Толымбек ӘЛIМБЕКҰЛЫ: ҚАЗIРГI САТИРАНЫҢ ОҒЫ ДА ҮШКIР ЕМЕС, ШОҒЫ ДА КҮЙДIРМЕЙДI

Толымбек ӘЛIМБЕКҰЛЫ: ҚАЗIРГI САТИРАНЫҢ ОҒЫ ДА ҮШКIР ЕМЕС, ШОҒЫ ДА КҮЙДIРМЕЙДI

Толымбек ӘЛIМБЕКҰЛЫ: ҚАЗIРГI САТИРАНЫҢ ОҒЫ ДА ҮШКIР ЕМЕС, ШОҒЫ ДА КҮЙДIРМЕЙДI
ашық дереккөзі

Әңгiменiң ауаны тақырыбынан көрiнiп тұрғанындай, әзiл-сықақтың ауылы саналған сатиралық театрларымыз жайлы. Сонау "Тамашадан" бастап, бүгiнгi қаптаған театрларымызға дейiнгi аралықты қамтитын әңгiмемiздiң де жүгi жеңiл емес. Бiрi – сатиралық театр, бiрi – әзiл-сықақ отауы, ендi бiрi – шоу, одан қала бердi, күлкi керуенi атанған театрлардың заты таныс болмаса да, көпшiлiкке аты таныс. Аты таныс болмай қайтсiн, бiрiнен соң, бiрi тоқтаусыз республика жұртшылығын аралап, шоу-думан жасаудан жалықпайтын театрларымыз сатираның жүгiн көтерiп-ақ жүр.

Құдайға шүкiр, қазiр осы театрларымыздың арқасында "Құда мен құдағидың", "Нағашы мен жиеннiң", "Жезде мен балдыздың", "Абысын мен келiннiң", "Қайнаға мен қайнының" қалжыңдарын бiр кiсiдей меңгерiп қалдық. Қайта-қайта жылтыңдап, сахнаға шыға берген соң, меңгермегенде қайтемiз. Тiптi, қазiр олардың қалай қалжыңдасып, қалай әзiлдесетiнiне дейiн, "еңкейген кәрiден еңбектеген балаға" дейiн жатқа айтып бере алады.

Сатираның тақырыптары неге тарылып барады? Әзiл-сықақ театрлары көп те, сатиралық дүниелердiң жүгi неге жеңiл?! Бұған кiм кiнәлi? Қоғам ба, сатирик пе, әлде қаптаған әзiл-сықақ отаулары ма? Көңiлiмiздi жаулаған сауалдарымызды белгiлi сықақшы ағамыз Толымбек Әлiмбекұлына қойған едiк.

– Толымбек аға, бүгiнде өзi режиссер, өзi актер, өзi драматург сатиралық театрлар көбейген үстiне көбейiп келедi. Көбейгенi де дұрыс-ау. Соның iшiнен сапасы мықты театрларды қалай анықтай аламыз?

– Бiр нәрсенiң көбейгенiне қуанасың ғой, әрине. Бiрақ, бұл театрлардың көбеюiнiң ешқандай жаңалығы жоқ. Әрi олардың ойында ананың айта алмағанын мен айтайын деген ниет те жоқ. Алғаш "Тамаша" шыққанда қалай болып едi? Жетi-сегiз интермедия ойналып, жетi-сегiз әншi қатысатын. Бұларда да дәл сондай. Тура соның көшiрмесi деуге болады. Жетi-сегiз интермедия арасында концерт. Концерттiк бағдарламасына кiм көрiнген шыға бередi. Қысқасы, ол жерде сатира деген әңгiме жоқ. Қарап тұрсаңыз, әзiл-сықақ отаулары жарнама берген кезiнде, көбiне қешке қатысатын әншiлердiң жарнамасы көзге ұрып тұрады. Сол арқылы көрермендi жинағысы келедi. Демек, мұндай оймен көрермендi жинайтын театрға сатираны көркейтемiн деу, үш ұйықтаса, түсiне де енбейдi.

– Әзiл-сықақ отауларының да бүгiнгi ойы – шоу бизнестi дамыту емес пе?

