Жаңалықтар

НАЗАРБАЕВ ДОСТАРЫН НЕГЕ ШАҚЫРДЫ?

ашық дереккөзі

НАЗАРБАЕВ ДОСТАРЫН НЕГЕ ШАҚЫРДЫ?

Астанаға ресми сапармен Өзбек елiнiң президентi Ислам Каримов келiп қайтты. Осыдан шамалы күн бұрын Қырғыз елiнiң президентi Құрманбек Бакиевтi шығарып салғанбыз. Бiр қарағанда, Орталық Азия мемлекеттерiнiң басшылары шұғыл бас қосып, әлдененi ақылдасып жатқандай көрiнуi заңды да. Шын мәнiнде, бұл келiстердiң астарында не бар?

Ресми дерек көздерiне жүгiнсек, бұл сапарлар барысында әдеттегiдей екiжақты келiссөздерге қол қойылған жоқ, екi ел арасындағы кең ауқымды мәселелер талқыланып, ортаға салынды.

Ресми бас қосулардан тыс Назарбаев пен Каримов оңаша отырып, бiраз мәселелер бойынша ой бөлiскен. Әсiресе, халықаралық, аймақтық саясат мәселелерiне айрықша көңiл бөлiнген секiлдi. Бұл бiздiң жорамалымызды ақтайды: Орталық Азия мемлекет басшылары аймақтық ынтымақтастықты арттыру бағытындағы iс-шараларды тездету жөнiнде сөз еткен сыңайлы.

Назарбаевтың бiр сапарында Ислам Каримовтың "Мен өзiмнiң досым Нүрсұлтан Әбiшұлына толық сенемiн. Бiздiң достығымыз бұрын да берiк болған, қазiр де солай" дегенi есiмiзде. Жалпы, ТМД президенттерi арасында бiрiн-бiрi "доспыз" деу, мемлекеттер арасында "мәңгi достық" терминдерi жиi пайдаланылады. Шын мәнiнде, Черчиль айтты делiнетiн, "Мәңгi достық жоқ, елiмiздiң мәңгiлiк мүддесi ғана бар" дейтiн батыстық прагма¬тизмге көңiлжықпастығы басым шығыстық психология көбiне мойынсұна бермейтiн секiлдi. Десе де, Құдайға шүкiр, Орталық Азия мемлекеттерiнiң бiр-бiрiне көз алартып, дөң айбат шеккен кезi болған емес.

Тек… қазақ-өзбек шекарасын делимитациялау тұсында көршi елдiң шекарашыларының қарапайым ауыл тұрғындарына қару кезенiп, оқ атқаннан кейiн көкiректе қалған сыз әлi сыр бередi. Әрине, жоғарғы мемлекеттiк деңгейдегi кездесулерде айтылатын әңгiме ауаны бұл емес. Жаңағыдай кикiлжiңдi әдетте тұрмыстық деңгейдегi түсiнiспеушiлiкке, адами мiнезге жатқызамыз да, жылы жауып, қоя саламыз.

Өзбекстанда 1 миллионға жуық қазақ тұрады. Олардың ана тiлiнде сауат ашып, бiлiм алуы, ұлттық мәдениет пен тарихтан хабардар болуы екi елдiң мәдени-гуманитарлық байланыстарының тиiмдiлiгiне тығыз байланысты.

Қазақстанның Орталық Азиядағы жетекшi рольге ие екенi әлдеқашан көршiлер тарапынан да, өз жағымыздан да мойындалып қойылған. Сондықтан да Қазақстан көршiлерiнiң заман ағымынан қалыспай, үзбей дамып отыруына, саяси тұрақтылықты сақтап, экономикалық өрлеп отыруына мүдделi. Өйткенi, аймақ күштi болуы үшiн, оның аумағында орналасқан бес мемлекет те күштi болуы шарт. Жүздеген жылғы тарихы бар Кәрi құрлықтың өзi бiр тудың астына жиылып, бас құрып, жан сақтап отыр емес пе? Оның жанында, халықаралық саясатта ендi тәй-тәй басқан мемлекеттердiң бiр Одақ болуға ынталылық бiлдiруi заңдылық ғана емес, қажеттiлiк те.

Орталық Азия елдерiнiң Одағын құру идеясының бастамашысы Қазақстан болуы да сондықтан. Ол қазiр жұмыс iстеп тұрған ТМД, ШЫҰ, АӨСШК, ЕурАзЭҚ одақтарына қарағанда әрi ықшамырақ, әрi тиiмдiрек болуы керек. Оның үстiне, Қазақстан, Ресей, Белоруссия мен Украинаның "төрттiк" одағы үлкен дайындықпен басталып, ақыры жүзеге аспай қалғандығын ескерсек, аймақтық ынтымақтастықты арттыратын одақтың қажеттiлiгi әлi күн тәртiбiнен түскен жоқ.

Қазақ-өзбек басшылары Орталық Азия аймағындағы су-энергетикалық ресурстарды бiрлесе пайдалану мәселелерiн талқылаған. Осы орайда, Орталық Азия су-энергетикалық концорциумын құру туралы бастама көтерiлдi. Сәуiр айының соңғы күндерi Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан мемлекеттерiнiң мамандары су-энергетикалық концорциумын құру мәселелерi бойынша басқосу өткiзбек. Бұл да одақ құру бағытындағы шаралардың бiрi деп бiлемiз.

Қазақстан су ресурсын тиiмдi пайдаланбаудың салдарын жылда сезiнедi. Биыл "Көксарай" су қоймасын (немесе су реттеуiшiн) салу мәселесiн Президенттiң өзi қадап айтып, көп жыл бойы даулы болып келе жатқан мәселенiң шешiмiн тапқандай болды. Бiрақ бұл жобаның тиiмдiлiгiне күмәнмен қарайтындар, оны уақытша шара деп бiлетiндер де көп.

Орталық Азия аймағы елдерiнiң жұтқан ауасы да, iшiп отырған суы да, көздеген мақсаты да, мүддесi де бiр. Ендеше, бiр жағадан бас, бiр жеңнен қол шығарып тiрлiк қылатын кез жеттi. Өзбекстан да, Қырғызстан да бұған дейiн iшкi саяси мәселердi тұрақтандыруға көп күш жұмсады. Қазақстан болса, Кеңес Одағы күйрегеннен кейiн тұралаған экономиканың бойына "қан жүгiрту" үшiн жанталасты. Ендi жеке тәжiрибенi ортаға салып, келеге келудiң жөнi бар.

Кеңес Одағы күйреген жылы Ашхабад қаласында бас қосқан игi жақсылар бұдан әрi дамудың қай жолын таңдауды бiлмей дағдарды: бiрi — Орталық Азия мемлекеттерiнiң одағын құруды үсынса, екiншiлерi — жеке тәуелсiз ел болуды қолдады. Бұл әңгiме ТМД одағының құрылуымен аяқталғаны — тарихи дерек.

Уақыт алға озды. ТМД өз миссиясын орындап, тарих қойнауына кетуге әзiр. Ал Орта Азия Одағы сахна төрiне шығуға дайындалып жатыр.

Бұл да — уақыт талабы.

Гүлбиғаш Омарова