ЖАҚСЫБЕК КҮЛЕКЕЕВТI ЖАРҒА ЖЫҚҚАН КIМ?
ЖАҚСЫБЕК КҮЛЕКЕЕВТI ЖАРҒА ЖЫҚҚАН КIМ?
«Қазақстан темiр жолындағы» былықтар елдi мезi еттi
Ең алдымен ТМД елдерiндегi коррупцияның аздаған жылдарда мемлекет, қоғам өмiрiнiң барлық саласын улы шырмауықтай орап-буып алғаны соншалық, бұл құбылыс әлемдiк қауымдастықтың да қатты алаңдаушылығын туғызғанына бiрталай жылдың жүзi болуға айналды. Сiрә, сыбайлас жемқорлықтың деңгейi ТМД мемлекеттерiнiң бiрiнде жоғары, бiрiнде төмендеу делiнгенi, дәлiрек айтқанда, бiр елде коррупциямен күрес шын мәнiнде мемлекеттiк тұрғыдан жүргiзiлгенi, ендi бiреулерiнде ендi ғана қолға алынып жатқаны болмаса, тәуелсiз мемлекеттердiң бәрiнде ол ұлттық қауiпсiздiкке, қоғамға қатер төндiрiп отырған жексұрын құбылысқа айналғанына ешкiм шәк келтiрмейдi.
Ол ол ма, кейбiр қарапайым адамдардың пiкiрiнше,коррупция деген ешқашан жеңiлудi бiлмейтiн, адамдардың өмiрiн бiржола өзiне тәуелдi еткен құбыжық. Қоғам қазiр әдiлдiк, шындық, тура жолдан тайқымау деген бүкiл адамзаттық биiк құндылықтарға сенiмсiздiкпен қарай бастаған сыңайлы. Сондықтан, Қазақстан сыбайлас жемқорлықпен күрестi ТМД елдерiнiң iшiнде алғашқылардың бiрi болып бастап, оған қарсы заң қабылдады, коррупцияға қарсы күрес агенттiгi құрылды, мемлекеттiк қызметкерлердiң ар-намысы туралы кодекс қабылдады. Тiптi, билiк партиясы — "Нұр Отан" коррупцияға қарсы күрестi партияның басты мiндетi деп, оған таяу арада үстемелете ауыр он соққы берудi өз ерiктерiмен мойнына алып, экономикалық қылмыстар мен коррупцияға қарсы күрес агенттiгiнiң төрағасы Сарыбай Қалмырзаевпен арнайы меморандумға қол қойды. Сыбайлас жемқорлықтың қауiптi деңгейге жеткенiне алаңдаған Ресейде мәртебелi шенеунiктер мен құқық қорғау органдарының мансап иелерiн маңызды мемлекеттiк қызметке тағайындарда детекторды — адамның өтiрiк немесе шындықты айтқанын айқындайтын арнайы құралды пайдалану жөнiнде заң жобасы дайындалу үстiнде. Мұның өзi қазiр қоғамның, адамдардың өзара сенiмiнен айырылғанын, бұдан былай адал сөзге сенбейтiн сұмдық заман басталғанын әйгiлейдi. Адамды хайуаннан айыратын адалдық, шыншылдық, бiрсөздiлiк деген iзгi қасиеттер бұдан былай бiржола архаизмге айналатын сияқты.
