МЕЙРАМДАРЫМЫЗДА ҰЛТТЫҚ НЫШАН БОЛСА ИГI

МЕЙРАМДАРЫМЫЗДА ҰЛТТЫҚ НЫШАН БОЛСА ИГI

МЕЙРАМДАРЫМЫЗДА ҰЛТТЫҚ НЫШАН БОЛСА ИГI
ашық дереккөзі

Қазақ халқының ұлттық мейрамдары көшпендi өмiр салтына байланысты табиғаттың маусымдық төрт мезгiлiне тура келедi. Ұлттық мейрамдарда түрлi ұлттық өнерлер көрсетiлiп, ұлттық ойындар өткiзiлетiн болған. Атап айтқанда, ол мейрамдар – Наурыз, Қымыз-мұрындық, Мизам, Соғым-басы деп аталды.

Әрине, бұл мейрамдарды барлық жерде өз дәрежесiнде, кеңiнен өткiзiп отырды деуге болмайды. Жиырмасыншы ғасырдың басында Кеңес үкiметi аз халықтардың ұлттық санасын жойып, оларды орыс мәдениетiне өткiзу үшiн түрлi сылтаулармен олардың ұлттық мейрамдарын атап өтуiне, ұлттық ойындарын ойнауға тыйым салды. Соның салдарынан Кеңес заманында қазақтар өздерiнiң ұлттық мейрамдарын ұмыта жаздаған болатын.

Оның орнына коммунистiк идеологияны халықтың санасына сiңiру үшiн Ұлы Октябрь, Бiрiншi мамыр, Жеңiс күнi, Конституция күнi, Халықаралық әйелдер күнi сияқты мейрамдарды кеңiнен тойлап отырды. Оған қоса, түрлi мамандыққа байланысты еңбек мейрамдарын атап өту дәстүрге айналды. Мысалы, шахтерлер күнi, металлургтер күнi, шопандар күнi, диханшылар күнi, медицина күнi т.б.

Бiз көбiне салт-дәсүр, әдет-ғұрып, ырым-жоралар туралы сөз қозғағанда, бұл терминдердiң әрқайсысының қандай мағына беретiндiгiне онша көңiл бөлмей, көбiне олардың орнын ауыстырып қолдана беремiз. Бұл дұрыс емес, шын мәнiсiнде бұлардың әрқайсысының өз қолданыс орны болуға тиiс.

Бiз халқымыздың салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ырым-жораларын сараптап, ой елегiнен өткiзу арқылы, ата-бабаларымыздың өмiрге көзқарасын, дүниетанымын, наным-сенiмiн, тыныс-тiршiлiгiн көремiз және келер ұрпағына қандай үлгi-өнеге, ақыл-өсиет, асыл мұралар қалдырғанын бiлемiз. Келер ұрпақтың мiндетi, сол ата-бабасынан қалған алтын қазынаны жетiлдiрiп, дамытып, күнделiктi өмiр салтында қолданысқа енгiзу. Тек сондай жағдайда ғана ұлтымыздың рухани мәдениетiн сақтап, оны әрi қарай жетiлдiре аламыз. Егерде бiз ұлт ретiнде тарихи қалыптасқан төл мәдениетiмiздi күнделiктi тұрмыста кеңiнен пайдалансақ, бұл бiздiң ұлттық санамыздың қалыптасуына оң әсер етiп, жас ұрпақтың дүниетанымының, өмiрге көзқарасының, мiнез-құлқының дұрыс дамуына себебiн тигiзедi.

Қазақстан тәуелсiздiк алып, өз алдына мемлекет болғаннан кейiн өзiнiң мемлекеттiк және ұлттық мейрамдарын белгiлеп, оны атап өте бастады. Соның iшiнде 16 желтоқсан – Тәуелсiздiк күнi, 25 қазан – Республика күнi, 30 тамыз – Конституция күнi, 1 мамыр – Қазақ¬стан халықтары бiрлiгi күнi, 9 мамыр – Жеңiс күнi, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнi, 22 наурыз – қазақша Жыл басы, 1 қаңтар –христиандық жаңа жыл. Осы айтылғандардан көрiп отырғанымыздай, Қазақстан тәуелсiздiк алғанан кейiнде, мейрам-мерекелерге кенде емес екен. Бiрақ осы мейрамдар қазақтардың ұлттық санасын қалыптастырудағы ролi қандай деген ой келедi. Бұл мейрамдардың iшiнде 16 желтоқсан, 25 қазан, 30 тамыз мемлекеттiк ресми мейрамдар ретiнде атап өтiлсе, ал 1 мамыр, 9 мамыр, 8 наурыз, 1 қаңтар бұл Кеңес дәуiрiнен мұраға қалған мейрамдар, сонда ұлттық мейрам ретiнде тек 22 наурыз қалады екен.

Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары Наурыз мейрамын Кеңес үкметi орнағаннан кейiн дiни мейрам деп, оны атап өтуге тыйым салған болатын. Бұл мейрам Қазақстанда сексенiншi жылдардың соңында Кеңес үкiметi әлсiреп құлауға таяған кезде, оны атап өтуге рұқсат етiлдi. Бiрақ ондаған жылдар бойы тойланбағандықтан, ол халықтың жадынан шығып, кейбiр нышандары ұмыт болған едi. Қазiргi кезде Наурыз мейрамы ресми түрде жыл сайын атап өтiлгенмен, бұрынғыдай шын мәнiсiндегi халықтың ұлттық мейрамы болмай тұр. Көбiне 22 наурыз қаланың орталық алаңында кон¬церт көрумен шектеледi және әр ұжым бiр ай бойы қай күнi өткiзгiсi келсе, сол күнi өткiзiп, ол мейрамның маңызын төмендетiп жiбердi. Мысалы, Наурыз мейрамында атап өткерiлетiн iс шаралар мен 1 қаңтарда жаңа жылды қарсы алудағы iс-шараларды салыстырып көрсек, екеуiнiң арасы жер мен көктей. Жаңа жылға бiр ай бұрын қамданып, онда түрлi ойын-сауықтар, христиандық әдет-ғұрып, ырым-жоралар кеңiнен атап өтiледi. Бiзде қазiр батыстың мәдениетiне елiктеудiң шектен шыққаны сонша, өзiмiздiң ұлттық дәстүрiмiзге еш қатысы жоқ "Қасиеттi Валентин" күнi деген батыстың дiни мерекесiн мектеп оқушыларынан бастап, бүкiл жастар жылма-жыл кеңiнен атап өтетiн болып алды. Егер де жастарымыздың санасы осылай батыстың мәдениетiне ауа беретiн болса, өзiмiздiң ұлттық мәде¬ниетiмiз ұмыт болып, қазақ халқы өзiнiң ұлттық рухынан айрылып қалу қаупi бар. Сол себептi бiз қазiрден бұрынғы ұлттық дәстүрлi мәдениетiмiздi қайта жаңғыртып, оған уақыт талабына сай жаңалықтар енгiзiп, күнделiктi өмiр салтымызда кеңiнен қолдана бiлуiмiз керек.

Егерде бiз бұрынғы қазақтың ұлттық мейрамдары болып саналатын "Наурыз", "Қымыз-мұрындық", "Мизам", "Соғым-басы" сияқты мейрамдарын жылдың әр маусымында уақытында ұйымдастырып, кеңiнен атап өтiп отырсақ, ұлттық санамыздың, рухани мәдениетiмiздiң қалыптасып, оның әрi қарай дамитынына сенiм мол.

Қазақ халқының басым көпшiлiгi бұрын ауылдық жерде тұрып келсе, ендi тәуелсiздiгiмiздi алып, өз алдымызға егемендi ел болғаннан кейiн, қалаға көптеп келе бастады. Сондықтанда қазақтарға қала өмiр салтына бейiмделiнген өздерiнiң ұлттық мәдениетiн жасаулары керек. Сонда ғана бiз ұлттық санамызды қалыптастырып, өзiмiздiң төл мәдениетiмiздi дамыта аламыз. Ұлттық сананы қалыптастыруда, ұлттық мейрамдар мен ұлттық ойындардың алатын орны ерекше. Сол себептi жоғарыда аталған ұлттық мейрамдарымызды дамытып, ұлттық өнерiмiздi, ұлттық ойындарымызды, ұлттық фольклорымызды кеңiнен насихаттау – уақыт талабы. Мұны iске асырудың бiрден-бiр дұрыс жолы, қазақтың ұлттық мейрамдарын қайта жандандырып, оны өмiр салтымызға батыл енгiзу. Егерде бiз осы шараларды қолға алып, оны өмiрде iске асыруға ұмтылыс жасасақ, болашақта ұлтымыздың рухани мәдениетi сақталып, оның әрi қарай дамитындығына еш күмән жоқ.

Ермек СҰЛТАНҒАЛИЕВ