ПАРАСАТТЫ ТIЛДIҢ ПҰШАЙМАН ХАЛЫ

ПАРАСАТТЫ ТIЛДIҢ ПҰШАЙМАН ХАЛЫ

ПАРАСАТТЫ ТIЛДIҢ ПҰШАЙМАН ХАЛЫ
ашық дереккөзі

Жақында "Ана тiлi" газетiнде "Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi туралы" Заң жобасы басылды. Осыған орай жобаны дайындауға белсендi ат салысқан, газетiмiздiң авторларының бiрi, саяси ғылымдарының докторы Ә.Қ. Бәкiрдiң ой-пiкiрлерiн назарларыңызға ұсынып отырмыз.

1989 жылы мемлекеттiк мәртебе берiлген қазақ тiлiнiң соңғы кезде дамуына бiраз жағдай жасалғанымен, оның қолдану деңгейi бүкiл қазақ қауымын қанағаттандырып отырған жоқ. Күнделiктi өмiрде мемлекеттiк тiл көбiне орыс тiлiнiң аударма тiлi ретiнде қолданылуда.

Iрi қалалардағы орта мектептерде ұл-қыздарымыз ана тiлдерiнде сабақ кезiнде ғана сөйлеп, қалған кезде көбiне орыс тiлiн пайдаланады. Ал орыс мектептерiндегi балаларымыз қанша жыл қазақ тiлi мен әдебиетiн оқығанымен, бiтiргенде қазақша әкесiнiң атын жаза алмай шығады. Орта арнаулы және жоғары оқу орындарында жағдай бұдан да күрделiрек.

Қазақ тiлiнiң мемлекеттiк ұйымдардағы дағдарысты жағдайы туралы аз айтылып, кем жазылып жүрген жоқ. Мысалы, Орталық мемлекеттiк органдарда қазақ тiлiнде құжат дайындау 20-30 пайыз болса, жалпы құжат айналымы 45-50 пайыздан аспайды. Бұл ресми ақпараттардағы мәлiметтер. Шындығында жағдай бұдан әлдеқайда төмен. Iс қағаздарын мемлекеттiк тiлге көшiру үшiн "социалистiк жарысқа" түсiп, "озып шыққан" облыстардың өзiнде формальдылық, көз бояушылық, жоғарыға өтiрiк ақпар беру басым. Олар бұл мәселенi қазақ тiлiн үйрету, қазақ тiлдi мамандарды көбейту есебiнен емес, негiзiнен аз ғана аудармашылардың күшiмен орыс тiлде жазылғандарды қазақ тiлiне аударумен шешiп жүр.

Рас, кейбiреулер тиiстi мамандардың жоқтығын сылтау етедi. Мәселе көбiне-көп басқада. Әңгiме ана тiлiн бiлмейтiн, бiлгiсi келмейтiн бiрiншi басшылардың команда құрамында жатыр. Ондай басшы қазақ тiлiн бiлетiнге жолайтын ба едi? Олар өзi түсiнбейтiн құжатқа әсте қол қояр ма екен?

Мiне, республикамызда қалыптасқан тiлдiк күрделi жағдайдан шығудың жолын iздестiру бiздердi мемлекеттiк тiл туралы Заң жобасын жасауға алып келдi. Мұндай заңдар әлемнiң көптеген елдерiнде бар.

Сонымен мемлекеттiк тiлге деген жалпы қажеттiлiктi былайша нақтылай түсуге болар едi:

Бiрiншiден, бүгiнгi ана тiлдiк ахуал. Осыдан 19 жыл бұрын мемлекеттiк мәртебеге ие болған қазақ тiлiнiң қолданыс аясы қарқынды дами алмай отыр. Қазақ қазақпен қазақша сөйлесуi керек деген Елбасымыз айтқан қарапайым қағида да көбiмiздi ойландыратын емес.

