аймақтардағы ұлттық дамуды тежеп келсе, одан кейiн билiк басына келген большевиктер халқымыздың ұлттық сезiмiн оның көкiрегiнен бiржола сылып тастауға тырыcқан едi. Сондықтан Мұстафа Шоқай Түркiстанды Мәскеуге экономикалық жағынан ғана тәуелдi етумен шектелмей, ұлтымыздың өзiне тән рухани әлемiнiң орнына орыс пролетариатының рухын орнату Кеңестiк орталықтың мақсаты екенiн ашына жазды: "Большевиктер атамекенiмiз Түркiстанда ұлтымыздың өзiне тән рухани әлемiн суалтып, оның орнына орыс пролетариатының рухын орнатпақ болады. Ұлттық рухсыз ұлт тәуелсiздiгi болуы мүмкiн бе? Тарих ондайды көрген жоқ та, бiлмейдi де. Ұлт азаттығы – ұлттық рухтың нәтижесi. Ал ұлттық рухтың өзi ұлт азаттығы мен тәуелсiздiгi аясында өсiп дамиды, жемiс бередi"

Большевиктер Азамат соғысы аяқталғанан кейiн өз үстемдiгiнiң екiншi дәуiрiн бастаған болатын. Ұлттардың Ресейден бөлiнiп шығып, өз алдына тәуелсiз мемлекет құруына дейiнгi өзiн-өзi билеу құқығы туралы берiлген уәде түбегейлi өзгертiлдi. Мұстафа Шоқай "Түркiстандағы жергiлiктендiру қандай мазмұндарды қамтиды?" атты мақаласында "Большевиктер iс басына келер алдында бүкiл Ресей мұсылмандарына және түркiстандықтарға өз қалауы бойынша өздерiн басқару деген сарында үгiт-насихат жүргiздi. Алайда "қызыл сөздерге боялған" мұндай үгiт-насихаттың нәтижесi iс жүзiнде "орыстың ұлттық рухына негiзделген пролетариат диктатурасынан басқа ештеңе де болмай шықты…" – деп кеңестiк саясатқа тән болған екiжүздiлiктi арнайы атап көрсетедi.

Мұстафа Шоқай өзiнiң "Кеңес үстемдiгiнiң 16-ыншы жылдығына орай" деген мақаласында большевиктердiң өкiмет басына келуiнiң негiзгi себептерiнiң бiрiн олардың дер кезiнде тиiмдi уәде бергiш саясатымен байланыстырады. Большевиктер тездетiп бiтiм жасап, бейбiтшiлiктi қамтамасыз етуге, шаруаларға (крестьяндарға) – жер, жұмысшыларға – билiк, кейбiр ұлттарға бостандық пен тәуелсiздiк беруге уәде еткен болатын. Патшалық Ресейден қажыған, Уақытша өкiметтiң дәрменсiздiгiн тез таныған халыққа большевиктер әлеуметтiк әдiлеттiктi орнататын бiрден-бiр партия деп насихатталды, осыған бар күш-жiгер жұмсалды. Бұған сенгендер де аз болған жоқ. Шаруаларға жер тидi, бiрақ жеке меншiкке берiлмедi, олар колхоздар мен совхоздарға ерiксiз ұжымдастырылып, жеке шаруашылық жүргiзу құқығынан айырылып, мемлекетке басыбайлы етiлдi.

Өз заманына сай терең бiлiм алған заңгер Мұстафа Шоқайдың кеңестiк саясаттың кейбiр теориялық мәселелерi туралы айтқан ойлары ерекше назар аударарлық. Олар сонылығымен және объективтiлiгiмен қызғылықты.

