On-Line БАЙЛАНЫСТА — ДАРИҒА НАЗАРБАЕВА

On-Line БАЙЛАНЫСТА — ДАРИҒА НАЗАРБАЕВА

On-Line БАЙЛАНЫСТА —  ДАРИҒА НАЗАРБАЕВА
ашық дереккөзі

Бiраз уақыттан берi қоғамдық және саяси сахнада дауысы естiлмей, өзi көрiнбей кеткен Дариға Назарбаева кенет байланысқа шықты. Бетпе-бет емес, он-лайн, яғни, Интернет арқылы сұхбат берген Президенттiң үлкен қызы бiраз мәселенiң басын қайырды. Сұрақ қоюшыларды қызықтырған басты мәселе Назарбаева ханымның жеке өмiрiне, мансабына қатысты болды.

"ШЫНДЫҚ ҚАНА ӨЗГЕРМЕЙДI"

Сұхбатта Дариға ханым Алматыда жетiншi рет өткiзiлгелi отырған Еуразиялық медиа-форумды демеушiлер қаржыландыратынын айтты, бiрақ форумға тиесiлi бюджеттiң көлемi жайлы ақпаратты жұртшылықпен бөлiсуге құлшына қоймады. Сәуiрдiң соңына жоспарланып отырған медиа-форумда халықаралық басқосуда ғаламдық мәселелердiң талқылануын Назарбаева дүниежүзiлiк деңгейдегi сарапшыларды қызықтыратын тақырыптардың таңдалғанын, ал отандық мәселелердi жергiлiктi баспасөз қауымдастығында талқыға салу керектiгiн айтты. Медведевпен және Путинмен жақсы таныс, "екеуi де тартымды, ақылды саясаткерлер, Ресейдегi билiк бөлiнiсiне жол бермейдi". Ал АҚШ-тағы сайлауда қай үмiткердiң жеңiске жететiнiн сайлау қорытындысы көрсетедi. Бiрақ Хиллари Клинтонға бүйрегi бұрады. Бұрынғы күйеуi Рахат Әлиевке қатысты шығарған соттың 2 шешiмiне қатысты пiкiр бiлдiруден үзiлдi-кесiлдi бас тартты. Әлиевке байланысты қойылған сауалдарды да елеусiз қалдырды. Есесiне, әкесiне қатысты сұрақтарға ерекше ықыласпен жауап бердi. Мысалы, ол ҚР Конституциясына енгiзiлген Н.Назарбаевтың бiрнеше рет президенттiкке сайлануына мүмiндiк беретiн өзгертудi заңды деп есептейдi. Саясаттың үлкен сахнасынан не себептi сырғып кеткенiн ашып айтпады, бiрақ әкесi басшылық ететiн "Нұр Отан" партиясының құрамына кiргенiн жасырмады. Әрине, бұл отандастарым үшiн тың жаңалық емес болатын. Өйткенi, "Асардың" "Нұр Отанмен" бiрiккенi көпшiлiкке мәлiм. Қазiргi таңда Қазақстанның Бiрiншi Президентiнiң Қорын басқаратын Дариға ханым жақын күндерi Мәскеуде жеке концертiн өткiзбекшi. "Жүрiп өткен өмiр жолында ештеңенi өзгерткiсi келмейдi, ештеңеге өкiнбейдi". Қаржылық мәселелерге келсек, "ұлы Нұрәли Әлиев Директорлар кеңесiнiң төрағасы болып табылатын "Нұрбанк" АҚ-ндағы акцияларын сатпайды. Сыртқы қарыздарды қайтаруға "Нұрбанктiң" қаржылық қауқары жетедi". Сондай-ақ, саяси маңызы бар оқиғалар төңiрегiнде айтқан пiкiрлерi өзгермеген. Мысалы, белгiлi саясаткер, танымал журналист әрi оппозиционер, марқұм А. Сәрсенбаевқа қатысты айтқан ойлары: "А.Сәрсенбаев қаза тапқанда мен берген сұхбаттарымның бiрiнде мен бұл қылмыстың ел Президентiне қарсы бағытталғанын, Нұрсұлтан Назарбаевқа дауыс берген жалпыхалықтық сайлаудың қорытындысын өзгертуге тырысқандарын айтқан едiм. Менiң айтқаным келдi. "Нұрбанк" төңiрегiндегi дау-дамай да Президентке және оның саясатына керi әсер етудi мақсат еткенiне мен сенiмдiмiн. Менiң ұстанымым қарапайым: барлығы өтедi-кетедi — тек шындық қана қалады". Сауал қоюшылардың бiрiнiң: "Форумға келген қонақтарды Алматы қаласының төңiрегi мен Шаңырақ сияқты гетто-шағынаудандарды аралатайық" деген ұсынысына Назарбаева шамданып: "Егер Еуразиялық медиа-форумның қатысушылары оңтүстiк астананың жаңа аудандарын аралап көруге ықылас бiлдiрсе, оны ұйымдастыру қиын емес. Сiз үйiңiзге қонақ шақырғанда әйнегi шытынап кеткен терезенi немесе су тамшылаған шатырыңызды көрсетедi деп ойламаймын. Ал "гетто" сөзiн оңды-солды қолдануға кеңес бермеймiн. Сiз не туралы айтып отырғаныңызды өзiңiз де бiлмейсiз" дедi. Бiз оқырмандарымыз үшiн, әсiресе, Интернет әзiрге "таңсық ас" саналатын ауылдағы ағайын үшiн Д.Назарбаеваның сұхбатынан үзiндiнi аударып берудi жөн көрдiк.