Екiншiден, Қазақстан Республикасы Конституциясының 7-бабында "Қазақстан Республикасында мемлекеттiк тiл — қазақ тiлi" деп атап көрсетiлген. Осы норма арнайы тiл туралы Заңнан да орын алды. Бұл мемлекеттiк тiл туралы заң қабылдауға конституциялық құқықтық мүмкiндiк бередi.

Үшiншiден, әлемдiк тәжiрибеде мемлекеттiк органдарға жұмысқа орналасқанда, сайланғанда, азаматтық алғанда және басқа жағдайларда мемлекеттiк тiлдi бiлу мiндеттi. Кейбiр басшылар қаласын, қаламасын бұл бiздiң өмiрiмiзге де енедi. Қазақ халқы аман болса, ылайым аман болсын, бұдан басқа жол жоқ.

Төртiншiден, Тiл туралы Заңда мемлекеттiк тiлдiң мемлекет тарпынан қорғалуы мен дамытылуы жөнiнде нақты заңдық норма жоқ. "Тiлдi мемлекеттiк қорғау" деген 23-бапта "Қазақстан Республикасында мемлекеттiк тiл және барлық басқа тiлдер мемлекеттiң қорғауында болады" деген қағида ғана бар. Мұның үстiне қазiргi жаһандану жағдайында қазақ тiлi орыс және ағылшын тiлдерiмен бәсекелестiкке түсуге мәжбүр болып отыр. Бұл да мемлекеттiк тiлдi құқықтық жағынан қорғау мен қолдау, қолдану және дамытудың мемлекеттiк тетiктерiн жан-жақты ойластыруды қажет етедi.

Бесiншiден, Тiл туралы Заңның 4-бабындаға "Мемлекеттiк тiл — мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi" деген құқықтық норма шынына келгенде қағаз жүзiнде қалды. Мысалы, Парламент саяси сахнаға келгелi берi оған Үкiмет бiрде-бiр заң жобасын қазақ тiлiнде ұсына алмады.

Сонан соң мынандай факторлармен де есептесуiмiз қажет. Елiмiздегi тәуелсiздiк жағдайы мен қоғамды демократияландыру бағытымыз баяу болса да осы алып аймақтың негiзгi иесiнiң ұлттық сана-сезiмiнiң көтерiлуiне игi ықпал етiп отыр. Сондай-ақ қазақ тiлi елiмiздегi ұлтаралық қатынастардың ұйытқысы, халықтарды топтастырушылық рөлiн өзiнiң рухани мәдениетiмен, оның iшiнде парасаттылық пен пайымдылықтың тiлi — мемлекеттiк тiлмен жүзеге асырады.

Авторлар Заң жобасында мемлекеттiк тiлдiң қолданыс аясын барынша ойластыруға, мектепке дейiнгi балалар мекемелерiнен бастап билiк орындарына дейiнгi жүйенi түгел қамтуға тырыстық. Сонымен қатар жаңа жобада басты назар бiрiншi кезекте тiлдiң иесi қазақтардың және диаспора жастарының мемлекеттiк тiлдi меңгеруiне аударылды. Бұл талаптың бiрте-бiрте жүзеге асырылуы "Мемлекеттiк тiлдi меңгеру талаптарына көшу туралы" деген арнайы 9-бапта арнайы қарастырылған. Кейiннен мемлекеттiк тiлдi бiлу барлық азаматтарға мiндеттi болмақ.

Заң жобасы жалпы құрылыммен де ерекшеленедi. Жобада қазақ тiлiнiң мемлекеттiк тiл ретiндегi құқықтық мәртебесi, мемлекеттiк тiлдiң мiндеттi түрде қолдану аясы, мемлекеттiк органдардың мемлекеттiк тiлдi меңгеру үшiн жағдайлар жасау жауапкершiлiгi, мемлекеттiк тiлдi құқықтық қорғау және қолдау, Қазақстан Республикасының азаматтарын Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлiн қолдану құқығымен қамтамасыз ету, ҚР мемлекеттiк тiлi туралы Заңды бұзғаны үшiн жауапкершiлiк мәселелерi жан-жақты қаралды. Сондай-ақ осы Заң жобасы қабылданған жағдайда нормалары мемлекеттiк тiлге қатысы бар басқа заңдарды осымен сәйкестендiру сияқты мәселе де күн тәртiбiнде тұр.

