ҚР Мәдениет және ақпарат министрi Е.ЕРТIСБАЕВ: "ҚАЗАҚ ТIЛI – ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТIЛ"

ҚР Мәдениет және ақпарат министрi Е.ЕРТIСБАЕВ: "ҚАЗАҚ ТIЛI – ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТIЛ"

ҚР Мәдениет және ақпарат министрi Е.ЕРТIСБАЕВ: "ҚАЗАҚ ТIЛI – ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТIЛ"
ашық дереккөзі

Қазақтiлдi журналистиканың "бас ауруы" сөз болған жиында қордаланып қалған мәселелердi ашып көрсетуде, қоғам талқысына салуда қазақтiлдi журналистер белсендiлiк таныта алмады. Халықаралық деңгейде өткiзген медиа форумда ағылшын тiлi мен орыс тiлiне басымдық берiлгендiктен, мемлекеттiк тiл – қазақ тiлi жетiншi рет жабықтан сығалап тұруға мәжбүр болды. Есесiне, БАҚ-ты басқаратын министр Ертiсбаев қазақ тiлiн дамыту iсiне мемлекет тарапынан кәдiмгiдей көңiл бөлiнiп жатқандығын мәлiмдедi.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрi Е.Ертiсбаев:Форумның екiншi күнi сарапшылар "Қостiлдiлiк (билингвизм) және көпмәдениеттi қоғам жайындағы БАҚ-тың рөлiн" салмақтады. Негiзi форумды ұйымдастырушылар наурыз айында өткiзген баспасөз мәслихатында: "Қазақтiлдi журналистер тарапынан жиi сын айтылады. Бiз ойласа келе, биыл қазақтiлдi журналистиканың күнгейi мен көлеңкесiн сарапқа салуды көздеп отырмыз" деген едi. Мұндай мәлiмдемеге түйiндi мәселелерi қордаланып қалған қазақтiлдi журналистер қауымы елең еткенi рас. Алайда, проблемалар ауқымы "жүзден астам ұлт пен ұлыс шоғырланған Қазақстанда қостiлдiлiктi дамытудың келешегi, шынайы ахуал мен мәселенiң мәнiсi неде?" деген сауалдар төңiрегiнен ары аса алмады. Бәлкiм қазақтiлдi журналистиканы жан-жақты талқылауда әрiптестерiмiздiң белсендiлiк танытпауы да әсер еткен болар. Есесiне, мемлекеттiк тiлдi дамыту мәселесi тағы көтерiлдi. Елбасы айқындап берген тiл саясатын одан әрi жүзеге асыратындықтарын мәлiмдеген ҚР Мәдениет және ақпарат министрi Ермұхамбет Ертiсбаев мырза қазақ тiлiнiң халықаралық тiл болып табылатынын, өйткенi, қырғыз, өзбек, әзiрбайжан, қарақалпақ, татар, башқұрттармен оңай ұғысуға болатынын айтты. "Әлем бойынша түркiтiлдес халықтардың саны бүгiнде 200 миллионнан асып жығылады. Демек, орыстiлдi қазақстандықтар қазақ тiлiн меңгеру халықаралық тiлдi меңгеру екендiгiн және мансап жолында үлкен күш беретiнiн түсiнуi тиiс". Қазiргi кезде елiмiзде мемлекеттiк тiлде шығатын 463 басылым бар. Орыс тiлiндегi газет-журналдар – 874. Министрдiң мәлiмдеуiнше, үстiмiздегi жылы БАҚ-тағы мемлекеттiк тапсырыс көлемi 1 миллиард 279 миллион теңгеге артқан. Пiкiрсайыс «бүйректен сирақ шығаруға тырысқандар» қонақтарға кенде болмады. Мысалы, "Российская газетаның" Қазақстандағы меншiктi тiлшiсi Кириянцев "бiр таныс әрiптесiнiң (әрине, орыстiлдi) "Қазақстан" телеарнасындағы мемлекеттiк тiлде таратылатын хабарлардың көлемi артып бара жатқандығына наразы болғанын, қазақ тiлiнде өтiп жатқан жиынға қарсылық ретiнде қатыспастан, кетiп қалғанын, кейбiр шенеунiктердiң мемлекеттiк тiлде науқаншылдыққа ұрынатындығын, яғни, орыс тiлiнен үзiлдi-кесiлдi бас тартуға талпынатынын" мысалға келтiрiдi. Астарында қандай пиғылдың жатқанын оңай аңғарған ақпарат министрi ресейлiк әрiптестi тыйып тасады: "Қазақстан" телеарнасына мемлекеттiк тiлдi меңгерген бiрнеше славян тектес журналистi қызметке кедергiсiз қалдадық. Қазiр орыс азаматтары қазақ тiлiн меңгеруге ден қоя бастады". Өз кезегiнде ана тiлге араша түсуде Қазақстанның АҚШ-тағы төтенше және өкiлеттi елшiсi Ерлан Ыдырысов та қарыздар боп қалмады. "Айтыс сияқты қазақы құндылықпен сусындататын ұлттық өнерге iлеспе аударма жасау әсте мүмкiн емес. Наразылық танытқанша, ұлттық салт-дәстүр мен мемлекеттiк тiлдi үйренудi қолға алсын" деп Кириянцевтiң "танысына" дұғай сәлем жолдады. Саналуан мүдделер мен пiкiрлер тартысқа түскен мәжiлiс аяқтала салысымен бiз министр мырзаны әңгiмеге тарттық:

– Ермұхамет Қабиденұлы, сiздiңше, қазақ тiлiн дамытуға медиа форум ықпал ете ала ма?