"ПРЕЗИДЕНТ БОЛУ ЖОСПАРЫМДА ЖОҚ"

— Дариға Нұрсұлтанқызы, медиа-форумнан, саясат пен кәсiпкерлiктен бас тартып, әншiлiкпен айналысқыңыз келмей ме?

— Орынды сұрақ! Менiң әншiлiк қабiлетiмдi жоғары бағалау ретiнде қабылдайын ба, әлде ұйымдастырушылық қабiлетiмдi дұрыс бағаламау ретiнде ме? Әйтсе де, көп рахмет!

— Қазiргi кезде Парламентте көп әйел алу туралы мәселе қызу талқыланып жатыр. Сiздiң пiкiрiңiздi бiлгiмiз келедi?

— Бұл таңсық тақырып емес. Алайда, еркектер бар кезде өзектiлiгiн ешқашан жоғалтпайтын тақырып. Әзiрге армандай тұрсын. Еркектер мен әйелдердiң тең құқылы екендiгiн ескерсек, көп күйеуге тию туралы мәселенi де көтеруге болады. Әйелдерге де армандау мүмкiндiгiн берiңiздер.

— Елiмiздiң саяси құрылымында көңiлiңiзден шықпайтын не бар? Ненi өзгерткiңiз келедi?

— Елiмiздiң саяси құрылымы бастан өткерiп жатқан тарихи кезеңге сәйкес келедi.

— Сiңлiлерiңiзбен араласасыз ба? Ортақ нелерiңiз бар? Олар туралы ештеңе естiлмейдi.

— Араласамын. Бiздiң ата-анамыз, тағдырымыз, мүддемiз бiр. Мен оларды жақсы көремiн.

— Президенттiк тақты иелену жоспарыңызда бар ма?

— Жоқ, жоқ, жоқ, жоқ… Бұл келешектi көздей отырып, берген жауабым.

— Сiз — тамаша медиа-менеджер, танымал саясаткерсiз, сiздiң әр сөзiңiзге үлкен көңiл аударылады, анасыз және әжесiз. Осы рөлдердiң қайсысы сiзге жақын?

— Ана мен әженiң рөлi.

