Жаңалықтар

ҚАЖЫМАЙТЫН ҚОЗЫБАЕВ

ашық дереккөзі

ҚАЖЫМАЙТЫН ҚОЗЫБАЕВ

Қазақстанның ақпараттық кеңiстiгiндегi ахуалды осыдан 17 жылғы жағдаймен салыстыруға мүлдем келмейдi. 90-шы жылдардың басында демократиялық бостандыққа қол жеттi, ел өз тәуелсiздiгiн жариялады дегенiмiзбен бұқаралық ақпарат саласындағы үрдiстерден әлi де болса ескi моноидеологияның ызғары есiп тұрған-ды.

Ақиқатын айтқанда, ол жылдары жаңа мен көненiң, тың көзқарас пен тоқыраған пиғылдың текетiресiп жатқан кезi едi. Әсiресе, мемлекеттiк басылымдар тарапынан бұрынғы инерция бойынша жоғарыға жалтақтау, қоғам өмiрiндегi ең өзекжарды мәселелердi айнала өту секiлдi жағдаяттар болмай қалған жоқ. Ал, бiрақ сол басылымдардың бүтiндей материалдық техникалық базасы, қаржыландыруы "бiр көзден" қамтамасыз етiлiп отырғандықтан да бұл газет-журналдардың жұмысының ыңғайын бұрынғы сүрлеумен құрмасқа амалы жоқ та едi…

Бұл әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетiнiң кафедра меңгерушiсi, профессор, Қазақстан журналистика академиясының президентi Сағымбай Қозыбаевтың пiкiрi. Профессор Сағымбай Қозыбаевтың сөзiнiң жаны бар. Дегенмен де, уақыт шiркiннiң бiр орында тұрақтап қала алмайтыны, үнемi өзгерiсте болатыны секiлдi Қазақстанның бұқаралық ақпарат құралдары қоғамдық болмыстың талаптарына сай өздерiнiң жұмыс iстеу әдiс-тәсiлдерiн қайта құрып, оны бiртiндеп жетiлдiре бастағаны тағы шындық. Сөйтiп, осынау үрдiске, республиканың ақпараттық кеңiстiгiнiң бәсекеге қабiлеттiлiгiн дамытуға практик журналистермен қоса БАҚ мәселесiнiң теориясы мен тәжiрибесiн таразылап талдауға ғалымдарымыз да айтарлықтай үлес қоса бастады.

Мәселен, кешегi өткен Х.Бекхожин, Б.Кенжебаев, Т.Қожакеев, М.Барманқұлов сынды ғалымдар салған соқпақты бүгiндерi Н.Омашев, С.Қозыбаев, Б.Жақып және олардың соңынан ерген бiр топ үркердей үмiттi топ лайықты жалғастырып келедi. Ал осылардың iшiнен тарих ғылымдарының докторы, профессор Сағымбай Қабашұлының соңғы жылдардағы шығармашылығы хақында ой өрбiтудi жөн көрiп отырмыз.

Iлгерiде бiз ел өмiрiндегi өтпелi кезеңнiң екiншi сатысында қазақстандық БАҚ-тардың жұмыс әдiс-тәсiлдерiнде елең еткiзерлiк өзгерiстер пайда бола бастады дедiк. Бұрыннан бар журналистiк қоғамдар, ұйымдармен қоса жаңадан шығармашылық бiрлестiктер шаңырақ көтергенi мәлiм. Айталық, ғасырдың басында "Media Net" халықаралық журналистiк орталығы, "Әдiл сөз" сөз бостандығын қорғау жөнiндегi халықаралық қор, "Қазақстан журналистер конгресi", "Eurasian Media Forum", т.б. журналистер қауымдастықтарының тұсауы кесiлiп, жұмыс iстей бастағаны белгiлi. Мiне, осылардың алдыңғы легiнен Қазақстан журналистика академиясы лайықты орын алады десек артық айтқандық емес. Құрамында елiмiздiң БАҚ саласындағы ең таңдаулы қырыққа жуық кәсiби шеберлерi кiретiн бұл академия қоғамдық ортада өзiн-өзi көрсете бiлдi, республика журналистерiнiң шеберлiгiн ұстарту мақсатындағы жұмысқа лайықты үлес қосып келедi деп толық айтуға болады. Ал соның басы-қасында жүрген академияның президентi Сағымбай Қозыбаев.

