Жаңалықтар

ОҚУЛЫҚ: ТIЛI АУЫР, САПАСЫ ТӨМЕН

ашық дереккөзі

ОҚУЛЫҚ: ТIЛI АУЫР, САПАСЫ ТӨМЕН

Елiмiзде мектеп оқулықтарының сапасы сын көтермейтiндiгi бiраздан берi өзектi тақырыпқа тамызық болып жүр. Бұл мәселенiң тамырына Елбасының кезектi Жолдауынан кейiн қайта қан жүгiрген сияқты. Елбасы өз сөзiнде: "Қазақ тiлiндегi оқулықтар шығаруға арналған тендердi үнемi жеңiп алатын бiр-екi баспа ғана бар. Сонда оқулықтардың сапасын жақсарту үшiн қандай бәсекелестiк болмақ. Қазақ тiлiндегi оқулықтардың сапасы сын көтермейдi. Олар адамдарды қазақ тiлiн үйренуге емес, қазақ тiлiнен қашуға бейiмдейдi. Осы салаға жауапты тиiстi органдар нақты шешiм қабылдауы тиiс" деген едi. Демек, мектеп, оқулық базасы заман талабына сай жабдықталмай жатқанда 12 жылдықты енгiзу туралы жақ ашудың өзi ұят.

Ал оқулыққа қатысты Елбасының ашына айтқан сөзiнен кейiн Премьер-министр Кәрiм Мәсiмов Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң отырысына әдейi қатысып, "сапасыз оқулық шығаруға кiнәлiлер жауапкершiлiкке тартылуы керек" деп қатаң тапсырма жүктедi. "Оқулық мәселесi қоғамда талас тудыруда. Мен осы мәселедегi кiнәлiлердi жазалауды ұсынамын. Олардың жазаланғанын қоғам бiлуi керек. Себебi, бұған мемлекет қаржысы жұмсалды ғой", — деп қадап айтқан Үкiмет басшысы бұл мәселенi шешудi Бiлiм және ғылым министрi Жансейiт Түймебаевтың тiкелей өз бақылауына алуын тапсырды. Мiне, осыдан кейiн оқулық мәселесi мүлдем өршiп, бiраз айтылмай келген кемшiлiктердiң бет-пердесi ашыла бастады. Мәселен, былтырдан берi математика кiтабындағы қателiктердi анықтаумен айналысып жүрген алматылық Борис Плужник оқулықтан грамматикалық, әдiстемелiк және мағыналық тұрғыдағы 100-ден астам қате мен ескертулер тапқан. Жалпы алғанда, Борис Плужник 7-сынып оқушыларының "Атамұра" мен "Мектеп" баспасынан шыққан төрт оқулығын арнайы тексерген екен. Қазiр ол "Атамұраның" сегiзiншi және тоғызыншы сыныптарға арналған математикалық өнiмiн сүзгiден өткiзiп жатқан көрiнедi.

Ал жақында ұстаздар тарапынан орыс сыныптарына арналған "Қазақ тiлi" оқулығына қатысты сын айтылып қалды. Олар Күлпаш Сариеваның 2005 жылы "Мектеп" баспасынан (9-сынып) жарық көрген оқулығын бекiткен министрлiкке өз мұңдарын шағып, осы уақытқа дейiн қолданып келген Тамара Артықованың "Қазақ тiлi" оқулығын қалдыруды жөн санайтындықтарын жеткiздi. Алайда, мәселенiң мән-жайына қанығу үшiн қалған әңгiменi мұғалiмдер мен орыс сыныптарына арналған "Қазақ тiлi" оқулығының авторы Күлпаш Сариеваның өз аузынан естудi жөн көрдiк.

Толқын ОСПАНОВА: №13 көпсалалы гимназияның қазақ тiлi пәнiнiң әдiскер-ұстазы:

