Жаңалықтар

ЕСКЕРТКIШ

ашық дереккөзі

ЕСКЕРТКIШ

Бұл шығармамен мен сон-о-у бала кезiмде танысқам. "Ескерткiш" деген аты да әлi күнге жадымда. Бiр шетi шимайланған газет тiгiндiсi қолыма түсе салысымен-ақ, бар жұмысымды тастай салып, үңiлгенiм де есiмде. Жырым-жырымы шыққан газеттiң түрлi қолдардан шыққаны көрiнiп тұр. Қолдан қолға өтiп, шимайы шыққан газеттегi әңгiменiң бiр шекесiндегi Есжан Айнабеков деген есiмдi де ұмытқам жоқ.

Есейе келе, Есжан Айнабеков есiмiмен баспасөз беттерiнде сирек жолықсам да, қаламгермен сырттай алғашқы таныстығым әркез есiме түсетiн. Жуырда Есжан Айнабеков есiмiмен қайта қауышудың сәтi түстi. Өмiрден ерте кеткен қаламгердiң қаламынан туған шығармалары, өлең-жырлары, әр жылдарда баспасөз беттерiнде жарияланған мақалалары топтасқан кiтаптың атын да "Ескертiш" деп қойыпты. Ғұмыры келте болған қаламгердiң шығармаларының кiтап болып шығуына "Қазығұрт" баспасы, яғни қаламдас досы ақын Темiрғали Көпбаев себепкер болған екен. Әлгi кiтаптан өзiме етене таныс, әлi күнге ұмыта алмай жүрген шығармамды кездестiргенiмде, жоғалтқанымды тапқандай әсер қалдырды. Сол әңгiменi "Түркiстан" газетi оқырмандарының назарына қаз-қалпында ұсынуды жөн көрдiк.

Гүлзина БЕКТАСОВА

Автобусты ұзақ күттiк. Көкбеттенiп жатқан көшеде кәрлi қыстың белгiсi емге де жоқ болғанымен, бет мұздатар суық бар. Аялдамада тұрғаңдар үшеу едiк…

Көшенiң карсы бетiндегi "Сайран" ресторанынан тарап жатқан у-шу, даңғырлаған музыка үнi бiзге жетер-жетпесте қытымырланып, қатая бастаған кешкi ауаға сiңiп, жоғалып жатыр. Тек ара-тұра "әкең", "көкең" дескен шолақ дауыстар естiлiп қалады. Сiрә, бiрге көңiл көтерген екi дос кыза-қыза әдептен сәл асып кеткендерiн өздерi де аңғармай қалса керек. Осы бiр өрескел дауыстарды жуып-шаймақ болды ма, жоқ әлде, бетпақ қатынның бетiндей көгiс тартқан көшеге әр жүгiртiп, бiздi сергiткiсi келдi ме, көп қабатты үйлердiң төбесiнен қызылды-жасылды шамдар жылт-жылт етiп, жыпылық қаға бастады.

Автобус күткен үшеу едiк… Қолына кiшкентай тор қалта ұстаған, 25-тердегi, ат жақты, арық, кара жiгiт ресторан жаққа қарап, ойлана қалыпты. Ол маған бiр қырынан тұрғандықтан, жүзiне зер сала қарай алмадым. Алғаш көзiме ұрған ұшы сүйiрлене бiтiп, терiсi жылтырап тұрған шығыңқы жақ сүйегiмен құлақ шекеден бөлiнiп түсiп қалардай епетейсiз қалқиған құлағы болды. Қалқиған құлақ арғы бетке елегiзiп, зың еткен дыбысты қағып алуға дайын тұрғандай қатып қалыпты. Мен жiгiттiң қолындағы тор қалтаға көз тастадым да, мырс етiп күлiп жiберуге шақ қалдым. Тор қалтадан доғал мойындары қылтиып шығып тұрған, айран құйылған екi шыны да телпектерi жылтырап ресторан жаққа елеңдесе қалыпты…

Бейне иесiне жарамсақтана жағымпазданған ұялас күшiктердей… Осылай ойлай бергенiм сол едi… тор қалта теңселiп кеттi де, жылтыр телпек қос шыны өзге жаққа қисайып калды.