– Тек қана сол. Яғни, көп ақша табу. Ондағы өнер көрсетiп жүрген жiгiттердiң көбi тойға барады. Ал, оларды тойға шақыратын жарнама, осы театрлар арқылы келедi. Және олардың елдiң алдындағы бағасы да жоғарылау болады. Әрi абыройы биiктеу тұрады. Мен оларды тойға барды екен деп кiнәламаймын. Заманның өзi де соған алып келiп жатыр. Өйткенi, бүгiнгi қазақтардың көбi сол өнердi тойында отырып та көргiсi келедi. Ал, бiрақ, мен бiр нәрсеге келiспеймiн. «Бүгiнгi қазақ сатирасы қандай деңгейде?» дегенде, бүгiнгi театрлардың деңгейiмен өлшегiсi келедi. Ол жерде сатира жоқ. Сатира десе, бiз күлкi деп қараймыз. Расында, күлкi дегенiмiздiң өзi – көркемдiк өнер. Оған әсемдiк, көркемдiк тән.

– Жалпы, сатира дегенiмiздiң өзi әдебиеттiң үлкен жанры емес пе?

– Әрине, жанр. Әдебиеттiң үлкен жанры. Ал, бүгiнгi театрлар оны жанр деп қабылдап жатқан жоқ. Салып ұрып, орашолақ қимыл жасаймыз, сахнада тұрып, бейәдеп сөз айтамыз. Сонда ондағы көркемдiк деңгей қайда? Эстетика, сахналық этика деген қайда? Өз басым сахнаны үлкен бiр тұғыр деп есептеймiн. Үш мың адамдық ең үлкен зал – Республика сарайы десек, үш мың адамның алдында сен әлдеқайда биiк тұрмайсың ба? Сол үш мың адам сенi тұғырдан көрiп тұрғанда, сен де соған лайық болуың қажет. Ойыңа келген сөздi айтып, тиын жинап кету мақсат емес. Кейде жiгiттердiң, тiптi, көңiлдi тапқырлар клубы деймiз ғой, сондағы жiгiттердiң де бойында ұлттық намыс жоқ. Қарасаңыз, қай жерде де қазақ жаман. Жарайды, жекелеген бiр тұлғаларда кемшiлiктер бар шығар. Бiр адамның бойындағы кемшiлiктi айтып, күлкi жасауға болар, бiрақ бiртұтас халықты, менiң туған халқымды сахнаға шығып тұрып, кiнәлауға бола ма? Сонда ұлттық патриотизм, ұлттық намыс дегенiмiз қайда? Бiлiм және ғылым министрлiгiне: "Мектептерде ұлттық намыс туралы тәрбие сағаттары өткiзiлсе екен" деп, хат жазғым келiп жүр. Бiздiң театрларымыз тек қана ақша табуды көздемеу керек. Бүгiнгi қоғамдағы болып жатқан проблемалардың бәрiн көтеру қажет. Мәселен, тiлдiң мәселесiн осы театрлар көтеруге болар едi ғой. Өйткенi, көпшiлiктiң ең көп баратыны да сол театрлар. Тiлдiң проблемасын қалай көтерсiн?! Өйткенi, олардың өзiнiң тiлдерi ала-шұбар. Кез келген кiшкентай бала сахнаға қарайды да, соның бойындағы жақсы қасиеттердi алғысы келедi. Ал бiздiкiлер, кез келген нәрселердi айтып, бейәдеп сөздердi айтып тұрса, одан бала қалай тәрбие алады? Мен сол театрларға талай интермедия жазып бердiм. Олар қойылды да. Қазiр де жазар едiм, бiрақ актерлер мәтiн жаттамайды. Өйткенi, театр олар үшiн қосымша жұмыс болып табылады. Қосымша жұмыс деп саналғаннан кейiн, оған жауапкершiлiкпен қарамайды. Мәтiндi бiр көредi де, сахнаға шығып кете салады. Қазiргi сатиралық театрлардың актерлерi негiзiнде Жүрсiн Ерманның айтысына шығуы керек. Суырып салып айта бередi. Рас, актерлiк тапқырлық деген керек. Бiрақ, бiртұтас интермедия актерлiк тапқырлықтан тұрмайды ғой. Ситуацияға лайықты керемет тiркестер шығып қалады, оған кiнә артпайсың. Сатираны дамытамыз деген шын ниетi болса, олар әуелi кiтап оқиды, iзденедi. Бiздiң актерлердiң бiр кемшiлiгi, әрекетпен күлдiргiсi келедi. Әрекет дегенiңiз, қалай болса солай қимылдап күлдiру емес. Күлкi деген кездейсоқ нәрседен туады. Ал, бiзде кездейсоқ деген жоқ, бәрi жасанды. Сосын олардың ойында зал толы көрермендi қайтсем күлдiрем деген ой тұрады. Ол дұрыс емес. Көрермен бәрiн түсiнедi. Астарлы, емеурiн күлкiнi, мысқыл күлкiнi де бiледi. Сондықтан әркез көрермен мен актердiң арасында нәзiк байланыс болуы керек.

