Жаңалықтар

МОЛДОВАНДАР ЫНТЫМАҚТАСТЫҚҚА МҮДДЕЛI

ашық дереккөзі

МОЛДОВАНДАР ЫНТЫМАҚТАСТЫҚҚА МҮДДЕЛI

Людмила БАРБА, Молдова мемлекеттiк телеарнасының директоры, арнайы "Түркiстан" газетi үшiн Кишиневтен:

Өткен аптада Молдова астанасында Экономикалық ынтымақтастық жөнiндегi молдовалық-қазақстандық үкiметаралық комиссияның III отырысы ұйымдастырылды. Кездесу барысында екi мемлекеттiң Сауда-өндiрiстiк палаталарының 2008 жылдың алғашқы жартысында ынтымақтастық туралы жаңа келiсiмге қол қоятыны белгiлi болды. Кишиневтегi кездесуде Сауда-өндiрiстiк палатасының (СӨП) вице-президентi Владимир Дидилики мен оның қазақстандық әрiптесi Мұхтархан Бияров үстiмiздегi жылдың шiлдесiнде Астанадағы ТМД елдерiнiң сауда-өндiрiстiк палата жетекшiлерiнiң кеңесiнде аталған құжатқа қол қоюға уағдаласты. Жаңа келiсiмде нормативтiк базалар мен екiжақты палатааралық ынтымақтастықтың мүмкiндiктерi қамтылмақ. СӨП вице-президенттерi 2008 жылдың екiншi жартысында молдовалық кәсiпкерлердiң Қазақстанға сапарын ұйымдастыруға келiстi. Басты мақсат — экономикалық тұрғыда жаңа бастамаларды қарастыру. Молдова Республикасы мен Қазақстан Республикасының Сауда-өндiрiстiк палаталары ынтымақтастық туралы алғашқы келiсiмге 1994 жылы қол қойған болатын. Ынтымақтастық шеңберi 1998 жылы Қазақстанның Павлодар облыстық СӨП-мен кеңiдi. Күнi бүгiнге дейiн молдовалық СӨП әлемнiң түкпiр-түкпiрiндегi 40 елмен 85-тен астам келiсiмге қол жеткiзген. Сонымен қатар Молдова мен Қазақстан ауыл шаруашылығында да серiктестiк пен ынтымақтастықты арттыруға мүдделi. Үкiметаралық комиссияның отырысында ҚР ауыл шаруашылығы мемлекеттiк инспекция комитетiнiң төрағасы Серiк Сүлейменов арнайы өткiзiлген баспасөз мәслихатында өз елiнде жүгерiнiң гибридтi сорттары мен бiрқатар көкөнiстердiң тұқымы тапшы екендiгiн жеткiздi. Ол қазақ мамандарының молдовалық тұқым өсiрушiлермен кездескенiн, олардың «KazAgroinovatia» АҚ-мен сорттарды жерсiндiруге қатысты келiсiмге келгенiн мәлiмдедi. Екiжақты басқосуда мал шаруашылығында тәжiрибе алмасу, қазақтың фермерлерiне молдовандық Т-70 тракторларын сатып алу жайлы мәселе де қозғалды. С.Сүлейменов молдовандардың Қазақстанға экспортталатын сапасы жоғары, бiрақ бағасы француз, чили мен аргентиндiктердiң шараптарынан арзан шарабын жоғары бағалады. Бiр айта кетерлiгi, 2007 жылы Қазақстанға 45,54 млн. доллар көлемiнде өнiм экспортталған. Оның басым бөлiгi шарап өнiмдерiнiң еншiсiнде. Ресми деректерге сүйенсек, былтыр молдовандар елiнен Қазақстанға экспортталған шарап көлемi 2006 жылмен салыстырғанда, екi есеге өскен. Сондай-ақ, 11,39 млн. долларға жеткен импорт көлемi де алдыңғы жылмен салыстырғанда, екi есеге көбейген. Қазақстанның Молдоваға салған инвестициясы — 2,99 млн. лее. Қазiргi кезде үш молдовандық-қазақ бiрлескен кәсiпорыны жұмыс жасауда. Отырыста энергетика мәселесiн талқыға салу кейiнге қалдырылды. Молдованың экономика және сауда вице-министрi Сергей Саинчук: "Энергетика саласындағы ынтымақтастық күн тәртiбiнен алынып тасталды. Келiссөздердi Ресеймен бiрге кеңесе отырып, үшжақты тәртiппен өткiзген жөн" дедi. С.Сүлейменов қазаққа тиесiлi газ және мұнай өнiмдерiнiң Ресей мен Украина арқылы өтетiн құбыр арқылы тасымалданатынын жеткiздi: "Егер үкiметтiк деңгейде жасалынатын келiсiмдерге қол жеткiзсек, ешқандай қиындық туындамайды". Үкiметаралық комиссияның келесi отырысы 2009 жылы Астана қаласында өткiзiлмекшi.