Ескерте кететiн бiр мәселе — мемлекеттiк тiлдiң ендiрiлуi елдiң аумағында өмiр сүрiп жатқан диаспоралардың өз ана тiлiн қолдануына байланысты Конституциялық құқықтарын шектемейдi, оған Қазақстан Республикасының Тiл туралы Заңында кепiлдiк берiлген.

Жобаны дайындау кезiнде осыдан 10 жылдан бұрынғы Тiл туралы Заңның қабылданған кездi де есепке алдық. Шынында да ол кез қиындау кезең болатын. Менiң осы күнге дейiн есiмде, орыс ағайындарымыз арасынан сайланған 13 Мәжiлiс депутаты орыс тiлiне де мемлекеттiк мәртебе беру керек деп Заңға дауыс бермедi.

Сол кезеңнiң жағдайы Заңның мазмұнына да, құрылымына да әсер етпей қалмады. Мысалы, "Мемлекеттiк ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында орыс тiлi ресми түрде қазақ тiлiмен тең қолданылады" деген конституциялық норманың Тiл туралы Заңда айқындала түспеуi, орындалуының қатаң сақталмауы, содан Заңның II, III және IV тарауларындағы 27 заңдық норманың 21-iнде "мемлекеттiк тiлде және орыс тiлiнде" деген сөз тiркестерiмен қатар қажет болған жағдайда басқа тiлдерде жүргiзiледi" деу тәжiрибеде қос тiлдiлiкке, көп тiлдiлiкке алып келдi. Қазiр мемлекеттiк ұйымдар мен мекемелерде, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында орыс тiлiндегi құжаттар қазақ тiлiне аударылып, қазақша-орыс тiлiне аударылып әлек болуда. Өйткенi, басшылар құрамы қазақша түсiнбейдi. Ал Елордамыздың көшелерiнiң аты қазiр үш тiлде жазыла бастады. Қаланың кейбiр басшылары шетелдiктер адасып кетедi деп қорқатын сияқты.

Сонан соң Заңның "Тiлдi құқықтық қорғау" деген 23-бабындағы "Мемлекеттiк тiлдi белгiлi бiр көлемде және бiлiктiлiк талаптарына сәйкес бiлуi қажет кәсiптердiң, мамандықтардың және лауазымдардың тiзбесi Қазақстан Республикасы заңдарымен белгiленедi" деген аса бiр маңызды қағиданың орындалуын жүзеге асыру бiр министрлiктен екiншiсiне ауысып жүргенде Үкiмет оны тiптi ұмытып кеттi.

Бүгiнгi жұртшылық назарына ұсынылып отырған Заң жобасы жоғарыдағы мәселелердi шешуде бiрден-бiр құқықтық амал, әлеуметтiк шара, нақты iс-әрекет. Мұнсыз ана тiлiмiздiң өрiсiнде күрделi оң өзгерiстер болмайды. Мұнсыз тiлдiк кеңiстiкте алға жылжу мүмкiн емес. Бұл бүгiнгi күнi ана тiлiнiң ахуалын азын-аулақ зерттеп жүрген бiз сияқты пенделердiң пiкiрi. Бұл — бiздiң риясыз көңiлiмiз, нық сенiмiмiз.

Әрине, Заң жобасында мемлекеттiк тiлге қатысты мәселелердiң бәрiн қарастыра алдық дей алмаймыз. Талқылау барысында түскен ұсыныстар мен пiкiрлер оны жетiлдiре түсерi сөзсiз.

Әбдiжәлел БӘКIР,

саяси ғылымдарының докторы