Жаңалықтар

ӘЛЕМГЕ АШАРШЫЛЫҚҚАУПI ТӨНДI

ашық дереккөзі

ӘЛЕМГЕ АШАРШЫЛЫҚҚАУПI ТӨНДI

Әлемдiк бұқаралық ақпарат құралдары "арзан азық-түлiктiң дәуiрi аяқталды" деп дабыл қағуда. Ал халықаралық сарапшылар егер тез арада тиiстi шаралар жүзеге асырылмаса, Жер шарының 850 миллион тұрғыны ашаршылыққа ұшырайтынын айтады.

БҰҰ Дүниежүзiлiк азық-түлiк бағдарламасы халықаралық қауымдастық шұғыл түрде тиiстi шараларды қабылдамаса, азық-түлiк бағасының тым шарықтап кетуi ғаламдық дағдарысқа әкеп соғатынын ескерттi. Әсiресе, әлеуметтiк ахуалы әлсiз дамушы елдерге тез арада көмек қолын созу қажет. Мамандар жүгерi, соя сияқты басқа да дәндi-дақылдардан дайындалатын биоотындар (қолдан жасалған жанар жағармайлар) көлемiн қысқарту керек. Олар "адамдарды азықтандыруға астық жетпей жатқанда, биоотынға ысырап етуге болмайды" дейдi.

Әлемдi алаңдатқан азық-түлiк қауiпсiздiгi туралы мәселе өткен аптада VII Еуразиялық медиа форумда да көтерiлдi. Жиылғандар алдында сөз сөйлеген ҚР Президентi Н.Назарбаев азық-түлiк дағдарысына ерекше тоқталды: "Былтыр көптеген елдердiң қаржылық-несиелiк жүйесiне қауiп төндiрген қаржылық дағдарыс ең үлкен сын болды. Осының кесiрiнен қайырымдылық шараларын көрсететiн мемлекеттер кедей елдерге бөлетiн экономикалық көмек көлемiн күрт қысқартуға мәжбүр болды. Әлем бүгiнде өте ауқымды гуманитарлық дағдарысты күтедi – аштық, түрлi жұқпалы аурулар мен азаматтық қақтығыстар. БҰҰ деректерiне сүйенсек, азық-түлiктiң әлемдiк бағасы соңғы үш жылда 83 пайызға өскен. Ал азық-түлiк қоры соңғы 30 жылда болмаған ең төменгi деңгейге азайған. Халықаралық сарапшылар пiкiрiнше, әрбiр тұрғынның азық-түлiктi тұтыну деңгейiнiң өсуi, биоэтанол өндiрiсiнiң жоғарылауы (2010 жылы АҚШ-тағы өндiрiлген жүгерiнiң үштен бiрi биоэтанолға жұмсалады), ауа райының өзгеруi азық-түлiк қауiпсiздiгi мәселесiнiң өзектi мәселеге айналуына әкеп соғады. Бүкiл Жер шарын азық-түлiктiк бүлiктiң оты толқыны ұрды. Бұл ХХI ғасырда орын алған жағдай!". Президент әлемдiк экономикаға қатысты жағдайдың қиындап кетуi мен азық-түлiк дағдарысы халықаралық қауымдастықтың бұған дейiн атқарған шаруасын жоққа шығарғанын айта келе, "Бүгiнде аштық проблемасы жаңаша сипат алды. Бұрын құрғақшылық пен табиғи апаттар кесiрiнен туындаса, қазiр тамақтың қымбаттауынан болып отыр. Әлемнiң түкпiр-түкпiрiндегi 40-қа жуық мемлекет азық-түлiк тапшылығына тап болды. Олар көмекке зәру. Дүние жүзiнiң 1 миллиардтан астам тұрғыны ауызсуға зәру, ал 2025 жылға қарай бұл көрсеткiш үш есеге дейiн өседi" дедi.

Кейбiр елдерде отбасылар тапқан табыстарының төрттен үш бөлiгiн тамаққа жұмсайды. Әлеуметтiк келеңсiздiктердiң наразылыққа, азаматтық қақтығыстарға ұласары белгiлi. Таяу Шығыста нан тасымалдау жұмысының жиi кедергiге тап болуы наразылықтың шарықтау шегiне жеттi. Гаитидегi ашыққандар тобы ұйымдастырған ұрыстың кесiрiнен үкiмет отставкаға кеттi. Наразылық шаралары Индонезия мен Камерунда да орын алды. Азияның бiрқатар елдерiнде мұздай қаруланған әскери топ күрiш қоймаларын күзетуде.

