Жаңалықтар

МИЛЛИАРДЕР МИЫҒЫНАН КҮЛЕДI

ашық дереккөзі

МИЛЛИАРДЕР МИЫҒЫНАН КҮЛЕДI

Кезiнде ұлы Абай қазақтың "Ақшаң болса қалтаңда, талтаңдасаң талтаңда" атты мақалын сынға алғанда, бәрiнен бұрын ақша бiрiншi орынға шығатын бүгiнгi капиталистiк тұрмыстың тiрлiгiмiздi билейтiнiн бағамдап, содан жиренуге шақырған сынды. Бүгiнгi Қазақстанда өзгенi қайдам, қалтасында ақшасы бар адамның дәуренi жүрiп тұр. Өйткенi, бiз жемқорлықтың шырмауына шырмалып, батпағынан шыға алмай отырмыз.

Оны өзге емес, шетелдiк инвесторлар да жақсы пайдаланды. Алысқа бармай-ақ, айналасы үш жылдың iшiнде 100 адамның өмiрiн әкеткен ағылшын миллиардерi Лакшми Митталдың қылмыстарына көз жұмбайлықпен қарап отырғанымызды мысалға алсақ жетiп жатыр. 2004 жылдан берi "Арселор Миттал" акционерлiк қоғамына қарасты Қарағанды шахталарында орын алған iрi жарылыстар салдарынан 100-дей адам опат болып, ондаған адам мүгедектiкке ұшырады. Бiрақ, мемлекеттiк комиссия жауырды жаба тоқып, жарылыстарды шахтерлар өздерi жасаған деген қорытындылар жасап жүрдi. Биыл амалсыздан Митталдың қауiпсiздiк ережесiн сақтамағандығын, техника қауiпсiздiгiн жасамағандығын айтып, өзiне салмақ салды. Алайда, бұл салмақ ескертумен ғана шектелдi. Ендi сол Митталдың Үкiмет қазынасына төлеуден жалтарып жүрген 100 миллиард теңгесiне де кешiрiммен қарайтын болдық.

"Время" газетiнiң 5-сәуiрдегi санында Сергей Перхальскийдiң "Простили 100 миллиардов" атты мақаласы жарық көрдi. Онда Қарағанды облыстық сотының "Арселор Миттал Темiртау" акционерлiк қоғамының корпоративтiк табыс салығынан жалтарған 100 миллиард теңгесiне кешiрiммен қарау туралы шешiм қабылдағаны жайында айтылады. Мақала авторы Митталдың үстiнен қаралуға тиiс соттың 3 рет кейiнге шегерiлгендiгiн айта отырып, әдiлет органдары әлемдегi 4-миллиардер Л. Митталдың iсiн қалай шешу жайында ұзақ ойланғандығын айтады. Сот iсi жабық есiк жағдайында өткен. "Арселор Миттал Темiртау" компаниясының адвокаттары бұның себебiн "1995 жылы қол қойылған Қазақстан Үкiметi мен Лакшми Миттал арасындағы келiсiмшарттың барлық пунктi коммерциялық құпия" дегенмен түсiндiрген. Сот Қаржы министрлiгi мен Салық комитетiнiң талабын негiзсiз деп тауып, iстi Миттал мен оның компаниясының пайдасына орай шешiптi. Қаржы министрлiгi Салық комитетiнiң төрағасы Нұрлан Рахметов 2002-2005 жылдары корпоративтiк табыс салығы бойынша жүргiзген тексерулер нәтижесiнде ел қазынасы төлемеген қаржының өсiмiмен 100 миллиард долларға зардап шегiп отырғанын айтады. Темiртау қаласының соты Қаржы министрлiгiнiң талабын орынды деп тауып, iстi салық комитетiнiң пайдасына шешкен болса, облыстық соттың азаматтық iстер жөнiндегi коллегиясы керiсiнше, Лакшми Митталдың пайдасын көздеген. Бұның салдарынан жергiлiктi бюджет "Арселор Миттал Темiртау" компаниясына мемлекеттiк баж салығы ретiнде қазынадан 1,5 миллиард теңге төлеуге мәжбүр болады. Дегенмен, Қаржы министрлiгi бұнымен тынбайтындықтарын айтады, iс оңына баспайынша, ең жоғарғы инстанцияларға дейiн шағымданатындықтарын ескерткен.

