БОЗ КIЛЕМДЕГI БАЙРАҚТЫ БӘСЕКЕ

БОЗ КIЛЕМДЕГI БАЙРАҚТЫ БӘСЕКЕ

БОЗ КIЛЕМДЕГI БАЙРАҚТЫ БӘСЕКЕ
ашық дереккөзі

Бауыры ыстық боз кiлем… Боз кiлемнiң үстiнде кез келген балуан буырқанып, шамырқанып шыға келедi. Қос жанары шоқтай жанып, бұлшық еттерi бұлт-бұлт ойнап тұрғаны. Тұтас бiр ұлттың намысын қорғаған бiртуар балуандар Олимпиада, әлем чемпионаттарының өзiне жеңiс сыйлаған боз кiлемдерiн сүйiп жатады. Боз кiлемнiң құдыретi, қасиетi деген осы.

Өткен сенбi, жексенбi күндерi Алматыдағы "Достық" спорт кешенiнде боз кiлемнiң бауырынан бу атқылады да жатты… Қазақстанның әр қиырынан келген 187 балуан боз кiлемнiң бауырын бiр суытпады. Даңқты балуан Дәулет Тұрлықановтың жүлдесi үшiн грек-рим күресiнен жасөспiрiмдер арасында өткен Қазақстан чемпионатына топты жарған мықтылар ғана келген едi. Бұл байрақты бәсеке өте тартысты өттi. Байрақты бәсекеге келген 20 команданың буырқанған балуандары 10 салмақ дәрежесiнде аянбай сiлкiлестi. Шеберлiгi толыспаса да, айла-әдiсi шыңдалмаса де жеңiске деген құлшыныстары керемет. Шалт қимыл, нартәуекел айқас жанкүйер қауымның да делебесiн қоздырып отырды. Қатар жайылған үш кiлемге төнген жанкүйер қиқуы бiр басылмады…

42 келi салмақтағы Ақниет Тойшыбеков пен Алмас Жапаров ақтық сында айқасып жатыр. Белдесудiң бiрiншi кезеңiнiң жеңiсi Ақниет қанжығасында. Екiншi кезеңнiң бiрiншi минөтi тiресумен ғана өттi. Түйенiң көзiндей дөңгелек (фишка) лақтырылды. Көк киiмдi Алмасты төрттағанға салды. Ақниет қаусыра құшақтап жұлқи тартты. Боз кiлемге бауырын "желiмдеген" Алмас алғызбай-ақ жатыр. Ақниет Алмасты бiр аунатып екi ұпай олжаласам деп әлек. Алмас жанталаса кiлем шетiне ұмтылды. Оңтайлы сәттi қапы жiбермедi Ақниет. Бауыры көтерiлген Алмасты толғай көтерiп бiр аунатып алды. 2 ұпай! Алмас та арпалысып жүрiп бiр ұпай ұтты. Сол сәтте уақыт та бiттi. Белдесудiң екi кезеңi де Ақниеттiң еншiсiнде. Алмас жылап тұр. Күмiс медальдi олқысынған жоқ шығар, ақтық айқаста жеңiлгенiне намыстанып тұр. Бiзге көп жағдайда жетiспейтiнi де осы – намыс!

54 келi салмақтағы астаналық Бақытжан Қуандықовтың болашағы бар балуан. Қазiргi заманда "көпiрде" тұратын балуандар өте сирек. Сонау сексенiншi жылдардағы әдемi күрестiң бүгiнде сәнi кеткен. Ол кездегi күрестер сағынышқа айналды. Қазiргi күрес ережесi өзгердi. Қазiргi күрес "төрттағанға" ауысқан. Жаңағы Бақытжан 70-80 – жылдардағы әдемi күрестi көз алдымызға әкелдi. Доғаша иiлiп "көпiрде" ұзақ тұрды. Жауырынын тигiзсем деп салмақ сала жаншыған қарсыласының әрекетiнен түк шықпады. Бақытжанның мойыны мықты екен. 2:3 есебiмен ұтылып жатыр. Бұлт етiп қыспақтан құтылды. Уақыт тiлi секеңдеп барады. Бiрiншi кезең бiтуге тура 2 секөнт қалғанда қарсыласын көтерiп алып айналдыра соқты. 3 ұпай! Электронды табло тыз еттi. Екi минөт уақыт та бiттi. Есеп 5:3 Бақытжанның пайдасында. Екiншi кезеңде Бақытжан өршеленiп кеттi. Ә дегенше 4 ұпай олжалады. Оңтайлы бiр сәтте қарсыласын кiлемде басып қалды. Тұрғызбады. Сасыр бас балуанның жауырынын кiлемге жапсырды. Мiнездi екен Бақытжан. Қуалап барып қолын алдым. Қияметi мен бейнетi атан түйеге жүк болар балуандық ғұмырына сәт сапар тiледiм. Қорғалжынның қазағы. Астанадағы Қажымұқан атындағы спорт колледжiнiң 9-класс оқушысы, спорт шеберiне үмiткер. Күресiне риза болғанымды жасырмадым. "Жан тәттi ғой, аға" дедi шүмектеген терiн сүрте алқынып. Көрдiңiз бе, жеңiлiстi "өлiмге" теңеп тұр. Қайсар, қайтпас, кесек мiнез балуандар осындайлардан шығады.