— Академик Әлиевтi туған күнiмен құттықтадыңыз ба?

— Иә, құттықтадым. Мен ол кiсiнi өте жақсы көремiн әрi сыйлаймын. Оның ел үшiн жасаған еңбегi ерен. Ол өте тамаша әке және ата.

"САЯСАТ — ОТБАСЫМЫЗҒА ТАҒДЫРДЫҢ ЖАЗУЫ"

— "Моңғол" фильмi жеке адамдардың қаржысына түсiрiлдi, ал "Көшпендiлердi" — мемлекеттiң ақшасына. Қорытындысы көзге ұрып тұр. Сiздiңше, жеке адамдардың қаржыландыруы әлдеқайда тиiмдi көрiнбей ме?

— Солай сияқты. "Көшпендiлер" фильмi шамамен 40 млн. долларға түсiрiлдi. Ал үш есе аз қаражатқа түсiрiлген "Моңғол" Қазақстан тарихында тұңғыш рет "Оскарға" ұсынылды. Бұдан артық не айтуға болады?

— "Алматы — менiң алғашқы махаббатым" фестивалi биыл бола ма? Сiз онда ән айтасыз ба?

— Мiндеттi түрде! Биыл оныншы рет өткiзiлгелi отырған фестивальдың мерейтойы! Ұйымдастыру комитетi дайындық жұмыстарына кiрiсiп кеттi. Тыңдармандарымыз бен көрермендерiмiздi жақсы әндермен қуантамыз деп үмiттенемiн.

— Көңiл көтерулерге қалай қарайсыз? Өзiңiздi сәнқоймын деп есептейсiз бе?

— Түрлi көңiл көтерулерге онша елiтiп кетпеймiн. Өзiмдi сәнқоймын деп те есептемеймiн. Маған оның керегi де жоқ. Жеке басымның имиджiн әлдеқашан айқындап алғам.

— Қандай да бiр қайырымдылық шараларына қатыстыңыз ба? Бiрiккен Ұлттар Ұйымының арнайы өкiлi болғыңыз келмей ме?

— Ойыңыз жақсы екен. Тек осы қызметке ұсынылу ғана қалып тұр.

— Қандай тiлдердi бiлесiз? "Таймсты" түпнұсқасынан оқи аласыз ба? Батыстық басылымдардан қайсысын оқисыз?

— "Таймсты" түпнұсқасынан оқимын. Шынымды айтсам, өте сирек. Негiзiнен ұшақтарда. Тiлдерден бiлетiнiм — ағылшын, итальян, немiс. Араб және қытай тiлдерiн меңгергiм келедi.

— Өз ақшаңыздан қайырымдылық жасаумен айналысасыз ба? Кiмге көмек бергендi жөн деп санайсыз?

— Қайырымдылық көрсетумен айналысамын. Бұл жеке бастың мәселесi деп есептеймiн. Көрсеткен көмегiмдi жiпке тiзу әдептiлiктiң нышаны емес.

— Егер Ұлттық Банктiң жетекшiсi болсаңыз, отанымыздың банк жүйесi үшiн, қаржы мен экономикасы үшiн не iстер едiңiз?

— Мұндай келешек менiң басыма төнбейтiн шығар деп үмiттенемiн. Сiздiң сауалыңызға беретiн жауап докторлық диссертацияға татиды.

— Саясатқа қайтып келесiз бе? Алға қойған жоспарыңыз қандай?

— Қанша тастауды қаласам да, саясат менi ешқашан тастамайды. Бұл — бiздiң отбасымызға тағдырдың жазуы.

"ХАБАР" — ҚОҒАМДЫҚ АРНА БОЛУҒА ЛАЙЫҚ"

— Ел астанасының 10 жылдығын тойлауға қатысты пiкiрiңiз қандай? Жуырда қаржылық дағдарысты көлденең тартқан Британия ханшасы Елизавета өзiнiң жақұт тойынан бас тартатынын ашық айтты. Ұлыбританияға қарағанда, бiзде жағдай қиын. Бiрақ Президент Астананың 10 жылдығын керемет қылып өткiзiлетiнiн мәлiмдедi.

