"ЖАС ҚАЙЫҢДЫ" АЙТАТЫН ӘНШI ҚЫЗ

"ЖАС ҚАЙЫҢДЫ" АЙТАТЫН ӘНШI ҚЫЗ

"ЖАС ҚАЙЫҢДЫ" АЙТАТЫН ӘНШI ҚЫЗ
ашық дереккөзі

Индира Расылхан есiмi көпшiлiк әнсүйер қауымға "Жас қайың", "Балалық шақ", "Сезiм сыры", "Әнiмiз неге бөлек?" сондай-ақ халық әндерiн нақышына келтiре орындауымен жақын таныс. 1977 жылдың 5 желтоқсанында Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Көлтоған ауылында дүниеге келген әншi қызға өнер өзiнiң ата-анасынан дарыса керек. Олай дейтiнiмiз, анасы Жұпаргүл өзiне сай табиғи даусымен ерекшеленсе, әкесi Расылхан домбырашылығымен қатар, кәсiби музыкант. Бұл отбасының кезiндегi "Алтын домбыра" атты отбасылық ансамблi сол елдiң тұрғындарының әлi есiнде.

Ата-анасынан дарыған өнердiң құдiреттiлiгi болар, Индира мектеп қабырғасында жүргенде-ақ өзiндiк әуездi тұнық даусымен жұрт назарына iлiге бастады. Алты жасынан әкесiнен домбыра тартуды үйренген бүлдiршiн қыз екiншi сыныптан бастап музыка мектебiнен дәрiс алады. 1992-96 жылдары музыка колледжiнiң домбыра прима класынан сауатын шыңдаған әншiнiң кәсiби сахнада ән салғанына да бес жылдың жүзi болыпты. Осы бес жылғы уақыт Индираны ән әлемiнiң сан қырлы жақтарынан кәсiби шеберлiгiн шыңдап, өнерсүйер қауымның жүрегiне жол тауып, етене жақындастыра түстi деуге болады.

Жуырда 27-сәуiрде әншi республика сарайында өзiнiң "Жас қайың" атты жеке шығармашылық есеп беру концертiн өткiзбекшi. Әншi Индира Расылханды көпшiлiк қауымға жақынырақ таныстыру мақсатында сұхбатқа тартқан едiк.

– Соңғы кезде өзiңiзден халық бiршама уақыт көз жазып қалған секiлдi. Мұның сырын немен түсiндiресiз?

– Шынында да солай болды. Қанша жерден өнер адамы болсам да, мен үшiн бiрiншi кезекте отбасым тұрады. Айдина, Дарина атты егiз қыздарыма Аслан атты iнi сыйладым. Осы ұлымды өмiрге әкелуiме байланысты бiраз уақыт өнерден қол үзе тұруыма тура келдi. Осы үш баламыздың жолында жолдасым Асқар екеумiз бiраз еңбектенiп жатқан жайымыз бар. Кiшкентай ұлымды өмiрге әкелiсiмен ата-енеме тапсырып сахнаға шыға беруiме де болушы едi. Бiрақ өмiрге келген бала анасының бар екенiн сезiнсiн, аяғын тәй-тәй бассын деген оймен аналық ыстық мейiрiмдi, ұрпағыма деген сүйiспеншiлiктi алғашқы кезекке қойдым.

– Шығармашылық кешiңiздi "Жас қайың" деп атауыңызға не себеп?

– Менiң кәсiби сахнада жүргенiме тура бес жылдың жүзi болды. Бұл көпшiлiк алдындағы алғашқы концертiм. Мұқағали Мақатаевтың сөзiне жазылған "Жас қайың" әнi менiң "визитный карточкам" десем артық айтқандық емес.Олай дейтiнiм, менi бiреулер "Ол қай әншi?" деп есiне түсiре алмай жатқанда "Ана "Жас қайыңды" айтатын әншi қыз" десе бiрден танып, естерiне түсiретiнi анық. Сондықтан осы әннiң атауымен концертiмдi өткiзгендi жөн көрдiм.

– Кешiңiздiң ерекшелiгi қандай?

– Концертiмдi өзгеше есте қаларлықтай, көпшiлiк көңiлiнен шығарлықтай өткiзу – басты мақсатым болып отыр. Ең бастысы, халықты жалықтырып жiберетiн бiр сарынды емес, өзiндiк ерекшелiктерiммен өткiзгiм келедi. Барлық құпиямды ақтармасам да бiразына тоқталайын. Кеште әлi еш жерде орындалмаған жаңа әндердiң тұсауын кесемiн. Сонымен қатар, халық әндерi де шырқалады. Бұрын әнсүйер қауым байқамаған жаңа қырларымның бiрi – домбырамен де бiраз әндер орындасам деп отырмын. Сондай-ақ бишiлiк өнерiммен де көрiну жоспарымда бар.