Күш атасы – Қажымұқан! Қазақ ырымшыл халық. "Қажымұқандай болса екен" деген арманмен кiшкентай нәрестеге ат қойып жатады. Оңтүстiк Қазақстан облысынан келген Қажымұқан Жаңбырбаев кiлемге шыққанда жанкүйер елең еттi. "Атына заты сай ма екен, көрейiк" деген дауыстар да әр-әр жерден естiлiп жатты. Балпаң-балпаң басқан 100 келiдегi қос балуан ортаға шықты. Қажымұқан жылдам екен. Ұстаса кеткеннен-ақ толғап-толғап алды да бұрап соқты. Таза түсiрдi. Бар болғаны 20 секөнтте!

Кiлемге өзi шығып кетердей қопаңдап, екi күн бойы делебесi қозып қиқуға басқан жанкүйер қауым да сабасына түстi. Даңқты балуан Дәулет Тұрлықановтың жүлдесi үшiн өткен Қазақстан бiрiншiлiгi кезiнде есте қалатын небiр тамаша сәттер болды. FILA-ның толық мүшесi Дәулет Тұрлықанов қазақ елiнiң боз кiлемiне өлшеусiз еңбек сiңiрген спорт ардагерлерiне үлкен құрмет көрсеттi. Грек-рим күресiнiң негiзiн салған Петр Кукушкин, еркiн күрестi өрге сүйреген Петр Матущак, атын естiгенде қарсыласының еңсесi түсетiн қос Олимпиаданың жеңiмпазы, әлемнiң бес дүркiн чемпионы Валерий Резанцев, Олимпиаданың күмiс жүлдегерi әлемнiң үш дүркiн чемпионы Анатолий Назаренко сияқты балуандарды тәрбиелеген Кеңес Одағының еңбек сiңiрген бапкерi Вадим Псарев бастаған ардагерлердi ортаға шақырып, тарту – таралғы жасады. Өткендi ұмытпай, өздерiн үлкен кұрметпен шақырып сый-сияпат жасаған Дәулет Тұрлықанов пен Гүлнар Тұрлықановаға ардагерлер алғыстарын жаудырып жатты. Боз кiлемде Қазақстан бiрiншiлiгiнiң жүлделi орындарына табан тiреген балуандар да медальдармен қоса бағалы сыйлықтарға ие болды. Бiрiншi орынға – компьютер, екiншi орынға – бейнекамера, үшiншi орынға фотоаппарат сыйлады. Ұйымдастыру комитетi бiрiншi орын алған балуандардың бапкерлерiн де ұмытқан жоқ. Бапкерлер қалта телефондарына ие болды. Жарыс соңында барлық төрешiлерге сыйлық үлестiрдi. Ерекше көзге түскен балуандар да арнайы сыйлықтарға қол жеткiздi. "Жеңiске деген құштарлығы үшiн" – Дәмiр Қазтаев ("Дәулет" спорт мектебi), "Жақсы өнер көрсеткенi үшiн" – Асқар Салтебаев (Тараз) бағалы сыйлықпен марапатталды. "Ең әдiл төрешi" деген құрметке ие болған – халықаралық дәрежедегi төрешi алматылық Тiлеубек Ақшолақов.