Кеңес үкiметi мен коммунистiк (большевиктiк) партияның алғашқы кезеңнен бастап күндiз-түнi талмай насихаттаған тақырыбы пролетариат табының диктатурасы болды. Алайда шындық басқаша болатын. Түркiстанда пролетариат табы болған жоқ. Ал ондай тап болмаған жағдайда оның диктатурасы туралы сөз айтудың өзi иiнсiз едi. Мұстафа Шоқай өз мақалаларында Түркiстанның байырғы халықтарының Қазан төңкерiсiне ешқандай қатысы болмағандығын айтып, пролетариат диктатурасы шын мәнiнде орыс диктатурасы болып отыр деген қорытындыға қайта-қайта жүгiнiп отырады. Жергiлiктi газеттердiң материалдарына сүйенiп жазылған "Атамекен жағдайы" атты мақалада ол Түркiстанда жүргiзiлiп жатқан ашық террор, Кеңес өкiметiнiң халықты жаппай қуғын-сүргiнге ұшыратуы, азапқа салуы, аштыққа душар етуi мен жүздеген-мыңдаған жазықсыз жандардың атып өлтiрiлуi туралы жазады. Ең сорақысы партиядан шығарылғандардың, қамауға алынғандардың, жер аударылғандар және өлiм жазасына кесiлгендердiң бар кiнәсi олардың баяғыда өлiп қалған атасының бай, саудагер, ғұлама, яғни кезiнде iс басында болғандары немесе айыпталушының көне медiреселерде оқығандығы едi.

Мұстафа Шоқайдың Түркiстандағы таптық күрес туралы ойлары да құнды. Ол "Таптық күрес ұлттық өнеркәсiбi қалыптасқан саяси, әлеуметтiк және экономикалық мүдделерi бiр-бiрiне қарама-қарсы тұрған, ұлттық буржуазия мен ұлттық пролетариат таптары бар тәуелсiз елдерде ғана болуы мүмкiн" деген маркстiк теорияға сүйене отырып, патшалық Ресей кезiнде Түркiстанда ондай жағдай болмағандығын дәлелдейдi. Саясаткер ойынша, бiрiншiден, Қазақстанда ондай таптар қалыптаспаған кезде, олардың күресi жөнiнде әңгiме жасаудың өз орынсыз. Оны сол кездегi Кеңестiң кейбiр басшыларының өзi мойындауға мәжбүр болған. Екiншiден, Қазақстан өз алдына тәуелсiз ел емес едi. Ол жүздеген жылдар бойы Ресейдiң отары болып келе жатты. Үшiншiден, Кеңес үкiметi большевиктер айтып жүргендей, пролетариат диктатурасы емес, пролетариат арасынан шыққан беделсiз топтың диктатурасы.

Мұстафа Шоқай кеңестiк билiк жалпы жұмысшы табының қолында емес, бiр ғана большевик партиясының уысында екенiн атап көрсетiп, билiктiң "жұмысшы демократиясы" деп жалаулатқан үгiт-насихаттың шындыққа жанаспайтын саяси сипатын терiске шығарады. Мұның дәлелi ретiнде ол "Жұмысшы демократиясы дегенiмiз тарихтың табиғи қажетiне сәйкес бiрiгiп, саяси демократияның шеңберiнде бола отырып, жалпы жұмысшы табының дербес тап ретiнде өзiн көрсете алуы болып табылады" – деген анықтама ұсынады. Осыған байланысты ол социалист(түрлiше түстегi) жұмысшылар тәрiздi антисоциалист жұмысшылар да болатынын, Еуропада "католик жұмысшылар ұйымының" да бар екенiн, егер жұмысшылар көмектеспесе және қатынаспаса, онда Италиядағы фашистер мен Германиядағы гитлершiлдер күш алуы мүмкiн болмағаны сияқты мысалдарды тiлге тиек еттi.

