ТҮРКИЯ ТАҒЫ ДА ЖОЛАЙРЫҚТА

ТҮРКИЯ ТАҒЫ ДА ЖОЛАЙРЫҚТА

ТҮРКИЯ ТАҒЫ ДА ЖОЛАЙРЫҚТА
ашық дереккөзі

Президент Абдулла Гюль қуғындала ма?

Әсiлi, экономикалық ауыр дағдарыстардың кезiнде ауқатты адамдар ақшасынан, кедей-кепшiк ақыл-естен айырылатын қалыпты жағдай. Ал саяси дағдарыстар тұсында тұтас ұлттар мен мықты мемлекеттердiң де тұйықтан шығар жол таппай апалақтап, қарапайым адамның санасына сия қоймайтын түсiнiксiз қадамдар жасайтыны да таңсық болмай қалды.

Наурыз айының соңғы күндерiнде Түркия Республикасының конституциялық соты қабылдаған тосын шешiмге орай әлемдiк қауымдастық осындай қортындыға келуi ықтимал. Түркi тiлдес елдерге, тiптi, мүмкiндiк болып жатса, жалпы дамушы елдердiң барлығына да үлгi болуға жанталасатын бұл мемлекеттiң соты билiк партиясы – Әдiлдiк және даму партиясына қарсы прокуратурасының шағымын қарауға қабылдап, тосын процесс бастауды бiрауыздан мақұлдады.

Конституциялық сот шешiмiн сот төрағасының орынбасары Осман Паксут жариялаған болатын. Осы дауыс беру ең шешулi қадам болып табылатынын Анкарадағылар өте жақсы бiлетiн едi. Сонымен, елдегi билiк партиясы – Әдiлдiк және даму партиясын билiктен кетiруге жасалған алғашқы қадамға сот мүшелерi өз көзқарастарын бiлдiрiп, дауыс берiп отыр. Елде саяси дағдарыс қалыптасты.

Түркия тағы да жолайрыққа, шешiмi қиын түйiнге тiрелдi. Адаспай алып шығатын тура жолды табу қиын тұйық. Аңыз бойынша ерте замандағы шешiмi жоқ Гордий түйiнiн Александр Македонский осы өңiрге жақын жерде семсермен бiр шауып шешкен екен. Ал бүгiнгi Түркияда осынау қиын түйiндi бiржола тарқатып, елдi тұйықтан алып шығатын, ержүрек Ескендiр Зұлхарнайын табыла қояр ма екен?

Сонымен, конституциялық сот прокуратура алға тартқан дәлелдер және дәйектердi мұқият екшей келiп, билiк партиясына қарсы шағымды қарастыруға келiстi. Шағым берушi – Түркияның Жоғарғы апелляциялық сотының Бас прокуроры Абдулррахман Яльчинкай мырза. Ол елдегi билiк партиясына тыйым салынып, оның басшылығы (71 адам) бес жыл бойына саяси қызметтен шеттетiлуiн талап етуде.

Сарапшылардың айтуына сенсек, ел президентi Абдулла Гюльдiң саяси қызметiне тыйым салу мәселесiне қатысты айыптау ғана сот мүшелерiнiң пiкiр қайшылығын туғызған. Яғни, сот мүшелерiнiң 4-i қарсы, ал 7-i құптап дауыс берген көрiнедi.

Осы дауыс беру қарсаңында Hurriyet газетi егер судьялар iстi қарауға келiскен шешiм шығаратын болса, онда қанағаттандыру да онша қиындыққа түспейтiнiн мәлiмдеген болатын. Яғни, болашақта ел президентi Абдулла Гюль мен премьер-министр Реджеп Эрдоган қуғынға түсiп, олардың жақтастарына да қиын күндер тумақшы.

Елдегi саяси дағдарыстың басталуына ақпан айында Үкiметтiң ұсынысы бойынша жоғары оқу орындарындағы студент қыздардың хиджаб орануына тыйым салатын заңға түзету енгiзгенi себеп болғаны белгiлi.