Қара жiгiт көшенiң қарсы бетiне тесiлген күйi бiрер ауыр күрсiндi. Күрсiнгенде қушыңқы қос иығы бүлк ете калды. Неге екенiн қайдам, ол маған жылап тұрғаңдай болып кеттi. Осы ойдың басыма келуi мұң екен, мұнан әрi тесiле қарап тұра бергенiм әдепсiздiк болар деп, бұрылып кеттiм.

Ал қос қолын қалтасына салып, теңселiп жүрген сары шал құрметтi демалысқа шыққан соң мүжiле бастаған кiсiге ұқсайды. Тынымсыз, сүтке тиген күшiктей, алақ-жұлақ етiп, бiр нүктеде байыз таппаған шегiр көздерi тым үрейлi екен. Бiр мезет ол да арғы беттегi думанды жайға қарап тұрды. Тек мен оның түк ойсыз, тiршiлiк нышаны жоқ жанарынан меңiреу, түпсiз, тым-тым қорқынышты мағынасыздықты андап қалдым. Бiртүрлi жон арқамда құмырсқа жүргендей, денем дiр ете қалды…

Әлгi қорқынышымды жеңгiм келiп темекi тұтаттым. Шалдан қашқақтап, жiгiтке жақындадым. Ол маған бұрылды да, темекi сұрап алды. Бұрыла бергенде аласы мол қара көздерi жалт ете қалды да, тұнжырап сала бердi. Бейне жұқа қара перде тұмшалап тастағандай жалт еткен өткiр сәуле қайта көрiнбей қойды. Мен жалт еткен әлгi нұрды тағы көргiм келiп, мөлдiр қараңғылыққа тесiле, тiке қарадым. Бiрақ iздегенiмдi таба алмадым. Шыңыраудың қарауытқан жүзiнде тек болар-болмас, байқалар-байқалмас бiрер майда дiрiл жүгiрiп өттi де, тына қалды. Сәлден соң шыңыраудың өзi де ғайып болды. Осының бәрiн мен сидиған қара жiгiт маған бұрыла берген кезде, жанарымыз iлкi сәт iлiнiсiп қалғанда ойлап үлгердiм.

— Рақмет, — дедi ол көк түтiндi бұрқ еткiзе түсiп, сонан соң, тағы да арғы бетке қарап, өз ойымен болып кеттi. Темекi сұрап алғаны бiр түрлi арамызды жақындатқандай батылданған мен оны сөзге тарттым:

— Сiрә, жастық шағыңызды еске түсiрiп тұрсыз-ау! "Қайран жастық, өттiң-кеттiң байқатпай!" Қалай едi, әлгi бiр өлеңде?! Осылай демеушi ме едi, а? – деп әлдебiр газеттен жақында оқып шыққан бiр өлеңнен тақпақтатып жiбердiм. Мұным оның көңiлiн көтерсем деген игi ниеттен туындаған жай едi. Бiрақ дәл осы сәт мен өзiмдi осынша мазалаған мына арық, қара жiгiт жайлы пiкiрiмнiң тым ұшқары екенiнен бейхабар болатынмын. Сол бiр қыстың аязсыз кешiнде аялдамада кездестiрген қара жiгiт туралы ойларымның тым тиянақсыз екенiн мен кейiн сезiндiм. Жастық шақ туралы өлеңдетiп жiберген сол сәтте жанымда сәтсiз тамамдалған махаббат иесi тұрғанына бек сенiмдi едiм.

Жiгiт маған мойын бұрған жоқ. Бұрмақты қойып, емеурiн де танытпады. Ұзақ тұрған ол "иә" дегендей бас изеп, тағы да күрсiнгендей ауыр дем алды. Мен: "Көп болса, көк үйдiң аулаға қараған көлеңкесi қалың бұрышыңда, ақыл-есiңдi тұтқыңдап алған сол қызбен қалай сүйiскенiңдi есiңе алып тұрған боларсың" деген ойға ғана малданып, одан да осыған ұқсас бiрдеңе есiтермiн деп алаңсыз тұр едiм.

— Иә, сен дұрыс айттың, жолдас!.. Балалық шағымды есiме алып тұрмын. Ол кезде мына үйдiң көлеңкесi де жоқ болатын. Мұның орныңда…

Ол бiр сәт үнсiз қалды. Мен оның қоңыр үнiнен кекесiн бе, жоқ әлде ызалы ажуа ма, әйтеуiр өзге бiр ырғақты андап қалдым. Осы бiр мәнердi ұстап қалуым мұң екен, манағы ойларымның аяғы аспаннан бiр-ақ келгендей, көкiрегiмде бiр өзгерiс басталып кеттi. Бұл iшкi толқуды оған сездiрiп алмауға тырысып, шалға қарағыштадым. Қарап едiм, бiздiң әңгiмемiзде түк шаруасы жоқ жандай түр танытқанымен, оның түсi бұзылып кеткен екен. Жiгiт iлкi сәт өткендi көз алдына елестеткiсi келгендей, үнсiз тұрды да, сөзiн жалғады.