Сондай-ақ Мұстафа Шоқай "большевизм" және "ұлтшылдық" деген ұғымдардың ешқашан жанаспайтынын бiр-бiрiне қарсы екi басқа ұғымдар екенiн, большевизм ұлтшылдықты терiске шығаратыны тәрiздi, ұлтшылдық та большевизмдi терiске шығаратынын ескертедi. Сонымен қатар Түркiстанда ұлттық өкiметтiң үстемдiгiнен басқа ешбiр күштi мойындамау негiзiне құрылған ұлтшылдық идеясына түсiнiктеме бере отырып: ол былай дейдi: "Ол – халқымыздың жаны мен жүрегi. Ұлтымыз өмiр сүрсе, ол да бiрге өмiр сүредi". Осы жерде Мұстафа Шоқай туралы өзiнiң нағыз жан серiгi болған Мария анамыздың: "Саясатта да ол намысқой әрi жанға жақын болуы арқылы адамдардың жүрегiне жол табатын. Пiкiрталаста қызу қанды болушы едi. Өз пiкiрiн дәлелдеуде қарсыласының намысына тиюден аулақ болатын. Көзқарас жиегi кең болғандықтан, өзiнiң ойын еркiн жеткiзетiн және айтқан пiкiрiнiң тыңдаушыға ұнаған-ұнамағанына мән бермейтiн. Мұстафа тар ауқымды ұлтшылдықтың дұшпаны едi. Ол бүкiл Түркiстан ұлттарының бiрiгуi жолындағы күрескер едi", – деп жазғанын еске алуымыз керек.

Мұстафа Шоқай – өзi өмiр сүрген дәуiрдегi халықаралық мәселелердi биiк деңгейде талдай бiлген, оның беталысын көрегендiкпен болжай алған теориялық терең бiлiмдi, ұлтымыздың тұңғыш саяси сарапшыларының бiрi ғана емес, бiрегейi. "Ұлттар Ұйымы және Кеңес үкiметi", "Алманиядағы қаржы дағдарысы", "Қытайда", "Ағылшын дағдарысы", "Манжурия мәселесi және дүниежүзi баспасөзi", "Кавказ мәселесi", т.б. тақырыптарға жазылған мақалаларды былай қойғанда, "Халықаралық жағдай" және "Халықаралық өмiрден" деген тақырыптардағы 20-ға жуық мақаласында ол Ұлттар Ұйымының мәселелерi, 1912 жылғы соғыс алдындағы Англия, АҚШ, Германия, Италия, Жапония, Қытай, Франция т.б. елдерiнiң сыртқы саясаттарына талдау жасайды. Бұның тарихшылар мен саясаткерлерге өткен ғасырдың 20-30 жылдарындағы халықаралық мәселелерден мол тарихи һәм саяси мағлұматтар берерi сөзсiз. Бiр ескеретiн нәрсе, Мұстафа Шоқай халықаралық тақырыптардың қандайына болмасын қалам тартса да туған елi, Түркiстан өңiрi әсте есiнен шықпайды. Бар мәселенi осының маңына топтастырады, халықаралық ахуалдың ұлттық тәуелсiздiгiмiзге тигiзер ықпалын ылғи ойлап отырады.

Саяси күрестiң от– жалынында шыныққан, өмiр жолында сан түрлi, сан мiнездi саяси қайраткерлермен жолығып, кейде олардың кейбiреулерiмен айтысқа да түскен Мұстафа Шоқайдың саяси тұлғалар туралы айтқан ойлары да маңызды. Қайтыс боларынан бес жыл бұрын жазылған "1936 жыл" деген мақаласында ол: "Жалпы ұлттың мүддесiн жеке қожалықтар мен жеке топтардың мүддесiнен жоғары қоя бiлген, өзiнiң белгiлi бiр түзiмге белгiлi бiр себептермен қалыптасқан қатынасын, оған тәуелдiлiгiн жалпы ұлт мүддесi тұрғысына сәйкес, ұлттың жалпы жағдайына үйлесетiн түзiм жолында құрбан ете бiлген адамдар ғана нағыз ұлттық патриот және ұлтқа пайдалы қызметшi бола алады" – деген-дi. Оның ойынша, саяси тұлғаға аса қажет қасиет – үмiт, сенiм, иман тәрiздi рухани-моральдық факторлармен бiрге ғылыми-техникалық бiлiмнiң өзара тығыз бiрлiгi. Жеңiске жету үшiн осы аталған қасиеттермен қатар бiлiм қуаты қажет. Осыларды игерiп қана ұлт азаттығы жолында жұдырықтай жұмылуға болады. Сол сияқты "Бiз саяси қайраткерлердi оның ұрандарына қарап емес, iс-қимылдарына қарап бағалаймыз" – деген өз сөзiне ұлы күрескердiң сонау лицейдегi оқушы және Петербордағы студенттiк кездерi, одан кейiнгi саналы да сан салалы, қиын да күрделi күрескерлiк жолы, кейiн жат жерде де қайғы мен қасiреттi аз тартпаған, алайда бiр сәт толастамаған арпалысқа толы жалынды өмiрi бұған бұлтартпас дәлел.

