Әлiбек ФАЙЗОЛЛАҰЛЫ: 5 МЫҢ БАЛАҒА — 1 КIТАП

Әлiбек ФАЙЗОЛЛАҰЛЫ: 5 МЫҢ БАЛАҒА — 1 КIТАП

Әлiбек ФАЙЗОЛЛАҰЛЫ: 5 МЫҢ БАЛАҒА — 1 КIТАП
ашық дереккөзі

Балаша ойлап, баланың тiлiнде жазу әсте қиын. Содан да болар, балғын жеткiншектерге арнап шығарма жазу екiнiң бiрiнiң қолынан келе бермейтiн дүние. Мiне, осынау бiр ауыр жүктi арқалап, балаларға базарлық тарту етiп жүрген Әлiбек Файзоллаұлы проза саласындағы тырнақалды туындыларын студент кезiнде-ақ жарыққа әкелiптi. Ал былтыр дәстүрлi түрде өтетiн "Дарабоз" халықаралық әдеби бәйгесiнде бiрiншi орынды иеленген қаламгер әдебиетшi "Политехтың" түлегi, кен инженерi.

— Бiр қызығы, студенттерден құралған "Бәйшешек" әдеби үйiрмесiне қатысып жүргенде прозаны ересектерге арнап жазсам да, неге екенi түсiнiксiз, кез келген шығармамда мiндеттi түрде бала-кейiпкер жүретiн. Мейлiнше он екi, он үш жастағы жасөспiрiм жаныма жақын болды. Содан ба екен, бiрте-бiрте таза балалар әдебиетiне арнап әңгiмелер жаза бастадым. Өйткенi, балалардың психологиясы, өмiрге деген көзқарасы, адалдығы, аңғалдығы балаша ой түюге жетелейдi.

— Әлiбек аға, баланың ойындағысын дөп басып жаза бiлу, жеткiзу қиынның қиыны емес пе?!

— Шын мәнiнде, балаларға арнап жазу қиын. Бiр кездерi, он, жиырма жыл бұрын балалар жазушысы шамамен жүз он, жүз жиырма болатын. Кейiнiрек саны күрт төмендеп, қырық, елуге түстi. Ал қазiр отыз, қырықтың о жақ бұ жағында шығар. Одан көп деп айта алмаймын. Егер балаларға арнап әңгiме, өлең жазу тым оңай болса, жазушылар көптеп жазбас па едi?!

— Сiздiң сөзiңiзге қарағанда, балалар әдбеиетiне қалам тербейтiндер азайып кеткен сияқты. Неге?

— Бiрiншiден, тағы қайталап айтам, балаларға арнап әңгiме жазу қиынның қиыны. Әсiресе, қазiргiнiң баласын анау-мынау арзанқол нәрсемен алдай алмайсың. Өйткенi, бұл заман жаңа технологияның, компьютердiң заманы. Сол себептен, балаға деп жазған дүниең мейлi қысқа болсын, мейлi көлемдi болсын, әйтеуiр "а" деп оқи бастағаннан-ақ тартымдылығымен баурап алуы керек. Екiншiден, еңбектi бағалау жағына келгенде, жасыратыны жоқ, балалар әдебиетi өкiлдерi көбiне шет қақпайланып жүредi. Бұл да әсер етуi мүмкiн. Оның үстiне, балаларға арналған шығарма мейлiнше қысқа болуы керектiгiн әркез жадымызда сақтасақ та, есесiне көлемiне қарай оның қаламақысы да аз, мардымсыз келедi. Содан кейiн болар, пәленбай жылдан берi балғындардың кiрбiң түспеген жан сарайын қызықты, мазмұнды суреттемелi әңгiмелерiмен сусындатып келген балалар жазушылары аяқ астынан ересектер әдебиетiне ауысып кетiп жатады.

— Бәлкiм, балалар әдебиетi өкiлдерiнiң кейбiр шығармасы сыйлыққа ұсынылуға лайық емес шығар.

— Өзiм Жазушылар одағында балалар әдебиетiнiң секциясы мүшесiмiн. Жыл сайын бiр, екi кiтап ұсынамыз ғой.