— Бұл ресторанның орнында… мұның орнында ол кезде қалың зират болатын. Онда менi тағдырдың тәлкегiне қимай-қимай қалдырып кеткен әке-шешем жерленген едi…

Ол тағы да тынып калды. Жоқ әлде кеудесiнен лықсып келiп көмекейге кептелген ащы жасты тежеп қалғысы кеп, әдейi тоқтады ма?

— Сенiң атың кiм, жолдас?

— Сәрсен… яғни Сәрсенғали, — дедiм мен әлгiдегi сайқал жымысқы аралас үнiмнен түк қалмай момақансып.

— Сәрсенғали, сен үшiн қадiр тұтар қасиеттi бұрыш бар ма осы қалада? — Мен сәл болмағаңда өз танымыма салып, "Ендi ше, мәселен, мемлекеттiк драма театры, музей" деп тағысын-тағыларды санап шығуға шақ қалдым. Ол менiң жауабымды күтпестен сөйлеп кеттi.

— Әлi есiмде, қыркүйек айы болатын. Қаланың батыс жақ шетiндегi балалар үйiнде тәрбиеленiп жатқаныма жылға жуық болса да, түк үйренiсе алмай қойдым. Өзiмiздiң үйдi, төбесiн көкем қайтыс боларынан бiр жыл бұрын жаңартып, қайта жапқан тоқал тамды, төргi бөлмеде қабырғада iлулi тұратын, қолдан доғалдау шауып жасалған, шанағы қырық құрау ескi домбыраны, ауылдағы қыс түссе бұтақтары дымқыл, қалың қардан майысып, мүлгiп тұратын қалың бауды тағы бiр көрсем деп аңсаймын да тұрам. Кейде түсiмде жиде домбыраның ызыңын естiп, ұйқылы бақтың арасында көкемдi iздеп жүрем… Бiрақ бұл аңсарым орындалмасын бiлем. Қазiр ол жерде кiшкене терезелердегi шынылары ерке аяздың шым-шытырық шимайына толы жатаған шым үй де, жiңiшке сым темiрден көкем көздерiн тар етiп тоқыған шарбақ та, сәл үлп еткенге саудырласа қалатын кәрi бау да жоқ… Олардың орнына қазiр төбесiмен көктi тiрей, сап түзеп, самсай калған көп қабатты үйлер пайда болған. Бiрақ осылардың бәрiн өз көзiммен көрiп, бұл жерде мен алаңдар түк қалмағанын сезсем де, балалар үйiне бауыр басып кете алмай жүрдiм.

Аптаның соңғы күндерiнiң бiрiнде сабақтан шыға сала кенеуi кете бастаған дуал шарбақтан секiрем де, осында, көкем мен апама тартам…— Ол иегiмен көшенiң келесi бетiн меңзедi, — Шапыраш көз билет кесушi сары әйелге бiрер ұсталып, құлағым қалақтай болған соң, автобусқа мiнудi тiптi қойдым. Балақты түрiп алам да, "детдомский" былғары қара бәтеңкемен тас жолды тарсылдатып айдай жөнелем. Содан көкемдерге, шөптен көрiнбей қалған қос төмпешiктiң аяқ шетiне келiп, демiмдi бiр-ақ алам.

Көкемдер менiң iздеп келгенiме кәдiмгiдей қуанып қалады. Қос төмпешiктiң басында қалың шөптен әзер қылтиып шығып тұрған табақшаны "детдомский х/бымның" жеңiмен әдемiлеп тұрып сүртем. Әрiптерi көмескi тартып, таттана бастаған темiрдi әдемiлеп сүртем-ай келiп. Әуелi көкемдiкiн… Сосын апамның басындағы белгiнi. Сүртiп отырып сөйлеп коям:

— Iз-тозсыз қаламыз деп қорықпаңыз, көке! Әлi-ақ сендердiң бастарыңа әдемi, әппақ мәрмәрдан ескерткiш орнатам! — осылай көкем мен апамды жұбатып сәл отырам. Бетiмнен тарам-тарам жосылып жатқан жасқа да қарамаймын…

