Жаңалықтар

КӨШЕСI ТАЗА ДЕСЕК ТЕ...

ашық дереккөзі

КӨШЕСI ТАЗА ДЕСЕК ТЕ...

Екi ауылдың арасын бiр өзен бөлiп жатыр. Күнбатыс жақ бетiндегi елдi мекен "Фабричныйға" қарайды да, күншығыс жақ бетiндегi ауыл "Қайнар" деп аталады. Жол түсiп Фабричныйға қарасты ауылда тұратын танысыма бардым. Үйден сыртқа шығып, сөйлесiп тұрғанымызда қарсы беттегi ауылдың көңiлдi жабырқатар көрiнiсiне көзiм түстi. Жарлауыттан ылдилата тастаған қоқыс етектегi үйлердiң қоршау шарбағына дейiн жетiптi.

Танысым: "Бiздiң үйге келгендердiң көзi осы қоқысқа түседi. Жардың үстiңгi жақ бетiндегi "Интернационал" көшесiнiң тұрғындары бар қоқысын осы жерге төгедi. Қыста қатып қар астында жатады. Көктемде жауған жаңбырмен жiпсидi. Жаздың аптап ыстығында борсып, күлiмсi иiсi осы бiз тұрған жерге дейiн жетедi. Шамалған жолынан былайырақ, тасалау жерде болған соң ары өткен, берi өткен аудан басшылары көре бередi. Бiрақ олар байқамағанды бiз күнде көремiз. Қайнардың көркiн бұзып-ақ тұр" – дедi қынжылып.

"Тазалық – денсаулық кепiлi". Бұл ұлағатты сөз адамдардың жеке басына ғана қатысты болмаса керек. Аула, көше тазалықтарына да қатысты айтылғаны кәмiл. Тап осы қоқыстан ертеңгi күнi мал-жанға ауру тарамасына кiм кепiл?

Қайнар-Қарасай ауданының Бiрiншi май ауылдық аумақ әкiмшiлiгiне қарайтын елдi мекен. Аумақта 1035 отбасы, яғни 6,5 мың жан тұрады. Жаңа әкiм Бағдат Ахметтаевтың тағайындалғанына бiр-ақ күн болыпты.

– Ауылдарымыз таза. Сенбiлiк өткiзiп тұрамыз. Күн сайын бiр мәшина қоқысты Айтидаға арнаулы қоқыс төгетiн жерге апарамыз. Жаңа әкiм осылай дейдi. Рас, ауылдың басты көшелерi мұнтаздай. Қатар түзеп өскен ағаштардың түбi ақталған. Ай қарап, босқа отыр деу асылық болар. Әй-шайға қарамай оған кiнә артудан аулақпыз. Алайда ол келе салып, ауылдың ұңғыл-шұңғылын қайдан бiлсiн. Дегенмен ол бiлмегендi, ол көрмегендi бұрыннан қызметте жүрген орынбасарлары, тiптен iс басқарушы Рысбала Әлiкенова да бiлмедi, көрмедi дегенге кiм сенедi? Азабын шегiп, жүйкесiн тоздырған етектегi тұрғындар табандарын тоздырып, табалдырықтарынан талай рет аттап, шағымданған да шығар. Жалпы жоғарыдан қоқыс тастаушылардың төмендегiлердi адам ретiнде елемей осындай жөнсiздiкке барғандарын қалай түсiнуге болады? Бiр ауылда тұрғандар қашанда бiр бауыр емес пе? Көшенiң аты да "Интернационал". Бiрiн бiрi құрмет тұтқан сыйластықтары қайда? Бұл мәселеде әкiмшiлiк тарапынан үгiт-насихат жұмыстарын да ұдайы жүргiзiп, қадағалап тұру да керек-ау.

Қай мәселеге де айғақ керек. Сол үшiн мына қордаланған қоқысты фотосуретке түсiрiп алдым. Жамбастап жатқан пәлекет биыл да жыл бойына дейiн көңiрсiп жатып алар ма екен. Жоқ әлде әкiмшiлiктегiлер "Интернационалдың" тұрғындарын жұмылдырып күнi ертең-ақ тазалап, орнына тал егiп жаңартып тастар ма екен. Қайтер екен?..

Көлбай Адырбекұлы