— Көбiнесе, қандай баспамен жұмыс iстейсiз? Әлде сiзге арнайы тапсырыс бере ме?

— Қазiргi баспалардың iшiнде барлық талапқа сай көңiлiмнен шығып жүргенi де — "Аруна" және "Алматыкiтап" баспасы. Бұл баспалар кiтап өнiмдерiн нақты балаларға арнап шығарады. Кiтаптың көркемделуi мен безендiрiлуi жағы да көздiң жауын алады. Рас, бiздегi баспалардың бәрi жекеменшiк болғанмен, олар мемлекеттiк тапсырысты орындайды. Сондықтан да жоспарлы кiтапты дер кезiнде шығару үшiн жазушыларға тапсырыс берiп жатады. Кейде баспаның ұсынысымен арнайы тапсырыспен жазуыңа тура келедi. Оның ешқандай сөкеттiгi жоқ. Өйткенi, баспа жас оқырманға не керектiгiн бiлу үшiн арнайы зерттеу жүргiзедi ғой. Бiрақ, әңгiменi еркiн тақырыпта жазғанға не жетсiн!

— Ең алғаш жарық көрген шығармаңыз қайсы?

— Тұңғыш кiтабым "Жалын" баспасынан "Екi алма" деген атпен жарық көрдi. Осы уақытқа дейiн балаларға шамамен он екi, он үш кiтабым жол тартыпты. Соңғы жарық көрген "Ақ мышын", "Күй таңдаған күшiк", "Сынық бұтақ" атты әңгiмелерiм "Аруна" баспасынан, "Өрт" атты базарлығым "Балалар әдебиетi" баспасынан шықты.

Былтыр Ж.Шанин атындағы Оңтүстiк облыстық драма театрында "Күй таңдаған лақ", "Тастанды" драмалық шығармам көрсетiлдi. Кез келген жазушы болсын, шығармасының театрда, экранда сахналануын армандайтыны белгiлi. Ретi келiп жатса, бұл да келешекте ойда бар дүниенiң бiрi.

— Шығармада көбiнесе жағымды кейiпкердi сомдаған ұтымды ма, әлде жағымсызын ба?

— Шын мәнiнде, жағымсыз кейiпкердiң де жағымды жағы болады. Сондықтан адамның басына түскен әртүрлi ауыртпалығына қарай өмiрге деген iс-әрекетi де, көзқарасы да өзгерiп отырады. Бiр кейiпкердi басынан аяғына дейiн жақсы немесе жаман етуге тағы болмайды. Яғни, жағымсыз кейiпкер шығармадағы әрекетiмен адамды жирендiру керек болса, жағымдысы керiсiнше сүйсiндiруi тиiс. Көбiнесе қимылдан гөрi адамның психологиясына, оның жан-дүниесiне, ойына, көзқарасына мән беруге тырысамын.

— Жалпы, кейiпкерлердiң бiрiн-бiрi қайталауы ұшыраспай ма?

— Әзiрге қайталау болған жоқ.

— Негiзi шығармаңызға арқау боларлық тақырып қай кезде туады?

— Шығарманың тууының өзi қызық. Кейде асыр салып ойнап жүрген балаларға қарап тұрып-ақ кенеттен оқиға тауып алуың мүмкiн. Бiрақ салмағы ауқымды дүниенi көтеретiн шығарма жазу керек болса, оған бiраз ойлану әрi iздену керек. Негiзi балалардың көлемдi шығарманы оқуға шыдамы мен тағаты жетпейдi емес пе?! Сондықтан қандай әңгiме болсын, қысқа жазуға тырысып бағам. Оның үстiне қазiр заман да сондай. Айтатын ойыңды қысқа, дәл, ұғынықты, тез жеткiзуiң керек.

— Балаларға арнап әңгiме жазылып жатыр десеңiз де, әлi күнге кiтап дүкендерiнде орыстiлдi кiтаптар өтiмдi болып тұрған жоқ па?

