Жаңалықтар

ТОҒЫЗ ЖОЛДЫҢ ТОРАБЫНДА МҮДДЕЛЕР ТОҒЫСТЫ

ашық дереккөзі

ТОҒЫЗ ЖОЛДЫҢ ТОРАБЫНДА МҮДДЕЛЕР ТОҒЫСТЫ

Өткен бейсенбi мен жұма күндерi Алматыда VII Еуразиялық медиа форум өттi. Форумға қатысқан 450-дан астам делегаттың 150-i шетелдiктер болды. Екi күнге созылған халықаралық шарада әлемдiк саясаттың түйiндi мәселелерi жан-жақты талқыланды. Форумның күнгейi мен көлеңкесiн таразы басына тартар сараптамамыз екi күндiк шарада көкейге түйгендерiмiзге қатысты.

Алматыда жетiншi рет шымылдығы түрiлген шараны ҚР Президентi Н.Назарбаев құттықтау сөзiмен ашты. Нұрсұлтан Әбiшұлы Қазақстанның әлемдiк энергетикалық және азық-түлiктiк саласында маңызды рөл атқаратындығына тоқталды: "Қазақстандық энергоқорларды әлемдiк нарыққа тасымалдаудың келешегi зор. Бүгiнгi таңда Еуропалық Одақ тұтынатын мұнайдың үштен бiр бөлiгi – Қазақстан мұнайы. Сонымен қатар бiздiң елiмiз астық пен ұнды өндiруде және оларды экспорттауда әлемдегi жетекшi орынды иеленедi. Мал шаруашылығына қатысты мүмкiндiктер шеңберi кеңейдi. Өндiрiлетiн өнiмдер экологиялық және генетикалық тұрғыда жоғары сапаға ие. Қазақстанның ауыл шаруашылығы инвестиция салуға өте тартымды". Президент тарихты түзуге ат салысып жатқан мемлекеттердiң өзiмшiлдiктен тұратын ұлттық мүдделерге жиi иек артатынын, осының кесiрiнен "халықаралық қауымдастық" ұғымының абстракцияға айналғанын, медиа форум сияқты дүниежүзiлiк деңгейде ұйымдастырылатын шаралардың халықаралық мәселелердi шешуге септiгiн тигiзетiнiн айтты. Қордаланып қалған түйiндi мәселелерде сабырлылық пен төзiмдiлiктiң аса қажет екендiгiн көлденең тартқан Назарбаев Қазақстанның Батыс пен ислам әлемi арасындағы келiссөздердi қалпына келтiру туралы бастама көтергенiн, аталған ұсыныстың Ислам Конференциясы Ұйымының өкiлдерi мен Батыс тарапынан қызу қолдауға ие болғанын жеткiздi. "Қазақстан Еуропа мен Азия арасындағы экономикалық ықпалдастықта маңызды рөл атқаруға тырысады. Әлемдiк қаржылық дағдарыстың салқынына қарамастан, бiздiң экономикалық көрсеткiштерiмiз тұрақты түрде өсiп келедi және халықтың бойына үрей ұялаған жоқ" деген Президент Н.Назарбаев қазақстандық экономиканың өтпелi қиындықтарға төтеп беруге қауқарлы екендiгiн мәлiмдедi. Ал әлемдiк бұқаралық ақпарат құралдарына қатысты мәлiмдемесiнде халықаралық деңгейдегi БАҚ-та нақтылық пен әдiлдiктiң салтанат құруы Жер шарының саяси тұрақсыздық орнаған жерлерiндегi қақтығыстар мен қантөгiстердi азайтуға ықпал ететiндiгiн айтты.

Қазақстанның Президентiнен кейiн сөз алған БҰҰ Бас Ассамблеясы 62-сессиясының Президентi Срджан Керим де форум туралы, Қазақстанның әлемдiк саясатта алатыны орны туралы жылы лебiзiн бiлдiрдi. Қатысушыларды көгiлдiр көктеммен және араға жыл салып қайта қауышуымен құттықтаған ЕАМФ Ұйымдастыру комитетiнiң төрайымы Дариға Назарбаева: "Медиа форумның еуразиялық келiссөздердiң аса маңызды орталықтарының бiрi болып табылатын Қазақстанда өтуi кездейсоқтық емес. Бiздiң Форум болымды бәтуа, сүбелi шешiм iздейтiн, бәрiмiзге ортақ түйткiлдi талқылайтын тұғырға айналды. Мен медиа форумға қатысушылардың бәрiн ашық та әдiл пiкiрталасқа шақырамын" дедi.