— Мектебiмiз жаратылыстану-математика бағытында бiлiм беретiндiктен бiзге "Атамұрадан" шыққан Т.Артықованың "Қазақ тiлiн" емес, "Мектеп" баспасынан шыққан К.Сариеваның оқулығын пайдаланасыңдар" деп шешкен. 11-сыныпқа да солай. Жоғары жақтан қандай бұйрық келсе, соны орындаймыз ғой. Десе де, бiз Тамара Артықованың оқулығын да қатар алып жүрмiз. Себебi, биыл орыс сыныптары түлектерi де қазақ тiлiнен ҰБТ тапсырады. Бiзге ең қолайлысы да — Т.Артықованың "Қазақ тiлi". Мұнда 15 модуль, әр модульдiң өз нәтиже сабағы, тест сұрағы, iшiнде грамматикалық және лексикалық тақырыбы бар. Яғни, жүйелi түрде берiлген. Ал, 9-сыныптағы Күлпаш Сариеваның "Қазақ тiлi" оқулығы орыс сыныптарындағы оқушының бiлiм деңгейiне сай емес. Бәлкiм, "Мирас" сияқты дарынды балалар оқитын мектептерде оқытса болатын шығар. Кез келген бетiн ашып қарасаң, бiр тақырыпқа арналған сөздiк 70-80 сөзден тұрады. Бiр тақырыпқа кемiнде үш сағат берiлсiн десек, мысалы, "Колумбтан бұрын түркiлер ашқан Америка немесе американдық үндiстердiң шығу тегiне тарихи және этнолингвистикалық көзқарас" (10-сабақ) деген "ғылыми тақырыптың" өзi 7 бөлiмнен тұрады. Оған қосымша "сөздiгi, сөз жасамы, синонимге көңiл бөл, сұрақтарға жауап бер, бағдарлы диалог" сияқты тапсырмалары кiредi. Бiр сабаққа берiлген екi сағатта қалай үлгересiң? Оның сыртында бiз грамматикалық материалдарды да игеруiмiз керек. Бiр қызығы, қалалық алдын-ала байқау тестте көп сұрақтар Т.Артықованың "Қазақ тiлiнен" келедi. Сондықтан да, 11-сыныпты екi оқулықпен бiрдей дайындап жатырмыз. 40 жылдық еңбек өтiлiмде ең қиналған сәтiм де осы шығар.

Нұрсұлу НҮСIПҚОЖАЕВА, ҚР Бiлiм саласының құрметтi қызметкерi, О.Жандосов атындағы №109 халықаралық-лингвистикалық гимназиясының қазақ тiлi пәнi мұғалiмi:.

— Министрлiктен, яғни, "Оқулық" орталығынан Әбiлқасымова бастаған комиссия келгенде бiрнеше қала мен ауданның бiлiктi мұғалiмдерiн тағайындап, сараптама жасадық. Оқулықтың әр тақырыбын, оның авторы кiм, қай баспадан шыққан, ол қай сыныпта оқытылып жатыр, бұл оқулықты оқыту барысында қатардағы қарапайым мұғалiмдер қандай қиындыққа тап болды, ұсынысы мен пiкiрi бар ма, соны бiлу мақсатында жасалды. Оның үстiне биыл ҰБТ-да орыс сыныптары қазақ тiлiнен тест тапсыратын болды ғой. Соған байланысты қолданыстағы бар оқулықтан тест құрастыруға бола ма, жоқ па деген мәселе тұрды алдымызда. Жалпы, мұғалiмдер қазақ тiлi мен әдебиетiне, орыс сыныптарында оқытылатын қазақ тiлi пәнi бойынша "Жаңа буын оқулықтарын", яғни, бiр-екi жыл көлемiнде емес, төрт жыл бойы қолданыста жүрген оқулықтарға сараптама жасадық. 5-6-7-9-сынып оқушылары оқып жүрген оқулық — мұғалiм-практик Тамара Мәденқызы Артықованың жетекшiлiгiмен, мектептердегi практик мұғалiмдермен бiрлесiп жазған оқулықтар. Негiзi оқулықтың көлемi, мазмұны, құрылымы жағынан оқулықтың көркемделуi, оның мәтiнiне қандай талап қойылды және тiлi мен стилi қандай деген сияқты мәселелердi қорытындылай келе, авторға да, баспаға да ұсыныстар айтылды.

Биыл да министрлiктiң бұйрығы бойынша Алматы облысы бойынша тексеруде болып келдiм. Сол кезде қазақ тiлiне қойылатын талаптар қалай орындалуда, кiмнiң оқулығымен оқып жатыр, ол тиiмдi ме, жоқ па, өзге ұлт өкiлдерiн оқытуда қандай қиыншылық кездеседi деген мәселе төңiрегiнде мұғалiмдермен де пiкiрлесiп қайттық. Бүгiнде бiлiм ұялары жүйелi түрде жазылған 1-4-сынып Қайырбекованың оқулығын, 5-10-сыныпта Артықованың оқулығын қолданып жатыр. Жалпы, мұғалiмдердiң пiкiрi өте дұрыс. Себебi, бұл оқулықтарда берiлген мәтiн, жаттығу материалы, деңгейлi тапсырмалар талапқа сай.

— Ал, қазақ тiлi пәнi мұғалiмi ретiнде сiздiңше К.Сариеваның оқулығы дұрыс па, әлде Т.Артықованың оқулығы ма?