— Қиындықтарға қарамастан, адамдар мерекенi қажет етедi. Адамдарды қуаныштан айырып қажетi не? Неге бiзде жағдай қиын деп ойлайсыз? Адамдар жұмысқа барады, жалақысын, зейнетақысын жүйелi түрде алады, үйленедi, бала туады. Мектептер балалардың күлкiсiне толы. Қалалық көлiктер дұрыс жұмыс iстейдi. Жолдардағы көлiктер саны артып келедi. Қорыта айтқанда, тiршiлiктiң өз арнасымен ағып жатқанын анықтайтын дәлелдер жетерлiк. Көгiлдiр көктем келдi.

— Қандай кiтаптар мен фильмдердi қатты ұнатасыз?

— Костюмдендiрiлген тарихи киноларды, детективтердi, ескi кеңестiк кинолар мен мультфильмдердi жақсы көрем. Опера мен музыканы да. Достоевский мен Бальзакты қайталап оқып жүрмiн.

— "Хабар" агенттiгi" АҚ акция пакеттерiн сатуға неге шешiм қабылдадыңыз? Сатылымнан кейiн өзiңiз iргетасын қалаған телеарнаға қандай да бiр қатысыңыз бола ма? "Хабардың" негiзiнде қоғамдық арна құрылғанын қалайсыз ба?

— Шынында да, "Хабар" агенттiгiнiң акция пакеттерi KASE саудасына шығарылды. Осыдан 4 жыл бұрын парламенттiк сайлуалды кампания кезiнде телеарна басшылығынан кеткенмiн. "Хабардың" қоғамдық арна құруда таптырмас негiз болатынына сенiмдiмiн. Бұл туралы ойымды бiрнеше рет бiлдiргем. Тек қоғамның саяси жiгерi мен қаржы төлеуге келiсiм беруге дайындығы қажет.

— Қазақстандағы теле және радиоэфир неге дамымай жатыр? Қанша жылдың жүзi болды, Алматыда бiрде бiр жаңа телеарна немесе радиостанса құрылған жоқ. Ахуал 90-жылдардағы деңгеймен тұйықталып қалды. Инвесторлар үшiн медианарық қашан ашылады?

— Мәселенi шешудiң бiр жолы — БАҚ-тағы шетелдiк капиталды 20 пайызбен шектеудiң күшiн жою. Мемлекеттiк ақпараттық қауiпсiздiктi сақтап қалуға қатысты пiкiрлер, жұмсартып айтқанда, спутниктiк телевидение мен радионы, Интернеттi дамытып жатқан заманда, ақпараттық кеңiстiк жаһанданып жатқанда күлкiлi. Шексiз шектеулерден тұратын саясат көп жағдайда мемлекеттiк қауiпсiздiкке зиянын тигiзедi. Өйткенi, отандық теле және радио құрылымдары бәсекелестiкке төтеп бере алмайтын жағдайда қалады.

— Reuters агенттiгiне сұхбат берген Президенттiң: "Кедей мемлекетте демократияның өмiрi ұзаққа бармайды. Мен Америкадағы сияқты демократия құрғым келер едi. Бiрақ Қазақстанда сонша америкалықты қайдан табам?" деген сөзiне қатысты пiкiрiңiз қандай?

— Менiңше, бұл қалжың араластырылып айтылған сөз. Бiз, қазақстандықтар мен америкалықтар бөлекпiз, осыған орай, даму жолдарымыз да әртүрлi. "Кедей" мемлекет туралы сөз қозғағанда Қазақстанды айтқан жоқ. Егер бiздiң елiмiзде демократияға орын табылмаса, ЕҚЫҰ-ға ешқашан төрағалық ете алмас едiк.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