"Бiссiмiлләсiн" "Екiншi "қырғи-қабақ соғыстың" жаңғырығы ма?" деген сауалмен бастаған форумның бiрiншi мәжiлiсiн АҚШ-тағы "Әл-Жазира Интернэшнл" телеарнасының жүргiзушiсi әрi продюсерi Риз Хан жүргiздi. Пiкiрталаста АҚШ-тың Ұлттық қауiпсiздiк мәселелерi жөнiндегi бұрынғы кеңесшiсi әрi КСРО-ның күйреуiн кеңестiк империя ыдырамай тұрып, бiрнеше жыл бұрын теориялық тұрғыда дәлелдеп қойған сұңғыла саясаткер Збигнев Бжезинский, ЕҚЫҰ Бас хатшысы Марк Перин де Бришамбо, NATO-ның Орталық Азия елдерiмен өзара ықпалдастығы және байланысы жөнiндегi өкiлi Тугай Тунчер, "The Globe and Mail" газетiнiң Таяу Шығыстағы бюросының жетекшiсi Марк Маккиннон, ресейiктер – Михаил Леонтьев (ОРТ), Максим Соколов ("Известия"), Глеб Павловский (Ресейдегi Тиiмдi саясат қорының президентi) АҚШ пен Ресейдiң ара-қатынасы, Британия мен Ресейдiң дипломатиялық текетiресi, АҚШ-тың зымырандарға қарсы қорғаныс нысандарын салуға белсенуi, NATO шеңберiн кеңейту, былтыр әлемдi естен тандыра жаздаған Путиннiң "Мюнхендегi сөзi" төңiрегiнде пiкiр таластырды. Еуразиялық медиа форумды ұйымдастырушылардың 4 жылдан берi шақырып, әрең келтiрген қонағы – Збигнев Бжезинский Ресейдiң АҚШ-пен емес, көршiлес жатқан Қы¬таймен арадағы қарым-қатынасқа көңiл бөлу керектiгiне тоқталды. Екi елдiң сырттай достық пиғылда көрiнгiсi келгенмен, шын мәнiсiнде бiр-бiрiне сенбейтiндiктерiн, күмәнмен қарайтындықтарын және айтты. Әдiлдiгiн айту керек, Бжезинский сөзi шындыққа жанасады. Осыдан екi жыл бұрын аса ауқымды көлемде әскери жаттығулар өткiзiп, АҚШ пен Батысқа қоқиланып, доқ көрсеткен орыстар мен қытайлар серiктестерден гөрi бақталастар мен бәсекелестерге көбiрек ұқсайды. Мысалы, Путиннiң жер-жерден орыс қандастарын елге шақырып әлекке түсуi, деңгейi төмендеп бара жатқан демографиялық ахуалды жақсарту мақсатында бала тууға қабiлеттi әйелдерге мемлекет тарапынан материалдық және моральдық тұрғыда көмек бөлуi, елге келген орыстарды қытайлар басып алуы мүмкiн деп қауiптенетiн әрi орталықтан шалғай жатқан Қиыр Шығысқа қоныстандыруға күш салуы, мигранттарға РФ азаматтығын берiп, олардың бабын табуға тырысуы, т.т. Әрине, америкалықтың Кремльдi қыжыртқанына ресейлiк қонақтар "қарыздар" боп қалмады. Медиа форумның пiкiрталас алаңында "қарсы шабуылға" шыққан олар "Қырғи қабақ соғыстың" заманы әлдеқашан өтiп кетсе де, мемлекеттер арасында өшпендiлiк көзқарастың табы сақталып қалғанын айтты. Екiншi мәжiлiсте "Жiкшiлдiктi ынталандыру ма, әлде өзiн-өзi айқындау құқығы ма? Косоводағы жағдайдың ерекшелiгi неде? Сол ерекшелiк бар ма?" деген сауалдарға жауап iздегендер тобы косоволық тәуелсiздiктен кейiн туындауы мүмкiн қақтығыстар мен наразылықтарды таразыға тартты.