Мәселе мынада, Түркияның конституциялық заңдары бойынша, жоғары оқу орындарында хиджаб тартуға тыйым салынған және бұндай орамал зайырлы елдiң ұстанымдарына қайшы деп түсiндiрiлiп келген болатын. Әрине, қазiргi кезеңде әлемде қалыптасып отырған жаңа жағдайда бұл заңның әбден ескiрiп, күнi өткенi, ең бастысы, демократиялық негiздерге сәйкес еместiгi бесенеден белгiлi.

Мәселен, христиан студенттерiн мойнына крест таққаны үшiн ешкiм айыптамайды, ал хиджаб тарту нелiктен заңға қайшылық, тiптi, қылмыс болып саналуға тиiс?! Жалпы белгiлi бiр затқа, нәрсеге өзiнiң тiкелей қатысты емес мағына, символ берiлуi, соның негiзiнде табу жариялануы адамзат санасының әлi төмендiгiн танытса керек. Хиджабты жәй ғана киiм ретiнде бағалау емес, оны кертартпалықтың, реакционизм, дiни фанатизмнiң белгiсi ретiнде қабылдау әлемде талай түйткiлдер туғызып келгенi белгiлi. Әлi де көптеген қақтығыстар мен кикiлжiңдерге себеп болуы ықтимал. Бiр кездерi Индияда сари кию де ұлтшылдық, кертартпалық, прогреске қарсылық ретiнде бағаланып, қуғындалған болатын. Ол ол ма, 90-шы жылдардың ортасында өзiмiздiң Қазақстанда кроссовка мен спорттық киiм кигендердiң бәрi бұзақы адам, тонаушы, рэкетшi ретiнде бағаланып, полиция тарапынан қуғындалғаны мәлiм.

Сонымен елдiң парламентiндегi 350 орынның 330-на ие болып отырған бәсең исламистiк бағыттағы Әдiлдiк және даму партиясы заңға жаңа түзету енгiзген едi. Мұның өзi Түркиядағы зайырлы мемлекеттiлiктi жақтаушы оппозиция өкiлдерi мен армия басшылығының ашу-ызасын тудырды. Олар жаңа түзетулердi Конституцияның бұзылуы деп бағалаған болатын.

Iстiң мәнiсi мынада, Түркияның бiрiншi президентi Кемал Ататүрiк түзеген алғашқы Конституция бойынша бұл ел зайырлы мемлекет болып табылды. Ал Ататүрiк iзбасарларының пiкiрiнше, мемлекеттiк жоғары оқу орындарында хиджаб тағу – бұл ұстанымды бұзу болып есептелмек. Әрине, мұндай көзқарасты ұстанғандар Ататүрiктiң шынайы iзбасарлары екендiгiне күмән келтiру де қиын емес. Одан гөрi сыртқы күштерге иек сүйеп, үмiт артатын белгiлi бiр топтардың iс-әрекетi деу дұрысырақ шығар. Сөйтiп 14-наурыз күнi прокурор Абдуррахман Яльчинкей конституциялық сотқа 162 беттен тұратын шағым түсiрiп, үкiмет пен партия мемлекеттiң зайырлылық негiздерiн аяққа таптады деп айып тақты.

Белгiлi мамандар мен зерттеушiлердiң пiкiрiне жүгiнсек, бұл сот ел билiгiне қарсы күштердiң Түркиядағы бәсең исламистердi билiктен тайдыру жолындағы соңғы амалдары. Бұл елде армия әрқашанда Кемал Ататүрiк белгiлеген жолдардан ауытқымауға кепiлдiк болып келе жатқан аса ықпалды және соңғы сөздi айтатын күш. Ресейдегi ықпалды "Коммерсанть" газетiнiң жазуынша: "Генералитет жалпы ұлттық сайлауларда айқын жеңген көрнектi қайраткерлердi исламизммен айыптап, талай рет билiктен тайдырған едi". ("Коммерсанть" газетi,№53, 1 сәуiр, 2008 ж.).

