Жаңалықтар

ЭКОНОМИКА ЖАҢАЛЫҚТАРЫ

ашық дереккөзі

ЭКОНОМИКА ЖАҢАЛЫҚТАРЫ

АСТЫҚТЫ СЫРТҚА ТАСУҒА ТЫЙЫМ САЛДЫ

Үкiмет басшысы Мәсiмов қол астындағы бiрнеше министрлiкке астық экспортына шектеу қоятын шараларды қарастырып, жүзеге асыруға пәрмен бердi.

Дүйсенбi күнгi үкiметтiк селекторлық кеңесте премьер-министр бiрнеше министрлiкке астықты экспорттаумен айналысатындардың әрекетiне шектеу қою мақсатында бiрқатар шаралар атқаруды тапсырды. Бұл нұсқау дүниежүзiлiк нарықтағы астыққа деген сұраныстың кесiрiнен қазақтың қамбаларындағы дәндi-дақылдың орталанып қалуына жол бермеуi тиiс. "Ауыл шаруашылығы, индустрия және сауда министрлiгiне астық экспортына кедендiк баж салығын енгiзудi немесе астық экспортына толығымен тыйым салу мүмкiндiктерiн қарастыруды тапсырамын" деген Мәсiмов аталған министрлiктерден осы мәселе бойынша ұсыныстарды осы аптаның аяғына дейiн өткiзуi тиiс.

ҚАЗАҚТАР ЖАЛҒА АЛДЫ

Қырғызстанның мемлекеттiк меншiктi басқару жөнiндегi комитеттiң төрағасы Тұрсын Тұрдымбаев Ыстықкөлдегi 4 қазақстандық демалыс орнының Қазақстанның меншiгiне берiлетiнiн мәлiмдедi.

Қырғыз шенеунiгiнiң айтуынша, пансионтаттар тұрғызылған жер қазақтарға 49 жылға жалға берiледi. Айырқалпақтылардың ұзақмерзiмдiк жобаны қабылдауы тегiн емес. Бүгiнгi таңда Ыстықкөлдегi қазақстандық демалыс орындары қырғыздардың бюджетiне түсетiн кiрiстiң 70 пайызына тең. Мысалы, осы аймақтағы қазақ кәсiпкерлерi былтыр 8,5 млрд. сом пайда келтiрген. Туризм саласындағы бәсекелестiкке өз азаматтары да төтеп беруi үшiн ресми Бiшкек ел аумағында қызмет ететiн шетелдiк инвесторлардың нысандарында қырғыздардың 80 пайызын жұмыспен қамтуды мiндеттейтiн заңдық құжаттар қабылданатын көрiнедi. 1960-1970 жылдары салынған демалыс орындары КСРО кезiнде Одақтың меншiгiнде болатын. Бiрақ кеңестiк империя ыдырағаннан кейiн, 1992 жылы ТМД елдерiнiң өкiлдерi Ыстықкөлдегi туристiк аймақты бiрiгiп пайдалану туралы ортақ келiсiмге қол қойған. Бiрақ 4-бапта құрылыс нысаны қай елдiң территориясында орналасса, нысан да сол елге тиесiлi екендiгi көрсетiлгендiктен, қазақтар айырқалпақтылар жерiндегi демалыс орындарын жалға алуға мәжбүр.

АЛАЯҚТАРҒА АЛДАНҒАНДАР ШЕРУI

Алаяқ компаияларға алданған үлескерлер легi толастар емес. Өткен жексенбiде Үкiметтiң назарын аударуға тырысқан KUAT компанияларының үлескерлерi Алматы көшелерiнде шеру ұйымдастырды.

Былтыр қазақстандық банк және құрылыс саласы, шағын және орта кәсiпкерлiктi қаржылық дағдарыстан аман алып қалу мақсатында мемлекеттiк бюджеттен 4 млрд. доллар қаржы бөлiндi. Соның 59 млрд. теңгесi үлескерлiк құрылыс нысандарын аяқтау үшiн 18 құрылыс компанияларына тиген болатын. Олардың арасында басы даудан арылмай жүрген KUAT та бар. Алайда, компанияға тиесiлi "МегаСайран" кешенiнiң 2, 20 және 42-кварталдары үкiметтiк қаржылық қолдау тiзiмiне iлiнбей қалыпты. Наразылық танытушылар Үкiмет қаражатты бөлгенде үлескерлiк құрылыстардың санын емес, бiтуге таяу қалғандарын алғанын айтады.

ТӘЖIКТЕР ҚУЛЫҒЫН АСЫРДЫ

Халықаралық қаржы қоры Тәжiкстаннан 23,5 млн. еуроны тез арада қайтаруды талап еттi. Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау көрсету үшiн тәжiк шенеунiктерi өтiрiк айтуға мәжбүр болған көрiнедi…

Халықаралық қаржы қорынан қарыз сұраған Тәжiкстанның Ұлттық банкi елдiң алтын-валюталық қоры 500 млн. доллар көлемiнде екенiн мәлiмдеген екен. Бiрақ қордағы қаржы жарты млрд. емес, 115 млн. доллар болған. Санын соғып қалған ХҚҚ бүгiнде тәжiктерге шүйлiгiп отыр. Қор Душанбеге берген 23,5 млн. еуроны қайтарып алуға тырысуда. Ал Ұлттық банк төрағасы Шариф Рахимзаде болса, қаһарлы қыстан көп зиян шеккен ауыл шаруашылығын күйреуден құтқарып қалу үшiн өтiрiк айтуға мәжбүр болғанын айтып, ақталады. Орталық Азия мемлекеттерiнiң iшiндегi ең кедейi — Тәжiкстандағы экономикалық-әлеуметтiк ахуал өте қиын. Халықаралық сарапшылардың кейбiрi тәжiктердiң әлеуметтiк дағдарыс күтiп тұрғанын айтады.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