Жаңалықтар

ҚҰЙЫН YЙIРГЕН ОЙЫН

ашық дереккөзі

ҚҰЙЫН YЙIРГЕН ОЙЫН

ТАЙТАЛАС

Алматыда гандболдан әйелдер арасындағы ХVI Қазақстан чемпионатының V туры аяқталды. Суперлигадағы 4 команда өзара тартысқа түстi. Жоғарғы лигадағы 4 команда да өзара сайысты. Республика чемпионын анықтайтын соңғы тур болғандықтан да жарыс үлкен айқаспен өттi. Суперлигадағы топтан қара үзген қызылордалық "СейхунКАМ" мен алматылық "Алматы" командаларының тартысты кездесуi жанкүйер жүрегiнде ұзақ сақталары даусыз…

"Алматы" мен "СейхунКАМ" командаларының алғашқы кездесуiне жанкүйер ерекше ықылас қойды. Шеберлiк деңгейлерi шамалас, үзеңгi қағысқан екi команданың да чемпион болуға бiлек сыбанып келгенi көрiнiп -ақ тұр. Осы уақытқа дейiнгi төрт турдың нәтижесi бойынша "Алматы" екi ойын озық тұрған едi. "Сейхунға" екi ойында да тек жеңiс керек. Алғашқы кезеңнiң екiншi минөтiнде "Алматы" шабуылшысы Елена Козлова есеп ашты. Сәл өтпей-ақ найзағайдай жарқ етiп шыға келдi де, 6-нөмiрлi шебер ойынды теңестiрдi. "Алматы" тағы бiр доп салды. 6-нөмiрлi "СейхунКАМ" шабуылшысы тағы теңестiрдi. 5-нөмiрлi қызылордалық Әсел Батырбекова бiр доп салып, командасын iлгерi шығарды. Содан-ақ "СейхунКАМ" ұпай айырмашылығын көбейте бастады. "Алматы" iзiн басып қалар емес…

Екiншi кезең 16:14 есебiмен басталды. Тiстесiп, жанталасып айқасқан қос команданың да салған доп саны көбейе бердi. Екiншi кезеңнiң 9-минөтiнде "Алматы" 21:20 есебiмен алға шықты. 6-нөмiрлi қызылордалық шабуылшы құйылып келiп төменнен қиып ұрды. Командалар үзеңгi қағысты. Тағы бiр кезектi шабуылда жаңағы шабуылшы құлап бара жатып өте қиын жағдайдан тағы бiр доп салды. Доп салды да, суда жүзген қайықтай кеудесiмен еденде сырғанап бара жатты. Екiншi кезең аяқталуға 11 минөт қалғанда "Алматы" тайм-аут алды. Үзеңгi қағысып тұр: 23:23. Екi команданың бапкерлерi де ойыншыларға соңғы ақыл-кеңестерiн айтуда.

Тiстескен айқас та аяқталды. "Алматы" 29:27 есебiмен "СейхунКАМ" командасынан бағын асырды. "Алматы" – Қазақстан чемпионы. Келесi екi команданың кездесуi жалпы нәтижеге өзгерiс енгiзе алмайтын. Бұған дейiн "Алматының" жалпы есепте екi жеңiсi артық едi.

Бұл екi команданың екiншi ойыны да оңай болған жоқ. Қызылордалықтар "Алматыдан" мықты екендерiн ойындарымен дәлелдеуге серт бергендей. Зуылдата бiр-бiрiне доп тастап "Алматы" қорғаушыларын шатыстырып келiп, бiрiншi кезеңнiң бiрiншi минөтiнде қызылордалықтар есеп ашты. Сол 6-нөмiрлi ойыншы!

Екiншi кезеңнiң бiтуiне 10 минөт қалғанда, таразы басы 22:22 болып қалқып тұрды. Жанталас! Есеп – 25:25. Алматылықтар жанталаса шабуылдап келiп бiр доп салды. Бiр доп iлгерi кеттi "Алматы". Уақыт алқымға алып барады. Сол сәтте алыстан бағыттаған допты iлiп алып келiп асқан шеберлiкпен есептi теңестiрдi. Қызылордалық 6-нөмiрлi шабуылшы! Бұл доп торда тулағанда ойын бiтуге 50 секөнт қана қалған едi. Сол-ақ екен, қызылордалық мерген шабуылшы Божемита Рутаны "Алматы" қорғаушылары күшпен құлатты. Құлатпаса, қақпаны мүлт жiбермейтiн едi. Айып добы берiлдi. Осы айып добы ойын тағдырын шештi. Татьяна Ерчкова қапысыз ұрды. Соңғы секөнттерде қызылордалықтар жеңiстi тартып алды. Сөйтiп, "СейхунКАМ" 27:26 есебiмен жеңiс нүктесiн қойды.