Ол рас та. ХХ ғасырдың 50-шi жылдары екi рет сайлауда айқын жеңген премьер-министр Аднан Мендерастың аянышты тағдыры соның айғағы. Ол сайлаушылардың дiни наным-сенiмдерiн орынды пайдалана отырып, ел билiгiне келген көрнектi саяси тұлға болатын. Бiрақ,1960 жылы әскери төңкерiстiң нәтижесiнде ол билiктен шеттетiлiп, келесi жылы өлiм жазасына кесiлдi. Жай ғана өлтiрiлген жоқ, даңқты саяси қайраткер әлдебiр зұлым қарақшы, жауыз қанiшер секiлдi масқаралықпен дарға асылған едi. Ал, бүгiнде елдегi БАҚ-тардың бiрқатары қазiргi премьер-министр Реджеп Эрдоганды трагедиялық тұлға – Аднан Мендераспен салыстыруға әуес.

Осы уақытқа дейiн Эрдоганға және оның партиясына қарсы оппозиция мен армияның бiр ғана иек артары – президент ғана едi. Әйткенмен, 2007 жылы бұрынғы президент Ахмед Недждет Сезардың елбасылық мерзiмi аяқталып, мерзiмiнен бұрын сайлауда бәсең исламистер айқын басымдылыққа жеттi де, парламентте басым дауысқа ие болды.

Сөйтiп, бұрынғы Сыртқы Iстер министрi Абдулла Гюльдiң президент болып сайлануына қол жеткiздi. Мұның өзi Эрдоганға Конституцияның кейбiр баптарына өзгертулер енгiзуге және армияның ел саясатына ықпалын әлсiретуге бағытталған қадамдар жасауға мүмкiндiк әперiп отыр.

Түркия конституциялық сотындағылар Ататүрiк идеяларының нағыз жанашырлары және қорғаушылары делiнедi. Ал шын мәнiнде солай ма, жоқ па, ол аса күңгiрт, жұмбақтау жайт. Бұл сот соңғы жылдары ислам жақтаушылары деп айыпталған партиялардың қызметiне бiрнеше рет тыйым салған едi. Неджеметдин Эрбакан басқаратын партия да кезiнде екi рет – 1998 және 2001 жылдары осындай тыйым салуды бастан кешiрдi. Бiрақ, осыған дейiн сот ешқашан билiк басындағы партияның қызметiне тыйым салып көрген емес. Оның үстiне конституциялық соттың шешiмi демократия принциптерiне тiкелей қайшы келiп отыр. Өйткенi, Әдiлдiк және даму партиясы басым дауыспен сайлаушылардың сенiмiне ие, яғни конституциялық заңдарға өзгертулер мен толықтырулар енгiзуге толық құқылы.

Бiр ғажабы, Еуропалық одақ Реджеп Эрдоган үкiметiн қолдап отыр. Одақты кеңейту жөнiндегi комиссар Олли Рен түрiк билiгiндегi партияға тыйым салу Түркияның Еуроодаққа мүше болып қабылдануына керi әсерiн тигiзерiн бұлтақтамай мәлiмдедi. "Қалыпты демократия аясында бұл мәселе парламентте немесе сайлау учаскелерiнде шешiледi, тек сотта емес", – дедi. Яғни Еуроодақ Түркияда ХХ ғасырдың 20-шы жылдарынан берi қалыптасқан сот жүйесiнiң, әсiресе, әскерлердiң ел саясатына тiкелей араласуын құптамайды деген сөз. Мұндай жүйенiң күнi озғанын айқын аңғарып отырғаны.

Конституциялық соттың ақырғы шешiмi ендi бес айдан соң, күздiң басында шығарылуы мүмкiн. Ал әзiрге қалыптасқан жағдай Түркия экономикасына орны толмас нұқсан әкелiп отыр. 2001 жылғы 11 қыркүйектен берi түрiк лирасы ең төменгi бағам деңгейiне құлады, Стамбул биржасының индексi де биылғы жылғы ең төменгi нүктеге тiрелiп отыр. Жұртшылық әлiптiң артын бағуда.

Жаңабек ШАҒАТАЙ