БАҒЫ ДА, БАҚЫТЫ ДА – САЯҚ
БАҒЫ ДА, БАҚЫТЫ ДА – САЯҚ
Сонау өткен ғасырдың елуiншi жылдарында аты жалпақ жұртқа мәлiм болған геолог-ғалым Қ.И.Сәтпаевтың басшылығымен геологиялық ғылыми-зерттеу,барлау жұмыстары жүргiзiле бастады. Қаныш Сәтпаев тапжылмай еңбек еткен жылдары түрлi түстi металл байлықтары мен минералдардың қайнар көзiн ашып, ел тарихына айтарлықтай үлес қосып, өшпес мұраға айналды.
Мiне, содан берi елiмiзде ауыр өндiрiстiк мекемелерi iске қосылып, аталмыш сала бойынша республика аймағында еңбек күшiне деген ұсыныстар көбейе бастады. Әрине, сол кезден бастап қазақ сахарасынан жаңа кен көздерiн iздеу үшiн бiрқатар геологиялық зерттеулердiң жүргiзiлгенi айқын. Сондай бiр зерттеу жұмыстың бiрi Балқаш жағалалуында да жалғасын тауып, өз iсiне адал маманды майталман-шеберге айналдырды.
Саяқтық кен-орнында бас геолог қызметiн атқарған Ерлан Ражанұлы Набиевтiң есiмi тек "Балхашцветмет" өндiрiстiк мекемесiне ғана емес, бүкiл "Қазақмыс" корпорациясына мәшһүр. Өйткенi, Саяқ кен орнына 1971 жылы жұмысқа қабылданған жас маманның бұл салада атқарған еңбек өтiлi бақандай 35 жылдың о жақ бұ жағына жетiп қалыпты. Ерлан Ражанұлы Алматы облысы, Алатаудың баурайындағы Жiңiшке өзенiнiң жағасында өмiрге келген. Ол бала кезiнде ауылына келiп-кетiп жүрген геолог зерттеушiлермен бiрге күнi бойы тау-тасты аралаудан жалықпайтын болыпты. Әдейiлеп келген барлаушылардың не iздеп, не зерттеп жүргенiнен сол кезде-ақ хабардар бола бастаған бала Ерлан бiлдей мамандардың соңынан ерiп жүрiп, жерасты байлығы, оны табудың машақаты туралы қызықты әңгiмелерге қаныға бердi. Бiрте-бiрте бала қиялына жан бiткен соң, оның бұл ғылымға деген құштарлығы күннен күнге артып, Қиыр Шығыс пен Уссуриск өңiрiндегi Арсеньев жерiн зерттеген ғалымның кiтаптарын тағат таппай оқи бастады. Таулы жерлер, табиғаттың сұлу, керемет мекендерiне кiтап арқылы саяхат жасаған Ерланның бұл ұмтылысы келешекте геолог мамандығын таңдауына бiрден-бiр түрткi болды. Мiне, балалық шақтан-ақ батыл қадам жасап геолог болуды мақсат тұтқан ол орта мектептi бiтiргеннен кейiн 1966 жылы Политехникалық институттың "Геология және пайдалы қазбалар кенiн барлау" мамандығы бойынша оқуға түседi. Әрине, ол кезде бұл мамандық бойынша оқуға түсу екiнiң бiрiнiң басына бұйырмайтын бақ едi. Содан ба екен, сол 1970 жылдары жаңа өмiрге қанат қаққан жас мамандар легi өздерiнiң таңдаған кәсiбiн-нәсiбiм деп бiлдi. Оның үстiне, елiмiздегi техникалық салада, оның iшiнде, тау-кен, металлургия, геолог мамандарын дайындайтын бiрден-бiр жоғары оқу орын сол кездегi Политехникалық институт едi ғой. Тiптi, студенттер геология ғылымының атасы Қаныш Сәтпаевтың достары, С.Г.Анкинович, Е.А.Анкинович, И.И.Бокк, Г.Л. Кушев, Г.Ц. Медоевтерден де дәрiс алу бақытына ие болды. "Бiлiм мен оның нәтижесiн талап ететiн ғалым-мамандар геология ғылымының ашылмай жатқан қыр-сырын, жер шарының тарихын егжей-тегжейлi түсiндiрiп, дәлелдейтiн едi" деп еске алады бүгiнде Ерлан Ражанұлы. Әрине, жас геологтарды арнайы өндiрiстiк мекемелерге апарып оқу және өндiрiстiк тәжiрибелерден өткiзудiң өзi қандай жiгер сыйлады! Өндiрiс пен оқу орны арасында орныққан етене байланыс арқасында студент Ерлан Саяқ кен орнында 1970 жылы алғаш өндiрiстiк тәжiрибеден өтiп, iле-шала дипломдық жобасын да жазып, қорғап шықты. Ал оқуды тәмамдағаннан соң, бұрын өзi келiп жүрген кен орнына бiржола маман ретiнде жайғасты. Жылдар өте келе кешегi жас маман бiрнеше сатыдан өтiп, Саяқ геологиялық-барлау тобында инженер-геолог, аға геолог, бас геолог, одан соң Саяқ геологиялық-барлау тобының бастығы дәрежесiне дейiн көтерiлдi. Тәжiрибелi маман 1988 жылдан бастап күнi бүгiнге дейiн Саяқ кен орнында бас геолог ретiнде қызмет атқарады.
