Жаңалықтар

«ЭКСПО-2015»: Миландағы мәртебе

ашық дереккөзі

«ЭКСПО-2015»: Миландағы мәртебе

Әлемнің 144 мемлекеті, 3 халықаралық ұйым мен 16 мемлекеттік емес ұйымның басын қосқан Миландағы «ЭКСПО-2015» көрмесі өз жұмысын бастаған екі айдың ішінде ғаламшарымыздың өзекті мәселелері талқыланар ауқымды сұхбат алаңына айналып үлгерді. «Планетаны асырау. Өмір сүруге қажетті қуат» деп аталатын бүкіләлемдік көрме аясында 27 маусым күні Қазақстанның Ұлттық күні аталып өтті. Шараға қысқа мерзімдік жұмыс сапарымен Италияға барған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысты.

Қазақстан мен Италияның мем­ле­кеттік гимндері орындалып, елі­міздің көк туы жоғары көтеріл­ген­нен кейін ЭКСПО-2015 көрме­сін­дегі Қазақстанның Ұлттық күні салтанатты түрде ашық деп жа­рия­­ланды. Елімізге зор ықылас көр­­сетіп, шараны өткізу үшін Миланға арнайы ат басын бұрған Нұрсұлтан Назарбаевты қарсы алу үшін Қазақстан павильонына жинал­ған жұрттың қарасы қалың. Жай күндері де келушілердің саны жөнінен(4,5 мың адам) өзге павиль­он­дардан оқ бойы озық тұратын павильонымыздың тіршілігі бұл күні тіпті қыза түсті.

Қазақстан ұлттық күнінің ашылу рәсімі өткен ЭКСПО баспасөз орталығының мінберіне көтерілген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Милан көрмесінің бас тақырыбы болып отырған «Планетаны асырау. Өмір сүруге қажетті қуат» ұранының қазіргі таңдағы маңызының айрықша тоқталды

– Таяудағы отыз жылдың ішін­де жер бетіндегі азық-түлік тұтыну мөл­шерінің екі есеге артқалы тұрғанын ескер­сек, адамзат баласы үшін XXI ғасырдағы басты қатерлердің бірі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету болатынын пайымдау қиын емес. Біз бұған осы бастан дайын бо­луымыз керек. Ал аталған проб­леманы жеңу үшін осы тұста барлық мемлекеттердің бірлесе күш-жігер жұмсаулары ауадай қажет, – деді Қазақстан Президенті.

Елбасы жаһандағы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісіне Қазақстан да белсене атсалысып келе жатқанын айтты: «Біздің еліміз әр тұрғынға шаққандағы егістік алқабының көлемі жөнінен Австралия және Канада елдерімен қатар алдыңғы орындардың бірін алады. Қазақстанның ауыл шаруашылығы жерлерінің көлемі – 215 миллион гектар, бұл әлемдік ресурстың 4 пайызынан астамын құрай­ды. Табиғи-климаттық жағдай­дың әртүрлілігі мен құнарлы топырақ бізге Жер шары тұрғындары үшін бәсекеге қабілетті азық-түлік өндіруші болуға мүмкіндік береді деп үміттенеміз. Қазақстан әлемдегі ірі астық экспорттаушы елдердің алдыңғы ондығына және ұн экспортынан бірінші бестікке кіреді. Жыл сайын елімізден Азия елдеріне 6 миллион тоннаға, Еуропалық одақ мемлекеттеріне 2 миллион тоннаға жуық бидай шығарылады. Жалпы, экспортымыздың географиялық ауқымы 70-тен аса елді қамтиды», – деді Мемлекет басшысы.