— Күлпаш Сариева — Мемлекеттiк тiл — қазақ тiлiнiң дамуына көп үлес қосқан ғалым. Бiз ол кiсiнi құрметтеймiз, сыйлаймыз. Оқулығын жаман деп айта алмаймын. Бiрақ, ол кiсiнiң оқулығындағы оқу материалдары өзге ұлт өкiлдерiне қазақ тiлiн үйретуде қиындық туғызады. Тiлi ауыр, мәтiнi терең мазмұнда берiлген. Мұғалiм де, оқушы да қиналып, оны аударуға мәжбүр болады. Мұғалiм ретiнде айтсам, ол кiсiнiң оқулығын қосымша оқулық ретiнде қолдануға болады. Неге десеңiз, оқу материалында берiлген мәтiнi қазақ тiлiн жақсы меңгерген қазақтiлдi балаларына тиiмдi.

— Министрлiк негiзiнен осы оқулықты бекiттi ме?

— Былтырғы стандартқа сай қолданылатын оқулықтарды бекiткенде К.Сариеваның 9-сыныпқа арналған "Қазақ тiлi" бiрiншi тiзiмде тұр. Бiрақ көп мектеп бұл оқулықты қолданбайды. Биылғы оқу жылында сабақтың сағаты көбеюiне байланысты бес сағат топқа бөлiнiп оқытылады. Кейбiр қосымша түрде оқу бағдарламасының жылжымалы бөлiгiмен оқытатын Алматы облысының мектептерi К.Сариеваның оқулығымен оқытады екен. Ал негiзiнде мұғалiмдердiң көпшiлiгi Т.Артықованың оқулығын құптайды. Өкiнiшке қарай, кейбiр авторлар өздерiне айтқан сынды жақсы қабылдамайды. Себебi, олар "Қатардағы қарапайым мұғалiм кiм?", "Бiз ғалымбыз" деп талас тудырып жатады. Жоқ, олай емес. Ең алдымен тығырыққа тiрелетiн де, қиналатын да сол қарапайым мұғалiм. Оқушыға жан-жақты түсiндiру үшiн мұғалiмге көп iзденуге, бүгiнгi өмiрдiң талабына сай жаттығу мен сөйлемдердi iздеуде көп тер төгедi. Оқулық авторлары нағыз практик-мұғалiмдермен бiрге сыннан қорытынды шығарып, оқулықты қайта басып шыққан кезде бәрiн ескерiп отыруы керек.

— Бұрын оқулық мәселесi Ы.Алтынсарин атындағы Қазақ Бiлiм академиясына қарайтын едi. Ал қазiр бұл мекеме не iстейдi?

— Оқулық мәселесiн қадағалап отыратын "Оқулық" орталығының бiр бөлiгi Алматы қаласында отыр. Мұндағы азаматтармен тығыз байланыстамын. Бiрақ Бiлiм академиясы жаңадан жазылған оқулық iс-тәжiрибеден өткiзiп жатқанда, өкiнiшке қарай, нағыз лингвистикалық гимназияға немесе тәжiрибесi мол мұғалiмдерге бермейдi. Әйтеуiр бiр мектепке беру керек дейдi де, бере салады. Ал олардың пiкiрi бiр-бiрiне қарама-қайшы болып жатады.

Тағы бiр мәселе — оқулықтың көркемделуi. Көлемi, салмағы сай келгенмен сыртқы мұқабасының көркемделуi нашар. Бұл ендi баспаның iсi десек те, бiр жылдан кейiн парақ-парақ болып жыртылып жатады. Сондықтан баспа қатты мұқабамен шығарса деймiн. Ал баспа арасында да өзара бәсекелестiк бар, тендердi жеңiп алуда. Сосын iшiндегi суреттердi қара түспен бере салады да, оқушының қызығушылығын арттырмайды. Мiне, сараптама жасағанда осыны да ескеру керек.

— Мәтiнге де қойылатын талап бар ғой…

— Оқу бағдарламасына сәйкес, оқушыға танымдық материалдарды түсiнiктi тiлмен бергенмен, кейбiр мәтiннiң тiлi қысқа, кейбiрiнiң тiлi шұбалаңқы болып жатады. Байқасаңыз, К.Сариева "Қазақ тiлiнiң" оқу мәтiнiне көркем шығармалардан, газет бетiндегi мақалаларды қиып алып бере салады. Ол дұрыс емес. Оны жай сөйлеммен құрастыру керек. Өкiнiшке қарай, оқушының көбi оқулықтың бетiн ашқысы келмейдi.

— Қалай ойлайсыз, бiздегi оқулықтың бәрi осы күйдi кешiп отыр ма?

— Тәуелсiздiк алғалы берi қаншама оқулық жарық көрдi. Бiлiм академиясы министрлiк бекiткен нұсқау хатта көрсетiлген оқулықтың бәрiн балама оқулық ретiнде бередi. "Мұғалiм, оқушы, ата-ана қай оқулықты таңдап алам десе өз еркi. Бiлiм департаментi баспаға ақша бөлiп, оқулыққа тапсырыс бергенде, қай оқулықпен қай мектеп қамтамасыз етiлдi, сонымен оқу керек" дейдi. Өткенде Алма Әбiлқасымова келгенде биылғы келген нұсқау хатты "бiрiншi рет көрiп тұрмын" деген. Сонда нұсқау хатты "Оқулық" орталығы бiр бөлек, Бiлiм академиясы бiр бөлек дайындай ма? Айта кетерлiгi, биылғы нұсқау хатта 2002-2003 жылғы 6-сыныпқа арналып шыққан, кейiн қолданыстан алынған Құлмағанбетованың, 5-сыныпқа арналған Байжанованың оқулығын енгiзiптi.