БҰҰ Дүниежүзiлiк азық-түлiк бағдарламасының өкiлдерi тамақ тапшылығының туындауына бiрнеше фактор әсер еткенiн көлденең тартады. Ең бiрiншiсi, әлемдiк нарықтағы жанар-жағар май бағасы үздiксiз өсуi. Мұның азық-түлiк пен кез келген өндiрiлетiн өнiм құнына қатты әсер ететiнi белгiлi. Халықаралық Энергетикалық агенттiк өкiлдерi алдағы 10 жылда энергетика саласына салынатын инвестиция көлемi тұтынушылық сұраныс деңгейiнен төмен болатынын айтады. Демек, сұранысты қанағаттандыра алмайтын нарықта тағы да дағдарысқа ұшырайды. Екiншiден, Қытай мен Үндiстандағы эконо¬микалық көрсеткiштердiң өсуi себептi, әлемдiк тауарлық-шикiзаттық биржадағы азық-түлiк құнының жоғарылауы. Үшiншiден, нан өнiмдерiне арналған астық алқаптарына бүгiнде биоотын өндiру мақсатындағы дәндi-дақылдар егiлуде.

Халықаралық қауымдастық өкiлдерi АҚШ үкiметiнiң биоотынды тұтыну деңгейiн өсiру туралы шешiмнен бас тартуы азық-түлiк бағасының арзандауына игi әсерiн тигiзедi деп үмiттенiп отыр. Әрине, мұндай пiкiрге қарсы дау айтатындар да жетерлiк. Мысалы, мамандардың кейбiрi тамақ өнiмдерi бағасының күрт төмендеуi америкалық доллардың тым құнсыздануына әкеп соғады деп қауiптенiп отыр.

Ұрпағына "кештiк өмiрi болса, түстiк мал жиюға" кеңес берген халық даналығы өзiнiң өзектiлiгiн жоғалтпағанын тағы дәлелдедi. Азық-түлiк өндiруге қажеттi бiрқатар шикiзат түрлерiнiң қоры жеткiлiксiз. Адамдар қор жинаудан гөрi тұтынуға ден қойған. Австралиядағы қуаңшылық, Бангладеш пен Индонезиядағы сел, Қытай мен Вьетнамдағы үскiрiк аяз әлемдiк нарықты бидай мен күрiш тапшылығына ұрындырды. Астық экспорттаушы елдер iшкi нарықтағы сұранысты қанағаттандыру мақсатында сыртқа тасымалданатын дәндi-дақыл көлемiн күрт төмендеттi. Украина бидай экспортын, ал Египет, Вьетнм, Үндiстан, Камбоджа, Таиланд күрiш экспортын едәуiр қысқартты. Әлем бойынша, бидай өндiруден бесiншi орында тұрған Қазақстан да астық экспортын қысқартудан шет қалған жоқ.

БҰҰ Дүниежүзiлiк азық-түлiк бағдарламасының қызметкерлерi бекер дабыл қағып отырған жоқ. Өйткенi, егер тиiстi шара дер кезiнде жүзеге асырылмаса, Жер шарының 850 миллион тұрғыны ашаршылықтың құрбанына айналатынын ескерткен БҰҰ мамандары әлемдi қаржылық көмек ретiнде 755 млн. доллар жинауға шақырды. Ал ахалықаралық қауымдастықтығы көсемдерiн тығырықтан шығатын жолды табуға және ауыл шаруашылығы саласындағы астық мәселесiн шешуге үндедi. Әсiресе, гуманитарлық көмек көрсететiн ұйымдардың бюджетiн өсiру мәселесi тез арада шешудi талап етедi.

Сонымен қатар сатып алушылардың үрейге бой алдыруы да нарықтағы тапшылықтың тереңдеуiне әсер еттi. Мысалы, бұқаралық ақпарат құралдарында күрiш пен бидай тапшылығы жөнiнде көтерiлген мәселеден кейiн америкалықтар базарлар мен дүкен сөрелерiндегi дәндi-дақылдарға қырғидай тиiптi. Америкалық билiк шамадан тыс көп алған тұтынушыларға тыйым салуға мәжбүр болды. Латын Америкасының төрт мемлекетi – Боливия, Никарагуа, Венесуэла мен Куба әлемдiк азық-түлiк дағдарысының алдын алу үшiн 100 миллион доллар бөлуге шешiм қабылдады. Қомақты қаржы ауыл шаруашылығы саласын жақсартуға, күрiш, бұршақ, бидай сияқты басқа да дәндi-дақылдар көлемiн арттыруға бағытталмақ. Никарагуа президентi Ортега былтыр күрiш бағасы 70 пайызға, бидайдiкi 130 пайызға қымбаттағанын көлденең тартады. Қаржы төрт мемлекет "Боливарлық балама" сауда одағын құрды.

Азық-түлiк тапшылығының алдын алатын шараларды Қазақстан үкiметi де жүзеге асырып жатыр. Мысалы, осыдан екi апта бұрын Премьер Мәсiмов Ауыл шаруашылығы министрi Ақылбек Күрiшбаевқа "Қазына" қорындағы қаражатты егiс алқаптары мен дәндi-дақылдар көлемiн арттыруға бағыттаудың тiиiмдi жолдарын қарастыруға пәрмен бердi.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