– Алғаш сықақ жазып жүрген кездерiңiзде сiздерге ерекше талап қойылатын ба едi?

– Мiндеттi түрде талап қойылды. Менiң алғашқы кiтабымды түкке тұрғысыз деп қайтарып берген. Сол секiлдi "Тамашада" да талай интермедиялар қайтып келiп, оларды қайта жазып шыққан кездерiм де болды.

– Ащылау жазып жiбергендiктен бе?

– Жоқ, қоғамды ашық сынағандықтан емес. Кейбiр жеткiзбей жатқан тұстарын айтып отырмын. Ал, қоғамды ащы сынауға болмайтынын бiзде бiлдiк қой. Қазiр Құдайға шүкiр, сатира жазып жүргендер бар. Ең бiрiншi сатирикке юморлық сезiм керек. Қазiр күлкiлердiң өзi бейәдеп болып кеттi. Қазақы күлкiнiң астарын түсiнбеушiлiктен туып жатады. Қазiр дайын анекдот көп. Сол дайын анекдоттарды жиып алады да, басын құрай салады. Сахна көркем өнердi қажет етедi. Олардың әлгi анекдоттарының сахнаға шыққан кезде құны көк тиын болып қалады. Сол себептен де арзан күлкiлер көп. Iздену жоқ.

– Бүгiнгi театрларымыздың қандай тақырыпқа көбiрек барғаны дұрыс?

– Кей-кейде мен де сахнаға шығып қоям. Өзiме ұнаған үлкен бiр көркем дүниемдi сахнаға алып шықсам, оны көрермен қабылдамауы мүмкiн. Және жай кезде оқып отырғанда әдемi болғанымен, сахнада қабылданбайды. Оның орнына, ауылдың қарапайым әңгiмелерiн ауылдың тiлiмен, болған жайымен айтсақ, онда әлдеқайда ұтымдырақ шығар едi. Оның үстiне, сахнаның тiлi ауызекi тiлге жақындау. Шын болған нәрсе, шын қабылданады. Француздардың комедиясын көрсең, рахат, жеңiл, бiрақ кинодан шыққаннан кейiн, бәрiн ұмытып қаласың.

– Кейде бiр таптаурын болған тақырыптарды жиi қайталайтын болып алдық. Мәселен, "Құда мен құдағи", "Жезде мен балдыз" тағы сол сияқты…

– Оның рас. Оны да айтып шаршадық. Бiзде мынадай түсiнiк бар. "Жезде мен балдыз", "Құрдас пен құрдас", "Құда мен құдағи" соның арасындағы қалжыңды iздейдi де тұрады. Қазақта әдемi сөз бар: "Әзiлiң жарасса, атаңмен ойна" деген. Сондықтан, ретiн тауып, жөнiн келтiрiп жатсаң, кез келгенмен ойнауға болады. Оның өзiнiң шекарасын келтiрiп жатсаң, әдебiнен аспай жатсаң, неге ойнамасқа?! Ал, құдалардың қалжыңы тiптен масқара. Қызыңды берiп, қызын алып жатқан құда мен құдағидың арасында осындай болды дегеннiң өзi масқара емес пе? Ол үлгi емес, ол – трагедия. Бұл бiздiң менталитетiмiзде жоқ нәрсе.