Әрине, мұғалiм жанына батқаннан кейiн ғана шырылдайды. "Тiптi, осындай сорақылықты көргенде өзiм де қолыма қалам алып, оқулық жазғым келiп тұрады" — дейдi 40 жылдан берi ұстаз Толқын апай. Алайда, "оқулықты кiм көрiнген жаза берсе, не болады?" дегендi де естен шығармайтын ұлағатты ұстаз оқулық авторларының да ойланатын кезi келгенiн ашына айтады. Ал, бiз мұғалiмдердiң сын-пiкiрiнен кейiн "Қазақ тiлi" оқулығы авторы Күлпаш Ынтықбайқызы Сариевамен де жолыққанбыз.

Күлпаш САРИЕВА, орыс сыныптарына арналған "Қазақ тiлi" оқулығының авторы:

БАЛА ҚИЫННАН ӨТСЕ ҒАНА БIЛIМ АЛАДЫ

— Орыс сыныптарына арналған "Қазақ тiлi" оқулығының авторысыз. Бiзге мұғалiмдер хабарласып, осы оқулық жөнiнде сын айтып едi. Яғни, орыс сыныбындағы оқушы материалды ауыр қабылдайды дегендi алға тартты.

— 1987 жылдан бастап оқулық жаза бастадым. Оқушыға не керек екенiн талай жылдан берi зерттеп келем. Негiзi оқулығымды министрлiк бекiттi. Оқулықты түсiну үшiн әуелi бастапқы бетi мен мазмұнына қарау керек. Бiздегi барлық автордың оқулықтарын кезiнде өзiмiз сынаған едiк. Соның бәрiн бiр тақырыпқа бағындыруға көштiк. Ал бiздiң осы күнге дейiнгi орыс сыныптарына арналған оқулықтың көбiн таза қазақ мектебiне арнап жазатын автор құрастырды да, есесiне басқа ұлттың қабылдау қабiлетiн ескермедi. Бiз баланы 11 жыл оқытамыз, сонда 9-сыныпта не оқытуымыз керек? Мына оқулықтан оқушы берiлген 600 сөздi игеру керек. Мiне, менiң қолымда баланың бiлiмiн тексеретiн 100 сұрақ-тест бар. Оқу жылының соңында мектепке барам да, тексеремiн. Егер бала актив сөздермен сөйлем құрастыра алмаса, оқулық түкке жарамайды деген сөз. Ал жеңiл оқулық ешқашан бiлiм бермейдi. Айналайын-ау, 9-сынып оқушысы газет бетiндегi материалды оқып, бiр мәлiмет алуға жарау керек емес пе?! Себебi, тоғыз жыл деген тоғыз деңгей деген сөз. 1-4 сынып арасында элементарлы деңгейдi, 5-6 сыныпта грамматикалық, базалық деңгейдi, 7-8 сыныпта публицистикалық, ал 9-11 сыныпта ғылыми мәтiндi оқып-жазуы керек қой.

— Оқулықта тақырыптың шұбалаңқылығы да жиi ұшырасады. Сiздiңше, орыс сыныбындағы оқушылар мұны тез қабылдай ала ма?

— 25 жыл мектепте қызмет iстедiм. Қабылдай алады. Ол үшiн баланы дайындау керек. 9-дан кейiн оқушы оқымайды, колледжге, т.б.кетедi. Жақсы оқитын бала бiрден қабылдап әкетедi. Ал Т.Артықованың 9-сыныпқа арналған "Қазақ тiлiнде" кiшкентай ғана мәтiн берген. Ұят емес пе?! Стандарт авторы ретiнде осы қазақ тiлi пәнiнiң бағдарламасын жасап, 20 жыл бойы осы бағытта шұғылданып келемiн. Мұғалiм мәтiндi сөзбе-сөз аудармай, оқушымен пiкiр алмасуы керек. Яғни, мұғалiм бiлiм берудiң технологиясын бiлмейдi. Сөйлеу әрекетiнiң — тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым секiлдi төрт түрi бар. Тiптi, бұны естiмеген мұғалiмдер де бар арамызда. Неге мен күрделi сөйлем бердiм. Өйткенi, бағдарлама бойынша сабақтас құрмалас сөйлемдi енгiзуiм тиiс.