Бүкiл түркi әлемiнiң ұлы перзенттерiнiң бiрi, бүкiл ғұмыры өз Отанына шексiз берiлгендiктiң, оның асыл мұраттарына қызмет ете бiлудiң тамаша үлгiсiн таныта бiлген ұлы күрескердiң саяси қайраткерлердi олардың ұрандарына қарап емес, өмiрдегi нақты iс-қимылдарына қарап бағалау керек деген ойы бүгiн де айрықша атойлап тұр. Ол өзi шексiз сүйген халқының бостандығы үшiн тәуекелге бас тiккен тұлға едi.

Германия басшылығы оны ұстап, Берлинге алып кетедi. Оған түркiстандық тұтқындар үшiн радиодан сөз сөйлеу ұсынылады. Бiрақ ол алдымен лагерлерде болуды өтiнедi. Сөйтiп, 1941 жылы тамыздың соңынан қарашаның басына дейiн немiс лагерлерiндегi жан түршiктiрерлiк жағдайды өз көзiмен көредi. Мария Шоқайдың белгiлi естелiгiнде ерiнiң өзiне жазған хатынан мынандай үзiндi келтiредi: "Сiздер – немiстер, өздерiңiздi Еуропадағы ең мәдениеттi адамдармыз деп санайсыздар. Егер сiздердiң мәдениеттерiңiз менiң көрiп жүргендерiм болса, онда мен сендерге де тұтқындағылардың шеккен азабын көрулерiңiздi тiлеймiн. Сiздер ХХ ғасырда өмiр сүрiп отырып, ХIII ғасырдағы Шыңғыс ханның жасаған зұлымдығынан асырып жiбердiңiздер. Мәдениеттi халық екендiктерiңiздi айтуға хақыларыңыз жоқ". Бұл хат табыс етiлген СС офицерi оны оқып шығып, Мұстафаға, "Пiкiрлерiңдi өте тура айтыпсың, мұның артықтау емес пе?" дегенде, Мұстафа оған: " Егер сiздер осыған байланысты маған ату немесе асу жазасын берсеңiздер де разымын. Мұндай мәдени қоғамда өмiр сүргеннен гөрi өлгенiм артық. Бұл қорқынышты жағдайлардан соң тiптi де өмiр сүргiм келмейдi" – деп жауап берiптi. Мұстафаның осы жылдың аяғында Берлин ауруханасында құпия жағдайда қайтыс болуы тегiннен-тегiн емес едi.

Мұстафа Шоқайдың аса көрнектi саяси күрескер ретiндегi қызметiнiң де, өз халқының тәуелсiздiгi мен азаттығын, отаршылық тағдыр кешiп отырған басқа да түрiк тектес халықтардың қамын ойлаған өшпес идеялары мен әлеуметтiк саяси ой-пiкiрлерiнiң де тағлымдары мол-ақ.