Көрмеге қатысушылар Қазақстан­дағы «Агробизнес-2020» бағдарлама­сының мақсат-міндетімен, сондай-ақ еліміздің өңдеу секторына жетекші трансұлттық компанияларды тарту тәжіри­бесінің нәтижелерімен таныс­ты. «Біз қазір 60 мың тонна етті экспортқа шығару мақсатын алға қойып, осы бағытта нақты жұмыстар жасап жатырмыз. Қазақстан қазір Қытайдың бастамашы болуымен қолға алынып жатқан «Жібек жолы» экономикалық белдеуін құру жобасына қатысуда. Ал жақында өткен Астана экономикалық фору­мында аталған жобаны жүзеге асыруды қамтамасыз етудің ықпал­ды шараларының бірі ретінде Еуразияның трансқұрлықтық дәлізін құру мәселесі талқыланды», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы бұдан әрі Милан көрме­сінің әлемдегі азық-түлік қауіпсіздігі тақы­рыбына арналған ұтымды үнқатысу алаңы ғана емес, сонымен қатар, оның әр елдің салт-дәстүрі мен мәдениеті туралы біле түсудің жақсы мүмкіндігі екенін атап өтті: «Қатысушылар мен қонақтар біздің байырғы мәдениетімізбен және бай тарихымызбен танысып, бүгінгі Қазақстанның жетістіктері мен жоспарлары жөнінде көбірек біле алады, сондай-ақ, қазақтың ұлттық тағамдарының сан алуан мәзірі мен бірегейлігіне баға бере алады. Біздің елді жақынырақ таныған соң сіздердің міндетті түрде 2017 жылы Қазақстанға баруға құштарлықтарыңыз оянатынына сенімдімін», – деді Президент. Милан көрмесінің табысты өтуіне тілектестік білдіре отырып, Нұрсұлтан Назарбаев әлемнің түк­пір-түкпірінен келген қонақтарды Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» көр­месіне қатысуға шақырды. Айтпақшы, Қазақстанға келуге тағы 10 ел үшін визасыз режим енгізілгені мәлім. Бұл еліміздің халықаралық қауымдастықпен ынтымағын арттырып, екі жылдан соң елордада өтетін ауқымды шараның сәтті өтуіне сеп болар деп сенеміз.

Жиын барысында Италия Ауыл шаруашылығы министрі Маурицио Мартина да мінбеге көтеріліп, көрменің табысты өтуіне атсалысқан қазақстандық делегацияға, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа алғысын айтты.

«Бүгін осында қатысып отырған­дардың бәріне алғыс айтамын. ЭКСПО-2015 үшін ерекше еңбек сіңірген және осында павильонын ашқан Қазақстанға көптен-көп рахмет. Елдің көрмедегі табысы орасан зор, оны павильонға келу­шілердің таусылмас тізбегі де көрсетіп отыр. Біз осы жұмыс­ты сіздермен бірге атқарып отыр­ғанымызды мақтан тұтамыз. Енді Милан шарасының аясында үлкен әлеуеті көрінген жақсы қарым-қатынастың келешекте де жалғаса беретініне үміт артамыз», – деді ол.

Ашылу рәсімінен кейін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назар­баев пен Италия Премьер-минис­трі Маттео Ренци екі елдің ұлттық павильондарын аралады. «Қазақстан: мүмкіндіктер елі» деп аталатын павильонның жалпы аумағы 3 мың шаршы метрден асады. Ол екі қабатты ғимаратта ор­наласқан. Екі елдің басшысы Қазақстан павильонымен танысуды еліміздің ежелгі дәуірден бергі тарихынан хабар беретін қысқа деректі фильмді көруден бастады. Бұдан әрі Нұрсұлтан Назарбаев пен Маттео Ренци салалар бойынша құры­лымдық бөлініске түскен павиль­онның негізгі залдарын аралап шықты. Қазақстанның ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығы, су мәдениеті мен экологиясы туралы кең көлемді мағлұмат беретін экспонаттар арқылы қонақтар ел агроөнеркәсібінің әлеуеті мол екеніне көз жеткізді.

Қазақстанның Ұлттық күні аясында өткен тағы бір маңызды шара – Қазақстан – Италия бизнес форумы. Екі елдің іскер топтарының қатысуымен өткен жиында жалпы сомасы 500 миллион долларды құрайтын, ауыл шаруашылығы техникалары өндірісіне, машина жасау, азық-түлік, тоқыма өнімдері салаларына, мұнай секторы мен құрылыс жұмыстарына қатысты 20 құжатқа қол қойылды.