– Кезiнде "Тамаша" шыққан кезде бәрiн көркемдiк кеңес реттеп отырады екен.

– Иә. Ондай көркемдiк кеңес Мәдениет министрлiгiнде, телевидениеде де болатын. Қазiр ондай жоқ. Жалпы, цензура деген керек. Ол дегенiңiз – үзiлдi-кесiлдi үзiп тастау емес. Қазiр телевидениелер қойылымдар бередi. Бергенде барлығын бiрдей беру – мақсат емес қой. Арасынан монтаждап, кесетiнiн кесiп, лайықтысын алып қалып, сұрыптауға болады ғой. Қазiргi театрларда "әй дейтiн әже, қой дейтiн қожа" жоқ. Өзi – би, өзi – қожа. Берген интермедияңның текстiн қарасаңыз, бiр сөз таппайсың. Мынау менiкi емес деп айтуға, ақшасын алып қойғансың, ұят. Соттасып жататындай қазақ емессiң. Қазiр мүлдем қойдым. Қазiр өз сөзiмдi сахнадан естiгенде ұялам.

– Соны сiз ол театрлардың жетекшiлерiне айтып көрдiңiз бе?

– Айтқанда не?! Үнсiз тыңдайды, күледi де қояды. Сыныңа ренжiмейдi де. Көркемдiк кеңес болып, оны сахна¬дан жiбертпей алдырып тастап отырса, қандай жақсы болар едi. Жүген, ауыздық болмаса, атқа ие болмайсың ғой. Сол сияқты, жүген керек, ауыздық қажет.

– Ресейде жалғыз сатириктiң өзi сахнаға шығып, монолог оқыса да, жылы қабылданады. Ал, бiзде керiсiнше, жалғыз адам сахнаға шықса, ыржалақтап, қимыл көрсеткеннен басқа ешнәрсе жоқ. Соған қарағанда, монолог оқи алмайтын сияқтымыз.

– Бiзде де жақсы монологты көрермен қабылдай алады. Бiздiң актерлер монолог оқи алмайды деген түсiнiк бар. Мұндағы күрделi нәрсе – жазылған сөздi жаттай алмайтынымыз. Олар сөз жаттамайды. Ойдан қосқысы келедi де, берекесiн кетiрiп алады. Олар сосын әрекет қосқысы келiп тұрады. Ал, жаңағы өзiң айтқан Ресейдегiлердiң бойында әрекет жоқ. Бiздегiлер "ойнаймыз" дейдi де, күш-жiгердiң бәрiн соған жұмсайды, мәтiн айдалада қалады. Тұңғышбайдың Сейiт Кенжеахметовтың монологын орындағаны бар. Сонда Тұңғышбай мәтiннен бiрде-бiр ауытқымай, әрекетпен-ақ көрсетiп шықты. Әрекет жасаса да, автордың идеясын жақсы бере алды. Кейде актерлер мәтiндi жаттап алады да, тақылдатып тақпақ айтқандай айтып шығады. Кейде сiңiрмей жаттап алатындары да бар. Оны бойға сiңiрмеген соң, ол мәтiннiң мағынасы қалмайды ғой. Жеке-жеке актер ретiнде бәрi де талантты. Бiрақ, iзденiс жоқ. Сондықтан, әлгiндей артық нәрселердiң бәрiн бақылайтын көркемдiк кеңес болса, жауапкершiлiк те болар едi.

– Бiрақ, бүгiнгi нарық заманы шоу-бизнестi қалыптастырып келедi. Демек, өзiңiз айтқандай, ақша табудың жолында жүргендерге ең бiрiншi орында ақша тұрмай ма?

– Қалыптастырып келе жатыр. Әзiл-сықақ театрыңыздың өзi шоу-бизнес қой. Бiрақ, шоу-бизнес екен деп, етек-жеңi жоқ, шолақ қып көрсетуге болмайды ғой. Оның салмағын жоғалтпау керек. О бастан-ақ, театрларымыздың өзi шоу болып саналған. Ал, бүгiнгi театрлардың қойылымына көрерменнiң көптеп жиналуы, көруге ынтығып барып жатқанынан емес. Қоғамға деген iштей ренiш, көзқарастарын айта алмаған соң, сатиралық театрдан бiр жақсылық, жанына медеу күтiп барады. Өкпе-назы болса, оның орнын толтыра алмаса да, күлкiмен жұбатамын ба деген оймен баратын сияқты. Бiрақ, сол ниеттерiн ақтай алмай жүрген театрлар көп.