Осыдан 70 жылдай бұрын айтылған "Бiз құл болып тұра алмаймыз. Бiз ұлт азаттығымызды аламыз" деген көреген саясаткер сенiмi шындыққа айналды. 1917 жылы Ақпан революциясын "Қазақ" газетiнiң "киiз туырлықты қазақтың оң жағына ай, сол жағына күн туды" деуiнiң, Әлихан Бөкейхан, Мұстафа Шоқай, Мiржақып Дулатұлылардың "Азаттық таңы атты. Тiлекке құдай жеткiздi. Күнi кеше құл едiк, ендi бұ күн теңелдiк. Қам көңiлде қаяу арман қалған жоқ" деп жазуларының ретi ендi келдi.

Елiмiз егемендiкке жетiп, тәуелсiздiк алғалы аралықта қоғамдық өмiрдiң барлық саласында, әсiресе, саясат пен экономикада күрделi өзгерiстер жүзеге асуда. Кейде қайшылықты болғанымен қол жеткен табыстарымыздың елеулi екенiне ешкiм көз жұма алмас. Кешегi 90-жылдардың қиындықтары артта қалып, күн өткен сайын жаңа асулар алынып, жаңа мiндеттер туындауда. Ол заңды да. Ол қоғамымыздың өсу, даму үстiнде екендiгiн дәлелдейтiн факторлар. Дегенмен бүгiнгi күн биiгiнен қарасақ, ұлтымыздың шынайы мәселелерiне, әсiресе, ұлттық рухани дүниелерге жеткiлiктi көңiл бөлiнбей отырғаны бiрден көзге ұрады.

Осыдан 44 жыл бұрын Баукеңнiң, ұлтымыздың қас батыры Бауыржан Момышұлының республика билiк басындағыларға: "Қазақпын деп мақтануды ар көретiн, қазақтың тiлiнде сөйлеудi масқаралық көретiн салт қайдан шығып отыр? Балалардың көбi не қазақ, не орыс болып тәрбиеленбей, шөре-шөре бiрдеме болып өсiп жатқанын неге көрмейсiңдер?" деген сөзi бүгiн де айрықша естiлiп тұр.

Қайта құрудан басталған ұлттық қайта түлеу егемендiкке жету мен тәуелсiздiк алудан ары ұзап кете алмады. Кешегi кеңестiк кезеңде социалистiк интернационализм идеясымен уланған санамыз азаттықтың асқақ идеясымен жаңартылмады, жаңа жағдайдағы ұлттық мұраттарымызды шешумен батыл жалғастырып, дәстүрлi ұлттық рухани бұлақтан жеткiлiктi суғарылмады. Неге екенi белгiсiз, 1990 жылдарғы қабылданған мемлекетiмiздiң алғашқы құжаттарында – «Егемендiк туралы» Декларация мен «Тәуелсiздiк туралы» Конституциялық заңда атап көрсетiлген Қазақ ССР-i ұлттық мемлекеттiгiн сақтау, қорғау және нығайту жөнiнде шаралар қолданады деген аса мәндi қағидадан көп ұзамай бас тарттық. Бүгiнгi "ұлттық идея", "ұлттық мәдениет" пен "ұлттық идеология" сияқты ұғымдарды мойындамаушылық, қазақ ұлтының орнына кешегi кеңес адамы дегендей "қазақстандық ұлт" сияқты ұсыныстардың тууы жайдан-жай емес. Осы арада Мұстафа Шоқайдың: "Ұлттық рухсыз ұлт тәуелсiздiгi болуы мүмкiн бе? Тарих ондайды көрген жоқ та, бiлмейдi де. Ұлт азаттығы – ұлттық рухтың нәтижесi. Ал ұлттық рухтың өзi ұлт азаттығы мен тәуелсiздiгi аясында өсiп дамиды, жемiс бередi", – деген сөзiн ескерте кетсек артық болмас. Кешегi кеңестiк кезеңдегiден мазмұны мен түрi жағынан мүлдем басқа мемлекетiмiздiң ұлттық сипаты басым болмай, алда тұрған ауыр мiндеттердi шешуiмiз қиын болатын шығар.

