ҚАЗАҚ КIТАБЫ ТЕНДЕРГЕ ТЕЛМIРIП ОТЫРҒАНДА, ИМПОРТТЫҚ КIТАПТЫҢ ДӘУРЕНI ЖҮРIП ТҰР

ҚАЗАҚ КIТАБЫ ТЕНДЕРГЕ ТЕЛМIРIП ОТЫРҒАНДА, ИМПОРТТЫҚ КIТАПТЫҢ ДӘУРЕНI ЖҮРIП ТҰР

ҚАЗАҚ КIТАБЫ ТЕНДЕРГЕ ТЕЛМIРIП ОТЫРҒАНДА, ИМПОРТТЫҚ КIТАПТЫҢ ДӘУРЕНI ЖҮРIП ТҰР
ашық дереккөзі

Кеше дүниежүзiлiк кiтап күнi аталып өттi. Бiр кезде кiтапты жастанып жатып оқитын кiтапқұмарлар елi болғанымыз көзiмiзден бұл-бұл ұшты ма, бұл мерекенi соңғы уақытта атаусыз қалдыратын болдық. Кiтап мерекесi түгiлi, кiтаптың өзi бағасын азайтып, құнын жоғалтып барады. Бiрақ мұның бiрнеше түйткiлi бар.

Бiрiншiден, бағасы түскенде, кiтаптың саудадағы бағасы көтерiлдi, ал рухани бағасы, оқырманды тарту құны төмендедi.

Екiншiден, басқа тiлдегi кiтаптар өтiмдi болып, қазақ кiтабының құны түстi. Бiр кезде нарық заманының табалдырығынан аттап, капиталистiк қоғам талабына бейiмделе алмай, өзiмiз қалай қиналсақ, ендi Кiтабымыз да сол күйдi бастан кешуде. Басқа елден келген өзге тiлдегi көздiң жауын алатын түрлi-түстi кiтаптардың көлеңкесiнде қалып, сөрелерден тапжылмай тұр.

Оған Кiтап кiнәлi емес, әрине. Кiтапты шығаруды, оны сапалы, мазмұнды етiп шығаруды, баспадан шыққан жаңа өнiмдi насихаттауды, таратуды ұйымдастыра алмай жатқан өзiмiз кiнәлiмiз.

Қазақстанда iрiлi-ұсақты 25 баспа бар екен. Олардың бәрi дерлiк қазiр жекеменшiкке өткен. Өкiнiшке қарай, "өттi" деген аты-ау, өйткенi, бәрi де мемлекет қамқорлығының арқасында ғана күн көрiп отыр. Жыл сайын кiтап шығаруға арналған мемлекеттiк тендер өткiзiледi. Баспаларды өзара бақталастырып қойған "байқау" дегенге де бой үйретiп алдық. Баспа iсi маусымдық қызмет түрiне айналып барады. Көктем – "тендердi ұтып алу", яғни егiс салу, жаз – қарбалас тiрлiк, кiтап дайындау – тұқым себу, оны отау, күтiп-баптау, күз – кiтап шығару – астық жи¬нау, қыс – кiрiс пен шығынды есептеу – министрлiкке есеп беру. Жылдағы әдет бойынша, қыстың соңғы екi айы мен көктемнiң алғашқы айлары – баспалар үшiн аспаннан шұға жауа ма деп Астанаға қарап телмiрген уақыт. Бұл уақытта баспадағы тiршiлiк атаулы тоқтап, жұмыс саябырлайды. Тiптi қызметкерлердiң айлығы да берiлмейдi, кейбiр баспалар қызметкерлерге ақысыз демалыс ұйымдастырады. Ал "тендер" өтiсiмен, қарбалас жұмыс басталады. Жаңа жұмыскерлердi жұмысқа алады. Айнала шабыс. Күз өтiп, қыс келгенше осы.

Сәуiр аяқталуға жақын, Алматыдағы бiраз баспаларды аралап қайттық, тыныштық… Өйткенi, биыл тендердiң хабарландыруы әлi жарыққа шыққан жоқ. Жылда наурыз-сәуiр айында тендер өткi¬зiлiп, осы уақытта баспалар мемлекеттiк тапсырысты теңдей бөлiп, бiреуi аз, бiреуi көп алып дегендей, бiреу ренжiп, бiреу қуанып жүретiн. Биыл бәрi әлiптiң артын бағып, үнсiз отыр.

Әлiптiң артын бағудың да сыры бар. Астанадан там-тұмдап жеткен хабарға сенсек, министрлiк тендер өткiзудiң ережелерiн өзгертiп, құжаттарын қайта қарап жатқан көрiнедi. Биылдан бастап авторлардың қаламақысы үш-төрт есе өседi деген сыбыс бар. Яғни, кiтапты шығарту бағасы да көтерiледi деген сөз. Бұдан басқа да жаңалықтар болуы мүмкiн.

Баспа атаулы неге мемлекеттiк тапсырысқа қарап қалды дейсiз? Шын мәнiнде, сол баспа директорларының өзiн сөйлетсеңiз, еңiрегенде етегi жасқа толады. Тiптi, ат пен түйеден қалап алған мемлекеттiк тапсырыстың өзiн жерден алып, жерге салып (алып болған соң, әрине), даттайтындары да бар. Өйткенi, кiтап шығаруға бөлiнген ақша оның шығындарын жабуға жетпейдi, ал оның сапасы, мазмұны бойынша министрлiкке есеп беру керек, әйтпесе, келесi жылғы "шұға бөлiстен" қалыс қаласың, т.с.с.