— Әрине, бұл бiзде кiтап шықпай жатыр деген әңгiме емес. Салыстырар болсаңыз, кiтаптар бұрнағы жылдарға қарағанда көптеген данамен басылып, жарық көруде. Тiптi, бүгiн кiтап шығаратын баспа да жеткiлiктi боп қалды. Ал кiтап неге аз дегенге келсек, бұл басқа әңгiме. Себебi, кiтап 1 мың данамен, ары кетсе, 5 мың данамен шығады. Мәселен, Қазақстанда шамамен 15 мың кiтапхана, 3 мың мектеп, 1 мың 300 кiтап дүкенi бар болса, жуық шамамен есептесең, барлығы 20 мыңға тақап қалады. Осы азын аулақ 1 мың немесе 2 мың данамен шығатын кiтапты 20 мың мекемеге бөлiп көрiңiзшi. Жете ме? Әрине, жұғым да болмайды. Ал республикада 5 миллионға жуық балалар мен жасөспiрiмдер бар делiк, мiне, осы кiтапқа шөлiркеп жүрген жас оқырмандарға 1 мың дана кiтапты таратсақ, 5 мың балаға бiр кiтаптан ғана келедi екен. Бұл көп пе, аз ба? Әрине, бұл жерде мәселенiң бәрi қаржыға келiп тiрелетiнi айқын. Алайда, балалар әдебиетi жөнiнде айта-айта шаршадық, жауырды жаба тоқыған мәселенi көлеңкеден күнгейге шығаратын уақыт баяғыда жеткен. Өйткенi, 2 мың дана кiтап осыдан бес-алты жыл бұрынғы орта үшiн, сол тұстағы орташа табыстың көлемiмен жеткiлiктi едi. Кезiнде соның өзiне жоқтан гөрi шүкiршiлiк таныттық. Одан берi кiтап шығару iсi бiршама жолға қойылса да, әлi күнге балаларға қажеттi кiтаптар дер уақытында жетпей жатыр. Сондықтан да кез келген ортада "Балаларға арналған қазақтiлдi кiтаптар кiтап дүкенiнде жоқ", "Ауылды жерге жетпей жатыр" деп зар илейтiндердiң айтатыны да осы. Әу баста кiтап шығарып жүргенде ең төменгi таралым 10 мың болды. Одан бұрын 30 мың, кейде 50 мың данамен шықты. Оның қасында 2 мың деген не, тәйiрi?!

— Үкiмет, жалпы, Мәдениет және ақпарат министрлiгi балалар әдебиетiне қаншалықты көңiл бөлiп жатыр?

— Бұл жерде мына мәселенi айтқым келедi. Қазiр бәзбiреулер "Әркiмнiң жеке шаруасы бар. Жазушы жаза ма, қоя ма өзi бiледi" дейдi. Оған келiспеймiн. Конституцияны ашып қарасаңыз, 27-бабында: "Неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттiң қорғауында болады" делiнген. Мәселенки, бұл қорғауға апат, iндет, әлеуметтiк жағдай, т.б. кiредi. Бiрақ мемлекет адамды рухани қорғау керектiгiн ескермеген. Қазiр балалар интернетпен, компьютерлiк ойындармен әуестенедi. Сорақысы сол, СПИД те, нашақорлық та балалар арасынан шығып жатқан жоқ па? Яғни, жаңағы айтқан қорғау мәселелерiнiң қатарына рухани қорғауды да қосу керек едi. Егер бiз балаларды рухани жағынан демемесек, оларға рухани азық боларлық байлық бермесек, осы кеткенi кеткен. Керек десеңiз, шамамен 5-6 жылдан кейiн оларды ұстай алмай қалуымыз да мүмкiн. Ол үшiн баланың рухани қажеттiлiгiн қанағаттандыратын, Отанға, адамға деген махаббаты мен сүйiспеншiлiгiн оятатын құнды дүние жазу керек.

