“ДИДАР” МӘРЕГЕ ЖЕТТI

“ДИДАР” МӘРЕГЕ ЖЕТТI

“ДИДАР” МӘРЕГЕ ЖЕТТI
ашық дереккөзі

Әлемдiк аумақта да, Қазақстан аумағында да майталман киногерлер арасында ұйымдастырылып жүрген кинофестиваль көп-ақ, ал жас режиссерлерге атап айтқанда студент жастарға арналған кинофестиваль кем де кем, тiптi жоқ десе де болады. Алматы қаласының Жастар саясатын дамытудың мемелекеттiк қорының ұйымдастыруымен 2006 жылдан бастау алған "Дидар" Алматы студент жастар кинофестивалi биыл тағы көрермендерiмен жүздестi.

Үшiншi рет өткiзiлiп отырған кинофестивальдiң ұраны-"Менiң Қазақстаным". "Дидар-2008"-дiң ерекшелiктерi мен жаңалықтары көп. Биылғы кинофестивальге тек Алматы ғана емес, елiмiздiң Өскемен, Шымкент сияқты қалалары мен көршiлес Қырғызстанның жас режиссерлерi қатысты. Сонымен қатар, биылғы байқауға "Қазақстан" телерадиокорпарациясы мен "Отау синема" студиясы жеке жүлде дайындады. Байқауға 140 жас режиссерлер ниет бiлдiрсе, соның 87-сi iрiктеуден өтiптi. Ал сыннан сүрiнбей өткен 56 режиссердiң тырнақалды туындылары 14 номинация бойынша бағын сынады. Кинофестивальдiң әдiл-қазылар алқасында белгiлi режиссерi Сламбек Тәуекел, киносыншы Бауыржан Нөгербек, сазгер Арман Дүйсенов, фестивальдiң былтырғы жеңiмпазы, жас режиссер Талғат Бектұрсы¬новтар бар. Сондай-ақ, фестиваль аясында қазақ киносының бүгiнi мен ертеңi жайында дөңгелек үстел ұйымдастырылып, жастарымыздың арасында кеңiнен танылған "Қанталапай", "Рэкетер","Аймалашы менi", "Ұялы телефон" сынды фильмдер байқаудан тыс көрсетiлдi. 2 күн бойы байқауға түскен кинотуындылар "Искра" кинотеатрында көрермен назарына iлiндi. Нәтижесiнде бас жүлденi режиссер Эмир Байғазиннiң "Весогонщик" көркем фильмi иемденсе, ең үздiк көркем фильм номинациясында Серiк Ибрайымның "Вор", ең үздiк деректi фильм номинациясында Ербол Бораншының "Сахара тынысы", ең үздiк анимациялық фильм номинациясында Гүлжан Ескендiрдiң "Бобоның тағдыры" фильмi жеңiмпаз атанды. Ал "Қазақстан" телеарнасының арнайы сыйлығын Серiк Әбiшевтiң "Мектеп" фильмi жеңiп алды. Үздiк аталған кинотуындылар "Қазақстан" телеарнасынан көрсетiлетiн болады.

Жас киногерлердi насихаттап, қазақ киносына өзiндiк үлесiн қосып жүрген киофестиваль мәресiне жеттi.Ұйымдастырушылардың айтуынша, студенттер кинофестивалi келесi жылы жаңаша үрдiсте Қазақстанда ғана емес, Орталық Азия аумағында өз жалғасын табатын болады.

Әйгерiм ДОСЫМОВА