– Бiздi "сатира – күштiлердiң қаруы" деп тәрбиеледi. Қазiргi сатираның қаруы қандай, әлi де күшiнде ме?

– Кезiнде мен "Ара" журналында iстедiм. "Ара" келе жатыр дегенде, бәрi қорқады деп айтпай-ақ қояйын, бiрақ, кәдiмгiдей сескенетiн. Бiр фельетон жазсаң, үш төрт адреске тексерiлуге кететiн. Содан үш-төрт жауап қатар келетiн. Тiптi, бiр фельетонды жаздырмау үшiн, қаншама әрекет жасалатын. Сол кезде сатира – нағыз күштiлердiң қаруы болды. Қазiр кез келген нәрсе – сатираның объектiсi болып кеттi. Қазiр публицистикалық шығарма сатираның ролiн атқарып жатыр. Бiрақ, оның оғы да үшкiр емес, шоғы да күйдiрмейдi. Бәрi бағанағы айтқан немқұрайдылық. "Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетедi" дейдi ғой. Қазiр бiзде қазаннан қақпақ кетiп қалған. Нақты бiреуге арнап жазбаса, бес тиын. Бұрын тұспалдап жазғанның өзiнде, жандары қалмайтын едi. Қазiр ешкiм елеп-ескермейдi де. Ана баланың кемшiлiгiн мына бала айтып отырса, әке қатал болса, шеше ұрсып отырса, тәрбие жақсы болады. Аса бақылау жоқ, "тұрымтай тұсымен, балапан басымен" кеттiк. Әр бала өзiнше өмiр сүрiп, өзiнше тiрлiк кешiп жатыр. Демократия деген ұғымды осындай анархиялық ұғыммен шатыстыру өте көп.

– Әзiл-сықақ театрларының соңғы қойылымдарын көрiп жүрсiз бе?

– Соңғы кездерi шынымды айтсам, көрмеймiн. Көрейiншi деп отырам, бiрақ, сәлден кейiн өшiрiп тастаймын. Ыза болам, ренжимiн. Артық бiрнәрселер кетiп қалады. Содан кейiн, "қойшы" деймiн де, өшiрiп тастаймын. Шаң-шұң айқай көп. Бұл айқай, әзiл-сықақ театрларында ғана емес, драмалық театрларда да бар. Өйткенi, оларда дауыс жоқ. Шыңғыра бередi. Ал айғайлағаннан кейiн, эстетикалық құнын түсiрiп алады. Сондықтан, қазiргi театрларды көргiм де келмейдi. Кейбiреулер: "Ең дұрысы – "Шаншар" деп айтып жатыр ғой. Соған қарағанда, "Шаншарды" ұнататындар көп сияқты.

– Сатиралық театр әртiстерiне арнайы мектеп қажет деп ойлайсыз ба?

– Керек. Кәсiби деңгейi қандай екендiгi көрiнiп тұрады. Рас, таланты бойына тұнып тұрған типаждар болады. Өйткенi, бiздiң театрдың әртiстерi өзiн-өзi ұстау, сөйлеу мәдениетiн сақтай бермейдi.

– Кейде бiлiмдi, оқыған әртiстен бiлiмi жоқ тума дарындардың қимыл-әрекетi көш iлгерi болып тұрады.

– Оның да рас. Олардың ойнап жатқаны шынайы. Бар нәрсемен көрсетiп жатыр. Бiздiң актерлер одан сайын бояу қосып ойнайды. Бояуды қанық жаққаннан кейiн, мүлдем қоюланып кетедi.

– Әзiл-сықақ отауларының көбеюi, оның көркемдiк деңгейiн де төмендетiп жiбермей ме?