Құдайға шүкiр, кейiнгi кезде балалар әдебиетiне аз да болса, көңiл бөлiнiп жатыр. Дегенмен, бүгiнгi үлкен мәселенiң бiрi — балалардың кiтап оқудан қалуы. Қанша жерден кiтап шығарғанмен, оны оқитын бала болмаса, құр босқа сөрелерде шаң басып тұрғанынан не пайда? Мәселен, бұрын бiз мереке кездерiнде бiр-бiрiмiзге сыйлық ретiнде кiтап ұсынатынбыз. Одан қала бердi, кiтапты алу үшiн кiтапханада кезекке тұрып, оны тез оқып, өткiзiп, келесiсiне ауыстырып алатын едiк. Қазiр тiптi, орта буын өкiлдерiн де кiтап оқымайды деп жазғырып жүрмiз. Егер ол бала кезiнде кiтап оқымаса, өскенде қалай оқиды? Рас қой, кез келген адам әдеттенбеген нәрсесiн iстемейдi ғой. Сол сияқты бала кiтап оқуға балалық шақтан машықтанса, ертең ол сол дәстүрдi баласына, немересiне үйрететiн болар едi. Мынаны қараңызшы. Балалардың кiтапқа деген құштарлығын тексермекшi болған мамандар Германия қаласында 2 мың бала арасында арнайы зерттеу жүргiзiптi. Онда: "Егер сенi айдалаға, адам аяғы баспас аралға апарып тастаса, өзiңмен бiрге сөмкеңе не салып барар едiң?" деген сауалға көпшiлiгi музыкалық құралдарды апарамын десе, ендiгi бiр тобы тамақты айтыпты. Ал үшiншi кезекте "достарымды апарар едiм" деген екен. Көрдiңiз бе, сонда ешбiр бала кiтап туралы ауызға да алмапты. Бiр өкiнiштiсi, бiзде мұндай зерттеу жүргiзетiн орталық жоқ. Бар болған күннiң өзiнде, осы сұрақты бiздiң балаларға қойсаңыз, тура солай жауап берер ме едi, кiм бiлсiн?!

— Бүгiнде балалар жазушылары мен баспалары жас жеткiншектердi немен қуантып жүр?

— Соңғы жылдары жарық көрген кiтаптарға тоқталсам, Қадыр Мырза Әлiнiң "Балалар әдебиетi" баспасынан шыққан екi томдық таңдамалы шығармалар жинағын, Қастек Баянбаевтың жаңа әңгiмелерi мен ойлы өлеңдерi, жас оқырманның қиялына жан бiтiретiн ертегiлерi енген "Асар" жинағын айта кеткiм келедi. Сондай-ақ, Марат Қабанбайдың "Бақбақ басы толған күн" кiтабы қайта басылып шықты. Кейiнгi кезде баспалар iшiнде "Аруна" баспасы балаларға арналған кiтап шығарудың нағыз қас шеберiне айналды. Соңғы жылдары аталмыш баспадан "Шығыстың ұлылыры" сериясымен тоғыз кiтап, "Қоңырау" сериясымен тоғыз кiтап, "Сен бiлесiң бе?" сериясымен отыз екi кiтапша, "Әлiппе" сериясымен он кiтап, "Ақылды ертегiлер" сериясымен он бес кiтап, "Әй-әй" сериясымен бес кiтап жас оқырмандармен қауышты. Бұдан өзге "Қазақстан балалар энциклопедиясы" сериясымен "Қазақстан хандығы" және "Қазақстан аңыздары" кiтабы, "Арда" баспасынан Толымбек Әбдiрайымұлының "Аю бұлақ" жинағына енген ертегi, әңгiмесi жарық көрдi. Ал, "Балауса" баспасы "Әлем балалар әдебиетi" сериясы бойынша жылда жоспарлаған елу томдық кiтаптың он төрт томын шығару арқылы Б.Соқпақбаевтың "Менiң атым Қожа", "Балалық шаққа саяхат" повесiн, М.Әуезовтiң "Көксерек" повесi мен "Бүркiтшi" әңгiмелерiн т.б, авторлардың шығармасын ұсынды.