Форумның II бөлiмiнде "Жылдың маңызды оқиғалары және БАҚ-тың рөлi – АҚШ-тағы сайлау" жайлы сөз қозғаған делегаттар Пәкстандағы парламенттiк сайлау қарсаңында Беназир Бхуттоның қастандықпен өлтiрiлуi, Таяу Шығыстағы ахуалдың шиеленiсуi, кейiнгi кездерi әлемдегi дауыс беру процестерiнiң кейде негiзсiз сынға ұшырайтыны, сайлауларды бақылайтын халықаралық ұйымдардың саяси ықпал ету құралына айналмауы, сайлау кампанияларында БАҚ атқаратын рөл, "экзит-пул" технологиясын пайдалану үрдiсiнiң ара-жiгiн ажырату, АҚШ-тағы президенттiк сайлау қарсаңындағы қарбалас пен басқа да жайттар төңiрегiнде пiкiр таластырды. Ал "Әлемдiк қаржы жүйесiндегi тұрақсыздық дәуiрiн" сарапқа салғандар америкалық ипотека¬лық дағдарыстан басталып, бүкiл Жер шарына жайылған қаржылық дағдарыстан әлемдiк және қазақстандық экономикаға келетiн зиян мен зардапты пайымдады. "Time" журналының Таяу Шығыс, Африка мен Еуропа елдерiндегi редакторы Уильям Грин модераторлық еткен қаржылық кеңеске Григорий Марченко (Халық банкiнiң жетекшiсi), Гүлжан Қарағұсова (мәжiлiсмен), Виктор Плескачевский (РФ Мемлекеттiк Думасы), Андре Куусвек (Еуропалық қайта құру және даму банкiнiң Қазақстандағы өкiлi), Изабель Горст ("Financial Times" өкiлi), Мах Франтишек (Чех Республикасының Қазақстандағы елшiлiгiнiң кеңесшiсi) қатысты.

Халықаралық қорлардың өкiлдерiмен өткiзген "Қазiргi заманның "құтыдағы қақтығыстары" – демократиялық қауiпсiздiк өлшемi" тақырыбындағы келесi алқа жиынды ҚР тұңғыш Президентi Қорының атқарушы директоры Бектас Мұхамеджанов басқарды. Ресми деректерге сүйенсек, қазiргi кезде саяси тұрақсыздық белең алған әрi саяси тұрғыдағы дау-дамай шешiмiн таппаған аймақтар саны 50-ден асып жығылады екен. Ал құпия түрде әрекет ететiндердi қоса есептесек, 200-ге жуық. Территориялық тұтастық мәселесiне қатысты халықаралық құқықтың өзi кесiмдi пiкiр айта алмай отырған тұста күрделi проблемаларды келiссөздер жолымен шешуге талпыну – бүгiнгi күннiң басты талабы. Вульф Лаппинс (Германия), Кирилл Танаев, Максим Мейер, Владимир Мантусов, Мария Валовая (Ресей), Марта Брил Олкотт (АҚШ), Метехан Демир т.б. "құтыдағы қақтығыстар" тұтанып кетуi мүмкiн аймақтардағы бейбiт келiссөздер икемiне көнуi екiталай қиындықтар жайлы сөз қозғады.

Ауқымды шараның екiншi күнгi мәжiлiсiнде "Қостiлдiлiк (билингвизм) және көпмәдениеттi қоғам жағдайындағы БАҚ-тың рөлi" сарапқа салынды. Ал бесiншi мәжiлiсте "ТМД елдерiнiң жалпы келбетi. Посткеңестiк кеңiстiктегi көшбасшылар – олар кiмдер" деген тақырыпқа сөз сайыстырды. Модераторлық тiзгiнi Қазақстанның АҚШ-тағы төтенше және өкiлеттi елшiсi Ерлан Ыдырысов пен Америкадағы "Халықаралық бейбiтшiлiк үшiн" Карнеги қорының жетекшi маманы Марта Брил Олкотта болды. Кезiнде кеңестiк империя құрсауында болған мемлекеттердiң әлеуетiн салмақтағандардың пiкiрлерi де саналуан. Ресейдегi "Политический класс" журналының өкiлi әрi саясаттанушы Бермет Ақаева, ресейлiк журналист Михаил Гусман, ҚР Сыртқы iстер министрi Марат Тәжин, тәжiкстандық "Шарқ" ғылыми-зерттеу орталығының өкiлi Саодат Олимова, беларусьтiк Еуропалық интеграция орталығының басшысы Юрий Шевцов т.б. посткеңестiк кеңiстiктегi саяси, экономикалық, әлеуметтiк ахуалына өздерiнше баға бердi.

