ЖЕТПIС ЖАСТА ҚАЙРАТЫНА МIНГЕН ҚАРИЯЛАР

ЖЕТПIС ЖАСТА ҚАЙРАТЫНА МIНГЕН ҚАРИЯЛАР

ЖЕТПIС ЖАСТА ҚАЙРАТЫНА МIНГЕН ҚАРИЯЛАР
ашық дереккөзі

Дәл қазiр орыстың самбо күресiмен жұмыр жердiң бетiндегi 80-ге жуық мемлекет айналысады. Орыстың бiлiктi мамандары кезiнде ұзақ жыл жер бетiндегi күрес түрлерiн зерттедi. Сол зерттеу арқылы жұмыр жердегi күрестiң ең озық әдiстерiн осы самбоға әкелiп енгiздi. Бұл күресте жапонның дзюдосының да, қазақша күрестiң де әдiстерi жүр. Сондықтан да орыстың өлмес күресi ықпалды да беделдi.

Алып Ресей түбiнде осы ұлттық күресiн Олимпиада ойындарына енгiзетiнi даусыз. Сондықтан да iргеде жатқан орыс күресiн қазақ балуандары мейлiнше еркiн меңгергенi дұрыс.

Қазақтың самбосы iргедегi мемлекеттерден көш iлгерi. Сонау 1992 жылы әлем Кубогын жеңiп алған қазақ самбошылары сол қарқыннан төмендеген жоқ. Самбо күресiнiң бағына жанкештi, бiлiктi бапкер Керей Қойшыбеков келдi. Сол Керей Қойшыбеков 15 жыл бойы Қазақстан құрамасының бас бапкерi. Осы кезеңде ондаған әлем чемпиондары, жүлдегерлерi шықты. Азия құрлығында қылқұйрықтың жалында мызғыған моңғол балуандарының бағы басым. Алып Ресей балуандарымен тiресiп, сiлкiлесiп жүрген де солар.

Өткен жексенбi, дүйсенбi күндерi Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында самбо күресiнен Республика бiрiншiлiгi өттi. Қазақ топырағының әр қиырынан келген 200-ден аса балуан боз кiлемде бағын сынады. Ерекше елең еткiзген – ардагерлер күресi. Кейiнгi жылдары бiр кездерi Қазақ елiне олжа салған бүгiнгi ардагерлер де боз кiлемге шығып жүр. Жетпiстi алқымдаған қариялардың шалт қимылдарына қарап риза боласың. Боз кiлемдi сағынғандары байқалады. Боз кiлемнiң құдыретi деген де осы-ау. Боз кiлемдi сағынбаса, 80-нiң үстiндегi ардагер балуандар келе ме?! Жастарына қарай салмақтарға бөлiнген осы ардагерлер күресi ерекше қызықты өттi.

Павлодар қаласынан келген Қайыргелдi Тоқтаров үш адаммен күресiп, қарсыластарын шақ келтiрмедi. 69 жастағы ақсақал 2007 жылы Грецияда өткен әлем чемпионатының күмiс жүлдегерi. 2006 жылы Ташкентте өткен әлем чемпионатында қола медальға қол жеткiзiптi. Алматы политехникалық институтында боз кiлемде бағын асырған балуан екен. 1961,1963,1965 жылдардағы Республика чемпионы. Павлодардағы алюминий зауытында табан аудармай 30 жыл еңбек етiп, сол жерден зейнеткерлiкке шығыпты. Қазақтың қариясы 70 жасында қайратына мiнген. Шiркiн-ай, қарияларымыздың бәрi осындай болсайшы дейсiң iштей. Ұлттың рухын көтеретiн, тектiлiгiн сақтайтын, қазақы қанын жоғалтпайтын да осындай қариялар емес пе?! Қырқында қарны салбыраған шiренген байшiкештi көргенде сылып алар артық етi жоқ, қырандай қомданған мына қариялар есiңе түсерi анық.

Иманғалиев Чапай ақсақал сонау Оралдан келiптi. 65 жастағы қария құнжың-құнжың етедi. "Қап, қап", – дейдi самбо күртешесiн киген қария екi қолын уқалап. "Не боп қалды", – ақсақал деймiн. "Кереймен күресейiн деп келiп едiм, ол жақында ғана операциядан шығыпты", – дейдi күйiнiп. 62 келiде Керей Қойшыбеков екеуi ғана екен. Күреспей-ақ бас бәйгенi алды Чапай ақсақал. 24 жыл күреспей кеткен ақсақал боз кiлемге қайта шығыпты.

Сексенiншi жылдары атағы дүниенi дүркiреткен тараздық Алмас Мұсабеков те өз салмағында бас бәйгенi олжалады. Алмас Мұсабеков СССР-дың самбо құрамасына мұзжарғыштай жарып кiрген алғашқы қазақ. Әлем Кубогының иегерi, Еуропа чемпионы, Кеңестер Одағының екi дүркiн жеңiмпазы, екi дүркiн күмiс жүлдегерi, тоғыз дүркiн қола жүлдегерi.

Самбо күресiнен ерлер және әйелдер арасында өткен жарыс өте қызықты өттi. Шығыс Қазақстан облысының балуандары жеңiс көшiн бастады. Қазақ самбосының қазiргi қарқыны қуантты бiздi. "Әттеген-ай" деген ой да кеуденi тепкiледi. Сонау Батыс Қазақстаннан, Павлодардан келген қариялар бастаған ардагерлерге бiр-бiр бағалы сыйлық жасаса, қандай керемет болар едi. Үлкенге құрметтi жоғалтпауымыз керек. Қар¬жылы фирма, компания тiзгiнiн ұстаған арлы қазақ азаматтары аз емес. Өтiнiш айтса, беттерiн қайтармас та. Бұл — ұйымдастырушылар тарапынан кеткен кемшiлiк. Алдағы уақытта бұл олқылықтың да орны толар. Қырандай қомданып кiлем¬ге шыққан атасын көрген немересiнiң көздерi шоқтай жанары сөзсiз. Бiлегi мықты ұлттың рухы да мықты!

Зейнел Жекейұлы