Соңғы күндерi Ресей Бас прокуратурасы Тергеу комитетi бас тергеу басқармасының лауазымды басшысы Дмитрий Довгийдiң аса iрi көлемде пара алғандығы жөнiнде айыпталып, қызметтен шеттетiлгенi көршi елде кең көлемде қоғамдық пiкiр тудырып отыр. Бас тергеушiнi беймәлiм әрiптестерi айыптаған көрiнедi. 2006 жылдың шiлдесiнде ғана Мәскеуге Санк-Петербургтен қызмет ауыстырып келген ол келер жылдың қыркүйегiнде аталмыш тергеу басқармасының аса беделдi, принциптi, алғыр да табанды басшысына айналған болатын. Оның ақ-қарасын сот шешедi десе де, осы iстiң құпия астары көп екендiгiне алаңдаушылардың қатары көбейе түсуде. Өйткенi, заң ғылымдарының кандидаты, жастығына қарамай құқық қорғау органдарында 20 жылдан астам қызмет атқарған Довгий әдiл жолдан ауытқымайтындығымен аты шыққан болатын. Ол келгелi берi Тергеу басқармасы қаржы министрiнiң орынбасары Строчак, сондай-ақ ФСКН-ың департамент бастығы, генерал Бульбов, тағы да бiрқатар жоғары лауазымды шенеунiктердiң үстiнен қылмыстық iс қозғаған едi. Елдегi беделдi газетке берген сұхбатында Дмитрий Довгий: "Коррупцияға қарсы күресте тек тыйым салатын ғана емес, адамға қолдау беретiн iс-шаралар да қатар енгiзiлуi тиiс. Жеке адам тек түрмеге қамаламын-ау деген қорқыныштан ғана емес, өзi үшiн пайдалы болатындықтан да коррупцияға қарсы күресу керектiгiн түсiнуi қажет. Жазалау шаралары белгiлi бiр деңгейде проблеманы шешедi, бiрақ түбегейлi шеше алған емес", — ("Известия" газетi, №59, 3 сәуiр, 2008 ж.) деп мәлiмдеген болатын. Қазiр 3 млн. евро пара алды деген айыппен қызметтен шеттетiлген Дмитрий Довгийдiң тағдырына алаңдаушылар бұл iстiң тасасынан жоғары лауазымды адамдар мен сыбайлас жемқорлардың қасақана әрекеттерiн iздеуде.
Демократия, нарықтық қатынастардың өзiндiк жақсы жақтары жетерлiк болғанымен, жүйенiң адам мiнез-құлқы, өмiрлiк ұстанымдарының тез арада өзгеруiне, қарау iстер мен жамандықтың үстем болуына тигiзетiн әсерi де мол секiлдi.
Тiптi, Қырғызстан президентi Құрманбек Бакиев те өзiнiң оңтүстiк аймақтағы биiк лауазымды қызметтегi кезi және пара туралы айта келiп: "Ол тап қазiргiдей қызмет пен орынтақты сату және тағы басқа түрiнде емес, басқашалау болатын. Бiздiң кезiмiзде қой сою, арақ-шарап, қымызбен сыйлау түрiнде болатын. Одан басқаша емес", — деп ағынан жарылғаны да бар.
Соңғы күндерде атақты "Самсунг" компаниясы басшыларының да үстiнен қылмыстық iс қозғалуда. Оңтүстiк Кореяның бұл даңқты компаниясында мемлекеттiк шенеунiктерге пара беруге арнайы құпия қор құрылып, онда 200-300 миллион доллар көлемiнде қаржы сақталып және бұл өзiнiң тиiмдiлiгiн толығымен дәлелдеп, қазiргi күнге дейiн жұмыс iстеп келген.
Кәрi Еуропа да коррупциядан құралақан емес. Тiптi, Ирландияның премьер-министрi Берти Ахерн 1993-1994 жылдары әлдебiр кәсiпкерден 140 мың евро пара алды деп айыпталып, алдағы 6-мамырда ұзақ жылдан берi үзiлiссiз отырған биiк орынтағымен бiржола қош айтыспақшы. 2006 жылдан берi оған қарсы тергеу шаралары жүргiзiлiп келе жатқаны мәлiм. Байғұс Берти Ахерн әлгi қаржыны кезiнде әйелiмен айырылысу үшiн алғанын, ал кейiнiрек оны қайтарып бермек болғанда әлгi "досы" одан бас тартқанын айтып ақталуда. Бiр сөзбен айтқанда, кезiнде әлдебiр досыңнан ақша алсаң, кейiн жақпай қалғаныңда ол "пара бергенмiн" деп түбiңе жететiн замана туды.
