Жаңалықтар

ҒАРЫШ КОНСТРУКТОРЫ

ашық дереккөзі

ҒАРЫШ КОНСТРУКТОРЫ

Сергей Павлович Королевтiң хаттары мен қызметтестерiнiң естелiктерi хақында 

Жердiң тартылыс күшiн жеңiп, ғарыштық кеңiстiкке шығатын қуатты техника жасау өткен жиырмасыншы ғасырдағы Екiншi дүниежүзiлiк соғыстан кейiн мемлекетаралық бәсекеге айналды. Әсiресе Советтер Одағы мен Америка Құрама Штаттары арасында барынша өрiс алды. Әлемге әйгiлi К.Э.Циолковскийдiң идеясын, iсiн жалғастырған Королев бастаған топ 1957 жылы 4 қазанда Жердiң алғашқы жасанды серiгiн ғарышқа шығарып, Совет Одағын алға шығарды. Иә, бұл сол кезде ғылымда, теңдесi жоқ зор жаңалық едi.

Совет ғалымдары жанкештiлiк танытты. Соған дейiн олар қаншама қиыншылықтар мен сәтсiздiктердi бастан кештi. Дегенмен бұл Королев жетекшiлiк еткен таңдаулы инженер-конструкторлардың табанды еңбектерiнiң арқасында жүзеге асты. 1961 жылы 12 сәуiрде ұшқыш Юрий Алексеевич Гагарин "Восход" кораблiмен Байқоңырдан ғарышқа сапар шектi. Бұл адамзаттың ғарыштық кеңiстiкке алғаш көтерiлуi едi. Ол сонау ғарыштан Жердiң шар тәрiздi дөңгелек екенiн, жап-жасыл болып көрiнетiнiн хабарлады. Бiр айналып есен-аман оралғанына бүкiл әлем жұртшылығы куә болды. Азаматын бiрiншi етiп ғарышқа ұшырған Советтер Одағы тағы да Америка Құрама Штаттарының алдын орап кеттi. Содан кейiн де ғарышқа сапар жалғасып жатты. Ғарыштық зерттеулер халық шаруашылығына ұшан-теңiз пайда келтiрдi. Солардың бәрiнде ғарышкер-конструктор Королевтiң еңбегi зор. Оның әлемдiк ғылымдағы орны тым биiк. Совет үкiметi оны көпке дейiн сырт көзден жасырып, құпия жағдайда ұстады. Оның фамилиясын анда-санда атағаны болмаса,бейнесiн көгiлдiр экраннан көрсете бермейтiн. Әлемге аты мәшһүр Сергей Павлович кiм? Өмiрде қандай адам болған? "Советская Россия" газетi 1987 жылы қаңтарда атақты конструктордың сексен жылдығына орай өзiнiң хаттарын, қызметтестерiнiң, жолдас-жораларының естелiктерiн бiрнеше сандарына жариялаған екен. Алдағы ғарышкерлер күнi қарсаңында солардың бiрқатарын оқырмандар назарына ұсынғанды жөн көрдiк. * * * 

Королевтiң өмiрбаянынан:

