ТАРТЫЛҒАН ТАЗА СУДАН, АЙТЫЛҒАН АЙҚАЙ-ШУ КӨП

ТАРТЫЛҒАН ТАЗА СУДАН, АЙТЫЛҒАН АЙҚАЙ-ШУ КӨП

ТАРТЫЛҒАН ТАЗА СУДАН,  АЙТЫЛҒАН АЙҚАЙ-ШУ КӨП
ашық дереккөзі

Облыс халқын таза ауыз сумен қамтамасыз ету — Оңтүстiк Қазақстан облысының шенеунiктерi үшiн күн тәртiбiнен түспейтiн, күрмеуi күрделi мәселеге айналған. Ал облыс халқы үшiн алтын балықтан сұрар арманға айналып барады.

Жұмысынан жиналысы, нәтижесiнен кемшiлiгi көп бағдарлама барысының сериалға айналу салдарынан жоспарланған ауылдарға уақытылы ауыз су жетпей жатыр. Бұл өз кезегiнде түрлi жұқпалы аурулардың өршуiне бiрден-бiр себеп болуда.

Кешегi аптада облыстық әкiмшiлiкте "Таза су" бағдарламасының орындалу барысы тағы талқыға түстi. Бағдарламаның орындалуын қадағалау мiндетi жүктелген облыс әкiмiнiң бiрiншi орынбасары Ислам Әбiшев халық қалаулылары алдында есеп бердi.

Екi сағатқа созылған есеп беруде айтылған нақты сандарды сөйлетер болсақ, 2005-2007 жылдар аралығында айқай-шуға толы тiрлiктiң қорытындысында 37 нысанның құрылысы аяқталыпты. Өтпелi болған 36 нысанның құрылысы үстiмiздегi жылдың еншiсiне қалдырылған. Жалпылама айтқанда, осы жылдар аралығында жоспарланған жұмыстың 60 пайызы ғана орындалған. Қалғандарына қатысты себеп пен салдар жеткiлiктi.

2007 жылы бағдарлама негiзiнде республикалық бюджеттен 1898 млн., облыстық бюджеттен 865 млн. теңге бөлiнсе, биыл республикалық бюджеттен сұралған 4091 млн. теңгенiң 3135 миллионы, облыстың ортақ қазанасынан сұралған 2253 млн. теңгенiң 584 миллионы берiлетiн болды.

Дәл бүгiнде облыста ауыз суға қатысты проблемасы жоқ аудан жоқ. Табиғаты тамаша деген таулы аудан тұрғындарының арасында да таза судан тарығып отырғандар жетерлiк. Әсiресе, теңiз ортасында жатқан Шардара, халық көп қоныстанған Түркiстан қалалары мен Сарыағаш, Қазығұрт, Сайрам аудандарындағы ахуал тым күрделi. Шардарада төрт жыл бұрын басталған құрылыс әлiге дейiн толық аяқталмаса, Түркiстандағы бiр мердiгер төрт жылдан берi қаншама миллион қаржы жұмсағанымен, халыққа бiр тамшы да су жеткiзбеген. Сайрам ауданында тендерден жеңiмпаз деп танылған мердiгердiң тiрлiгiнен қылмыстың iзi байқалса да нақты шара көрiлмей келедi. Айта берсек, көлеңкелi көрiнiстер осылай жалғасып кете бередi. Осының бәрiнен хабардар депутаттар халықтың ортақ қазынасын мақсатсыз жұмса¬ған мердiгерлерден бюджетке қайтарылған қаржының бар-жоқтығын сұрады. Өкiнiшке орай, Ислам Әлмаханұлының алдында мұндай нақты мәлiмет жоқ болып шықты. Сонда қалай, мемлекет қаржысын оңды-солды шашып жүргендерге жүген жоқ болғаны ма?!

Жалпы алғанда облыстағы 900-ден астам елдi мекеннiң дәл бүгiнде 300-ге жуығы ғана таза ауыз сумен қамтылған. 400-ден астамы құдық суы мен ағын суды қанағат тұтса, қалғандары суды тасып iшедi. 2010 жылға дейiнгi болжамға көз жүгiртсек, алдағы екi жылға 24611 млн. теңге сұралып отыр екен. Бұл сұралғаны. Ал қаншалықты бөлiнетiнiн тақсыр уақыт қана көрсетiп бере алады. Мәселен, үстiмiздегi жылы сұралған 6344 млн. теңгенiң 3719 миллионы ғана бұйырып отыр. Яғни тең жартысына жуығы. Осыны негiзге алсақ, алдағы екi жылда қолға тиетiнi 12-13 млрд. теңгенiң төңiрегi болуы ғажап емес. Мамандардың есебi бойынша облыс халқын толық ауыз сумен қамтамасыз етуге 66 млрд. теңге қаражат қажет екен. Сонда халық әлi ауыз суды қанша жыл сарыла күтетiнiн есептей берiңiз.

Елбасы 2010 жылы барлық елдi мекендердi ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесiн алға тартып келе жатқалы бiрнеше жылдың жүзi болды. Ал Ислам Әбiшевтың айтқанынан ұққанымыз, 2008-2010 жылдар аралығында 131 елдi-мекенге су тартылмақ. Осы меже орындалса, 2010 жылы таза суды қажет ететiн елдi мекендердiң саны 216-ға дейiн төмендейдi екен. Мұның өзi әзiрге жоба ғана. Өкiнiшке орай, 2005-2007 жылдар аралығындағы жоспар орындалмай, көптеген құрылыс өтпелi сипатқа ие болды, яғни келесi жылға ысырылды деген сөз. Әйтеуiр өтпелi құрылыс сақалды құрылысқа айналмаса болғаны.

Халық қалаулылары "Таза су" бағдарламасының орындалу сапасын қанағаттанарлықсыз деп шештi. Алайда, депутаттар мұндай бағдарламаның орындалуына баға бере алмайтынға ұқсайды. Сонда қалай, депутаттар өз құқын бiлмейдi ме, әлде жергiлiктi билiк сынға мойынсұнғысы келмей ме? Әйтеуiр "екi түйе сүйкенсе, арасында шыбын өледiнiң" керi келмесе болғаны.

Шадияр Молдабек