Басқосуда сөз алған Нұрсұлтан Назарбаев бизнес-форумға қатысып отырған бизнесмендердің көпшілігі Қазақстанда көптен бері жұмыс істеп келе жатқандарын, олар біздің еліміздегі мүмкіндіктер мен ұзақ мерзімді перспективалармен жете таныс екенін айтты:

– Біз сіздердің ашық сұхбатқа, өңірдегі және әлемдегі қазіргі саяси конъюнктураға тәуелсіз сындарлы ынтымақтастыққа деген ниеттеріңізді жоғары бағалаймыз. Әлемдік эконо­микадағы ахуалға қарамастан, біз болашаққа бірлескен жоспарлар құрып отырмыз. Олардың көпшілігі қазірдің өзінде табысты жүзеге асырылды және нақты іскерлік жобаға айналды. Осының бәрі біздің бір-бірімізге сене отырып, серіктес ретінде жұмыс істегеніміздің арқасы, – деді Қазақстан Президенті.

Қазақстан мен Италия – сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты тұрақты түрде дамытып келе жатқан әріптестер. Екі елдің өзара тауар айналымы жыл сайын өсіп келеді, былтыр ара­дағы алыс-беріс 17 миллиард долларға жетті. «Италия – Қазақстан экономикасының ірі ин­вес­торларының бірі. 2005 жылдан бері Италиядан келген тікелей инвестициялар ағыны 6 миллиард долларға жуықтады. Қазіргі уақытта біздің елімізде итальяндық капиталдың қатысы бар 200 кәсіпорын жұмыс істейді. Өзара тиімді ынтымақтастығымызды одан әрі нығайтып, экономиканың түрлі салаларында ықпалдасу мүм­кіндіктерін табу керек деп есептеймін, – деді Елбасы. Мемлекет басшысы екі елдің тек экономикалық қана емес, сонымен қатар, мәдениет және білім беру салаларындағы қарым-қатынастар арқылы да тығыз байланыста келе жатқанын да атап өтті. Қазақстан мен Италияның ықпалдастығын тереңдете түсу үшін Нұрсұлтан Назарбаев итальяндықтарды Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысуға шақыруды естен шығарған жоқ.

Екі ел әріптестігінің болашағы жар­қын боларына кәміл сенетін Италия Премьер-министрі Маттео Ренци де өз сөзінде Қазақстан мен Италия экономикалық ынтымақ­тас­тықпен қатар, Жер шарындағы бейбіт­шілікті сақтау, адамдар арасындағы өзара түсіністік, мәдениеттердің өзара үнқатыусы идеясын жақтайтынын атап өтті. «Құрметті Президент, мен Сізге қымбатты дос ретінде шын жүректен алғысымды айтамын. Біздің ЭКСПО-дан эстафета алатын елдің – Қазақстанның биік мәртебелі делегациясының мұнда келуі өте қуанарлық жағдай. Жылдың соңына қарай біз бағытымызды «ЭКСПО–2017»-ге қарай бұратын боламыз. Бұл – шынында аса маңызды оқиға», – деді М.Ренци. Италия премьері Қазақстан павильонын аралап көргеннен кейінгі әсерімен де бөлісті:

– Бүгін Қазақстан павильонында қымыз ішіп көрдім. Сосын сіз­дердің павильоннан шығып келе жатып, біздің, әсіресе, агроөнеркәсіп кешені бағытындағы ынтымақтастығымыздың керемет күшіне көз жеткіздім. Италия қазірден бастап осы салаға ерекше белсенділікпен атсалысып жатыр. Біз Астанада тек азық-түлік өнімдері жағынан ғана емес, сонымен қатар, агроөнеркәсіп кешені жабдық-жарақтары мен өнімдері тарапынан да өзімізді көрсете аламыз. Біз бұл секторда байсалды жұмыс атқаратын боламыз, – деді ол.

Италиядағы іссапар барысында Мем­лекет басшысы Нұрсұлтан Назар­баев­тың Халықаралық көрмелер бюро­сының Бас хатшысы Висенте Лоссерталес және Италияның «Eni» компаниясының бас атқарушы директоры Клаудио Дескальцимен де кездесті. Бұл жүздесулердің әрқайсысы Қазақстан мен Италия арасындағы ынтымақтастық көпірін нығайта түскені сөзсіз.