— Кейбiр мектеп бұған дейiн Т. Артықованың оқулығымен оқып келсе, былтырдан берi сiздiң оқулығыңызды енгiзiптi. Оған дейiн қолданыста болмады ма?

— Т.Артықованың оқулығының деңгейi 6-сыныпқа арналғандай. Оны ғылыми әдiстемелiк жағынан да дәлелдеп бере аламын. Тамара өзiмнiң аспирантым. Жәй мұғалiм боп жүрiп, оқулық жаза бастады. Өзiне де "9-сынып оқушысы қысқа мәтiнмен жұмыс iстеу деген ұят емес пе?! Тапсырмасы да жеңiл…" деп айтқанмын. Бiрақ бұл 3-ке оқитын балаға жеңiл, ал 5-ке оқитын оқушының iшiн пыстырып жiбередi. Сондықтан кез келген оқулықтың соңында тестiсi, яғни, сүт бетiндегi қаймағы болуы керек.

1-7 сынып оқулығын "Атамұра", одан жоғары сыныпқа арнап "Мектеп" баспасы шығарды. Ал менiң оқулығымды "Мектеп" баспасы шығарды. Бұған дейiн 77 мектептен мониторингтен өтiп, оқытылған. Оның үстiне стандарттың авторы болғаннан кейiн де министрлiкке ұсынылды. Бекiттi. Тапсырыс бердi. Бiрақ бар болғаны 30 мың данамен жарық көрдi. Мысалы, бұл оқулық Оңтүстiк Қазақстанға жетпейдi. Соның өзiнде кейбiр мұғалiмге ұнаса, бiрiне ұнамай жатады. Оларға: "Бала қиыннан өтсе ғана бiлiм алады. Ауырдың үстiмен, жеңiлдiң астымен жүрмеуi керек" деп түсiндiремiн.

— Менiңше, бұл оқулықты кейбiр мектеп қосымша ретiнде, ендiгi бiрi негiзгi пән ретiнде пайдаланады екен…

— Оның рас. Қазiр кей мектеп Т.Артықованың "Қазақ тiлiмен" оқытса, кейбiрi менiң оқулығымды қолданады. Негiзi оқулық көп болуы керек. Себебi, бiр сыныпта 3-ке, 4-ке, 5-ке оқитын оқушы бар. Мәселе, оқушы қай оқулықтан болсын танымдық материал оқып, кемiнде 600 сөздi бiлуi тиiс. Сол естiген, үйренген сөзiмен қарым-қатынас жасауы ләзiм. Қараңызшы, Т.Артықованың оқулығында мәтiн емес, сөздiк басым. Бұл тiл үйрету емес, танымдыққа жатады. Айналайын-ау, бұл оқулық ән-күй емес, тарих емес, "Қазақ тiлi" ғой. Бiз қазақ тiлiн үйрету үшiн оқулық жаздық. Әр мәтiнге грамматикалық, лексикалық тапсырма беру керек. Автор оқулық жазғанда оқушының қанша сөздi игерiп шығатынына көңiл бөлуi керек. Егер оқушы игерсе, оқулық 100 пайыз жарайды деген сөз. Ал игермесе, авторға "Кешiрiңiз!" деу керек, бiттi. Демек, мұндай оқулықпен бала қазақ тiлiнде ешқашан сөйлемейдi. Оқушы мыжып оқиды, түк қонбайды, мұғалiм жалақысын алып жүре бередi. Сүттi жинап-жинап, пiскенде май алу керек қой. Ал мына оқулықтың майы қайда?

— Оқулықта көбiнесе газет бетiндегi мақалалар берiлiптi. Бұл дайын материалды бере салу емес пе? Бұл жағынан сiзге сын айтыла ма?

— Бұл мәтiндер икемделiп, қысқартылып берiлген. Әзiрге ешкiм сын айтқан жоқ. Орыс сыныбында басқа ұлт өкiлi балалары оқитындықтан да, әр елдiң ғұламаларын, ғалым-жазушыларын берудi жөн көрдiм. Бiрде-бiр оқулықта бiр сөздiң түбiрiнен бiрнеше сөздi шығару үрдiсi жоқ.

— Ендеше орыс сыныптарындағы балалар неге қазақ тiлiнде жақсы сөйлей алмай келедi?

— Өйткенi, бiз көбiнесе ананы, мынаны танытамыз деп, танымдық жолмен кетiп тарихи мәтiндi енгiзiп жатамыз. Бiз тарих емес, қазақ тiлiн оқытып жатқан жоқпыз ба? Бала теорияны бiлгенмен, сөйлей алмай жатады. Негiзi ұғым және грамматикалық үлгi (көптiк, септiк, жiктiк, тәуелдiлiк) мәтiннiң басында тұруы керек. Қазақта сөз түбiрi емес, ұғым қалыптаспаған. Егер орыстың баласы менiң кiтабымдағы 600 сөздi бiлсе, пайдасы тидi деген сөз.