Коррупциямен күрес ұранымен Қазақстанда да "жаптым пәле, жақтым күйе" деушiлердiң қатары көбейе түскенi аңғарылды. Өзiне немесе белгiлi бiр топтарға ұнамайтын азаматтарға қарсы астыртын әрекеттер ұйымдастырылып, қасақана жала жабу күн сайын көбейiп келе жатқаны жиi байқалып отыр. Нәтижесiнде, адал адам өзiнiң ақтығын дәлелдеп ғұмырын зая етедi немесе қымбат уақытын сарп етуге мәжбүр. Көптеген арыз-шағымдардың соттан қайтып алынатыны немесе куәлердiң әуелгi көрсетулерiнен бас тартуы жиiлей түсетiнi де сондықтан сияқты.
Қоғамды жаппай үрей, әлдеқандай iшкi сескену жайлап бара жатқаны айқын. Адалдық туралы ұстанымдар мен көзқарастар мың құбылып барады, өкiнiшке қарай.
Сәуiр айының басында "Қазақстан темiр жолы" Ұлттық компаниясының басшысы Жақсыбек Күлекеев мырзаның 100 мың доллар пара алды деген айыппен тұтқындалуы елiмiзде айтарлықтай қоғамдық пiкiр, алаңдаушылық тудырып отырғаны да сондықтан. Бұл ақпарат 1 — сәуiр күнi таратылғандықтан "Күлкi күнiндегi зiлсiз қалжың ғой" деушiлер де көп болған.
Жақсыбек Күлекеев кiм? 1957 жылы туған Жақсыбек Әбдiрахметұлы экономика саласының елiмiздегi бiлгiр, бiлiктi маманы, ғылым докторы, осыған дейiн Қазақстан статистикалық агенттiгiнiң төрағасы, экономика және сауда министрi, бiлiм беру және ғылым министрi қызметiнде елiмiздегi бiлiм беру жүйесiн әлемдiк талаптарға сай ету үшiн аянбай тер төккен азамат, тiптi, оның жаулары да Жақсыбек Күлекеевтiң мемлекетшiлдiгi, жаңа реформаларды өмiрге енгiзудегi табандылығы мен құштарлығын, принципшiлдiгiн жоққа шығарып көрген емес. Қазақстан Премьер-министрi Кәрiм Мәсiмов мырзаның өзi оған 2007 жылдың қазан айында: "Бүгiнгi күнге дейiн сiздiң мундирiңiз еш дақ, кiрсiз болды, әдiлiн айтсам, бұрынғы жұмыстарыңызда әлдебiр жерде, әлденемен көзге түскенiңiз туралы менде ешқандай ақпарат жоқ", — деп жоғары бағалаған болатын.
Жақсыбек Күлекеев "Қазақстан темiр жолы" Ұлттық компаниясына басшы болып келген бетте-ақ бұл жүйеде ұзақ жылдардан берi қалыптасқан адам төзгiсiз ауыр ахуалды жоюға батыл қадам жасағаны да рас. Бiр сөзбен айтсақ, ащы шағатын улы аралардың ұясын мазалады ол. Тiптi, аталмыш қызметке келiсiмен-ақ мұнда қалыптасқан ауыр жағдайды — Ұлттық компанияда сыбайлас жемқорлықтың тамыр жайып, әбден тереңдеп кеткенiн ресми түрде алғаш рет батыл әрi ашық айтқан да өзi. Өткен жылдың қыркүйек айында "Казахстанская правда" газетiнде берген сұхбатында: "Қазiр компанияның имиджi соншалық жақсы емес. Бiздiң елiмiздегi дерттiң бәрi мұнда айрықша көзге ұрып көрiнедi.
Мұнда бәрi де есепшотқа ("счетчик") мықтап қойылған. Жасырмай айтайыншы, менi де сол ұйық батпаққа сүйрегiлерi келдi. Өздерiне тиiспеуiм үшiн аса қомақты ақша ұсынды", — деп темiр жолдағы қалыптасқан күрделi жағдайға көпшiлiктiң назарын аударғаны да жұртшылықтың есiнде. Солай деп шырқыраған азаматтың ендi өз басына қара бұлт үйiрiлуi әлгi "ұйық батпаққа" батқысы келмеген адамды бәрiбiр былғап, абыройын аяқ асты етпек болғандардың жеңiске жеткендiгi ме, әлде ол өзi шынымен "жеп" қойды ма?
