"БЕС ТҰЛҒАНЫҢ" ТАҒДЫРЫ ҚЫЛ ҮСТIНДЕ

"БЕС ТҰЛҒАНЫҢ" ТАҒДЫРЫ ҚЫЛ ҮСТIНДЕ

"БЕС ТҰЛҒАНЫҢ"  ТАҒДЫРЫ  ҚЫЛ ҮСТIНДЕ
ашық дереккөзі

Редакцияға қарама-қарсы бой түзеген ғимараттың көрiнiсi күнделiктi көз алдымызда. Бiр-бiрiмен жарыса, қатарласа көбейiп келе жатқан тұрғын үй кешенi күн сайын биiктей түспесе, аласарған емес. Терезеден құрылыстың маңайында қыбыр-қыбыр тiрлiк жасап жатқан құрылысшылардың да жүмысы анық көрiнедi. Тағы бiр қызығы, әлемдiк қаржы дағдарысы басталды деп, уақытша тоқтатылған өзге құрылыс компанияларындай емес, бұл ғимараттың жұмысы тоқтаған жоқ. "Анау қабатындағы екi бөлмелi пәтер менiкi, мына қабатындағысы сенiкi" деп, кейде қалжыңдап, өз өзiмiзбен iшiнара бөлiсiп алатынбыз. Ендi мiне, "көк тiреген құрылыс аяқ асты бұзылатын болыпты" деген хабар жеткен кезде таңданысымызды жасыра алмадық.

Осыдан бiр апта бұрын "Қазақстан бүгiн" ақпарат агенттiгi Алматының қақ ортасындағы Гагарин – Мыңбаев – Сәтбаев – Радостовец көшелерiнiң шеңберiнде салынып жатқан 21 қабатты ғимараттың бұзылатындығы жөнiнде ақпарат таратқан болатын. Онда Алматы қалалық сәулет құрылыс департаментiнiң директоры Қайрат Қоңырбаев: Бұл аумақтағы тұрғын үйдi "Атамекен құрылыс" компаниясы салып жатыр. Құрылыс компаниясының құрылыс салуға рұқсаты жоқ. Бiз оны бермеймiз. Себебi, олардың техникалық жағдайы, жоба бойынша қорытындылары жоқ. Олар бұл нысанды ешқандай рұқсат құжаттарынсыз салған", – деген мәлiмдеме келтiрген.

Департамент басшысының түсiндiруiнше, осы мекеменiң сотқа ұсынған материалдары негiзiнде заңсыз құрылысты бұзу туралы үкiм шығарылған. "Олардың да, бiздiң де бюджетiмiзде бұзу қаражаты қарастырылмаған", – дедi Қ. Қоңырбаев. Және заңға сәйкес заң бұзушылық айыпты жақ, яғни құрылыс компаниясы есебiнен жойылуы тиiс екенiн жеткiздi. "Бiз оны бұзумен айналысатын мердiгер ұйымды ұсындық. Қазiр "Атамекен құрылыс" компаниясы мердiгермен келiсiмге қол қойып, ғимаратты бұзу қаражатын алдын – ала төлеуi тиiс", – дейдi. Бұл ақпаратты Алматы қалалық мемлекеттiк сәулет құрылыс бақылау департаментiне сiлтеме жасай отырып, дайындаған екен.

Араға бiр апта салып, осы мәлiметке орай, кеше "Ұлттық баспасөз клубында" Атамекен қаржы және өнеркәсiп тобының жетекшiлерi арнайы баспасөз-мәслихатын өткiздi. Баспасөз-мәслихатында компания басшылары "құрылыс компаниясының құрылысты салуға рұқсаты жоқ" деген пiкiрдi жоққа шығарды. Аталмыш компанияның басқарма төрағасы Ұзақбай Айтжановтың айтуына қарағанда, құрылыс жұмыстарының заңдылығына тиiстi органдардың барлық қорытындысы бар көрiнедi.

"Қаладағы Мыңбаев және Гагарин көшелерi аумағынан көп қабатты тұрғын үйдi салмас бұрын бiзге Алматы қалалық әкiмшiлiгi мен қалалық құрылыс-сәулет департаментiнен осы ауданға кешендi құрылыстарды салу қажеттiгi жөнiнде ұсыныс түстi. Сөйтiп, бiз дереу деп iске кiрiсiп, осы аймақта бұрынырақ салынып аяқталмай қалған құрылыс нысанымен қоса, әлгi жердi заңды иесiнен өзара келiсiмшарт арқылы алдық. Тiптi қаланың әкiмiмен де, "Алматыжер" мемлекеттiк кәсiпорнымен де заңдық тұрғыдан келiсiм жасап, тиiстi жердi анықтап, көп салалы тұрғын үй кешенiн салуды қолға алдық" – дейдi.

"Атамекен холдингi" басшылары қалалық құрылыс департаментi мен "Алматыжер" мекемесiн айыптап, "Тұрғын үй кешенiнiң құрылысына қасақана кедергi келтiрiп отыр" дегендi айтады. "Әйтпесе, бiздiң құжаттарымыздың бәрi заңды. Барлық талаптарға сай" дейдi. Холдинг басшысының бұл сөзiн, яғни ешқандай шикiлiктiң жоқ екендiгiн қала құрылысын бақылайтын арнайы комиссияның мүшесi де растап отыр.