"…1906 жылы Украинада, мұғалiмдер отбасында туылдым. Менi мұғалима анам мен инженер өгей әкем тәрбиеледi. Бiрден орта бiлiм алудың сәтi түспедi. Оған тұрмыс жағдайымыз келмедi". Одессадағы №1 кәсiптiк құрылыс мектебiнде бiрге оқыған Л.А.Александрова: "…Сергей Королев. Оның есiмi есiме түскен сайын жiгерлi жастың қысыңқы көздерi, жиырмасыншы жылдар тұрқы көз алдыма көлбеңдеп келе қалады. Бiздiң жастық шағымыз еңсесiн ендi ғана көтере бастаған Советтер елiнiң алғашқы ауыр жылдарында өттi. 1923 жылы Украинаның оңтүстiгiнде қуаңшылық болып, жұқпалы аурулар көбейдi. Бiз сол кезде 16-18 жас аралығындағы жастар едiк. Елде қиыншылық қаншалықты орын алса да бiз болашағымызға сендiк. Бiздiң үстiмiздегi жұпыны киiмiмiз көңiл-күйiмiздi жұтаңдатқан жоқ. Аштық азабын үнемi сезiнсек те төзiмдiлiк танытып, қайта жiгерлене түстiк. Мектептен бiлiм алуға құлшындық". С.П.Королевтiң Киев политехникалық институтына жазған өтiнiшiнен: "…КПИ-ға қабылдауларыңызды өтiнемiн. Үстiмiздегi жылы Одессадағы кәсiптiк құрылыс мектебiн бiтiрдiм. Үйдiң шатырын черепичкiмен жабу мамандығын игердiм. Қоғамдық авиация және ауада ұшу губерниялық бөлiмде бiр жыл жұмыс iстеп, авиация-техникалық бөлiмнiң конструктор-секциясына қатыстым. "К-5" деп аталатын моторсыз ұшақ үлгiсiнiң конструкциясын жасадым. Соған қажеттi барлық бiлiмдi арнайы әдебиеттерден өзiмше оқып үйрендiм". КПИ-да С.П.Королевпен бiрге оқыған авиация конструкторы С.И.Карацубаның естелiгiнен: "…Бұл 1925 жылы болды. Сергей Королев оқу-жаттығу кезiнде ұшатын планер жасайтын бригада құрамында едi. Механика факультетiнiң бiр топ студенттерi көп жұмыс iстедi. Тiптен Королев кешкiсiн жатақханаға қайтпай, түннiң бiр уағына дейiн шеберханада жұмыс iстеп, сонда түнеп қалатын. Ол жұмыс iстеуден еш жалықпайтын". С.П.Королевтiң анасына жазған хатынан. 1929 жыл. "…Таңертең бұйрық алдым. Мен өзiм жасаған машинамен өзiм ұштым. Қандай ғажап! Тiптен өзiм күткеннен де артық болды! Өмiрiмде алғашқы рет рахаттанған шығармын. Бетiмдi өпкен желге қарап, қуанғаннан айқалағым келдi. Осы қуаныш үшiн ұйқысыз өткiзген түндерiмдi, демалыссыз өткiзген күндерiмдi ұмытуға болады". К.Э.Циолковскийге ГИРД-нiң хатшысы жазған мәлiметiнен: "…Бiздiң ГИРД-тобы "РП-1" ракета жобалау жұмысын аяқтап келедi. Бiзде бiлiм-бiлiктiлiгi жоғары инженерлер еңбек етедi. Алайда солардың арасынан техникалық кеңестiң төрағасы инженер С.П.Королевтi ерекше атар едiм. Бiрiншi ракета ұшағымен тап соның өзi ұшатын болады". Социалистiк Еңбек Ерi М.К.Тихонравовтың естелiгiнен: "…Бiз Королев екеумiз Садово-Спасскi көшесiндегi ГИРД орналасқан №19 үйден шығып, трамвай аялдамасына қарай беттедiк. Бiз Мәскеудiң Еңбек Кеңесi мен Қорғанысының қаулысы бойынша құрылған институтқа баруымыз керек. Сонда бiздiң елiмiздегi реактивтi қозғалыстың негiзгi бағыттары бойынша таңдаулы екi топтың күшiн бiрiктiру жөнiнде мәселе қаралмақшы. — Менiң мынаны бiлгiм келедi, — деп Королевке бет бұрдым. — Ғарышқа адам алып ұшатын корабльдiң жобасын кiм жасап, кiм құрастырады? — Әрине мұны ұжым жасайды, мiндеттi