Балалар әдебиетiне қалам тербеп жүрген, жас оқырманға таныс есiм — Ағила Сауран жайында айтпауға болмас. Ол өз шығармасын бастауыш сыныпта оқып жүрiп республикалық газет-журналдарда жариялаған. Алғашқы ертегi жинағы 2003-2004 жылдары "Сиқырлы қазына" атымен екi тiлде жарық көрдi. Қуантарлығы сол, Ағиланың ертегiлерi 2005 жылы француз тiлiне аударылып, бүгiнде бұл кiтапты Германияның мектеп оқушылары оқу бағдарламасы аясында оқитын көрiнедi. Ағиланың 2006 жылы "Баур" баспасынан шыққан ертегiлерi де сәттi туған. Жас қаламгердiң байқамағанды байқап, өзге жан сезбегендi түйсiне алатындығы қуантады бiздi. Демек, жас та болса, үлкен iс тындырып жүрген А.Саураннан үлкен суреткер шығатынына сенiмiм мол.

— Жалпы, бiздiң елде кiтап тарату мәселесi неге дұрыс жолға қойылмай келедi?

— Кеңестер Одағы ыдырағанға дейiн кез келген елмен аралас-құралас болып, тапсырыстар алмасып, бiр елдiң шығармасын екiншi бiр ел аударып, етене танысып жататын. Бұл үрдiс қазiр мүлдем тоқтады. Басқа басқа, өзiмiздiң жазушылардың не жазып жүргенiнен де бейхабар болдық. Осы тұрғыда 1961 жылдан берi екi тiлде шығып келген "Кiтап жаршысы" газетi отыз жылдан асқан соң оқырманына қайта жол тартқанын қуана айтқым келедi. Бұл газеттiң сол кездегi рөлiнiң қандай болғанын жұмыс iстеген бiздер бiлемiз. Қазiр жазушылар небiр шығармаларды өмiрге әкеп жатқанмен, ал бiрақ оның таралу мәселесiнiң қиындық туғызатынын бiреу бiлсе, бiреу бiлмейдi. Бұрын-соңды баспалар жоспар арқылы жарық көретiн кiтаптарды кiтап мекемелерiне, дүкендерiне бөлiп беретiн. Содан соң олар жатпай-тұрмай тапсырыс жинайтын. Яғни, жарық көрген және шығайын деп жатқан кiтаптарды алдын ала насихаттайтын. Демек, бұл кiтап саудасын жандандыруға бағытталған жақсы үрдiс болатын.

Жасыратыны жоқ, жастар мен орта буын өкiлдерi, жасөспiрiмдер "кiтап оқуды бiржола қойды" дегендi жиi ауызға алатын болдық. Бiрақ, кiтап мүлдем оқылмайды дегенге келiспеймiн. "Кiтап қалашығы" дүкенiне барсаңыз, оқырмандарға әр түрлi салаға байланысты 50 мың кiтап атауы ұсынылып отыр. Мiне, көрдiңiз бе, егер кiтап оқылмаса баспалар осыншама данамен кiтап шығармас едi ғой. Демек, кiтапқа деген сұраныс жоқ емес, бар деген сөз. Ал бiр ғана "Эврика" кiтап дүкендер жүйесi ресейлiк 22 баспаның кiтаптарын таратумен пайда табады екен. Бұл жерден бар болғаны елiмiздегi 4 баспаның ғана кiтабын көзiңiз шалып қалады. Неге десеңiз, кiтапсүйер оқырмандар қазақтiлдi кiтаптан гөрi орыс кiтабын оқуға мойынсұнып барады. Оларды қазақтiлдi кiтаптарға қалай тартамыз? Оған оқырман достарымен қайта қауышқан "Кiтап жаршысы" газетi атсалысуы керек. Министрлiк кiтаптың сатылуына, таралуына талдау, зерттеу жасап, басын ауыртып жатқан жоқ. Тiптi, шетелден келген кiтапқа шектеу қою үшiн не iстеу керек екенiн де қозғамайды. Бәлкiм, оларға салынатын салықты көбейту керек болар?! Әйтеуiр, тығырықтан шығатын бiр жол болуы керек қой?!

Әңгімелескен Динара Мыңжасарқызы