Аталмыш "Бес тұлға" кешенiнiң бұзылмауы үшiн Алматы қаласының прокурорына Алматы қалалық сотының құрылысты бұзу туралы анықтауына қадағалау тәртiбiмен наразылық бiлдiру жөнiнде өтiнiм берiлiптi.

Сондай-ақ, қазiргi таңда "Бес тұлға" сауда кешенiнiң бұзылу-бұзылмауы жайында қойылған журналистiң сауалына, Ұзақбай Айтжанов:

"Жау жағадан алғанда, бөрi етектен" дейдi ғой. Жағаласып жатқандар бар. Дәмдi нәрсенi көргеннен кейiн, дәмiн татқысы келетiн шығар. Бiрақ, бұған "бұрынғы қала басшысы мен бүгiнгi қала басшысының қатысы жоқ па?" деген сұрақ тууы мүмкiн. Тiкелей айтайын, ол кiсiлердiң бұған ешқандай қатысы жоқ. Жаңадан келiп жатқан қала басшысы бұл мәселемен әлi таныса қойған жоқ", — дедi. Тiптi, «Бұл мәселеге өзге бәсекелес құрылыс компанияларының қатысы жоқ па?» деген сауал қойылған. Оны да холдинг басшысы жоққа шығарды. "Қазiр қаншама құрылыс компаниялары тоқтап тұр. Қаншама жанұялар күнделiктi нанын таба алмай қалды. Өйткенi, нан-суын сол құрылыстардан тауып жүрген жоқ па едi. Қаншама мекемелер тоқтап тұр. Бiздiң компания ешкiмнен ақша сұрамай, өзiн-өзi қаржыландырып, жұмыс iстеп тұрған.

"Айқын" газетiнiң тiлшiсi, "Бұл үйдi бұзғанша, оның орнына он балалы аналарға берiлсе…" деген сауалын тастады. Оған Ұзақбай Айтжанов: "Жеке инвесторлар өз үлесiн салып жасап жатқан дүниесiн тартып алғанмен бiрдей. Ол ендi әкiмшiлiк бұзбай бiреуге таратып беремiн дегеннiң өзi, «тартып аламын да бiреуге беремiн» деген сияқты. Сонда ертең кiм бұл жерге инвестиция салады? Жалпы, құрылысшылар ғана емес, басқа саланың иелерi де бұл мәселеге құлақ түрiп отыр. Олар: "Қалай болады екен, бұлар бұдан аман-есен шыға ма, әлде таптап жеп қоя ма?" деп отыр. Егер дұрыс шешiм қабылданып жатса, "әдiлетке әлi де сенуге болады ғой" деген үмiтпен қарайды ол кiсiлер. Жалпы, қайырымдылық беру жағынан бiздiң компания қалыс қалған емес. Үнемi көмек қолымызды созуға тырысып отырамыз",-деп жауап қайырды. .

Тағы бiр қызығы, баспасөз-мәслихатына келгенiмiзде қолымызға сол аумақта тұратын тұрғындардың хаты тидi. Қырықтан аса адам қол қойған хатта, тұрғындар аталмыш құрылыстың, яғни Сәтпаев-Мыңбаев-Гагарин-Радостовец көшелерiнiң қиылысындағы "Бес тұлға" кешенiнiң құрылысының бұзылғанын қалапты. Дәл осы сауалды Ұзақбай Айтжановқа қойғанбыз. Ол кiсi бұл хатты қазiр естiп отырғандығын айтты. "Кез келген құрылыстың зиянын тигiзетiнi рас. Тiптi, есiктiң алдына сарай соқсаңыз да, айналасын бүлдiретiнi белгiлi. Тұрғындарға егер бiздiң құрылыс жұмыстарымыздан зиян шегiп отырса, бүгiнгi мүмкiндiктi пайдалана отырып, кешiрiм сұраймын. Сондай-ақ, бұл кешеннiң коммерциялық емес, әлеуметтiк сипатқа ие екендiгiн де айта кеткiмiз келедi. Мұнда 21-қабатты бес тұрғын үй, 16-қабатты екi тұрғын үймен бiрге олимпиадалық стандартқа сай жүзу бассейнi бар спорттық-сауықтыру орталығы, 2-залды кинотеатр, қуыр¬шақ театры, медициналық орталық, қазiргi заманғы өнер мұражайы, букинистикалық және электронды халдары бар кiтапхана, көп деңгейлi және жерасты авто тұрақтары болмақ. Сондай-ақ, осы аумақта тұрған №22 орта мектептi және Гагарин даңғылы мен Абай көшесiнен бастап, Жандосов көшесiне дейiн өз қаражатымызға жаңартылып, көркейтiлетiнiң айтқым келедi", – дедi.

Алпауыт компания құрылысқа жұмсалған қаржы 100 миллион АҚШ долларына жеткенiн айтады. Оған қоса, 200-ден аса үлкескерлер бар. Сондықтан, олар "Құрылысты соңына дейiн жеткiзiп, мiндетiмiздi орындаймыз" дегендi айтады. Құрылыс компаниясының басшылары: "Қала әкiмi Ахметжан Есiмов дұрыс шешiм қабылдар" деген үмiтте. Әзiрге құрылыс тоқтаған жоқ. Ендi қалай шешiм қабылданады, ол әкiмшiлiкке байланысты.

Гүлзина Бектасова