МАҚПАЛДЫҢ "ЖYРЕК НАЗЫ"

МАҚПАЛДЫҢ "ЖYРЕК НАЗЫ"

МАҚПАЛДЫҢ "ЖYРЕК НАЗЫ"
ашық дереккөзі

Әсем Алатау баурайы "Мақпал ән кешiн өткiзедi екен" дегендi естiгенде ерекше түрленiп сала бердi. Көгала желекке оранған Табиғат-Ана бұл күнi бар әдемiлiгi мен сұлулығын Мақпалға сыйға тартып тұрғандай болды. Ал осы күндi тағатсыздана күткен мақпал үндi Мақпалдың сырлы, назды әндерiн тағы бiр құмарын қандыра тыңдағысы келген қауымның санында шек жоқ. Алматының төрiндегi Республика сарайы әнсүйер қауымға лық толды. Өйткенi, қазақтың әншi қызы Мақпал Жүнiсованың әнiне шөлiркеп жүрген қауым "Жүрек назы" атты жеке ән-кешiнiң өтiлуiн көптен күткен едi.

"Жүрек назы"… Кештiң атының өзi әншiнiң бiраз уақыттан берi басынан өткерген ауыр баспалдақтары мен кезеңдердi аңғартатын сияқты. Кез келген шырқалған әннiң астарында бауырға, досқа, Зәкеңе деген жазылмас сағыныштың лебi жатыр.

Әсерлi де сазды кештi өзi жүргiзiп отырған Мақпал Жүнiсова көбiнесе кейiнгi кезде өмiрге келген жаңа әндердi орындады. Оның көбi негiзiнен ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың сөздерiне жазылған сағыныштан туған сазды әндерден тұрды. Бiр айта кетерлiгi, Мақпал әндерiн өз даусымен, әсiресе, домбырамен орындағанда кең сарайдың iшiндегiлердiң делебесiн бiр қоздырып тастағандай болды. Сондай-ақ, кеште дәстүрлi әндердi нақышына келтiре орындаған Ерлан Рысқалидың талантына тәнтi болғандар да қошеметiн аямады. Мақпал Жүнiсова "Екi жұлдыз" әнiн Жұбаныш Жексенұлымен қос дауыста шырқағанда, орта буын өкiлдерi жастық шаққа тағы бiр саяхат жасағандай әсер алды.

"Жүрек назы" кешiнiң тағы бiр ерекшелiгi – елiмiздiң түкпiр-түкпiрiндегi Мақпал Жүнiсоваларды жинауы болды. Мақпал әпкесiнiң жолын қуған жас Мақпалдар киелi сахнаға шығып, әннен шашу шашты. Кеште жас дарынды жiгiт Сәбит Жанбаевтың әнi мен сөзiне жазылған "Жүрек назы" әнi тұңғыш рет орындалды.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