Марат Тәжин ТМД рөлi туралы пiкiрталаста КСРО мен Югославияның ыдырау ерекшелiктерiне тоқталды: "КСРО-ның ыдырауы қантөгiске ұласпады. Ал Югославияның күйреуiнен туындаған қантөгiс әлi күнге толас тапқан жоқ. Себебi, Кеңестер Одағынан кейiн тәуелсiздiк алған мемлекеттердiң басшылары дер кезiнде ТМД-ны құрды". Қазақ дипломаты ел Президент Назарбаевтың ТМД жұмысын жетiлдiре түсу үшiн миграция, көлiк коммуникациясы, ғылым мен бiлiм, мәдени-гуманитарлық байланыстар, шекарааралық қылмыстармен күрес, есiрткi тасымалы сияқты мәселелердi шешiп алу керектiгiн тiлге тиек еттi. Ресми деректерге сүйенсек, қазiргi кезде ТМД аумағында жүрген еңбек мигранттарының жалпы саны 12 миллионнан асып жығылады екен. Олардың заң шеңберiнде әрекет етуiн қадағалау үшiн миграциялық процестердi реттеу қажет. Ал көлiк мәселесiне келсек, ТМД елдерi тоғыз жолдың торабында, яғни, Батыс пен Шығыстың арасында орналасқан. Демек, Тәжин санамалап берген мәселелердiң барлығы дерлiк маңызды. Айтпақшы, Михаил Гусман "Бiр америкалық танысым Қазақстан мен Әзiрбайжанда жемқорлық ұлттық дәстүр болып саналатынын айтты" деп, басы бәлеге қалды. Анығырақ айтқанда, Тәжин әлемдi дүрлiктiрген жемқорлыққа қатысты оқиғалардың Қазақстанда емес, Батыста орын алғанын, ұрлық-қарлыққа бейiм ұлт болмайтынын, тұтас бiр мемлекеттiң атына күйе жағып сөйлеу қате екендiгiн айтып, тойтарып тастады. Күлдiрем деп отырып, бүлдiрiп алған орыс журналисiнiң жүнi кәдiмгiдей жығылып қалғанын көрiп, сабамызға түстiк. Сол жолы ұлты мен ұлттық намысына араша түскен сұңғыла саясаткердiң сөзiне риза болмағандар кем де кем.

Тағы бiр маңызды жайт, түркiмендердiң көсемi – Түркiменбашының кезiнде "Каспийден қан исi шығады" деп кеткен сөзi форумда тағы көтерiлдi. Осыған байланысты қойылған сауалға Марат Тәжин: "Каспийден қанның емес, мұнайдың исi шығады. Келешекте де солай боларына сенiмдiмiн" дедi. Бүкiл әлем көмiрсутегiлерге тәуелдi. "Энергетикалық қауiпсiздiк мәселесiн" күн тәртiбiне шығарған Батыс пен АҚШ, басқа да дамушы елдер орталықазиялық аймақтың мұнайы мен газынан дәмелi. Екiжақты қарым-қатынас орнатуға мүдделiлiк танытуы да сондықтан. Медиа форумда энергетикалық қорларды әлемдiк саясатқа ықпал ету құралына айналдыруға тырысқан Ресейдiң сыртқы саясатын сынға алғандар көп болды.

Жетiншi мәжiлiс "Қытай – басты назарда" деген тақырып төңiрегiнде өрбiдi. Қытайдағы Ұлттық халықаралық зерттеулер қауымдастығының басшысы Виктор Гао, Пекин университетiнiң Халықаралық зерттеулер факультетiнiң деканы Джиси Ванг, Ресей Ислам комитетiнiң төрағасы Гейдар Жамал, Америкадағы "Мирас" қорының Ресей мен Еуразия iстерi жөнiндегi бағдарламасының басшысы Ариеэль Коуэн аспанасты елiнiң қарқынды дамуының сырын, экономикалық әлеуетiн, қуатты Қытайдың халықаралық саясатқа тигiзер әсерiн талқылады. Виктор Гао форумның алғашқы мәжiлiсiндегi Бжезинскийдiң "Ресейдiң азаматы болсам, АҚШ және Батыспен қарым-қатынасқа емес, Қытаймен арадағы байланысқа алаңдар едiм. Өйткенi, екi ел бiр-бiрiне сенбейдi" деген пiкiрiне қарсы дау айтты: "Ресей мен Қытай достық қатынаста, серiктес мемлекеттер, бiр-бiрiне күмәнмен қарамайды". Бжезинский Қытайдың Пекин мен Шанхайдан басқа да қалалары¬ның жедел дамып келе жатқанын және қытайлық билiктiң кезiнде Америка қолға алған көлiк қатынасын дамытуды қарқынды iске асырып жатқанын айтты: "50-жылдары Америка аумағы Қытайға өте ұқсас едi. Орталықтан шалғай жатқан аймақтарға барып-келу қиын түсетiн. Билiк көлiк жолдарын салып, қарым-қатынас мәселесiн шештi. Бүгiнде Қытай осы басманы қызу қолдап, оны iске асыруда. Урбанизация процесi жедел жүруде. Орыстар осыған алаңдауы тиiс. Әсiресе, Владивосток, Сiбiрмен, Қиыр Шығыспен тығыз қатынас орнатылмаған. Iшкi және сыртқы саяси, экономикалық, демографиялық, әлеуметтiк тұрғыда өте жылдам дамып келе жатқан Қытаймен байланысты жолға қойған жөн". Президенттерiн шыр-пыры шыға қорғаған ресейлiк сарапшыларды НАТО-ның Орталық Азиядағы өкiлi Тугай Тунчер де қостады: "Румыниядағы саммитте Путиннiң сөзi жылымық тартқанын байқадық". Көпшiлiк осылайша Путин саясатының "температурасын" өлшеп әлекке түсiп жатқанда, қытайлар керiсiнше, коммунизмдерiн қорғаштады: "Азық-түлiк қауiпсiздiгi туралы мәселе қозғала бастады. Ең маңыздысы, адамдарды аштыққа ұшыратпау, қандай жүйе орнағаны бәрiбiр емес пе? Коммунизм елге нан тауып берiп отыр".