Сәкең Қазақстан журналистика шаңырағына кездейсоқ бас сұққан "жазғыштардың" немесе есiктен кiрiп төр менiкi дейтiн пысықайлардың бiрi емес. Ол өзiндiк орнын айқындаған, қолтаңбасы қалыптасқан шын майталмандардың бiрi. Бұл пiкiрдi хаттап отырғанда бiздiң ойымызға Сәкеңнiң жаңалыққа жаны құмар қаламгерлiгi, iзденiмпаз елгезектiгi ойға оралады. Оның бұл қасиетi Қазақ радиосында бас редактордың орынбасары, кейiнiрек Бүкiлодақтық радионың Қазақстандағы тiлшiсi болып жұмыс iстеген жылдарында айрықша жарқырап көрiндi. Журналистiк сапарлардағы көргенi мен түйгенi мол Сағымбай өзiнiң зерттеушiлiк өрiсiнде де өзгелерге үлгi боларлықтай қасиетiмен танылды. Ол журналистика тарихын зерттеуде, зерделеуде қыруар iзденiстерге барды. Ұлттық баспасөзiмiздiң кенен кешегiсi мен кемелдi келешегiне қатысты ғылыми негiздi, дәлелдi байламдар жасады. Айталық, Сәкеңнiң түптеп зерттеуiнiң нәтижесiнде республикалық "Корё ильбо" газетi өзiнiң шыға бастау жылнамасын 1937 жылдан емес, ендi 1923 жылдан бастайтын болды. "Экспресс К" газетi де (бұрынғы "Ленинская смена") осылайша шыға бастау шежiресiне өзгерiстер енгiздi. Сөйтiп, екi басылым да өздерiнiң 80 жылдық мерейтойын атап өттi.

Реттi жерiнде айта кетейiк, осы газеттердiң шығармашылық алқасы мен сан мыңдаған оқырмандарының қарапайым қазақ ғалымына оның басылымдар шежiресiн зерттеудегi табандылығына айтар алғысы шексiз болғаны сөзсiз.

Мақтануға, мақтауға тұрарлық па? Әрине!

Сағымбай Қабашұлы өз қаламынан туған әрбiр шығарманың, зерттеу еңбегiнiң қашан тұсауы кесiлгенше толғанып, тебiренiп жүредi. өмiрде тақтайдай жол әркез бола бермейтiнi ақиқат. Алайда, "бiткен iске сыншы көп" деген нақылдың өз алдынан талай шыққанын Сәкең жақсы бiледi. Оны мына бiр жағдаяттармен салыстырғым келiп отыр. Осыдан 2-3 жыл бұрын Сәкең Қазақстан журналистикасының энциклопедиясын шығаруды қолға алды. Жұмыс жұмыстың арасында уақыт тауып, оған қажеттi материалдар әзiрледi. Тиiстi мекемелерге сұрау салды. Жекелеген кiсiлерге, баспасөз iсiнiң төңiрегiнде жүрген азаматтарға ұсыныс айтты. Тым болмағанда, өздерiңiздiң өмiрбаяндық деректерiңiздi берiңiздер дедi. Осыған елп ете қойғандары көп болмады.

Ал, қолжазбаны өндiрiске тапсыратын уақыт болса таяп қалды. Амалдың жоқтығынан жиналған материалдар барынша өткiзiлiп, кiтап әу баста ойластырғандай энциклопедия емес, анықтамалық болып шықты. Шығуы шыққанымен, дау айтушылар, өкпе бiлдiрушiлер көбейдi: "Мен неге iлiнбей қалғам?", "Әнi бiр мәселе, мына бiр проблема ұмыт қалыпты ғой…" деген секiлдi. Сәкең о бастан терiсi кең адам, осының бәрiн көтере бiлдi де: "бұл ендi бiрiншi шығарылым ғой, сiздер белсендi атсалысқанда кем-кетiгi де аздау болар едi. Анықтамалық келесi жолы энциклопедия болып шығады. Сонда мiндеттi түрде кiресiздер" деп олардың да көңiлiн көтере демдеп, жауапкершiлiк шылбырының бiр ұшын өздерiне ұстатып қойды.

Ал, ақиқатына келсеңiз, энциклопедия шығару бiр адамның ғана қолынан келетiн шаруа емес, мұндай iске әдетте тұтастай институт ғалымдары жұмылдырып жатады. Сәкеңнiң осындай күрделi шаруаны батыл қолға алып, оған iз тастаудың өзi де үлкен ерлiкпен пара-пар!