түрде ұжым — Сергей Алексеевич қызбалана жауап бердi. — Бiр бiлетiнiм сен де, мен де сол ұжымның құрамында боламыз. Осы уақытқа дейiн бiздiң бiрде-бiр ракетамыз ғарышқа ұшпаса да, бұл бiздiң планетааралық сапарға адам жiбергенге дейiн өмiр сүрмеймiз деген емес. Соны көретiн адамдар секiлдi бiз де соған дейiн өмiр сүремiз. Бәлкiм ғарышқа өзiмiздiң де ұшып қалуымыз мүмкiн. Тамаша күндер туады әлi! Королев 1933 жылы 9 қарашада жаңадан құрылған Реактивтi ғылым-зерттеу институты бастығының орынбасары болып тағайындалып, дивизион инженерi әскери атағын алды". Соғыс жылдарында С.П.Королевпен бiрге қызметтес болған Л.П.Палееваның естелiгiнен: "…Сергей Павлович Королев, жаңылмасам бiзге 1942 жылы келiп қосылды. Оны мен сырттай бiлушi едiм. Күйеуiм авиация конструкторы болғандықтан Королевтiң "Стратосферадағы ракеталық ұшу" кiтабымен жақсы таныспыз. Сергей Павлович өзiн жұмысқа аяусыз салды. Оған қашанда жұмыс уақыты жеткiлiксiз болатын. Оны жұрттың бәрi тынымсыз жан дейтiн. Сергей Павлович өмiрiнiң мәнi жұмыс, шығармашылық десек асылық айтпаспын. Бiрде мынандай жағдай болды. Ол кiтап алу үшiн бiздiң үйге тым кештетiп келдi. Түр-басы шаршаңқы көрiндi. Көздерiнiң асты көгiлдiрлене iсiнiп кетiптi. Мен оған: — Бұлай болмайды. Өзiңiздi өзiңiз неге аямайсыз? — дедiм. — Отан қауiптi жағдайда тұрғанда қалай қаннен-қаперсiз жұмыс iстеуге болады? — дедi ол қабағын түйiп, — Қасық қаның қалғанша бар күштi жұмсау керек қой. Сондай-ақ, Сергей Павлович басқаларға қол ұшын беруге әрқашанда дайын едi. Мына жағдайды да әлi күнгi ұмыта алар емеспiн. Ол бiр жолы бiздiкiнен құжаттарын алуға келдi. Менiң көңiл-қошымның болмай тұрғанын байқап: — Лидия Павловна, бiр келеңсiз жағдай болды ма? — деп сұрады. — Қызым ауыр науқас. Бүйрек ауруы асқынған. Қант диетасы қажет. Ал қант қазiр өте тапшы. — Мәскеуде менiң де қызым бар. Аты – Наташа. Әйелiм мен анамның қолында. Оларды көрмегелi көп болды,— деп Королев ауыр күрсiндi. — Хат алысып қана тұрамыз. — Оның бет әлпетi қарауытып кеттi. — Бәрi де жақсы болады. Соғыс қанша адамдарды ары-берi сапырылыстырып әбiгерге салып қойды, — деп мен оның көңiл қобалжуын басқан болдым. Ол менiң сөзiмдi естiмеген жандай. — Қант диетi ме? Сол-ақ па? Мұны бiз шеше аламыз. Көп ұзамай ол өзiне берiлген қанттың бәрiн алып келдi. — Мынау қызыңызға, — дедi ол. Қанша алмаймын десем де ол тықпалап қоймады. Ақыл оймен жұмыс iстейтiн оның өзiне де қант көп керек қой". Авиация техникасының бас конструкторы В.М.Мясищевтiң Мәскеу авиация институтында оқыған дәрiсiнен: "…Сергей Павлович орасан зор iзденiстер жасады. Соның нәтижесiнде "РУ-1" реактивтi қондырғы өмiрге келдi. Конструктордың өзi оны әуеде сынақтан өткiздi. Алғашқы ұшу барысында двигатель жарылып, катерге тап болды. Королев содан жарақат алды. Ол: "Егер өзiм сынақтан өткiзбегенде "РУ-1"-дiң кемшiлiгiн таппас едiм" — деп, соларды жөндеу үшiн тыңғылықты жұмыс iстедi. Королев "Пе-3" ұшағына реактивтi двигатель қою жобасын қолға алды. Ұшақ сағатына 785 шақырым қашықтықты алып, 15 шақырым биiктiкке көтерiле