Қазақстан темiр жолында қалыптасқан ауыр жағдай туралы "Түркiстан" газетi соңғы бес жылдықта бiрталай көлемдi мақалалар жариялаған болатын. Турасын айтқанда, экономикамыздың аса маңызды, стратегиялық саласында қалыптасқан жүйе, ұлттық, мемлекеттiк қауiпсiздiкке әсер ететiн, тiптi, елiмiздiң қорғаныс қабiлетiне тiкелей ықпалын тигiзетiн магистральдерге иелiк ететiн саладағы түсiнiксiз "маневрлар" жұртшылықты сандаған жылдардан берi толғантып келе жатқаны рас. Бұл жүйедегi қалыптасқан ахуалға көптеген факторлар әсер етiп отырғаны айқын.
Нақты деректерге сенсек, елiмiздегi басты темiр жолдардың жалпы ұзындығы 18,8 мың километрге созылып жатыр. Елiмiздегi жалпы жүк тасымалының 68 пайызын, ал жолаушылар тасымалының 60 пайызын Ұлттық компания атқарып, 142 мың 800 адам осы ауыр салада күнделiктi нанын тауып, нәпақасын айырып жүр. Компанияның қарауында 1833 локомотив бар болса, соның 1254-i кез келген сәтте арқырап жұмыс iстеуге әзiр. Сонымен қатар, 77 мың жүк вагондары алыс жолдарға аттанып, жүздеген мың тонна жүктi Қазақстанның қиян түкпiрлерiне жеткiзуде.
2007 жылы "Қазақстан темiр жолы" Ұлттық компаниясы 430 млрд. теңге көлемiнде кiрiс әкелгенi де аян. Яғни, елiмiздегi аса табысты әрi күрделi сала — темiржол! Сондықтан осы жүйеде қалыптасқан ахуалға, оның артықшылықтары мен кемшiлiктерiне байыппен көз жүгiртiп, таразыға салу, бұл мәселенiң қыртысына терең үңiле қарау қажет.
Қазақстан темiр жолындағы қалыптасқан жағдайдың адам төзгiсiздiгi, жүйенiң бiржола iрiп-шiрiгендiгi туралы пiкiрлер талай жылдардан берi үзiлмей айтылып келедi.Тiптi, аса жоғары мiнберлерден де бiрнеше рет мәлiмдендi. Жыл аралатып немесе жыл сайын Үкiметте "Қазақстан темiр жолы" Ұлттық компаниясына қатысты түрлi оңтайлы шараларды жүзеге асыру жоспарланып, сан қилы шешiмдi қадамдар қағаз жүзiнде белгiленгенiмен, темiр жолда түйткiлдер азайған емес. Мұндағы ұйымдасқан қылмыстық топтар, коррупция, заң талаптарына қайшы тамыр-таныстық туралы қауесеттердiң ел iшiнде көп таралғанына өткен жылдар куә.
Елiмiздегi 121 темiржол вокзалдарының 99-ы кезiнде жеке компаниялардың иелiгiне берiлген. Түрлi құжаттарын заңға сәйкестендiрiп алған әлгiндей жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктер вокзалдарды жөндеу, оларды заман талаптарына сай қайта құруды ойларына да алмайды. Тек вокзал ғимаратына, оның территорияларын өзгелерге заңды-заңсыз жалға берiп, қалтаға түсер ақшаны ғана ойлаумен шектелiп қалған.
Қазiр вагон, локомотивтердi жөндеу мәселелерi де жекеменшiк компанияларға жүктелген. Елiмiздегi вагондар паркi 185 түрлi серiктестiктердiң уысында және оны олар кезiнде су тегiн алған. Олар вагон паркiнiң көп, сапалы болғанына мүдделi емес, тек тасымал тарифiнiң қымбаттауына иек артады. Сондықтан, қазiргi күнде 12 мыңдай вагон күрделi жөндеу күтiп, қаңтарылып тұр.
