ШЕНГЕНДIК ШЕҢБЕР КЕҢIДI
ШЕНГЕНДIК ШЕҢБЕР КЕҢIДI
Еуропалық Одаққа мүше елдердiң бiрқатары мен кәрi құрлық кеңiстiгiндегi бiрнеше мемлекет енетiн Шенгендiк аймақ шеңберi кеңiдi. Өткен жексенбiден бастап, 24 елдiң 400 млн. азаматы ұшаққа шекаралық және кедендiк бақылаусыз мiнетiн болды. Еуроодақ уақыт өткен сайын құрамын көбейтуге ғана емес, шекаралық және кедендiк мәселелерде де ынтымақтастық орнатуға мүдделi. Шенгендiк келiсiм ауқымының кеңеюi Қазақстан мен басқа да ТМД елдерi азаматтары үшiн де тиiмдi.
ЖЕҢIЛДIК – 400 МЛН. АДАМҒА
Өткен жексенбiде Еуропалық Одаққа тиесiлi аймақтағы әуе кеңiстiгiнде визасыз жүру тәртiбiнiң ауқымы кеңiдi. Еуропалық комиссия төрағасының орынбасары Жак Барро әуежайлардағы төлқұжаттық тәртiптiң алынып тасталғанын мәлiмдедi. Кәрi құрлықтың байырғы тұрғындары құрған одаққа жаңадан мүше болған Мальта, Венгрия, Эстония, Литва, Латвия, Польша, Словакия, Словения, Чехия мемлекеттерiндегi азаматтардың өзге еуропалықтармен терезесi теңестi. Қазiргi таңда 24 елдi қамтитын Шенгендiк аймақта 400 миллион адам тұрады. Исландия, Норвегия мен Швейцария Еуроодаққа мүшелiкке өтпесе де, Шенгендiк аймақтың құрамында. Есесiне, Ұлыбритания мен Ирландия ЕО-ның белсендi мүшелерi бола тұра, шенгендiк келiсiмге қол қоймаған. Олардың шекаралық бақылау ережелерi бөлек. Ал ЕО құрамына былтыр өткен Болгария мен Румынияның қауiпсiздiк жүйесi еуропалық стандартқа сәйкестендiрiлгеннен кейiн ғана Шенгендiк аймаққа енгiзiлмек. Жоспарланған мерзiм – 2011 жыл. Сондай-ақ, Ватикан, Кипр мен Швейцария да шенгендiк визаны қабылдауға кетары емес. 2005 жылы өкiзiлген референдум нәтижесiнде Швейцария үстiмiздегi жылға жоспарланған Еуропаның футболдан әлем чемпионаты бiткеннен кейiн Шенгендiк аймаққа мүшелiкке өтетiнi анықталған болатын. Дания 1997 жылы Шенгендiк хаттамаға бекiтiлген Амстердамдық келiсiмге сәйкес, ерекше мәртебеге ие. Бұл құжат Дания аймаққа мүшелiкке өтпесе де, шенгендiк серiктестiк ауқымында кеңiрек әрi еркiн әрекет етуге мүмкiндiк бердi. Өткен жексенбiде АҚШ пен Еуропалық Одақ арасындағы "Ашық аспан" туралы келiсiм де күшiне ендi. Америкалық және еуропалық ұшақтар Батыс пен АҚШ-тың кез келген қаласынан тiкелей жол тартуға құқылы. Еуропалық Комиссия өкiлдерiнiң айтуынша, мұндай шешiм саяхатшылар санының артуына, авиабилеттердiң арзандауына және қосымша 80 мың жұмыс орнының ашылуына мүмкiндiк бермек.
ШЕНГЕНДIК АЙМАҚ ДЕГЕНIМIЗ НЕ?
Батысеуропалық ынтымақтастық ауқымының кеңеюi Еуропалық Одаққа мүше елдердiң арасында кедендiк кедергiсiз, еркiн қозғалу ережелерiн түзу туралы бастамаға негiз болды. Екiншi Дүниежүзiлiк соғыс аяқталғаннан кейiн бiрiгуге ұмтылған кәрi құрлықтағы шекаралық мәселелердi мемлекетаралық келiсiмдер арқылы шешу тәжiрибесi мол болатын. Мысалы, Солтүстiктiк төлқұжаттық одақ. Одаққа 1949 жылы Ұлыбритания мен Ирландия, 1954 жылы Исландия, Норвегия, Дания мен Швеция, ал 1955 жылы Финляндия мүше болған. Бiрақ бүкiл еуропалық деңгейдегi төлқұжаттық келiсiм бiрнеше жыл бойы шешiмiн таппай келдi. Оған ағылшындар мен ЕО-ға мүше басқа мемлекеттер арасындағы шетелдiк саяхатшыларға қойылатын талаптарға, кедендiк жеңiлдiктердiң шеңберiн нақтылауға қатысты мәселелер төңiрегiнде өрбiген пiкiр қайшылығы себеп болған. Осындай пiкiрталастар мен келiссөздер нәтижесiнде Шенгендiк келiсiм пайда болды. 1985 жылдың 14 шiлдесiнде Люксебургтiң Шенген қаласында еуропалық 5 мемлекет – Люксембург, Франция, Германия, Бельгия мен Нидерландтар ортақ келiсiмге қол қойды. Аталған құжат 5 мемлекеттiң арасындағы төлқұжаттық кедендiк бақылаудан бас тартуға қатысты болатын. Әрине, бiрден емес, сатылап, кезең бойынша. Келiсiм толық жүзеге асырылған сәттен бастап, 5 елдiң азаматтарына кедендегi кедергiлер мен тексерулерден құтылған. 