Содан қос төмпешiктiң айналасын қау болып өскен шөптен тазартуға кiрiсем. Шырыны қатып, сүрлене бастаған күзгi шөптi қолмен жұлу оңай шаруа емес. Кейде сояу сабақтар алақанды тыз-тыз еткiзiп осып кетедi. Мұндайда өршеленген мен барымды салып, тырмысып бағам. Сәлден соң қатты шаршасам да, ту сыртымнан сынай қарап жатқан аяулы төрт жанардан қуат алғандай қимылдай берем. Дегенмен, олардың барлай қараған көздерiнен қаймығатын болуым керек, өзiмнен өзiм мазасызданып бiтем. Осы күйiмдi сездiрмес үшiн ауыз жаппай сөйлеуге тырысам.

Осылай қас қарайып, ымырт түскенше көкемдермен ұзақ сырласып, шер тарқатам. Осы сәт бойымды бiртүрлi үрей билейдi. Тек, сыртылдаған жаңбыр тамшылары мен сәл самалға сыбдырлаған шөптiң үнi ғана естiлетiн мына үнсiз ауыл кеш түссе, жым-жырт болып, сұрлана түседi. Мен қараңғылық қоюлана, осы бiр үнсiздiктен сескенетiнiмдi көкем сезiп кояр ма екен деп, қарадай қыпылықтап бiтем. Кетерiмде оларға қарап сәл тұрам.

— Келесi сенбiде тағы да келем, көке! Мiндеттi түрде келем. Ал, мен кеттiм. Кешiксем апай ұрсады. Жайлы ұйықтаңыздар, көке! — деймiн кетерiмде. Көкем үндемейдi, тек апам жатқан төмпешiк қана бүлк ете қалады. Апам жылап жатса керек. Бұдан әрi тұра берсем, еңiреп жiберетiнiмдi бiлем. Сондықтан, апамның жылап жатқанын сезе тұра, тымырайып, бұрылып кетем. Көкем жылағанды ұнатпайды. Әсiресе, ер адамның жылағанын. Егер сол жерде көкем болмаса, апамды құшақтап алып жұбатар едiм-ау. Бiрақ апамның оған жұбана қоймасын бiлем. Қайта ол онан сайын "жаны ашыған жарығым" деп дауыс салып егiлер едi, сосын шыдай алмай мен де жылаймын ғой. Осының бәрiн сезгендiктен де қайқайып қайырылмай кетем…

Көкемдерге уәде берсем де, келесi сенбiде келе алмай қалдым. Қас қылғандай сол күнi асханаға бiздiң 4 "б" кезекшi екен. Қашып кетейiн деп едiм, "мұныма көкем ренжитiн шығар" деп ойладым. Сол жолы қашып кеткенiмде, көкем ренжiсе бiр-ақ рет ренжитiн едi ғой деген өкiнiштен кейiн өлiп кеткiм келдi.

Сонымен көкемдерге келуге екi жетiден соң ғана мүмкiндiк алдым. Тас көпiрден өте бере-ақ жүрегiм бiр сұмдықты сездi. Тас көпiрден өте бере-ақ… Көкемдер жатқан жақтан трактордың ащы даусын естiгеннен соң жүгiре жөнелдiм. Қатырма қағазға әдемiлеп орап алған бояу құйылған құтыны кеудеме қысып алып ұштым. Көкемдердiң басыңдағы белгiнiң өше бастағанын көрген соң, суреттен беретiн Жаксыбек ағайдан майлы бояу мен ескiлеу кiшкентай қылқалам сұрап алғам. Ұшып келе жатып, "Бәлкiм, бұл өткен жылғыдай өлген шешесiне қабыр қаздыру үшiн бiр дөкей жiберген экскаватор шығар" деп жұбатам өзiмдi. Осылай өзiмдi-өзiм жұбатып болмай-ақ арғы жағымнан кiсiнеген бiр түйсiк мұның өзге бәле екенiн сездiре қойды.

Жүгiрiп келе жатып сүрiнiп кеттiм де, мұрттай ұштым. Тұра сала, бояуы ақтарылып жатқан құтыға да қарамай жүгiре бердiм. Көкемдерге деп арнайы әкеле жатқан бояудың төгiлiп қалғанына ма, жоқ әлде өткен жолы қашып кетпегенiме ме, әйтеуiр әлденеге ызаланып жылап жiбердiм.