– Жоқ, ықпал ете алмайды. Қазiргi кезде мемлекеттiк тiлдi дамыту iсiмен тек бiздiң министрлiк немесе тiл туралы комитет қана емес, жалпы Үкiмет, депутаттық корпус, барлық облыстық әкiмдiктер айналысып жатыр. Соңғы 15 жылда көптеген нәтижелi iстерге қол жеткiздiк. Бiз мемлекеттiк тiлдi iс-қағаздарын жүргiзу процесiне енгiзумен шектелмей, өмiрдегi барлық салаларға тереңдей енгiзуге күш салудамыз. Бiр ғана "БАҚ туралы" Заңды алайықшы. Кеңестiк дәуiр кезiнде электронды бұқаралық ақпарат құралдарында таратылатын хабарлардың 50 пайызға жуығы мемлекеттiк тiлде болуы жайлы әңгiме қозғалмайтын едi ғой? Министрлiк кезең бойынша жүзеге асырылуын қатаң қадағалап отыр. Қазақ тiлiн қолдану аясы кеңейiп келедi. Қазақ тiлiн қолдану шеңберiн орыс тiлiнiң деңгейiне дейiн көтерудi көздеймiз. Мен бүгiнгi сөзiмде айттым, тағы да қайталаймын, орыс тiлiнiң әрекет ету шеңберiн тарылтудың қажетi жоқ. Ол мүмкiн емес. Әкiмшiлдiк шаралар, кез келген күш қолдану әдiстерi наразылықты оятады. Қазақстан халқының бiр-бiрiне алауыздығы пайда болады. Ал бiз қазақ тiлiнiң әрекет ету аясын кеңейтiп, тiл комитетiн қаржыландыру көлемiн ұлғайтамыз. Түрлi компьютерлiк бағдарламаларды құрып, жастардың қазақ тiлiн үйренуге деген қызығушылығын арттыратын түрлi әдiстердi ойлап табамыз. Жұмыс жүргiзiлiп жатыр. Оны бәсеңдетуге болмайды. Кейбiреулер сияқты тiлге саяси астар берудiң де қажетi жоқ.

– Орыстiлдi әрiптестерiмiздiң тарапынан арандатушылық сарындағы сұрақтар жиi қойылады ғой. Мысалы, бүгiн оған өзiңiз де көз жеткiздiңiз.

– Маған "Қай тiлде жарнама жасаған тиiмдi?" деген сұрақ қойылды. Өзiңiздi Оңтүстiк Қазақстан облысындағы телеарнаның, яғни, аймақтық телеарнаның басшысымын деп елестетiңiзшi. Сiз халықтың 95 пайызы қазақ тiлiн жетiк меңгергенiн бiлесiз. Демек, жарнаманы қазақ тiлiнде берген тиiмдi. Ал егер Солтүстiк Қазақстан облысында қазақ тiлiндегi жарнама пайда әкелмейдi. Телевидение дегенiмiз – бизнес. Олар ақша табуы керек. Телеарналар да. Әсiресе, мемлекет тарапынан қаржылық тұрғыда көмек көрсетiлмейтiн телеарналар. Сондықтан "Қай тiлде жарнама берген тиiмдi?" деген сұраққа берiлетiн жауап: "Әрине, қай тiлде пайда табуға мүмкiндiк болса, сол тiлде берген тиiмдi". Егер халықаралық телеарналарды мысалға алсақ, оларда жарнаманың 60 пайызы – ағылшын тiлiнде. Жапония, Қытай, Бразилия, Мексика, Еуропада ағылшын тiлi басымдыққа ие. Ешкiм байбаламға басып, аттандап жатқан жоқ. Қорыта келе айтарым, бiздiң мiндетiмiз – қазақ тiлiн кең ауқымда пайдалануға жағдай жасау. Орыс тiлi сияқты халықаралық тiлге айналдыру.

Мәжiлiс залынан асығып шыққан министрдi ұзақ бөгеу мүмкiн болмады. Сондықтан көкейдегi сан сауалды келесi көлемдi сұхбаттың еншiсiне қалдырдық. Бүкпесiз жауап беруге Ертiсбаев мырзаның өзi де уәде бердi.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