СААКАШВИЛИ КРЕМЬЛДI АЙЫПТАЙДЫ

СААКАШВИЛИ КРЕМЬЛДI АЙЫПТАЙДЫ

СААКАШВИЛИ КРЕМЬЛДI АЙЫПТАЙДЫ
ашық дереккөзі

Өткен дүйсенбi күнi кешкiсiн "Рустави-2" және "Мзе" телеарналарынан Грузия президентi Михаил Саакашвили сөз сөйлеп, отандастарын өңiрдегi қалыптасып отырған шиеленiстi жағдаймен жете таныстырып өттi. Саакашвилидiң мазасызданатын жөнi де бар. Тәуелсiз Грузияның жас, озық ойлы президентiн мазалайтын жағдайлар мен жанын ауыртатын күрделi мәселелер бұл өңiрде, елде күн өткен сайын көбейiп барады.

Аймақтағы жағдайды шиеленiстiре түсуге бағытталған арандату легi тоқтар емес, қайта соңғы кездерi өршiп, ұлғая түскенi аңғарылып отыр. Күштiнiң көкiрегi көк аспанды тiрейдi. Ал Ресей билеушiлерi ежелден қалыптасқан тоңмойындық және асқан ожарлықпен Кавказдағы жағдайды мейлiнше ушықтырып, өздерi лай судан балық ауламақ әрекеттерiнен бас тартар емес. Ежелден "бөлiп ал да, билей бер" деген қағидаға иек артқан Кремль билiгiндегiлер осы аймақтағы тәуелсiз мемлекеттерге түйiнi қиын түйiткiлдердi көптеп қалдырмақшы. Әсiресе, халықаралық саясатта және iшкi жағдайда өздерiнiң ұстанымдары мен бағыт-бағдарын бiржола айқындап алған азаттықсүйгiш, еркiн грузин халқын аяқтан шалуды Мәскеу кезек күттiрмейтiн мәселе санайтын секiлдi. Ресей билiгiндегi саясаткерлер қит етсе Кавказдағы Ресей мүдделерiн алға тартып, Грузияда iштей алауыздық тудырмақ боп әуре. Егер отаршылдықтың негiзгi классикалық үлгiсi – бiр ұлттың рухани, экономикалық мүдделерi екiншi бiр күштi ұлттың мүдделерiне құрбан етiлуi деген қағидаға мойынсұнсақ, Ресей бұл өңiрде өз мүдделерiн қамтамасыз ету жолында Грузияның мүдделерiн аяқасты етуге бағыт ұстанғаны кәмiл.

Бұрынғы империяны аңсаушылар, күн өткен сайын оны қайта тiрiлтуге бағыт алған Кремль билiгiндегiлер бұрын "халықтар достығын" тiлге тиек етiп келсе, ендi оны да қойып, жаңа жағдайда содыр саясат, зiлдi жұдырықпен өз мүдделерiн қамтамасыз етпекшi. Ресейдiң БАҚ-тары да отқа май құя түсуде.

Сондай содырлық пен астамшылықтың кезектi бiр сорақы көрiнiсi 20-сәуiр күнi Грузияның аспанында Тәуелсiз мемлекеттiң ұшқышсыз басқарылатын барлаушы ұшағының атып түсiрiлуi болып отыр.

— Осыдан бiрнеше сағат бұрын Абхазиямен шиеленiскен аймақта Ганмухури елдi мекенiнiң аспанында Ресей Әскери Әуе Күштерi Грузия террриториясына шабуыл жасады, — деп мәлiмдедi М.Саакашвили өз сөзiнде. — Гудаут әскери базасынан ұшып шыққан Ресейдiң Миг-29 штурмовигi грузин полициясының қарусыз әрi ұшқышсыз ұшағы, сондай-ақ Ганмухури территориясына қарсы бiрнеше дүркiн зымыран атты.

Ингури өзенiнiң жағалауындағы бейбiт елдi мекен мен осы аймақты барлап жүрген ұшақтың атып түсiрiлуi БҰҰ-ның жарғысын аяққа таптау және халықаралық агрессия көрiнiсi екендiгiне қарамастан, Ресей билiгi бұл арандату әрекетiн мойындаудан бас тартып отыр. Iле-шала Грузия Президетi Михаил Саакашвили Ресей президентi Владимир Путинмен телефон арқылы шұғыл сөйлескен едi. Әрине, екi ел басшыларының не сөйлескендерiнiң егжей-тегжейi былайғы жұртқа құпия, дегенмен мұндай арандатуға дәл осы күндерi, Ресейдiң жаңа президентi мамыр айында орынтағына отырғалы жатқан кезде жасалуы тегiннен тегiн емес.

В.Путин жаңа сайланған Ресей президентi, өзiнен гөрi демократ, либералдау деп саналатын Дмитрий Медведевтiң Грузиямен таяу уақытта тiл табысуына, көптеген күрделi мәселелердi саяси диалог жолымен шешуiне мүмкiндiк қалдырғысы келмейтiн секiлдi. Немесе, таяуда Бухарестте өткен НАТО елдерi басшыларының саммитiнде осы Солтүстiк Атлантикалық альянсқа мүше болып қабылдануы тағы да жарты жылға, 2008 жылдың күз-қыс айларына шегерiлген Грузияны қорқытып-үркiту, бопсалаудың айқын белгiсi. Бұл алғаш болып отырған жағдай емес. Өткен жылдың күзiнде Ресей ұшағы Грузия территориясына бомба жаудырған кезде де екi елдiң арасында жағдай мейлiнше ушығып кеткен. Екiншi дүниежүзiлiк соғыстан кейiнгi халықаралық құқықтардың осыншалық кеудемсоқтықпен аяққа тапталуы әлемдiк қауымдастықтың алаңдаушылығын туғызып отыр. Таяу күндерi БҰҰ-ның Қауiпсiздiк Кеңесi қалыптасқан жағдайды қарап, өз бағаларын бермекшi. Бiрақ, Ресейдiң Бiрiккен Ұлттар Ұйымындағы өкiлi Виталий Чуркин мырза әлден-ақ БАҚ-тардың көмегiмен Грузияны айыптап үлгеруде. Яғни, Ресей Қауiпсiздiк Кеңесiнiң бұл талқылауында құрғақ тәжiке, қысыр әңгiмеге айналдыруға даяр.

— Мен Владимир Путинмен ұзақ сөйлестiм, — деген Саакашвилидiң толғанысқа толы сөзi отандастарына ерекше әсер еткенi кәмiл. — Бұл өте ауыр әңгiме болды. Мен Грузияға агрессиялық шабуылдар жасаудан кiдiртпей әрi сөзсiз бас тартуды талап еттiм…

Кейiнгi жылдары Балтық жағалауындағы мемлекеттер, Украина және Грузиямен арадағы саяси қатынастарда даңғойлыққа иек сүйеп әккiленген Кремль билiгiндегiлер осындай арандатулардың көмегiмен бұрынғы КСРО құрамында болған елдердiң бәрiн де ықтырып, дегенiнен шығармаудың барша амалдарын жасап бағуда. Ал осындай зiл көрсетуден соң саясатта әбден жалтақ, табансыз Қазақстан мен Орталық Азияның басқа да елдерi айтқандарын екi етпей, бұйдалы тайлақтай елпеңдеп жүруiне етi әлдеқашан үйренген Ресей әскери қызметкерлерi одан әрi құтырына түспесiне кiм кепiл?!

Жаңабек ШАҒАТАЙ