– Бiздiң геологиялық-барлау тобы Саяқ -1 кен орнының солтүстiгiне барлау жасау арқылы мыс және молибдендi тауып, екеуiне жеке-жеке зерттеу жүргiздiк. Сол жылдары Орталық Қазақстанға еңбегi сiңген геолог И.В.Орловпен бiрге жұмыс iстегенiмдi бақыт санаймын. Өйткенi, оның ерекше еңбекқорлығы мен күш-жiгерiнiң арқасында геологиялық бағытта жүргiзген зерттеулерiмiз көбiне сәттi аяқталатын. Одан қала бердi, Орталық Қазақстан жерiндегi iрi көлемдегi кен орнындағы қиын әрi ауыр жүргiзiлген зерттеу де өз нәтижесiн берiп жатты. Осындай өз iсiне адал берiлгендердiң бiрi Орталық Қазақстан және Балқаш өңiрiнде мыс саласында жүргiзiлген жұмыстарға басшы болған аға-маман Х.Ж. Қосубаевтың еңбегiн айтқым келедi. Ол азаматтан бiр-бiрiмiзге деген көмек қолын созуды, адамдық қасиеттi құметтеудi, өз iсiнiң майталманы бола бiлудi, үйрене бiлдiм" дейдi өткенге бiр сәт шегiнген Ерлан Ражанұлы.
Шыны керек, кезiнде геология саласында қол жеткiзген игi жаңалықтар мен қазба байлыққа мол кен ошақтарының табылуы тек елiмiздi ғана емес, бүкiл Кеңестер одағын да дүр сiлкiндiрдi. Сол кездерi Ерлан Набиевтiң басшылығымен Молдыбай, Саяқ – III қайнар көзiнде барлау жұмыстары жүргiзiлiп, "Берқара", Саяқ – II, "Жұмбақ", Жамбыл Орталық атты жерде профировтi мыс түрiн зерттеу шаралары орын алды. Нәтижесiнде жаңа "Жанасаяқ" және "Сарыбай" атты кен учаскелерi пайда болды.
Әрине, қиын-қыстау уақыт Саяқ геологиялық-барлау партиясына да айтарлықтай әсер етiп, тiптi, экономикалық дағдарыс салдарынан жабылып та қалды. Көптеген геологтар жұмыссыз жүрген кезде еш мұқалмаған Ерлан Ражанұлы өзi тәлiм алған ұстаздарының iсiн ары қарай жалғастыра бердi. "Еңбек түбi-зейнет" деген атам қазақ. "Еңбек етсең, емерсiң" деген сөз де бекер айтылмаған. Адамның өмiр жасын ұзартатын да, ерекше бiр қуаныштар мен марапаттауларға бөлейтiн де осы – еңбектiң жемiсi. Бүгiнде Саяқ кен орнында талай жылдан берi тер төккен Ерлан Ражанұлының адал еңбегiн тек әрiптестерi емес, ҚР Тау-кен металлургия өндiрiстiк саласының еңбеккерлерiнiң кәсiподағы мен Энергетика және минералды ресурстар министрлiгi бағалап, үшiншi дәрежелi "Кеншi даңқы" омырау белгiсiмен марапаттады. Ал 2002 жылы геология комитетiнiң орталық комиссиясының шешiмiмен қашалған тас кен орны "Саяқ-I Мраморныйды" ашқаны үшiн "ҚР кен орнын алғаш ашушы" құрмет белiгiсiне ие болды.
Бүгiнде Саяқ елдiмекенiнде Ерлан Набиевтiң атын бiлмейтiн жұрт кемде-кем. Өз iсiнiң нағыз маманы геология ғылымы жайындағы әңгiменi жастарға айтудан жалыққан емес. Халық арасында "Ер азамат ағаш отырғызып, үй салып, өмiрге ұл әкелуi керек" делiнген болса, Ерлан Ражанұлы осы мiндеттiң бәрiн дер кезiнде орындаған еңбекқор азамат.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