1995 жылы осы келiсiмге Испания мен Португалия қол қойды. 1997 жылы Италия, 2000 жылы Греция мен Австрия, 2001 жылдың 25 наурызында Дания, Финляндия, Норвегия, Швеция мен Исландия қосылды. Еуропаның қақ ортасындағы адамдардың емiн-еркiн жүрiп-тұруға мүмкiндiк беретiн кеңiстiк осылайша түзiлген едi. Шенгендiк ереже құрамына Шенггендiк келiсiм (1985 ж.), Конвенция (1990 ж.), мемлекеттердiң Шенгендiк аймаққа мүше болғандары туралы келiсiмдер мен осы келiсiмдердi толықтыру мақсатында 1999 жылдың 1 мамырында қабылданған бiрқатар келiсiмдер кiредi. Ынтымақтастық барысында туындаған көптеген техникалық мәселелердi шешу үшiн мемлекеттер 1990 жылы Шенгендiк келiсiмге қосымша Конвенцияны қабылдады. Ресми түрде "Екiншi шенгендiк келiсiм" деп аталған құжат адамдардың еркiн жүрiп-тұруына қатысты ережелердi бекiткен. Конвенцияға Италия (1990), Испания мен Португалия (1991), Греция (1992) қосылды. Ирлания мен Ұлыбритания миграциялық ағынға тосқауыл қоя алмай қалуымыз мүмкiн деген қауiппен, Екiншi шенгендiк конвенцияны мойындаудан бас тартты. 1995 жылы Еуропалық Одаққа мүше болғаннан кейiн Австрия мен Швеция Шенгендiк аймақ құрамына ендi. Солтүстiктiк төлқұжаттық одақтың басқа да мүшелерi – Финляндия, Дания Норвегия мен Исландия да Шенгендiк келiсiмдi қабылдады. Бiр айта кетерлiгi, Исландия мен Норвегия ЕО құрамында жоқ. 1997 жылғы Амстердамдық келiсiм Ероодақ құрамындағы барлық мемлекеттiң Шенгендiк келiсiмдi қабылдауына мiндеттейдi. 1999 жылы Тамперде өткiзiлген ЕО саммитiнде Орталық және Шығыс Еуроаның аумағындағы елдердiң ЕО-ға қабылданбаса да, Шенгендiк құжаттарға қол қоюы керектiгi айтылды. Осының нәтижесiнде, 2002-2003 жылы виза беру жүйесiн жаппай реформалау басталды. 2006 жылы Шенгендiк конвенцияға өзгерiс енгiзiлгендiктен, Шенгендiк кодекс қабылданды.
Шенгендiк виза мүмкiндiктерi:
* Келiсiмге қол қойған 24 мемлекеттiң арасында кедендiк және шекаралық бақылау болмайды;
* Елге кiру және шығу ережелерi бiртұтас;
* Шенгендiк аймақтағы құқық қорғау органдары қызметкерлерi шекарааралық қылмыстарға қарсы күресте ынтымақтаса отырып, әрекет етедi;
* Бiртұтас экстрадициялық ережелердiң енгiзiлiп, визалар мен шекаралардан өту туралы деректер (SISNET) құрылды.
ШЕНГЕНДIК ВИЗА ТҮРЛЕРI
Iшкi шекаралық талаптардың алынып тасталынуы 130 мемлекет азаматтарына (олардың арасында Қазақстан да бар) Шенгендiк визаның берiлу тәртiптерiн жеңiлдеттi. Шенгендiк визаның түрлерi бiрнеше: А категориялы виза – визада көрсетiлген мерзiм iшiнде бiр рет, екi рет немесе бiрнеше рет транзиттiк әуежай аймағында болуға және транзиттiк аймақ шеңберiнен шықпауға мiндеттейдi. В категориялы виза – рұхсат етiлген мерзiм iшiнде шенгендiк аймақ арқылы үшiншi бiр мемлекетке бiр, екi немесе бiрнеше рет өтуге болады. Ескеретiн жайт, визаның мұндай түрiне ие жолаушы шенгендiк аймақта 5 күннен артық бола алмайды. С1 категориялы виза – Шенгендiк келiсiмге қол қойған мемлекеттерге бiр, екi немесе бiрнеше рет енуге мүмкiндiк бередi. Мерзiм ұзақтығы 30 күннен жарты жылға дейiн. С2 категориялы виза – 31 күннен 90 күнге дейiн Шенгендiк аймақта бiр, екi немесе бiрнеше рет келуге жағдай жасайды. С3 категориялы виза Шенген ережелерiн қабылдаған елдерде 90 күнге дейiн өмiр сүруге рұхсат бередi және визаның заңдық күшi 1 жылға дейiн берiледi. С4 категориялы виза 3 ай (90 күн) уақыт аралығында бiрнеше рет сапар шегуге мүмкiндiк бередi. Сонымен қатар визаның мерзiмi 1 жыл, екi немесе 5 жылға дейiн созылады. А, В және С1 категориялы визалар 5 адамнан 50 адамға дейiнгi топтарға бiрге берiледi.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