Бүкiл жалынды ғұмырын күреске арнап, ұлтымыздың абыройын асқақтатқан Дәулет Болатұлы бүгiнгi таңда қазақ күресiне ерекше тер төгiп жүрген мемлекеттiк бапкерге өз атынан сыйлық жасады. Грек-рим, еркiн және қыздар күресiнен мемлекеттiк бапкер Жаңаберген Сүлейменұлына жеңiл автокөлiктiң кiлтiн ұстатты. Ұйымдастыру комитетi жарысқа қатысқан барлық балуандарға қажеттi құралдар салынған жол сөмкелерiн үлестiрдi. Жастардың қуанышы шексiз.

Жарыстың өте жоғары деңгейде өтуiне ұйымдастыру комитетi ерекше күш салғаны байқалады. Бұл жерде демеушiлердi де атап өткен жөн. Бұл жарысқа демеушi болғандар: "Керамир", "Керамин", "Белавто", "Тенгизстрой", "Болашақ", "Вираж" автосалоны және "Жас сұңқар" мекемесi. Жүректердi жылытқан жарыс та аяқталды. Бiрақ бұл жарыстың әсерi қалың жұрттың көңiлiнде ұзақ сақталары сөзсiз.

Жас балуандардың жiгерлерiн жанып, намыстарын қайрап ақ жол тiлеген Дәулет Болатұлы тағы бiр қуаныштың шетiн шығарды. Пекин Олимпиадасынан кейiн грек-рим күресiнiң ережесiне өзгерiс енуi мүмкiн. Бұл – күрес өнерiнiң сұлулығына шөлдеп жүрген барша жұрттың көкiрегiн тепкiлеп жүрген ой. Қазiргi күрес -төрттағандағы күрес. Сондықтан да тартымсыз. Дәулет Болатұлы халықаралық күрес федерациясында көтерiп жүрген ой – өте өзектi мәселе.

Командалық есепте бас бәйгенi жеңiп алған – "Дәулет" спорт мектебiнiң балуандары. Екiншi орынды Алматы облысы, үшiншi орынды Жамбыл облысының балуандары иелендi.

Жарыс жеңiмпаздары мен жүлдегерлерi:

42 келi

1. Тойшыбеков Ақниет (Алматы обл.)

2. Жапаров Алмас ("Дәулет" спорт мектебi)

3. Қоленов Данияр (СҚО)

3. Медеуов Абылай (Жамбыл обл.)

46 келi

1. Салтебаев Асқар (Жамбыл обл.)

2.Сарсенбиев Жансерiк (Жамбыл обл.)

3. Алдабергенов Әлихан (Қарағанды)

3. Назаров Мұрат (Астана)

50 келi

1. Салхаев Алмас (БҚО)

2. Өмiрзақов Жасұлан (ОҚО)

3. Нұғыманов Айдын (Алматы обл.)

3. Болысбаев Бекжан (СҚО)

54 келi

1. Қуандықов Бақытжан (Астана)

2. Қосбағаров Елдос(Алматы обл.)

3. Ноғайбаев Нұрсұлтан (Жамбыл обл.)

3. Магамадов Ибрагим (Қарағанды)

58 келi

1. Базарханов Ерболат (ШҚО)

2. Бодауов Мағжан (Алматы обл.)

3. Сағымбаев Данияр (Астана)

3. Мұқаев Мадияр (Алматыобл.)

63 келi

1. Нурахов Абзал (Қостанай)

2. Қандыбаев Руслан (Алматы обл.)

3. Сұлтанбаев Нұрлан (Жамбыл обл.)

3. Қорабаев Айбек (Алматы обл.)

69 келi

1. Қазтаев Дәмiр ("Дәулет" спорт мектебi)

2. Керiмбаев Дидар (Алматы обл.)

3.Никитюк Николай (Қостанай)

3.Жұманов Данияр (БҚО )

76 келi

1. Жуынбаев Руслан (Маңғыстау обл.)

2. Асли-Али-Мақсұт (ОҚО)

3. Османов Расим (Қостанай)

3. Бошқаев Нұрболат (Жамбыл)

85 келi

1.Күзенбаев Дәмiр ("Жақсылық" клубы)

2. Сүлейменов Данияр (Астана)

3. Сәрсенов Самат (Павлодар)

3. Абрашкин Евгений (Қарағанды)

100 келi

1. Буданов Бағлан ("Дәулет" спорт мектебi)

2. Тараншиев Ернұр ("Жас сұңқар")

3. Шайкенов Еркiн (Қарағанды)

3. Жаңбырбаев Қажымұқан (ОҚО)

Зейнел ЖЕКЕЙҰЛЫ