Бiлiм және ғылым министрлiгi бiздiң жасап жатқан концепциямызды, дүниемiздi алға жылжытпайды. Мәселен, жазған басқа оқулықтарымды өз қаржыма шығарып жатқан жайым бар. Егер бiр концепцияны ұстанып, стандартты жазған бiздi эксперт жасаса, бүгiнгiдей жағдай болмас едi. Өзiм Бiлiм академиясында жиырма жылдай қызмет iстеп, оқулық мәселесiнiң басы-қасында жүрмiн. Кейiн әр түрлi жағдаймен басқа жерге ауысып кеттiм. Неге десеңiз, бiз теориясын қалап, тұжырымдамасын жасадық, бiрақ оқулық жазу тiстегеннiң аузында, ұстағанның қолында кеттi. Себебi, баспалар бiр-бiрiмен бәсеке. Ал, оқулық — ақшаның көзi. Министрлiк тендер жариялағанда "Кiмнiң оқулығы өту керек, қай баспа ақша түсiру керек" деген әңгiме басталады. Маған бәрiбiр. Оқулықты жоғарыдан енгiзедi. Бүкiл мектеп соны сатып алады. Ешкiм сараптап қарап отырған жоқ. Бәрi де бекiтiлiп, ақшаға тiрелген кезде, "Ойбай, анау Сариева қаламақы көп сұрайды, оның оқулығын шығармаңдар. Одан да ештеңе бiлмейтiн авторларға 100 мың теңге берсек жетедi" дейдi. Шындығы осы. Сөйтiп, жүнiмiздi түтiп, оюымызды ойып, ендi киiз басам деп отырғанда жел ұшырады да кетедi. Бiз жасаған концепция, стандарт, өз қалтамыздан шығарып жатқан құнды дүниелердiң ешкiмге керегi жоқ. Ал оқулықтарым арқылы №18 мектептегi басқа ұлт өкiлдерi 1-сыныпта-ақ қазақ тiлiнде сайрап кеткен. Бала-шағама үй алмай, киiм алмай 500 данамен өз ақшама шығардым. Бұл кiмге керек? Мiне, қазiр бұл оқулық сөреде шаң басып жатыр. Өйткенi, министрлiк бекiтпей қойды.

— Нелiктен?

— Бекiтпейдi. Оларға қазақ тiлi керек емес. Әсiресе, қазақ тiлiнiң жақсы оқулықтарын жаратпай тастайды. Кезiнде әлiппелiк үлгiмен шыққан оқулығым 1998 жылы Бiлiм және ғылым министрлiгi мен Тiлдердi дамыту департаментi жариялаған байқауда жүлделi орынды жеңiп алды да, мемлекеттiк тiлдi үйренуге оқу құралы ретiнде ұсынылды. Сол кезде, компьютер жоқ уақытта алты мың теңгеге үш мың данасын шығардым. Осы үшiн маған бес мың сыйақы бердi. Мiне, қазақ тiлiне жанашырлық осы ма? Ал неге осыны мыңдап шығармайды? Егер осыны бастауыш сыныптағы балалар оқыса, 600 сөздiктi оп-оңай үйренер едi. Қазiр жолдасым Ш.Сариевтiң қорының арқасында суреттiк сөздiк кiтабын шығарып жатқан жайым бар.

— Сiздiңше оқулық жазу барысында ескеретiн басты нәрсе не?

— Менiңше, бастауыш сынып оқулығында батырлар жырын берген дұрыс. Себебi, екi сөзден образ шығады: "Баяғы өткен заманда,

Қара қыпшақ Қобыланды

Атасы оның Тоқтарбай,

Елден асқан болды бай…".

Мiне, баланың көз алдында сурет пайда болады. Ал бiз бастауыш сынып оқулығында мынадай мәтiн беремiз. "1865 жылы Ыбырай Алтынсарин Қостанай губерниясында мектеп ашты". Баланың алдында образ жоқ. Түсiнбейдi, абстрактiлi ой жасай алмайды.

Әрине, менiң оқулығым жақсы, басқаның жазғаны жаман деп айтпаймын. Себебi, әр ғалым өзiнiң деңгейiнде жазуға тырысады. Бiрақ, сол жазған оқулығына мониторинг жасауды ескермейдi. Кезiнде арнайы зерттеу жасау нәтижесiнде шығарған "Мектеп оқулығына мониторинг" атты кiтапта оқулықтың кем-кетiгiн дәлелдеген деректер жарияланды.

— Тек қана қазақ тiлi оқулығы емес, көптеген оқулықтар сынға iлiгуде.

— Қарап тұрсаңыз, бiр оқулыққа әр автордың қосқан үлесi бар. Бар оқулықты қарап, жүйелесе, авторларды шақырып алып, кемшiлiгiн бетiне басып айтса екен. Жақында бiр газетте алгебра мен геометрия оқулығын қырғыздарға жаздырыпты деген сарындағы мақала жарық көрдi. Оны жазуға тапсырыс берiп отырған да "Оқулық" орталығының бастығы Алма Әбiлқасымова.