Бiз де баспа шығындарына бас қатырып көрейiк. Қазiр баспагерлердiң айтуынша, бес жүз беттiк сапалы, жақсы кiтапты шығарудың өзiндiк құны 600 теңге. Бұған автордың қаламақысын, дизайнер еңбегiн, баспа қызметкерлерiнiң айлығын қосыңыз. Ал министрлiк әр кiтапты шығаруға орта есеппен 500 теңгедей қаржы бөледi. Сонда баспалар жырымдап, 2000 тиражбен шығатын кiтаптан өзiнiң күн көрiсiне де аз-маз қаражат алып қалу керек. Әйтпесе, күн көре алмайды.

Сонда сырттай қарағанда, пайдасынан шығыны көп болса, мемлекеттiк тапсырыстан баспалар нелiктен демәлi? Мемлекеттiк тапсырыс бойынша он-он бес емес, жылына отыз-қырық, елу кiтап алғанда, әрине, кiтап шығарудан пайда түсуi мүмкiн. Екiншiден, мемлекеттiк тапсырыстың ақшасы арқылы көп баспа өз қызметкерлерiнiң шай-суын айырады, олардың қызметiн мемлекет есебiнен төлейдi. Бұл – үлкен баспалардың тәсiлi. Ал ұсақ баспалар қайтiп күн көредi? Құрамында редакторы, көркемдеушi-суретшiсi, беттеушi-дизайнерi, корректоры, терiмшiсi т.б. қызметкерлерi бар шағын баспада шын мәнiнде екi әлде үш адам ғана жұмыс iстейдi. Олардың өзi баспа директорының әйелi, қызы, баласы т.б. Бiр адам бiрнеше адамның жұмысын атқарып, оларға бөлiнген ақша баспаның шығындарын жабуға жұмсалады. Бұлай етпесе, олар да күн көре алмайды.

Осылайша, қазақша айтқанда, баспагердiң мойны ырғайдай болып шығарған кiтабы өз оқырманына жетiп жатыр ма? Әдетте, мемлекеттiк тапсырыспен шыққан кiтаптар саудаға түспейдi, кiтапханаларға таратылады. Республика облыстары бойынша мемлекет есебiнде тұрған 12 000 кiтапхана бар. Ал мемлекеттiк тапсырыс әр кiтапқа 2000 тираждан аспайды. Ендi 2000 кiтапты 12 000 кiтапханаға таратып көрiңiз. Жете ме? Әрине, жетпейдi. "Мәдени мұра" бағдарламасы бойынша шығып жатқан кiтаптардың тиражы 3000-нан аспайды. Шын кiтапқұмарлардың қолына түссе, бiр Алматының өзiнiң сұранысын толтыра алмайтындай көрсеткiш. Ендеше, мемлекет есебiнен бәленбай кiтап шығарып жатырмыз деп, бөрiктi аспанға атудың не қажетi бар?

Кiтапты шығарудан кемiмiз жоқ-ау. Маңдай терiн төгiп, кiтап басып жатқан баспагерлердiң еңбегi еш болмасын, әдiлдiгiн айтайық: қазiр мазмұнды, рухани азық боларлық бiршама кiтаптар жарық дүниенiң бетiн көрiп жатыр. Бiрақ жетiм баланың күйiн кешкен ол кiтаптар – көбiне тастанды, өйткенi олардың қамқор қолға – кiтапқұмар оқырманға жетуi қиын. Көзi ашық қаламгер қауымның өзi бiр-бiрiнен сұрап-бiлiп жүрiп, өз аяғымен сол кiтап шыққан баспаға барып сатып алмаса, көбiне жақсы кiтаптан қапы қалады.

Сонда соншама қаржы шығындалған iс өзiн-өзi ақтай ма?

Ал мемлекет "ақша бөлдiм" деп тоқмейiлсiп отырғанда, баспагерлер соңғы тиынын санап, күн көрiсi үшiн министрлiкке көз сатып отырғанда, нарықты басқа елдiң кiтаптары жаулай бастады. Iрi-iрi кiтап дүкендерi ашылып, сырттан әкелiнген өзге тiлдегi түрлi-түстi кiтаптарды көздiң жауын алғызып, қызықтырып, сөрелерге тiзiп қойды. Осыдан соң, "кiтап өтiмдi тауар емес, ол оқылмайды!" деп көрiңiз! Оқылмаса, самсаған кiтап дүкендерi қайдан пайда болды, өзге тiлдегi кiтаптар неге өтiмдi?

Мемлекеттiк тендер жарияланған күннен кейiн отыз күннен соң байқау өткiзiледi, құжат дайындау, байқауды өткiзу, оның жеңiмпаздарын анықтау, олармен келiсiмшарт жасасу – мұның бәрiне екi айдай уақыт керек. Яғни, биыл баспалардың қызу тiрлiгi жаз айларына тура келгелi тұр. Алты айда алпыс кiтап шығаратын баспалар кiтаптың сапасына жауап беретiнiн ұмытпаса болғаны. Өйткенi, олардың есеп беретiн адамы – министр немесе лауазымды шенеунiк емес, қарапайым халық – оқырман ғой.

Гүлбиғаш Омарова