Не керек, үлгердiм әзер дегенде. Ендi-ендi болмағанда май сiңген қарақошқыл топырақ қапқан, төбесi селк-селк еткен көк трактордың үйдей темiр қалағы көкем мен апамды сипап өткелi тұр екен. Жалмауыз кемпiрдiң бетiндей қырық қыртыс, тiстерi жылт-жылт еткен шынжыр табан ендi болмағанда көкешiм мен апашымды таптап өткелi тұр екен. Еңiреген күйi, екi жұдырығымды тас түiп, алдына тұра қалдым. Көкемдердi күреп тастамақ болған әлгi темiр қалақ кеудемдi тiрей, "детдомский х/бының" жез түймесiн қарныма батыра түсiп зорға тоқтады. Трактор кiлт тоқтағанда темiр күрекке етпеттеп барып, қайта түзелдiм. Айқайлап тұрғанымды сонда аңғардым.

Алдыңғы терезесiнен көрдiм — тракторшы басқару тұтқасына маңдайын сүйеп, отырып қалыпты. Сәлден сон май-май трактордың есiгi жоқ үңiрейген терезесiнен әуелi май-май шәпке шықты. Сосын шаң қапқан керзi етiктiң тұмсығы қылт еттi. Ол шынжыр табанның үстiнде талтайып тұрған күйi темекi тартты. Темекiсiн баппен тартқан күйi, кабинаның жақтауына сүйенiп, ұзақ тұрды. Секiре бере езуiндегi папиросты түтiнiмен қоса бiр-ақ түкiрдi де, маған қарай жүрдi.

— Ағатай! Ағатай, баспашы! Бұл жерде менiң көкем мен апам жатыр ғой! Тоқташы, ағатай?! — Ол маған жете бергенде айқайлап коя бердiм: — Баспайсың! Күремейсiң! Көкем мен апам ғой менiң! Тоқта! Жауыз! Көкем мен апамды қалай таптамақсың?! Тоқта!.. — Ол кiлт етiп отыра кеттi. Адамдарға өтiнiштен гөрi бұйрық аралас айқайдың тез әсер ететiнiн мен сол жолы тұңғыш аңғардым. Ол май-май күнқағарын бетiне басып, еңкiлдеп тұрып жылады: "Кешiр, балақай! Мен емес… Мен емес!" Кешiрден өзге сөз айтқан жоқ, иығы селкiлдеп жылады-ай келiп… Күнқағарын шешкенде көрдiм — қою, бұйра шашы қобырап, басын тым үлкейтiп көрсетедi екен. Жылағанда иығына қосылып бұйра шаштары да дiрiлдеп кеттi. Сәлден соң ол өзiнiң түк жазығы жоқ екенiн, таңертең бастықтың "бүгiн қалайда зиратты тегiстеп бiту керек" деп тапсырғанын, өзiнiң бұл қатаң бұйрығын "план күйiп барады, план…" деп нығарлап қойғанын айтты. Бұл жерге бiр мекеме үшiн жай салу керек екен. Оның үстiне қаланың орталығында зират болғаны жақсы емес көрiнедi. Ол осыларды айтып ақталды-ай келiп.

"Көкем мен апамның ең болмаса моласы да қалмағаны, сүйектерiнiң аяқасты тапталып жатқаны жақсы ма сонда?.. Сол жақсы ма?" деп айқайлағым келдi менiң. Бiрақ үндеген жоқпын.

Осылай ұзақ отырдық. Әлден уақытта төбемiзден:

— Бұл не отырыс, жұмыс қайда?— деген бұйрықты үнмен сыздана саңқ еттi бiреу. Әлгiнде бұйра шаш жылап қоя бергенде қуанып кеткем. Ойлағам, тракторшы да түсiндi ғой, бастықта ұғар деп. Саңқ еткенге екеумiз де бұрылғанымыз жоқ. Олар екеу екен. Отырған күйi көзiмнiң қиығымен қарап алдым. Алдыңғысы жұқалау қара екен. Айқай салған осы болуы керек. Соңғысының тек сары көйлегiн керiп тұрған жүн-жүн бiлегiнде күн нұрымен жалт ете қалған алтын сағатын ғана андап қалдым. Ол бiздiң ортамызға келдi де, тәштиiп тұрды. Сосын бұйра шашқа бұйыра сөйлеген. Осы сәтте мен еңiреп қоя бердiм. Еңiреп тұрып бұл жерде көкем мен апамның жатқанын айта бастадым. Жалындым, жалбарындым. Тыңдаған жоқ.

— Ең болмаса келесi сенбiге дейiн қоя тұршы, ағатай, бiз Жақсыбек ағай екеумiз әкетемiз, — дедiм етегiне жармасып. Осылай десем де, көрдi ашу деген сұмдықты көз алдыма елестетiп көрiп едiм, жаным түршiгiп кеттi. Тұла бойымды кернеп алған суық дiрiлден қалшылдап қоя бердiм. Пәпкелi бастық бұл жолы сәл қарайлады. Сонда да сөзiмдi жүре тындаған оның жүзiнде бiр наразы жек көрушiлiктiң табы бар едi. Мен секiлдiлерден әбден запы болған жанның сыңайы.

— Хабарландыру берiлгелi үш ай болды. Содан берi не iстедiңдер? Сендерге қарайлаймын деп, естiмеген сөзiм қалмады. Менiң жайыммен де санассаңдаршы, түге… — Ол нақ бiр үлкен кiсiмен сөйлесiп тұрғаңдай ақтарылды келiп. Маған басымнан аяғыма дейiн тiнте қарап шықты да, сөзiн жалғады.

— Менiң қолымда тұрған түк те жоқ, iнiшек. Ендi бiр апта тұрмақ, бiр сағатта қарайлай алмаймын. Жоспарды бұзуға ешкiмнiң хақысы жоқ. Менiң басым екеу емес, бала. Графиктен онсыз да қалып келемiз. Ертең құрылыс материалдарын артқан алғашқы машиналар келе бастайды. Ал бiз оны қабылдауға әлi дайын емеспiз. Дайын емеспiз!..

Бұл сөздердi ол жұқа қараға қарап, бригадир болуы керек, шегелеп, сыздана айтты. Анау болса, бүгежектеп, абыржып-ақ калды. Мен шәртiк қарын бастықтың үнiндегi сабырлы жайлылықтың бiрте-бiрте жоғала бастағанын аңдадым. Көзiнде де жабайы жыртқышқа тән от ойнап шыға келдi. Ол сосын бұйыра, сыздана сөйлеген қалпын жоғалтпастан бұйра шашқа бұрылған. Бұйра бас та дайын тұрған болуы керек, үрейлi көздерi жалт-жұлт етiп, дiрiл толы үнмен сөйлеп қоя бердi:

— Жоқ-қ-қ. Өлтiрсең де бұл iс менiң қолымнан келер емес. Жұмыстан қу! Қаңғыртып жiбер… тек мына шаруаға жұмсап әуре болма! Жо-жоқ, — деп әлденеден қорғалақтағандай керi шегiншектедi. Бiрте-бiрте даусы да қатая түстi.

— Жоқ! Өлiлердiң тынышын бұзбақ түгiлi, ендi мынауыңа,— қолымен тракторды нұсқап,— көтерiле де алар емеспiн. Мен қылмыс жасай алмаймын. Өзiң жаса. Өзiң көтер мына iсiңнiң салмағын. Өзiң!.. — Ол баскиiмiн жұмырлап, қыса ұстаған күйi, еңiске қарай бет алды жүгiре бердi.

Шәртiк қарын бұйрабастың соңынан "жоямын, қырамын, соттатам" деп айқайлап жатқанда, мен темiр күректiң алдына, көкемдердi корғауға ұмтылдым. Бұл жолы жылағам да, боздағам да жоқ. Тек ызалы ырылға ұқсас үн шығарсам керек. Шәртiк жалт қарады. Сонан соң манадан берi жүнi жығылып, үндемей тұрған жұқа қараға қарап, зiрк еттi.

— Қыңсылатпай құртшы мына күшiктi!..

Жұқа қара не iстеу керектiгi ендi есiне түскендей маған қарай тұра ұмтылды. Мен де дайын тұр едiм. Жалт мойын бұрып, иығымнан қармамақ болып созыла берген тарамыс қолды қарш еткiзiп бiр тiстедiм. Ол жан даусы шыға берiп, шәртiк жаққа қарады да, ананың көзiнен ығып, жым болды. Бұл жолы қорықты-ау деймiн, жақындай бере алдамшы қимыл жасап, тебетiндей түр көрсетiп, кұшақтай алды. Кұшақтаған күйi анадай жерге апарып, бұлқына бақырғаныма қарамастан ұстап тұрды.