Орыс сыныптарында "Қазақ тiлi" пәнiнен сабақ беретiн мұғалiмдер мен оқулықты жазған автор Күлпаш Сариеваның пiкiрiнен соң, Бiлiм және ғылым министрлiгi жанынан құрылған республикалық "Оқулық" ғылыми-тәжiрибелiк орталығының директоры Алма Әбiлқасымованың осы мәселеге қатысты пiкiрiн бiлгiмiз келген.

ОҚУЛЫҚ АВТОРЛАРЫ ОҚУЛЫҚТЫ СЫЛТАУ ЕТIП, ҚАЛАМАҚЫНЫ АЛУДЫ КӨЗДЕЙДI

— Алма апай, соңғы кезде мұғалiмдер тарапынан оқулықтарға сын-пiкiр жиi айтылып жүр. Соның бiрi — орыс сыныптарының 9-сыныбына арналған "Қазақ тiлi" оқулығы туралы…

— "Оқулық" орталығы Үкiметтiң қаулысымен 2005 жылдың сәуiр айында ашылған. Бұйыртса, үш жыл толады. Үш жылда К.Сариеваның бiр оқулығы бiзге сараптамаға келген емес. Себебi, Сариеваның оқулығы оқу процесiнен бұған дейiн алынып тасталған екен. Мүмкiн, мұғалiм, мектеп директорының ұсынысы бойынша байқаудан өткiзiлiп алынған болар. Тек орталықтың сараптамасынан өткен оқулықтар туралы ғана айта аламын. Ал министрлiк тарапынан кiргiзiп жiберсе ол жағы тағы беймәлiм. Бiрақ бiлiм ұяларына жiберiлген оқулықтың келесi жылға арналған тiзiмi iшiнде К.Сариеваның "Қазақ тiлi" оқулығы жоқ. Бiз бiлетiн Т.Артықованың оқулығы "Жаңа буын оқулығы" ретiнде тендер жеңiп алған.

— "Оқулық" орталығы не жасап жатыр?

— Оқулыққа, оқу құралдарына, қосымша оқу құралдарына, мектепке және жоғары оқу орындарына арналған оқулыққа, яғни, бiлiмнiң барлық деңгейiне арналған оқулықтарға сараптама өткiземiз.

— Әсiресе, кейiнгi кезде оқулықтың кем-кетiк тұстары ашық әшкерелене бастады. Мұғалiмдердiң бiрi "Алгебра, геометрия оқулығын неге қырғыздарға жаздырамыз" десе, ендiгiсi "Қазақстан тарихы оқулығында қате көп" деп дабыл қағуды жиiлеттi.

— "Жаңа буын оқулық" ретiнде тендерден жеңiп алған кешегi оқу бағдарламасынан алынып тасталған "Адам және қоғам" оқулығы да кем дегенде 6-7 жыл қолданыста болды. Мәселен, тендерге түскен 10 оқулық iшiнен ең жақсысы ғана жеңiп алады. Бұл оқулықтың ешқандай қайта өңдеуге баратын жөнi жоқ. Ал осы оқулықты 5, 10 жылдан кейiн "Мынау оқулық қате!" деп дабыл көтередi.

— Не себептен 5-10 жылдан соң?

— Өйткенi, оқулықтың мазмұндық сапасы төмен. Бұл оқулық тендердi қалай жеңiп алды? Мәселе сонда. Кезiнде Елбасы ел жағдайының қиын-қыстау кезiнде, яғни, 1996-1997 жылдары Конституцияның 30-бабынан басқа, тағы бiр бағдарлама қабылдап, болашақ ұрпақ үшiн оқулықтың бәрiн тегiн шығартып, мектепке тегiн таратты. Соған байланысты ақша бөлiп, тендер жариялады. Көптеген автор ең үздiк оқулығы үшiн қаламақы алды. Ендi келiп "10 жыл бойы оқулығымды жiбермей жатыр", "Оқулық" орталығы өткiзбейдi" деп ылаң тудырады. Ол оқулықты жiберуге ешкiмнiң құқы жоқ. Өйткенi, бұл оқулық мемлекеттiң ақшасы есебiнен тендер жеңiп алған. Неге бұл оқулық осы уақытқа дейiн сыналады? Оқулық авторлары керiсiнше, оқулықты сылтау етiп, соның соңындағы қаламақыны алуды көздейдi.