Қазақстан темiр жолының тiкелей жұмысына нұқсанын тигiзген деген желеумен, бұл салада ұзақ жылдар бойы қалыптасқан жүйенi бiржола талқандап, оның құрамындағы ауруханалар, мектептер, тұтас ауылдар тағдырдың тәлкегiне тасталды. Мезгiл-мезгiл мұндағы жағдайды жөндеуге қабiлеттi делiнiп, жаңа адамдар — "мықты менеджер¬лер" басшылық қызметке тағайындалады. Тiптi, соңғы он-он бес жылда бұл саланың тiзгiнiн ұстаған басшылардың ешбiрi темiржолға түк қатыссыз адамдар. Мықты менеджер болуы мүмкiн, бiрақ темiржол саласының иiсi мұрынына бармайтын бөгде адамдар. Сондықтан, олар бiлiп немесе бiлместiктен жиi қателiкке ұрынып жатады. Сондықтан, темiржол саласында қылмыстық iстер жиi көтерiледi.
Әзiрге оқиғаның мән-жайы толық белгiсiздеу болып тұр. Қазақстан темiржолының күйзелген, керi кеткен шаруасын қалпына келтiруге таяу жылдары 800 млрд. теңге қажет болатыны биiк мiнберлерден жақында анық айтылған едi.
Ал шаруасы шатқаяқтап, керi кеткен бұл салаға басшылыққа келуге адамдар неге жансалады, тiптi, ынтық?! Кеденге келуге де? Әлде бұнда қарапайым жұрт бiлмейтiн құпия бар ма? Сосын осы құрылымға келгендер нелiктен тез қылмысқа ұрынады? Мұның өзi бұл жүйелердiң iрiп-шiрiгендiгiн аңғартатын секiлдi-ау.
Әуелде Қаржы полициясының ресми ақпаратында "ҚТЖ" басшысының үстiнен тепловоздардың тежегiш тiркемелерiне қажеттi втулкаларды жоғары бағамен сатып алып, акционерлiк қоғамға 121 млн. теңгеден астам нұқсан әкелдi деген айыппен Алматы қалалық Экономикалық және коррупциялық қылмыстарға қарсы күрес департаментi қылмыстық iс қозғады делiнгенмен, кейiн келе айыптау мүлдем басқа бояуға ауысты. Iле-шала Ж.Күлекеевтiң пара алғаны туралы өздерiнiң дереккөздерiне сiлтеме жасаған кейбiр орыстiлдi ақпарат құралдары миллион доллардан астам пара жөнiнде алдын ала сөз таратып үлгердi. Өздерiнiң аса "сенiмдi" ақпарат көздерiне сүйенген бiрсыпыра ақпарат құралдары: "ҚТЖ" ұлттық компаниясының президентi сәуiрдiң бiрi күнi кешкi сағат тоғыздар шамасында өзiнiң жұмыс кабинетiнде әзiрге аты-жөнi белгiсiз бiреуден 100 мың доллар көлемiнде пара алып отырған жерiнде ұсталып, түнгi сағат екiде қаржы полициясына қамауға алыныпты", — деп хабарлады. Оған Қылмыстық кодекiсiнiң 311-бабы 5-тармағы бойынша аса ауыр айып тағылып отыр.
Әрине, Жақсыбек Күлекеев секiлдi мемлекетшiл тұлғалардың бiрiнiң ұсталғаны туралы түрлi қауесеттiң тез арада тарайтыны түсiнiктi де. Лауазымды азаматтарды аяқтан шалуға, сүрiндiруге тырысатын жеке адамдар мен өздерiнiң құпия есептерi iшiнде жатқан ықпалды топтардың бар екенiн де естен шығармаған жөн.
Осы орайда елiмiздегi беделдi, батыл басылымдардың бiрi — "Жас қазақ" газетiнiң: "Экономиканың күре тамыры болып табылатын Қазақстан темiр жолы ұлттық компаниясының басшылығына тағайындалысымен Жақсыбек Күлекеев "қытай вагондарының" қырсығына ұшырады. Анығырақ айтсақ, ҚТЖ-ның бұрынғы президентi Атамқұлов алып келген қытайдың улы вагондары туралы жағымсыз әңгiме Күлекеев келiсiмен баспасөзде жалғасын тауып жатты. Демек, мына жайт Күлекеевке iлгерi-соңғы уақытта жауыққан жандардың қолымен жасалуы мүмкiн. Оны аз десеңiз, Күлекеевтi паралап ұстауды Қазақстанға темiржол вагондарын сата алмай қалған Ресей жансыздары ұйымдастыруы да кәдiк.