– Кейде мұндай нәрселер, яғни бiр дүниенiң тым аса көбейiп кетуi, оның құнын түсiрiп, арзандатып жiбермей ме? Тiптi, қат болып тұрған затыңның өзi қаптап кетсе, өз-өзiнен бағасы түседi. Сол сияқты, бiздiң театрларымыз да дағдарысқа келе жатқан сияқты. Оны өздерi алып келе жатыр. Көрермен де қаншалықты төзiмдi болғанымен, өзiнен өзi қалдырады ғой деп ойлаймын. Өз басым соны күтiп жүрмiн. Арнайы қадағалау болмағаннан кейiн, осылай кете берсе, оларды қайта түзету мүмкiн емес.

– Сонда сатираңыздың да деңгейi төмендей ме?

– Сатиралық театрларға сатираны қатар қойып әңгiмелеуге қарсымын.

– Ендеше неге бiз дардай қып сатиралық театрлар деп ауыз толтырып айтамыз?

– Оны қойып жүрген өздерi. Сосын сатира мен юморды ажыратып сөйлей бiлмеймiз. Сатира дегенiмiз бастан-көзден тоқпақтап, ащы сынау. Бiзде бәрi жеңiл күлкi. Юмор деп жай айта салғанымызбен, оның түрi көп. Әжуа, мысқыл, кекесiн, сондықтан, ол сатиралық театр емес. Кез келген театрдың басында редактор отырмай, және ол сатирик болмай, көркейе қоюы мүмкiн емес. Бiр кездерi "Тамашаның" редакторлары – Мұхадес Исламғали, Жарасқан Әбдiраш жұмыс iстедi. Олар сатираны жақсы бiледi, түсiнедi. Олар сахнада не айту керектiгiн бiледi. Қазiр актерлердiң бәрi актер, актердiң бәрi режиссер, актердiң бәрi драматург. Олар ненi бiлсiн?!

– Күлкi күнiн арнайы бiр күнге белгiлеп, сол күнi өзiмiздi-өзiмiз алдап, әзiлдеп жатамыз. Жалпы, бiр күндi "Күлкi күнi" деп қабылдау қажет деп ойлайсыз ба?

– Мен осыны түсiнбеймiн. Халықаралық әйелдер күнi сияқты 1-сәуiрдi күтiп жүремiз. Адам бар жерде күлкi бар. Адам үнемi күлiп жүрмесе, өмiр сүру мезгiлi де қысқарып кетедi. Күлкi – адам жанын ұзартады. Бiр жылда бiр күнде күлуiмiз керек дегендi өз басым түсiнбеймiн. Сосын алдаймыз, алдау арқылы күлкi туады ғой. Екеуi бiр ұғым болып тұр. Ал, жалпы, күлкi саған айтып келмейдi. Күлкi де құрғыр ажал сияқты. Табан асты келген ажал қаншалықты қорқынышты болса, табанасты келген күлкiң де сондай өтiмдi. Ылғи да күлiп жүргенге не жетсiн?!

— Жуырда Бауыржан Ибрагимов бiр топ театрлардың басын қосып, "Күлкi жәрмеңкесiн" өткiздi. Және оны халықаралық деңгейде…

– Ол халықаралық күлкi жәрмеңкесi емес. Ол баяғы Балтабай, баяғы қырғыз. Одан басқа ешкiм жоқ. Сол баяғы екеуiн шақырып алады да қояды. Баяғыда Құдайберген Сұлтанбаев театр ашатын болды. Ең алғаш осы фестивальдi сол өткiздi. Мен редактор болдым. Тура осылай өткiзген. Сонда қырғызы да, ұйғырлары да, татарлары да қатысты. Құдайбергеннiң театры деген әңгiме болды да, халықаралық фестиваль болып кеттi. Көпен Ақтауда жасаған едiм деп айтып жатыр. Бұл да тиын табудың жолы. Оған өзiмiздiң таланттарды iздесе, кәсiпқой театрлар ғана емес, жер-жерден, әсiресе ауылдық жерлерден дарындарды iздеп, көрсетсе, сонда бiлемiз. Тағы да тиын жинау. Бұл жолы тек басқа үлгiде. Ол фестиваль болғаннан кейiн, Одессада өткiзiлiп жүрген фестивальдей болса, қане?! Шын мәнiнде сатира өнерiне жаны ашу деп сол фестивальдi айтуға болады.

Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАСОВА