Жаңалықтар

ЗАҢНЫҢ СОЛҚЫЛДАҚТЫҒЫ ҒОЙ

ашық дереккөзі

ЗАҢНЫҢ СОЛҚЫЛДАҚТЫҒЫ ҒОЙ

Миссионерлер қазақ отбасына ауыз сала бастады

Елден жырақ жүрсек те, елде орын алып жатқан жаңалықтарға құлағымызды қашан да түрiк жүремiз. Тiптi болмаса, үйге аптасына бiр рет телефон соғып, отбасы ошақ қасының амандығын, одан қала бердi ауыл-аймақ төңiрегiнде болып жатқан соңғы оқиғаларды сұрастыруға көшемiн. Сондай бiр "тергеуiмнiң" нәтижесiнде немересiн күнделiктi сабағына апарып-әкелетiн анам соңғы кезде Шымкент қаласында жат пиғылды дiни ағым өкiлдерiнiң қаптап кеткендiгiн, ол аздай, миссионерлердiң мектептегi оқушыларды алдап-сулап, санасын улауға көшкендiгiн, баласының болашағына балта шапқан әзiрейiлдерден зәрезап болған ата-ананың не iстерiн бiлмей дал болып жатқандығын айтқан едi.

Шынында да, қазақтың қасиеттi топырағын кiмдер баспай жүр? Елiмiз дәл бүгiн жат жұрттан бiр күндiк нәпақа үшiн ағылған келiмсек пен қол жайған қайыршының, қазақты тура жолдан, дәлiрегiнде, хақ дiнiнен адастырушы миссонерлердiң Отанына айналған ба дерсiң?! Өзге дiннiң шашбауын көтерiп, соның дегенiн көксейтiндер қоғамды iрiп-шiрiтуге дейiн барып, оған бел шеше кiрiсiп, тiптi, қазақ отбасының өмiрiне де қол сұға бастапты. Басқасын қойып, айрандай ұйыған шаңырақты шайқалта бастаған шетелдiк миссионердiң шектен тыс шығып бара жатқандығына ашынған шымкенттiк ата-аналар билiкке үндеу жариялап, басқа ағымның жетегiне тартушы арандатушыларды елден аластатуды талап етуде. Расында, өздерiн "Иегова куәгерлерiмiз" деп бiлетiн ағым өкiлдерi қаймағы бұзылмаған қазақы ортаға етене сiңiсiп алғанына да бiраз уақыттың жүзi. Қаланың қақ ортасынан даңғарадай сарайларын тұрғызып алып, талай қазақ жастарын түрлi-түстi бояуы қанық кiтаптарымен арбап, шiркеудi олардың тұрақты мекенiне де айналдырып үлгерiптi. Ендi, мiне, тамырланып кеткен ағым қанатын кеңге құлаш сермеп, бiрте-бiрте қазақы отбасына да ауыз сала бастағанын қайтерсiз? Әлде, қазақ сақарасына дәнiн сепкен дiни ағымдар төтеден жорық жасамайынша бiздiң әккi билiк арқаны кеңге салып жүре беруге машықтанған ба?

Айт, айтпа, миссионерлердiң талтаңдап, өз бiлгенiн iстеп жүргенiне бiрден бiр кереғар себеп – заңның солқылдақтығы мен шикiлiгi. Елiмiзде дiни қарым-қатынасты ретке келтiретiн "Дiни сенiм бостандығы және дiни бiрлестiктер туралы" Заң қабылданғалы берi де бiраз уақыт. Қазiр заман да басқа, сырттан ағылған түрлi ағымдағы миссионерлер де шамадан тыс көп. Осыған байланысты дiнтанушылар мен iшкi саясат департаментi мамандары "миссионерлердi еркiне жiберiп қойған "Дiни наным-сенiм бостандығы және дiни бiрлестiктер туралы" заңды өзгертпей жағдай түзелмейдi" деген ұстанымды айтып жүргенiне көп болды. Мәселенки, дiнтанушы Абдулла Бахадыр мырза: "Он мыңнан астам миссионерлер елiмiздi қоқыс алаңына айналдырды" деп Президенттiң өзi ашығын айтты ғой. Бiз сондықтан ешкiмге жалтақтамауымыз керек, әйтпесе бұлар шектен шығып кеттi. Қоғамдық орындарда, базарларда жүрiп, кiтабының арасына ақша салып берiп, жұртқа таратып жатыр. Бұл деген есiрiп, басынып кеттi деген сөз. Өз дiнiмiздi қорғай алмасақ, несiне ел болып отырмыз" деген-дi Шымкенттегi ата-аналар тарапынан жасалған үндеуге орай телеарнаға берген сұхбатында. Сөзiнiң жаны бар. Қалай болғанда да, Заңға заман, уақыт талабына сай өзгертулер мен толықтырулар енгiзу ауадай қажет. Заңның ескiрiп, жаңа баптарды қажетсiнiп отырғанын Әдiлет министрлiгiндегi Дiни iстер комитетi бiлмейдi емес, бiледi әрине. Тiптi, Дiни iстер комитетi осы құжатқа қатысты ұсыныстар әзiрлеп жатқандығы туралы мәлiмет жарияланғаны қашан. Сең жаңадан қозғала басталғандай. Мәселе шарықтау шегiне жетiп, тығырыққа тiрелдi. Ендi бұны Парламент, Үкiмет болып көтерiп, түбегейлi шешпесе қолымызды мезгiлiнен кеш сермегеннiң көкесi сонда болмақ. Жақында Парламенттiң мәжiлiсiнде Берiк Бекжанов, Камал Бұрханов, Нұртай Сабильянов бастаған депутаттар Үкiмет басшысының атына сауал жолдап, "Дiни сенiм бостандығы және дiни бiрлестiктер туралы" Заңға өзгерiстер енгiзу туралы бастама көтерген-тұғын. Естерiңiзге сала кетсек, депутат Берiк Бекжанов бұдан бұрын мәжiлiстiң отырысында, өркениеттi елдерде тыйым салынған дiни ағымдардың елiмiзде еш кедергiсiз жүргiзiп отырған қауiптi қызметiне алаңдаушылық бiлдiрiп, ҚР Үкiметiне, Бас Прокурорға, Ұлттық қауiпсiздiк комитетiне депутаттық сауал жолдаған болатын. Аса бiр серпiлiстiң бола қоймағанын сезген депутат ұлт тұтастығына қауiп төндiретiн дiни ағымдарды елден аластау туралы мәселеге қайта оралып, дiни ұйымдардың заңды бей-берекет белден басуын қатаң түрде әшкерелеп, тосқауыл қою қажеттiгiн айтты. Мәселен, "2007 жылы өңiрлiк соттардың бiрiнде ерлi-зайыптылардың iсi қаралған. Бұндағы дау-дамай отбасылы жандардың бiрiнiң Канаданың Торонто қаласынан қоныс тепкен "Ионна-Богослова шiркеуi" дiни ұйымына мүшелiкке кiруiмен байланысты туындаған екен. Яғни, бұл дiни ұйым ерлi-зайыптылардың айырылуына, отбасының шырқын бұзуға әкеп соғатын астыртын қызметтердi жүзеге асырған. Және бiр дерек, 2003 жылы 9 жастағы баланың өлiмiне ата-аналарының өздерi кiнәлi болғаны анықталған. Яғни, бұнда "Иегова куәгерлерi" дiни қауымдастығының мүшесi болып келген ата-ана сол ұйымдағы "Тәңiр ием қан тапсыруға тыйым салған" дегендi миларына әбден сiңдiрiп алған уағыз бойынша балаларын өлiмнен арашалап қалмаған, тiптi әрекеттенбеген де. Ал "Иегова куәгерлерi" қатарын толықтырған бiр студент Әнұранды айтудан бас тартса, мектеп оқушылары әскери дайындық, валеология, дiни негiздердiң ритмикасы пәндерiн оқудан қашқан. Қысқасы, көзi қарақты қауым "Иегова куәгерлерiнiң" заңды өрескел бұзатынын әрi оларға тыйым салу керектiгiн жергiлiктi "Сенiм телефондары" арқылы өтiнiптi. Бұндай мысалдарды бүгiнгi күнi көптеп келтiруге де болатын жағдайға жетiп отырмыз" – дедi мәселенiң шектен шығып кеткенiне алаңдаған Б. Бекжанов. Демек, қолданыстағы "Дiни сенiм бостандығы және дiни бiрлестiк туралы" заңға өзгерiстер енгiзетiн уақыт жеттi. "Ол бойынша қоғамдық жерлерде заңға қайшы және дiни мазмұндағы өнiмдердi таратуға тыйым салып, Конституциялық құрылысқа қарсы дiни iлiм оқытуды болдырмау қажет. Мәселен, бұл әрекеттер мемлекеттiк мекемелер мен бiлiм және денсаулық ұйымдарында жүргiзiлмеуi керек. Сонымен қатар, дiни-мәдени, оның iшiнде дәстүрлi емес дiни ағымдардың ғимараттарын салу тәртiбiн нақтылау қажет" дедi депутат. Бастау бар. Қоштаушылар да табылып қалды. Парламент қабырғасындағы халық қалаулылары қолдау бiлдiрiп, әне-мiне дегенше, заң жобасына енетiн өзгерiстер мен толықтыруларды талқылай ала жөнелдi. Депутаттардың айтуынша, осы жолғы ұсынылып отырған өзгерiстер мен толықтырулар негiзiнен дiни бiрлестiктердiң қызметiн реттеуге бағытталады. 1992 жылдан берi жалы бiрнеше мәрте күзелген заң жобасы қаптаған миссионерлердiң меселiн осы жолы қайтармаса, қайдам?

Ресми мәлiметтер бойынша, елiмiзде бүгiнде 40-тан астам конфессияны құрайтын 3 мың 992 дiни бiрлестiк бар көрiнедi. Оның 2мың 334-i мұсылман бiрлестiгi, 282-сi православие, 98-i католик, 28-i иудей бiрлестiгi, 100-ға жуық протестанттық, буддизм мен индуизмнен тарайтын қауым бар. Бұрын-соңды иегова куәгерлерi, кришнаиттер мен евангелистер қазақ жастарының санасын жаулап жатқандығы туралы сан мәрте айтып, жазған болсақ, ендi мiне, пресветериандық конфессияларға жататын "Жаңа апостол", "Благая весть", "Жаңа аспан", "Агапе" секiлдi жеке-жеке тармақтар қазақ жерiнiң түкпiр-түкпiрiне әбден сiңiсiп, өз бөлiмдерiн ашып алғандығын естiп жағамызды ұстадық. Ал, аты қазақша, заты қазаққа үш қайнаса сорпасы қосылмайтын "Дұға", "Қасиет", "Алтын қазық", "Айша" сияқты дiни бiрлестiктердiң көздегенi не? Қазақтың терiсiн жамылып алып, шетелдiң жат пиғылын астыртын түрде жүзеге асырып жатқан адастырушының нақ өзi солар емес пе? Сорақысы да сол, Қазақстанды екiншi Отанына айналдырып алған олар мiндеттi тапсырмаларын еш алаңсыз, қаннен-қаперсiз жүргiзiп жатқандығы. Айталық, бiрнеше күн бұрын "Қазақпарат" агенттiгiнде Алматы облысында тiркелмеген миссионерлiк ұйымдардың жұмыс iстейтiндiгi туралы ақпарат таратылды. Онда: "Алматы облысының жекелеген аудандарында тiркелмеген дiни бiрлестiктер жұмыстарын жалғастыруда, олардың кейбiреулерi адам құқықтарын қорғаушы бұқаралық институттарды, зиялы мемлекеттiң басқа да құндылықтарын қабылдамау, мойынсұнбау сияқты идеологияларды насихаттап отыр" делiнген. Облыс прокуратурасының хабарлауынша, Қарасай ауданындағы Евангель-христиандық шiркеуiн тексеру барысында, Оңтүстiк Корея азаматшасының жергiлiктi атқарушы органда тiркелместен, насихат жұмыстарын жүргiзiп келгенi анықталған. Ал "Свет" Евангелия-христиандық семинариясының лицензиясыз бiлiм беру қызметiмен айналысып келгендiгi де әшкерелендi. Прокуратура сондай-ақ, "Прямой" елдiмекенiндегi бұрынғы мәдениет үйiнiң ғимараты Евангелия-христиандық миссиясының аймақтық бiрлестiгiне берiлгенiн анықтады. "Дiни сенiм бостандығы және дiни бiрлестiк туралы" заңға өзгерiстiң енуiне итермелеген деректiң сорақысы мынау. Бас прокуратураның ресми өкiлiнiң айтуынша, жақын арада дiни ұйым арасында экстремистiк, террорлық пиғылды астыртын жүргiзген 50 дiни ұйым мен бiрлестiк жетекшiсi қылмыстық және әкiмшiлiк жауапкершiлiкке тартылған.