Оқиға стратег Күлекеевтiң белсендiлiгiн көтере алмаған әрiптестер тарапынан орындалуы да ықтимал", — деуi ("Жас қазақ" газетi, №13 сәуiр, 2008 ж.) бекер айтылған сөз емес.
Бұл iстiң тасасындағы түсiнiксiз жұмбақтарға, елiмiзде кiлем астында жүргiзiлiп жатқан ережесiз белдесулердiң шындығына көз жеткiзу қиынның қиыны.
Мәселеге байыппен қарайтын болсақ, негiзгi оқиға мүлдем басқаша өрiстеген көрiнедi. Экономикалық және коррупциялық қылмыстарға қарсы күрес агенттiгi төрағасының орынбасары, генерал-майор Қайрат Қожамжаровтың айтуына қарағанда, Ж.Күлекеевтiң пара алмақ болып отырғаны туралы осы ұлттық компанияның белгiсiз қызметкерлерi агенттiкке арыз берген көрiнедi. Пара бермек болғандар да шағым¬данған. "Бiз оларды қорғауға алуға мәжбүр болдық, — дейдi генерал Қайрат Қожамжаров. — Соңғы тәу¬лiктерде оларға орасан қысым жасалып, олар әу бастағы айтқандарынан тайқып отыр". ("Время" газетi, №49 5 сәуiр, 2008 ж.).
Күлекеев өз үйiнiң ауласында ұсталыпты. Ақшаларды полиция қызметкерлерi темiр жол бастығының қызмет көлiгiнiң артқы орындығынан тауып алған. Және оны сол жерге жүргiзушi қойған көрiнедi. Тiптi, бұл жүргiзушi оған дейiн қаланы аралап, әлгi 100 мың доллардың арасынан суырып алған 200 долларды екi бiрдей ақша айырбастау пунктiнде тексерткен көрiнедi. Және сол 200 доллар қалтасынан шыққан…
Әлбетте, күдiктi iстiң ақ-қарасын сот қана анықтайтыны даусыз. Егер фактiлер анықталатын болса, "Қазақстан темiр жолы" Ұлттық компаниясының бұрынғы президентi Жақсыбек Күлекеевтiң дүние-мүлкi тәркiленiп, 10 жылдан 15 жылға дейiн бас бостандығынан айырылуы ықтимал.
Бiрақ, осы iстегi бiрнеше қисынсыздық әлден-ақ көзге ұрады және бұларға нақты жауап берiлмей тұрып, Күлекеевтi айыптаудың өзi күлкiлi.
Бiрiншiден, полиция немесе арнаулы қызметтiң адамдары пара алушыны тiкелей қылмыс үстiнде, яғни пара алу сәтiнде ұстауы керектiгi қалыптасқан ереже. Мұндайда уақыт көп рөлге ие болады, маңызды факторға айналатыны сөзсiз. Ал бұл оқиғада ақша автомашинаның артқы орындығында жатқан және оны сол орынға жүргiзушi қойған болып отыр. Ал күдiктi деп ұсталған Ж. Күлекеев онда ақша жатқанын бiлдi ме?
Егер одан мүлдем бейхабар болса ше?!
Екiншiден, жүргiзушiнiң қалтасынан 200 доллардың шығуы, ұсталғанға дейiн оның емiн-еркiн қаланы аралап, екi бiрдей ақша айырбастау пунктiне кiрiп, әлгi ақшаларды тексертiп шығуы қалай?
Үшiншiден, генерал Қ.Қожамжаров сөз еткен шағым берушi жәбiрленуiшiлер әлден-ақ әуелгi көрсетулерiнен бас тартып, бұлталаққа салғаны қалай? Оларға тағы да қысым жасалып, ендi қайтадан мүлдем басқаша сайрап жүрмей ме?
Бұқаралық ақпарат құралдары Жақсыбек Күлекеевтi "жұмбақтау тұлға" десетiн. Мiне, ендi сол жұмбақ тұлғаға қатысты iс те күрделене түсiп отыр.
Жаңабек ШАҒАТАЙ