Тағы бiр маңызды жайт, сарапшылар қауымы "ислам лаңкестерi" деген ұғымның қолдануы әсте дұрыс еместiгiн, өйткенi, "католиктiк" немесе "христиандық лаңкестiк" деген тiркестiң БАҚ-та қолданылмайтынын айтты. Қытайлық қарсыласы көтерген бұл мәселеге америкалық Коуэн де келiстi. Үзiлiстердiң бiрiнде мен Гейдар Жамалдан: "Исi мұсылманның құқығын аяққа таптайтын сыңаржақ пiкiрлер мен бұрыс ұғымдардың жариялануына неге жол берiледi? Сiз неге осы туралы көбiрек әңгiме қозғамадыңыз?" деп сұрадым. Ол: "Негiзi лаңкестiк екi түр¬лi болады: америкалық және израильдiк" дедi. "Ал арабтар ше?". "Олар – бостандық пен еркiндiк үшiн күресушiлер".

Реттiк саны жағынан – сегiзiншi әрi соңғы мәжiлiс ток-шоу түрiнде өттi. Тақырып: "Саясаттағы әспеттеу немесе әспеттеу саясаты". Кейбiр "саяси тұлғалардың көпшiлiк назарын жиi аударатыны ерекшелiк пе, әлде саясаттағы тұлғалардың имиджi ме?". Жұртты жалықтырмаудың қыр-сырына әбден қаныққан отандық әрiптесiмiз, журналист әрi продюсер Владимир Рерих сарапшыларға сауал тастай отырып, әспеттеу мәселесiн сан қырынан ашуға тырысты. Бәрiнен де француздардың президентi Николя Саркозиге қиын болды. Бастапқыда оны қаһарман етiп көрсетуге ұмтылғандардың екпiнiн француздық журналист Вивьен Уолт қайтарып тастады: "Ажырасу мәселесiн бiрiншi көтерген Саркози емес, Сесилия. Өзiнiң қатты шаршағанын да алдымен жеткiзген президенттiң бұрынғы әйелi болатын". Алып-қашпа әңгiмеден РФ басшысы Путин де құр қалмады. "Алина Кабаевамен аралары жақын екен" деген ақпарат таратқан ресейлiк газет жабылып қалды. Ал бейресми болжамды бiрiнен бiрi iлiп әкеткен бұқаралық ақпарат құралдары президент пен гимнасткаға қатысты жайтты әлемге таратып үлгердi. Әдiлдiгiн айту керек, форумда көтерiлген тақырыптардың барлығы дерлiк өзектi де қызықты болды. Айтпақшы, тақырып таңдаудағы еңбек ЕАМФ Бас продюсерi Владимир Рерихтiң еншiсiнде. Шарада қорытынды сөз сөйлеген Дариға Назарбаева: "Барлық тақырыпты Рерих таңдады. Көтерiлген мәселелерге қатысты сұрақтарыңызды сол кiсiге бағыттаңыздар" дедi. Сонымен, әлемдiк саясатты сан қырынан салмақтаған Медиа форум өз жұмысын аяқтады. Қатысушыларға алғысын бiлдiрген ЕАМФ Ұйымдастыру комитетiнiң басшысы Дариға Назарбаева: "2009 жылдың 23-24 сәуiрiнде Алматыда өткiзiлетiн VIII Еуразиялық медиа форумда кездескенше!" деп қоштасты.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