алады. Мұндай жылдамдық пен биiктiк бұрын-соңды болмаған. Жаудың ең ұшқыр истребительдерi сол кезде сағатына 584 шақырымға ғана ұшып, 7 шақырым биiктiктен аса алмайтын. Королев ұсынған ұшқыш басқаратын бұл жартылай ракета уақытынан бұрын туып, жуық арада жаудың қолы жетпес шыңға айналды. Алайда оның сол идеясын сол кезде соңына дейiн жүзеге асыруына мүмкiндiк болмады. Соғыстың соңғы кездерiнде ғана идеясы Лавочкиннiң конструкциясы бойынша жасалынған ұшаққа пайдаланылды". Совет Одағының маршалы А.М.Василевскийдiң естелiгiнен: "…Жылдың соңғы күндерiнiң бiрiнде маған Министрлер Кеңесiнен бiр жолдас келiп, екi альбомды табыс еттi. Оның бiрiншiсiнде – Америка баспасөздерiнен қиындылар да, екiншiсiнде – суреттер, сызбалар, есептер екен. Бұлардың мәнi мынада. Сол кезде Құрама Штаттарда американдық ғалымдардың Жердiң жасанды серiгiн жасау туралы гу-гу әңгiме өрбiп жатты. Кеңiстiкке шығарылатын аппаратты ұшыру жобасын жасаған фирманы жарнамалау барынша жүргiзiлдi. Сының бәрi антисоветтiк насихаттың астарлы жүргiзiлуiнде болып жатты. Екiншi альбомдағы құжаттар СССР-де қысқа уақыт iшiнде Жердiң жасанды сергiнiн ғарыш кеңiстiгiне шығара алатынына кепiлдiк берген. Оның американдық жобадан әлдеқайда тиiмдiлiгi байқалып тұрды. Жазбалардың авторы Артиллерия ғылымдары академиясының мүше-корреспондентi, белгiлi ғалым М.К.Тихонравов. Маған тиiстi жандардың түсiндiруiне қарағанда ол 1947 жылы-ақ өз академиясының сессиясында осындай ұсыныспен сөз сөйлеген. Алайда сол кезде оны басқалар қолдамаған. Соған қарамастан ол осы бағыттағы жұмысын жалғастырды. Ендi мiне С.П.Королевтiң конструкторлығымен жасалған қуатты көкке көтергiштiң арқасында Жердiң жасанды серiгiн ұшыру нақты жағдайға айналды. Бұл жұмыс тек мемлекеттiк жоспарға енсе болды жүзеге асары хақ". Социалистiк Еңбек Ерi Г.Н.Пашковтың естелiгiнен: "…Егор, сiздiң талабыңыздан шығу қиын,— дедi Королев бiрде маған. — Сiз бiрде ракета жасаумен қысымға алсаңыз, бiрде жасанды серiк жасаумен қысымға аласыз. Қазiр бiзге не маңызды? Әуелi соны анықтап алайықшы. — Сен ананың да, мынаның да өте қажет екенiн өзiң бiлесiң ғой. Сондай-ақ сен осыдан он бес жыл бұрын ғарышқа шығуды қолға алғансың. — Ендеше, — дедi Сергей Павлович. — Жасанды серiк жұмыстары бойынша маған кейiмейсiз ғой. Солай ма? — Кейiгенде қандай, егер сол жұмысың жаймен жүрiп жатса. 1957 жылдың 4 қазаны. Мен бұл күндi ешқашанда ұмытпаймын. Жердiң жасанды серiгi ғарышта. Ғажап!". 1957 жыл, қазан. "Пари-матч" журналынан: "…5 қазанда Вашингтон циклоннан үрейлерi ұшты. Мұхитты шайқаған күштi жел бағаналарды құлатып, ағаштарды тамырларымен жұлып алды. Астананы су басу қауiпi төндi. Алайда саяси қайраткерлер қоғамдық пiкiрде көтерiлген басқа дауыл мәселесiмен шұғыл жиналған едi. Американдықтар Жердiң жасанды серiгi жөнiнде даурығып жүргенде, орыстар оны ғарышқа шығарып та үлгердi. Бұл шынында да ғажап едi. Құрама Штаттардың техникалық үстемдiкке жеттiк деген даурықпасы күл-талқан болды". Бұл Сергей Павлович Королев туралы естелiктердiң бiр парасы ғана.

Көлбай Адырбекұлы