БОКСЕРЛЕРГЕ ЖАҢА СПОРТ КЕШЕНIН СЫЙЛАДЫ

БОКСЕРЛЕРГЕ ЖАҢА СПОРТ КЕШЕНIН СЫЙЛАДЫ

БОКСЕРЛЕРГЕ  ЖАҢА  СПОРТ КЕШЕНIН СЫЙЛАДЫ
ашық дереккөзі

Пекин олимпиадасы басталатын күн де алыс емес. Он жолдаманы қанжығасына байлаған боксерлерiмiздiң олимпиадаға дайындығы қалай? Осы орайда, былғары қолғап шеберлерiнiң ештеңеге алаңдамай, тынымсыз еңбек етуiне де арнайы жағдай жасалып отыр.

Жуырда Алматы облысында ашылған олимпиадаға дайындық кешенi осының дәлелi. Өткен аптаның жексенбiсiнде Бокс федерациясы президентi Ұзақбай Қарабалин мырза мен Ұлттық бокс құрамасының бас бапкерi Дамир Буданбеков жаңа спорт кешенiн аралап, танысып қайтты. Орталықта былғары қолғап шеберлерi үшiн барлық мүмкiндiктер бар. Бұрын боксерлер қаладағы санаторийлерде демалып, орталық "Достық" кешенiне келiп жаттығатын болса, қазiр оларға жаттығып қана қоймай, тынығуларына да арнайы жағдайлар жасалынған. Спорт кешенiнде екi спорттық зал бар. Оның бiрi — мини футбол алаңы болса, екiншiсiнде төрт ринг орын тепкен. "Бұрынырақта бiр ринг қана болып, боксерлерiмiз кезек күтiп отыратын едi. Қазiр ендi ештеңеге алаңдамай, тыңғылықты дайындала беруiмiзге болады", — дейдi бас бапкер. Жаңа кешенде жаттығу алаңдарынан бөлек теннистiк және бильярдтық тақталар да орнатылған.

Боксерлерiмiзге соңғы бес жолдаманы сыйлаған жарысқа былғары қолғап шеберлерiмiз дайындықты осы жерде жасапты. Бокс федерациясының президентi Ұзақбай Қарабалин: "Келешекте Қазақстанда спорт академиясын салуды жоспарлап отырмыз. Онда Орталық Азия спортшыларының арасында түрлi спорттық жарыстардың өтуiне мүмкiндiк туар едi. Осыған орай, Халықаралық әуесқой бокс ассоциациясына тиiстi өтiнiшiмiздi берiп қойдық", — дейдi.

Гүлзина Бектасова