Уәде – орындалумен құнды. Сәкеңнiң өкпе бiлдiрушiлерге айтқан уәдесi жай ғана көңiлжықпастық сөз емес екен. Ол өз сөзiнде тұра бiлетiн азамат екендiгiн де дәлелдеп жүр. Соның айқын бiр мысалы, 2006 жылы "Қазақстан журналистикасы энциклопедиясының" жарыққа шығуы. "Экономика" баспасынан "Отандық журналистика" сериясымен дүниеге келген 531 беттiк бұл көлемдi ғылыми басылымның елiмiздiң бұқаралық ақпарат кеңiстiгiнде алар орны ерекше болмақ.

Сағымбай Қозыбайұлы осынау энциклопедияны жарыққа шығаруда қыруар дайындық жүргiзгенiн, оның iзашар басылымдардың тұсауын кескенiнiң куәсi болып жүрмiз. Ғалымның қаламынан туған "Менiң Ленсменам" (2001), "Жарық жұлдыздар. Отандық журналистика элитасы" (2006), сондай-ақ, "Масс-медиа. Словарь-справочник" (2007) деп аталатын кiтаптар журна¬листер әулетi мен саясаттанушыларға, тарихшыларға қажеттi таптырмас көмекшi құралға айналған. Осылардың iшiнде, әсiресе, "Масс-медиа. Словарь-справочниктiң" орны ерекше. Көлемi 720 беттен тұратын осынау энциклопедиялық басылымға үш мыңнан артық мақала енгiзiлген. өзi басқаратын Қазақстан журналистика академиясының жұмыс ауқымында атқарылған елеулi iс боп танылатын осынау энциклопедиялық басылым масс-медиялық анықтама сөздiктермен қоса теориялық түсiнiктемелердi қамтып қана қоймай, Қазақстандағы БАҚ саласындағы заңнамалық актiлер туралы да мағлұматтар бередi. Бұл ретте "Масс-медиа. Словарь-справочниктiң" елiмiздегi журналистика мамандығы бойынша дәрiс алып жүрген шәкiрттер үшiн негiзгi оқу құралдарының бiрi болатындығына кәмiл сендiргiмiз келедi.

Қазақстанның ақпараттық кеңiстiгiнде Журналистика академиясының алар орны ерекше. Жылма-жыл өзiнiң сессиясында республикадағы бұқаралық ақпарат құралдары арасындағы шығармашылық сайыстың қорытындысын қарайтын оның әр мәжiлiсi үлкен мәртебеге ие екендiгiнде сөз жоқ. Себебi, академия белгiлеген жалпыұлттық "Алтын жұлдыз" және "Алтын самұрық" сыйлықтарын алу жолында елiмiздiң түкпiр-түкпiрiнен талай үмiткерлер бақ сынасады. Ал, шын жеңiмпазды таңдау, олардың тұғырлы орнын белгiлеу нағыз кәсiби шеберлер мен бiлiмпаздардың әдiлдiгiне, азаматтық өре биiгiне байланысты. Ақиқатын айту керек, Сәкең бастаған журналистика академиясының академиктерi жылма-жыл осынау өлшем биiгiнен көрiнiп келе жатқандығы сөзсiз.

"Ұлық болсаң – кiшiк бол", "Кең болсаң – кем болмайсың". Осынау бiр қанатты қағидаларды өз ғұмырының бағдаршамындай ұстанатын профессор Сәкең – Сағымбай Қабашұлы Қозыбаев қазiр зор шығармашылық шабыт үстiнде. Қым-қуыт, қам-қарекет iшiнде. Бiрде – университетте, бiрде – академияда. Бәрiне уақыт тауып жүргенi.

Бүгiнде университет аудиторияларында шәкiрттерiне дәмдi де дәлелдi дәрiс оқитын ұлағатты ұстаздың бiтiмi уақыт озған сайын тұлғалана түссе, ол – заңдылық. Абырой-бедел деген сол.

Оның үстiне Қазақстан журналистика академиясының қат-қабат шаруаларын сүрiндiрмей, қабындырмай алып келе жатқан қайраткер азаматқа тiлеуқорлар да көп. "Қажымайтын Қозыбаев!" деп мақтанышпен ауызға алатынымыз да сондықтан!

Жұмабек КЕНЖАЛИН,"Ақиқат" ұлттық-қоғамдық

саяси журналының Бас редакторы