– Демеушiлерiңiз бар ма?

– Ешқандай демеушiм жоқ. Ең бiрiншi – Алла, екiншi жұбайым – Асқар. Қазiргi кезде жолдасым екеумiз тынымсыз еңбек үстiндемiз. Қобалжып жүргенiм де жасырын емес.

– Клиптерiңiз туралы да айта отырсаңыз. Жалпы саны қанша клипiңiз бар?

– Клиптi әркiм қалтасына, шамасына қарай жасайды. Қанша дегенмен де жасаған дүниеңнiң халық көңiлiнен шығып жатқаны дұрыс. "Балалық шақ", "Сезiм сырлары", "Айлы түн" атты клиптерiм көрерменге таныс. Жуырда "Жас қайың" әнiне түсiрiлген клип те көрермен көңiлiне жол тартты. Сондай-ақ, жаңа түсiрiлген "Әнiмiз неге бөлек?" атты клипiмдi де көпшiлiк назарына ұсынбақпын. Алғашқы түсiрген клиптерiм қазiр ескiрдi деуге болады. Қазiр халықтың талғамы жоғары, танымы кең. Әнiңе жасаған аранжировкаңның қандай деңгейде екенiн, оның әр дыбысына дейiн жете түсiнiп мән бередi. Халықтың сыншыл болуы әншiнi еңбектендiре, өз-өзiн қайрай түсуiне ықпал етедi. Уақыт озған сайын заман да өз уақытымен өзгерiп отырады. Күн өткен сайын өзгерiп жатқан дүние, өзге¬рiп жатқан тiршiлiк. Сол үшiн де өнер адамы үлкен еңбек пен iзденiс арқылы заман көшiнен қалмағаны дұрыс.

– Әншiнiң бағын ашатын жақсы ән, әннiң бағын ашатын әншi. Репертуарыңызды қалай таңдайсыз? Кiмдермен шығармашылық байланыстасыз?

– Мен барлық ақын, сазгерлермен шығармашылық байланыстамын деп айта алмаймын. Қазiргi кезде жұрт назарына iлiгiп жүрген таланттардың бiрi – Айгүл Баженова, Назгүл Сарыбаева, Жарылқасын Даулет, Ермек Елгезековтермен шығармашылық қарым қатынастамын. Әннiң сөзiне өте кiрпияздықпен қараймын. Кейде бiр әннiң сөзiн төрт адамға жаздырып, iшiнен ұнағанымды қабылдап жататын кездерiм болады. Әннiң сөзi менiң көңiлiмнен шығып, жүрегiмнен орын алуы тиiс. Кейде ер азаматтарға тән әндi сахнаға қыздарымыз алып шығып жатса, қыздарға тиiстi әндi ерлер орындап жататыны жасырын емес. Осы жағына да аса мән беремiн. Кей жағдайда осындай әндер келiп жатса, керi қайтарамын немесе сөзiн өзгертуге ұсыныс жасаймын.

– Достарыңыз көп пе? Өнер адамдарынан кiмдермен араласасыз?

– Өнер адамдарының бәрiмен қарым-қатынасым, сәлемiм түзу. Пенденiң өмiрiнде достықтың, сыйластықтың орны бөлек. Мен ер азаматтармен шынайы дос болғанды ұнатамын. Жақында ұзақ жылдар сыйласып жүрген бiр досыммен қатты сөзге келiп қалғаным бар. Сiз сенсеңiз, жан дүниемнiң астан– кестеңi шыққаны соншалық студияда бiр әнiмдi үш күн жаздыра алмай қиналдым. Достан айрылу, ренжiсу жүрекке ауыр тиетiн жағдай екенiн түсiнем.

– Жаныңыздың жабырқаған сәттерiнде кiтап оқисыз ба? Кiмдердiң шығармаларынан рухани азық аласыз?

– Шынымды айтсам, прозадан гөрi жаныма рухани азықты поэзиядан аламын. Мұқағали, Тұманбай, Фариза, Қадыр ағаларымыздың өлеңдерiн оқимын. Әсiресе Мұқағали жырлары жаныма жақын. Оның өлеңдерi қарапайым, әсерлi жазылғандығымен өзiне ерiксiз тартады.Ол өлеңдерiнде оқушысына үлкен ой сала отырып,шарықтатып өзге әлемге жетелеп, қиялыңа қанат байлап, жаныңды әлдилесе, ендi бiрде бүкiл ғұмырыңның жалған екенiн жаныңа жете түсiндiретiндiгiмен ерекшеленедi. Сол себептен ұлы ақынның өлеңдерiн қайталап-қайталап оқудан жалықпаймын.

Әңгiмелескен Жұлдыз БАҒАШАРОВА