Президент Н.Назарбаевтың өзi ел аумағындағы миссионерлердiң iс-әрекетiне тосқауыл қою керек десе де, әзiрге бұл сөз желге ұшқанмен тең. Бар үмiттi Әдiлет министрлiгi жанынан құрылғанына екi жылдан астам уақыт болған Дiни iстер жөнiндегi комитеттен күтiп едiк, оның өзi миссионерлерге шектеу қоюмен айналыспайды екен. Бiлуiмiзше, бұл мекеменiң құзыретiне елiмiзден қажылық сапарына аттанатын мұсылмандарды апарып-әкелу шарасын ұйымдастыру және оны мiндетiне алатын туристiк фирмаларды iрiктеу т.б. жұмыстар кiредi екен. Кеше қырғыздар да "Дiн туралы" Заңына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу барысында Дiндер iсi жөнiндегi мемлекеттiк агенттiгi беделiнiң мықты екендiгiн айтып, таңданысын бiлдiрген. "Дiндер iсi жөнiндегi агенттiк кiмге керек? Шынын айтқанда, бұл бар болғаны мұсылман қауымды қажылық сапарға ұйымдастыру кезiнде ақша жеу үшiн құрылған агенттiк" деп ашық айтқан болатын. Солар айтқандай-ақ, бiздiң Дiни iстер жөнiндегi комитет те соның базын кешiп жүрмесiне кiм кепiл? Аты дардай бола тұра, неге қаптаған миссионерлер мен түрлi дiни ағым өкiлдерiнiң қызметiн тексерiп, бiр мезгiл тәк-тәк деп қоймайды? Әлде, бұл шаруаны мойнына алатын басқа комитет немесе ұйым құру керек пе?

Ата Заңда "Мемлекет дiн iсiне, ал дiн мемлекеттiк шаруаға тiкелей араласпайтындығы, мемлекеттен тыс" екендiгi анық жазылған. Дегенмен, таяқтың екi ұшы бары сықылды, дiни бостандыққа ерiк берiп қойған едiк, есесiне, терiс мақсаттағы ағым-секталардың небiр түрi қаптап кеттi. "Дiн – әрбiр адамның жеке мәселесi" дейтiн де түсiнiк бар. Қайта-қайта ауызға алып жатқан әрi күшiн жоғалтып алған Заңның 1-тарауы, 3-бабының 1-тармақшасында "ҚР-ның, басқа мемлекеттердiң азаматтары және азаматтығы жоқ адамдар жеке өзi, сондай-ақ басқаларымен бiрге кез келген дiндi еркiн ұстануға немесе ешқайсысын ұстанбауға құқылы. Дiнге, құдайға құлшылық жасауға, дiни жора мен рәсiмге, дiндi оқып-үйренуге қатысуға немесе қатыспауға көзқарасты айқындау кезiнде қандай да бiр күштеп мәжбүр етуге жол берiлмейдi" делiнген. Сол себептен, 1992 жылы қабылданған "Дiни сенiм бостандығы және дiни бiрлестiктер туралы" Заңға түбегейлi өзгерiс қажет. Дәлiрегiнде, бұған дейiн бiрнеше рет енгiзiлген асығыс түрдегi толықтырулар секiлдi емес, бұл жолы мейлiнше егжей-тегжейлi, толыққанды пайымдап, мәселенi түпкiлiктi шешетiндей етiп қабылдау керек-ақ. Әйтпесе, "көпдiндi, көпконфессиялы қазақ қоғамына" тастай батып, судай сiңiсiп жатқан дiни ағымдар қазақ отбасының шаңырағын ортасына түсiретiн түрi бар. Бұған дер кезiнде тосқауыл болатын тежеуiш күштi тек Заңнан ғана күтемiз, басқа қайдан?

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