Ал, "Начнем с понедельника" газетiнiң 4-сәуiрдегi санында Андрей Якубовтың "Митталический меморандум" атты мақаласы жарық көрдi. Бұнда керiсiнше, Лакшми Митталдың қолының ашықтығы айтылып, оны жер-көкке сыйғызбай мақтаған екен. Қарағанды облысының әкiмi Нұрлан Нығматуллин "Арселор Миттал Темiртау" компаниясымен әлеуметтiк әрiптестiкке қол жеткiзiп, осыған орай меморандумға қол қою рәсiмiн өткiзген. Демек, аталған компания облыстағы ең үздiк он түлектiң шетелдiң таңдаулы жоғары оқу орындарында оқуына мүмкiндiк жасап, олардың оқу шығынын мойындарына алмақ. Меморандум бойынша, Қазақстан құрама командасының 5 спортшысын 2008 жылы Пекинде өтетiн олимпиадаларға жiберу шығынын компания көтеретiн болады. Абай қаласын көрiктендiру, Шахтинскiдегi "Шахтер даңқы" скульптуралық кешенiн қаржыландыру, Темiртау қаласындағы "Металлург" стадионын қайта жөндеуден өткiзу iстерiне компания қаржылай көмек қолын созбақ.

— "Арселор Миттал Темiртау" компаниясы басшыларына маңызды әлеуметтiк мәселелердi шешуге ат салысқаны үшiн алғыс бiлдiремiз, — деген Нұрлан Нығматуллин.

Яғни, Қарағанды облыстық сотының Лакшми Митталдың төлемеген салығын кешiруiнiң мәнi осында жатқан жоқ па? "Шетел инвесторлары" туралы Заң бойынша, олардың әлеуметтiк жобаларға қатысып, елдiң әлеуметтiк мәселелерiн шешуiне атсалысуы заңды. Оны айғайлатып айтып, атойлап қарсы алудың қажетi шамалы. Қарағанды әкiмi де, Үкiметтiң басқа мүшелерi де Л. Митталдың алдында құрша жорғалайды. Өйткенi, ол әлемдегi бай адам. Сондықтан, оның талтаңдауына жол берiп қойдық.

Миттал бiздiң қазынамызға корпоративтi табыс салығының 2,5%-ын ғана төлеп отырған көрiнедi. Бұл жылына 7 миллиард теңгенi, 60 миллион долларды құрайды. Жер салығы ретiнде 4 миллион теңге төлейдi. Жұмысшыларға сағатына 1,5 доллар төленедi. Америкада бұл цифр 15 долларға дейiн жетедi екен. Митталдың Қарағанды көмiр шахталарынан қазынасына құйылып жатқан миллиардтарын есептеп отырған ешкiм жоқ. Бiрнеше жылда қара алтынымыздың да қоры сарқылар. Сол кезде аларын алып, жасарын жасаған Митталдың тайып тұруы да ғажап емес. Бүгiнде ол өндiрген металдың қазақ рыногында сатып алу құны өте жоғары. Оны Қытай асырып, қайтадан өзiмiз сатып алатын деңгейдемiз. Бiрақ, Миттал бiз үшiн, бiздiң Үкiмет үшiн керек. Сол үшiн оның маңдайынан сипап, кекiлiн тарап еркелетiп қоюымыз қажет. Қазақ айтады ғой, "Бермесе де бай жақсы" деп. Миттал бiзге тек миллиардер болғаны үшiн ғана керек. Ал, онсызда демографиясы тұралап тұрған елiмiздегi атпалдай 100 азаматтың қазасы қабырғамызға батпайды. Өйткенi, бiз үшiн адам өлiмi басты мәселе емес. Басты мәселе — миллиардерлердiң елiмiздi тастап кетпеуi. Американдық бiр шахтердың өмiрi жұмыс берушi үшiн 40 миллион долларға түссе, бiз небәрi 4 мың доллар төлеуге мәжбүрлеп, соның өзiн үлкен жетiстiк деп бағалап отырмыз. Қазынамызға 100 миллиард теңге құйылмаса да, бiз оған көз жұма қараймыз. Өйткенi, онсыз да талан-таражға түсiп жатқан байлығымыздың мұхит асып кетiп жатқаны маңызды емес, Л. Митталдың итке сүйек тастағандай бiрнеше әлеуметтiк жобаны қаржыландырып, азын-аулақ қаржы бөлiп қойғаны маңызды. Митталды Қазақстаннан өзге ешкiм де бұлай талтаңдатпас едi. Амал не, өзiмiздi өзiмiз сыйламағанда, жат сыйлап неғылсын!

Бiрақ, Лакшми Митталдың бұл айтқандарға пысқыратын түрi жоқ. «Күштiнiң арты диiрмен тартады» демекшi миллиардер миығынан күледi де жүре бередi.

Есенгүл Кәпқызы