Кезiнде Алаштың арыстары өз ұлтын шексiз сүюдiң үлгiсi ретiнде пайдаланған "ұлтшылдық" деген ұғымды бүгiнгi тәуелсiздiк жағдайда шынайы түсiнуiмiз керек. Бұл ұғымды патшалық Ресей де, кешегi кеңестiк билiк те өзiнiң ұлттық саясатындағы қайшылықтарға қарсы тұрған ұлт зиялыларын басып-жаншудың басты құралы еткенiн айта кеткен артық болмас. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына СОКП Орталық Комитетi Саяси Бюросының қазақ халқына "ұлтшыл" деп баға беруге тырысқаны олардың қателескенi емес едi, бұл ұғым компартияның ұлттық аймақтарды бiр уыста ұстау үшiн пайдаланған идеологиялық қаруы болатын. "Ұлтшыл" деген ұғымның ұлттық астамшылыққа ұласып жатқанда ғана қауiптi екенi бесенеден белгiлi болса да, осы сөзден үрку бүгiн де жоқ емес. "Ұлтшылдық" ұлтжандылықтан әлдеқайда терең мағыналы, ұлтын шынайы сүюдi айқындайтын қасиеттi ұғым екенiн түсiнетiн кез келген сияқты. Өз ұлтын сүйе алмаған адам өзге ұлттың қадiрiне жете алмайды.

Мұстафа Шоқай өз халқына деген шексiз сүйiспеншiлiгi және айрықша адалдығымен қатар тар шеңбердегi ұлтшылдыққа ешуақытта бой алдырмаған, ру, ұлыстарға бөлiнiп, халықтың iшiне iрiткi салатын рушылдық психологиядан өзiн әркез алшақ ұстаған. Ол ұлтты құтқару күресiнде, ұлттық құрылыста түркiстандықтарды ру, ұлыстарға бөлiп, iштен iрiткi салатындарды Түркiстан ұлтшылдық идеясы мен мұраттарының жаулары деп есептедi. Ол: "Бәрiнен бұрын өз қатарымызды, түркiстандық бiрлiгiмiздi күшейтейiк. Түркiстанның жұдырықтай жұмылған ұлттық бiрлiгiн Ресейден айрылу үшiн күресiп жатқан басқа халықтардың ұлттық майдандарымен тығыз үйлестiре отырып, орыс империализмiне қарсы қуатты күш ұйымдастырып, бiрге қимылдайық. Орыс империализмiне қарсы күрес майданындағылардың ұлтын, дiнiн, нәсiлiн, партиясын тергеп-тектемейiк, алаламайық. Тек осындай жол ғана бiздi ұлттық азаттыққа жеткiзе алады… Бұдан басқа жолдардың барлығы алдамшы, тұйық… Өзiнiң iшкi бiрлiгiн нығайта алған халықтар ғана тәуелсiздiгiне қол жеткiзе алады. Және оны қорғап қала алады" – деп нағыз тәуелсiздiкке апаратын және азаттық күреске жеткiлiктi дәрежеде күш-қуат дарытатын ұлттық бiрлiгiмiздi нығайта түсуге ұмтылуымыз тиiс деп санады.

Қорыта келгенде, Мұстафа Шоқайдың бар саналы ғұмырын өз ұлтының, бүкiл түркi әлемiнiң азаттығы мен еркiндiгiне арнаған қажырлы қызметiн тани бiлу және оның аса маңызды әлеуметтiк саяси ой-пiкiрлерiн рухани игеру қазiргi жаңа әлемдегi Қазақстанымыздың бүгiнiн байытып, келешегiн кемелдендiре түсерi сөзсiз.

Әбдiжәлел БӘКIР, саяси ғылымдарының докторы