Жаңалықтар

БАНКТЕР МЕН МЕМЛЕКЕТТIК МЕНШIК

ашық дереккөзі

БАНКТЕР МЕН МЕМЛЕКЕТТIК МЕНШIК

Жуырда қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарының бiрiне сұхбат берген ҚР Қаржылық нарықты реттеу және қадағалау агенттiгiнiң жетекшiсi Елена Бахмутова ханым ҚР "Банктер мен банк қызметi туралы" Заңға өзгерiстер енгiзу жоспарланып жатқандығын және егер банктер банкротқа ұшырайтындай жағдайға тап болса, мемлекет жалғыз акционер ретiнде әрекет етуге мүмкiндiк алатынын мәлiмдеген. Отандық қаржыгерлер арасында әбiгер тудырған осы мәлiмдеме бүгiнде қазақ қоғамында кеңiнен талқыланып жатқан мәселелердiң бiрiне айналды.

Былтырғы қаржылық дағдарыс елiмiздегi екiншi деңгейлi жекеменшiк банктерге де айтарлықтай әсер еттi. Халықаралық қаржылық құрылымдардың арзан несиесiне құнығып кеткен бiздiң банктердiң кесiрiнен Қазақстанның сыртқы қарыз көлемi күрт өстi. 2007 жылдың күзiнде дағдарыстың дауылынан кейбiр банктердiң шатыры шайқалды. Ал Үкiмет болса, Қаржы министрлiгi мен Қаржылық нарықты реттеу және қадағалау агенттiгiмен бiрлесе отырып, банк саласын ретке келтiруге кiрiстi. Ең алғашқы қадам банктердiң меншiктi капиталының сырттан келетiн қарыздан екi есе көп болуын мiндеттеуге қатысты болатын. Жуырда тағы бiр жаңалықтың "құлағы" қылтиды. Агенттiк басшысы Бахмутова банкротқа ұшыраған банктердiң бас билiгiн мемлекетке беретiн жаңа заң жобасының әзiрленiп жатқанын тiлге тиек еттi. "ҚР Ұлттық банкiнiң қызметi мен қаржы ұйымдарының төлемдер мен ақша аудару, бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептерi туралы Қазақстан Республикасының кейбiр заң актiлерiне өзгертулер мен толықтырулар енгiзу туралы" Заң жобасы мемлекетке қаржы тапшылығына ұрынған кез келген жекеменшiк банкке ешкiмнiң араласуынсыз, жалғыз өзi акционер болуға құқық бередi. Әрине, жаңалыққа қатысты банкирлер әртүрлi пiкiр айтуда. Мысалы, Халық банкiнiң Басқарма төрағасы Г.Марченко аталған өзгерiстер Ресейдегi секiлдi iрi мемлекеттiк банктердiң пайда болуына ықпал ететiнiн, мұндай қадамның дұрыс еместiгiн көлденең тартады. Ал егер тек тараптар арасындағы үйлестiрушiлiк қызметiн атқарса, жағдай басқаша: "Егер банктердiң бiрi қаржылық тұрғыда өте үлкен қиындыққа тап келсе, мемлекет сол банктi сатып алып, оны инвесторларға қайта сатса, құптауға болады" (Г.Марченко). Ал Каспий банкiнiң Басқарма төрағасы Михаил Ломтадзе керiсiнше, ҚР Қаржылық нарықты қадағалау және реттеу агенттiгi тарпынан бiлдiрiлген ұсынысты толық қуаттайды: "Бұл әрекеттер банктердiң нақты бiр жағдайдағы ахуалына қатысты. Егер жағдай шиеленiсiп кетсе, мемлекеттiң араласқаны дұрыс. Бұл жерде банк саласында туындайтын қысқамерзiмдiк және ұзақмерзiмдiк қандай да бiр күрделi мәселеде инвесторлар (оның iшiнде мемлекет те бар) дереу қаржылық қолдау көрсетiп, капиталға ену мәселесi әңгiме өзегi болып отыр. М.Ломтадзе банк саласына ұлттық реңк беру мүмкiндiгiн терiске шығарады: "Мен "ұлттандыру" сөзiн қолданбас едiм. Бiрiншiден, бiздегi жағдай оған сәйкес келмейдi. Екiншiден, заң жобасы оны көздемейдi. Құжаттың басты мақсаты айқын. Мұндай шаралар көптеген елдерде қолданылуда".

Негiзi ресейлiк модель — мемлекеттiк банктер қазiргi таңда әсiресе, дамушы елдерге тән. Өйткенi, құрдымға кете жаздаған әлемдiк экономиканы дамушы мемлекеттердiң құтқаратынын болжаған сарапшылар қаржылық дағдарысының кесiрiнен орасан зор шығынға ұшыраған банктерге дамушы елдердiң банктерi қолдау көрсеттi. Аталған инвестициялық компаниялар негiзiнен мемлекеттiк меншiктiк сипатта болатын.

Қазақстандағы жетекшi банктердiң көпшiлiгi үкiметтiк шаралардың қауiпсiздiктi қамтамасыз ету мақсатында қабылданып жатқандығын, сондықтан қарсылықтар мен наразылықтарға ұрынбайтындықтарын көлденең тартады. "Бiрақ жауапкершiлiк мәселесiн тек банктерге арта салмай, нарықтағы әрбiр ойыншыға теңдей бөлу қажет".

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