МЕРГЕН ҚЫЗ

Сол жақ қанаттан найзағайдай жарқылдап шабуыл жасайтын осы бiр қыздың мергенi-ай! Мүлт кетпейдi, қапы жiбермейдi. Ойнау техникасы басқалардан өзгеше. Допты iлiп алған бетте сiлеусiндей атыла көтерiлiп қас-қағым сәт ауада қалықтап қалады. Сол ауадағы қас-қағымда қақпашының әрекетiн байқап үлгеретiндей. Қақпашы қимылын бағып үлгерiп допты астынан орай қиып ұрады. Мұндай допты ұстау қайда! Қақпашы қапы қалады. Iлiп алған допты секiрiп келiп ұра салғанын көрмедiм. Көк тiреген бойы да жоқ. Бiрақ ойлы ойыншы. Сары тiс ойыншы да емес. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттiк университетiнiң 3-курс студентi. 8-сыныптан гандбол ойнайды екен. Жылдамдығы, сезiмталдығы, ойын алаңын көре бiлуi, шеберлiгi мерген қызды шеберлiк шыңына жетелеп бара жатқандай. Ең мықтылығы – сезiмталдығы, мергендiгi! Құйындай үйiрiлiп келiп те ұрады, шамырқана, шапши келiп түйiлiп те салады. Жалындай жүйткiп ойнаған 6-нөмiрлi ойыншының бiрден көзге түскенi де осыдан. Ойын мәнерi де оны өзгелерден даралап тұрды. Әрине, жалғыз ағаш орман емес. Рута Божемита, Ольга Егунова, Әсел Батырбекова, Татьяна Ерчкова сияқты шебер ойыншылармен тiзе қосып ойнаудың өзi бiр бақыт емес пе?! Бiрiнен бiрi өткен мықтылар! Бiрақ 6-нөмiрлi Гүлзира Ысқақова ерекше әсер қалдырды. Гүлзира "Алматы" қақпасына бiрiншi ойында 8 доп, екiншi ойында 9 доп салды. Ал "Север" командасымен болған соңғы бiр ойынның өзiнде 11 доп ұрды!

КҮРМЕУ

Бiр жетi бойы "Достық" спорт кешенi мен Туризм және спорт академиясының гандбол залдарында дауыл тұрғызған Республика бiрiншiлiгiнiң соңғы туры аяқталды. Суперлигадағы ең мықты екi команданың ойындары ерекше көзге түстi. Дегенмен де қызылордалық "СейхунКАМ" iргетасы берiк, өзiндiк дәстүрi бар қалыптасқан команда. Команданың бас бапкерi Вячеслав Чансебұлы Ким бар ғұмырын гандболға арнаған кәсiби бапкер. Сонау 1974 жылы Қызылорда университетiнiң қабырғасында негiзi қаланған гандбол командасы 1994 жылы "СейхунКАМ" болып құрылды. Шеберлер ойнайтын кәсiби гандбол клубы болып қалыптасты. Қызылорда облысында гандболдың негiзiн салған да сол Вячеслав Ким. "СейхунКАМ" командасын кейiнгi 5 жылда "ҚуатАмлонМұнай" бiрiккен кәсiпорны қаржыландырып, жағдай жасап келедi. Қазiр Қызылордада гандбол залы, арнайы спорт кешенi бар. Облыс әкiмi гандболға арнап халықаралық деңгейдегi спорт сарайын салып беруге уәде берiп отыр екен. Республика құрамасының жартысына жуығы осы "СейхунКАМ" командасының ойыншылары. Дәстүрi қалыптасқан, тұғыры берiк команда. Кейбiр мықты спортшылары ауыр жарақат алып, операциядан кейiн толық сауығып кете алмай жатыр. "Алматы" командасына есе жiберудiң бiр себебi де осында.

"Алматы" командасы да мықты. Әр клубтардың мықты ойыншылары шақырылып жасақталған. Республика бiрiншiлiгiнiң күмiс медалiн әзiрше қанағат тұтқан "СейхунКАМ" командасы алдағы уақытта тек бас бәйге үшiн күресетiндерiн байқатты.

Кенжелеп қалған, қазақ елiнде кеш оянған гандбол спорты қазiр Қызылорда облысында қатты қарқын алып келедi. Оларда гандболды насихаттау да мықты. "СейхунКАМ" командасының қосалқы тобы, жас ерекшелiктерiне қарай бiрнеше топқа бөлiнген iзбасарлары бар.

Сонымен жоғарғы лигада Өскеменнiң "Әдiл" командасы топ жарды. Екiншi орынға Алматы облысының "Iле" командасы шықты. Алматының олимпиадалық iзбасарлар дайындайтын №1 балалар спорт мектебi үшiншi орынды иелендi. "Астана" командасы соңғы орында. Суперлигада бағы жанған – "Алматы" гандбол клубының командасы. Екiншi тұғырда – "СейхунКАМ". Қола медальға қол жеткiзген – "Қазығұрт" командасы. Жарыс көшiнiң соңында павлодарлық "Север" гандболшылары. Алдымызда – елдi елеңдеткен Пекин олимпиадасы. Сол жұмыр жердi дуылдатқан байрақты бәсекеде қазақ елiнiң гандболшылары әлемнiң үздiк 12 командасының сапында сайысқа түседi.

Зейнел ЖЕКЕЙҰЛЫ