Жұқа қараға зiлдене зiрк ете қалғанымен, шәртiк не iстерiн бiлмей абдырап қалыпты. Көкiрегiңде тайталасқан екi ұдай сезiмнiң қайсысының жетегiне ерерiн бiлмей, қай үнге құлақ саларын әлi толық аңдай қоймаған күйде, қолтығына қысқан папкасын анадай жерге шиырып жiберiп, тракторға қарай аяңдады. Кенет есiне әлдене түскендей кiлт бұрылды. Жұқа қараның қысқыштай әлеуеттi қолдарынан шыға алмай, бұлқына боздап тұрған маған ұзақ қарады. Арамыз алыстау болғандықтан мен оның жан-дүниесiнде не болып жатқанын бiле алмадым. Тек оның кiлт бұрылып, маған ұзақ уақыт, үнсiз қадала қарағанын жақсылыққа жорып, "ағатайлап" жалынуымды үдете түстiм. Шәртiк бiртүрлi сөлбiрейiп, шөгiп кеткендей болып көрiндi. Бiр кез еңдi есiне түстi бiлем, жан-жағына қарағыштап әлдененi iздедi. Iздегенi сол болуы керек, өзiнен бiрнеше қадам жерде жатқан тоқ бүйiр қара пәпкеге тесiле қарап сәл тұрды да, қайтадан маған бұрылды. Қайтадан пәпкеге қарады… Бұл жолы оның iштей бiр байламға келгенiн мен айқын сездiм. Ол мен жаққа қайта қайырылмады. Мұрын астынан әлдене деп мыңғырлады. Қолын шарасыз бiр сiлтеген күйi тракторға қарай нық адымдады.

Трактор орнынан гүр етiп қозғалғаңда мен жұқа қараның құшағынан жұлқына босанып шықтым. Бiрақ үлгiре алмадым… Қарақошқыл түтiнiн көкке бұрқ-бұрқ атып iлгерi өңмендеген трактордың темiр күрегi көкем мен апама кiрш ете қадалды. Көкем мен апам темiр күректен жан даусы шыға шыңғырғаңдай болды… Мына сұмдықты мұнан ары көруге дәтiм жетпей бетiммен топырақ сүзе құладым да, шiрiген шөп-шалам аралас топырақты ауыз толтыра қарш-қарш қарпыдым. Көкiрегiмде жүрегiм бе, әлдене сырт етiп үзiлiп кеттi… Сырт етiп… Солай, Сәрсен, ал мен ендi аппақ-аппақ мәрмәрдан жасалған ескерткiштерiмдi қайда қоям?.. Мына ресторанның iргесiне ме? Айтшы! Кейiн бұл маңға талай келдiм. Келген сайын баяғы сүрiнiп құлайтын жерiмдегi төгiлген қызыл бояуды көрiп өтем. Бiреу алып кеттi ме, құтысы жоқ. Ал бояу сол күйi… қып-қызыл. Төгiлген бояуды көрген сайын әрiптерi көмескi тартып, таттана бастаған темiр тақта келедi көз алдыма…

Ол осыны айтып бола бергенде, автобус та келiп қалды. Мен де мiндiм. Жиырылмалы есiктен iшке ұмтыла берiп, бұрылып артыма қарадым. Сары шал аялдамада жоқ екен. Аң-таң қалдым. Мен оның қай кезде кетiп үлгергенiн ойлағанша, автобус та орнынан қозғалды.

Жолда, автобустың терезесiнен көрдiм, артына жалтақ-жалтақ қараған шал тас көшемен безiп келедi екен. Осы сәт маған сары шал сол сен айтқан шәртiк емес пе екен деген ой келдi. Бiрақ өзiм анық-қанығына жетпеген күмәндi дүниенi саған айтуды жөн көрмедiм. Бәрiбiр сол болғанымен бiздiң оған артар қандай кiнәмiз бар?.. Қандай?..

…Кеше тағы сол аялдамада автобус күттiм. Ресторан алдында екi мас бiрiн-бiрi әке-шешеден түк қалдырмай сыбап жатты…

…Көз алдыма төгiлген қызыл бояу келдi: қып-қызыл…

Есжан АЙНАБЕКОВ