Сорақысы сол, егемендiгiмiзге 17 жыл толса да, "Қазақстан тарихы" оқулығын дұрыс жаза алмай келемiз. Ал сол тарихшы ағалар "Тендердi жеңiп алған оқулығымды "Оқулық" орталығы, оның директоры Әбiлқасымова жiбермей отыр" деп қайта-қайта жазады. Керек болса, тендердi жеңiп алған оқулық ретiнде сол қате жазылған оқулықтарды жауапқа тартуға болады. Неге бiз Тәуелсiздiк алғалы берi "Қазiргi заманғы Қазақстан тарихын" жазбаймыз? Қайда бiздiң қаптаған авторлар? Алғашқы кезде "Жаңа буын оқулығы" деп жеңiп алған "Қазақстан тарихын", қазақтiлдi оқулықтарды Елбасы 2004 жылғы 19-наурызындағы Жолдауында, одан кейiн 2004 жылдың 12 қазандағы мұғалiмдердiң республикалық құрылтайында да сынға алған. "Қазақстан тарихын" жаза алмағандарың қалай?" деп қатесiн шұқып көрсеттi. Төрт жыл өттi. Оқушылар әлi күнге дейiн қате жазылған кiтап¬тармен оқып жүр. Неге "Қазақстан тарихы" оқулығындағы сандық көрсеткiштер, даталар, дәуiрлер бiр-бiрiне сәйкес келмейдi. ҰБТ-дағы сұрақтардың бәрi жаңа буын оқулықтары бойынша берiледi. Биылғы ҰБТ-ның сұрағы да осы жаңа буын оқулықтары негiзiнде құрылады. Мiне, қуырдақтың көкесiн сонда көремiз. Оқулық, бiлiм жүйесi, бiлiмгер маман бүгiнгi заманда әр мемлекеттiң төлқұжаты. Егер оқулық дұрыс болмаса, қайда барамыз?

— Сараптамаға келген оқулықтың кемшiлiгi болса, қайтарасыздар ма?

— Неге қайтармаймыз?! Қайтады. Математика пәнi бойынша сараптамаға келген авторлардың кейбiреуiнiң оқулығы жарамайды деп қайтарылса, талай оқулықты қайта жөндеуге жiбердiк. Осы оқулықтардың бәрiн құрастырғандар кезiнде Қазақ бiлiм академиясын құрған авторлар ғой.

— Бұрындары оқулықтарға жылына бiр немесе екi жылда бiр рет мониторинг жүргiзiлiп тұратын. Қазiр "Оқулық" орталығы бұл iстi жайбасарлыққа салып қойды дейдi. Сiз қалай қарайсыз?

— Мектепке барып мұғалiмдi қинауға, қанауға болмайды. Бұл оқулықтың бәрi арнайы байқаудан жеңiп алған. 2004 жылы "Бiлiм туралы" Заңға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлдi. Онда "Кез келген автор оқу процесiне балама оқулық жазып, ұсына алады" делiнген. Мiне, осыларды ғана бiртiндеп сынақтан, қайта жөндеуден өткiзуге болады. Демек, "Жаңа буын оқулығы" бағдарламасы бойынша тендер жеңiп алған оқулықтар ешқандай қайта өңдеуден жатпайтын оқулық. Алайда, оқулық 4 жыл сайын баспадан шығып тұратыны бар. Сол кезде бiлiм саласындағы реформаларға орай ақырындап қосымшалар енгiзуге болады.

ТҮЙIН. Орыс сыныптарына арналған "Қазақ тiлi" оқулығы жөнiнде ұстаздар мен маманның пiкiрi осындай. Алайда, бiрiнiң айтқан ойы екiншiсiне қарама-қайшы. Ұстаздардың айтуынша, қолданыстан шығарылған сапасыз оқулықтардың орнын алмастырған жаңа кiтаптарда да қателер өрiп жүр. Осы жерде ол оқулықтар қалай қолданысқа жiберiлiп жүр деген сұрақ туындайды. Десек те, бұл мәселенi тiкелей өз құзыретiне алған республикалық "Оқулық" ғылыми-тәжiрибелiк орталығы да қалай, не себеппен өткiзiлгенiнен бейхабар екен.

Соңғы кезде оқулықтарға қатысты айтылып, жазылып жүрген ескертулерден кейiн министрлiктiң жанынан арнайы комиссия құрылды. Бiлiм және ғылым министрi Жансейiт Түймебаевың айтуынша, министрлiкке тек қана былтырғы жылдың өзiнде алгебра, геометрия, қазақ тiлi, т.б. оқулықтардың кем-кетiк тұстарын ашық жазған 30 ресми хат түсiптi. Бүгiнде 200-ге тарта оқулыққа тексеру жасалып, жарамсыз деп табылған 17 оқулық пен 6 оқу-әдiстемелiк кешен бiлiм беру бағдарламасынан алынып тасталды. Ал биылдан бастап қалған оқулықтар үш мәрте сараптамадан өткiзiлген кейiн ғана қайта басып шығару мүмкiндiгiне ие болмақ.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