ЕЛБАСЫ “КӨКСАРАЙ” ДАУЫНА НYКТЕ ҚОЙДЫ

ЕЛБАСЫ “КӨКСАРАЙ” ДАУЫНА НYКТЕ ҚОЙДЫ

ЕЛБАСЫ  “КӨКСАРАЙ”  ДАУЫНА НYКТЕ ҚОЙДЫ
ашық дереккөзі

"Көксарай салынатын болды", "Салынбақшы екен", "Әйтеуiр, Көксарайдың мәселесi шешiлдi", "Көксарай салынбауы керек", "Көксарайдың салынғанына қарсылар көбейiп тұр", т.б. "салынбайды" мен "салынбақшы екеннiң" текетiресi басталғандай. Әйтеуiр, жұртшылықтың арасында Көксарайға қатысты қаңқу сөз тоқтамай тұр.

Шындығында, Көксарайдың мәселесi басталғалы берi, елдiң арасында бiр тыныштық жоқ. Оңтүстiк Қазақстан жұртшылығы Көксарайды күткелi қай уақыт. Осыдан он жыл бұрын басталған кезде де осындай дау-дамаймен басталып, ақыры… жауапсыз қалған едi. Ендi он жылдан кейiн қайта көтерiлiп отырған Көксарайға тағы да Сыр бойы жұртшылығы қуана қоймаған сияқты.

Оған себеп, түрлi басылымдарда шығып жатқан ақпарат көздерiне сүйенсек, Сыр бойындағы жұртшылық Көксарайдың салынуына мүлдем қарсы. Қызылорда облыстық газеттерiне берген сұхбатында облыс әкiмi Мұхтар Құл-Мұхаммед:

— Бұл жөнiнде менiң пiкiрiм айқын да ашық. Азаматтық ұстанымым берiк. мәселенiң мәнiсiн Елбасының алдына да қоюға әзiрмiн. Әзiрге тек жобаны қолға алу жөнiнде ұсыныс жасалды. Ол 1998 жылы қолға алынған. Жобаның құны сол кездегi бағамен 200 млн. АҚШ доллары болып белгiленген. Әйтсе де жоба жүзеге асқан жоқ. Менiң ойымша, "Көксарайдың" болашағы жоқ,— деген екен.

Ал, қызылордалық мамандардың бiрi, гидротехник Мәделхан Нәлiбаев болса:

— "Көксарай" су қоймасын соққаннан кейiн Қызылорда қаласына тасқын судың қаупi төнбейдi деген пiкiр бекершiлiк. Себебi, өзеннiң тасқын суына қарағанда қалаға дарияның буған суы қауiптi. Қорыта айтқанда, "Көксарай" су қоймасы Қызылорда облысына тиiмсiз су құрылысы саналады. Сырдария өзенiнiң суын тиiмдi пайдалану — бүгiнгi өмiрдiң басты талабы. Ол үшiн ең алдымен Сыр өзенiне егелiк жасауымыз керек. Жыл бойы өзенмен ағып келетiн судың есебiн алып отырғанымыз жөн. Ол су қайда, қашан, қанша бергенде ел мен жерге, табиғат пен теңiзге қаншалықты пайдасы тиетiнiне талдау жасағанымыз артықтық етпейдi. Сол суды қысы-жазы бiрдей реттейтiн жүйенi өмiрге енгiзiп, Сыр өзенiн тәртiпке келтiру керек. Осы бағытта айтарымыз, өзеннiң жазғы суы негiзiнен суармалы егiншiлiкке пайдаланылады. Менiң ойымша, мұндай жобаға қолдау жасағанша, облыс көлемiндегi бұрынғы 1000-нан астам көлдiң арнасын қайта ашуға көңiл бөлген дұрыс. Ол сыр бойындағы қысқы әбiгерлiктiң болмауына, қоршаған ортаны қайта қалпына келтiруге жол ашады", — дептi. ("Жас қазақ" газетi, 4 сәуiр)

Қызылордалықтар үшiн "Көксарайдың" маңызы су ретегiшпен ғана өлшенiп отырған сыңайлы. Әрi олар су қоймасының талқылауына қызылордалық мәжiлiс депутаттарының қатыспауына да таңданыстарын жасырмайды. Бiр облыстың тағдырын өзге халық қалаулыларының шешiп отырғанына да разы емес. Қалай деген күнде де, мәселе орнықты шешiмiн табуы керек. Қызылордалықтар көлге, оңтүстiктегiлер көкке тартқан "Көксарайдың" мәселесiне Елбасы өзi нүкте қойған сияқты.

Үкiмет үйiнде арнайы кеңес өткiзген Президент Нұрсұлтан Назарбаев басты мәселе Көксарай су қоймасына баса назар аударды. Аталған су реттегiшi нысанының құрылысын жүргiзу мәселесi бiрнеше жыл бойы көтерiлгенiмен, аяқсыз қалып келгенi де рас. Таяуда Қазақстан Үкiметi мұны жан-жақты қарастырып, жобаны жедел iске асыру қажеттiгiн айтқан едi. Бiрақ, артынша бiр аймақтың жұртшылығы мен басшылығы тарапынан қолдау таппаған едi. Елбасы бұл мәселенiң анық-қанығына жету үшiн қарсылықтарды да, жақтаушылардың да пiкiрiн тыңдапты.

1993 жылдан берi қарай Қырғызстан Тоқтағұл су қоймасын "энергетикалық режимге" ауыстырғаны белгiлi. Бұл режим Сырдарияның суының бiркелкi құйылмауына әкеп соғып жатқан. Ал Өзбекстан соңғы жылдары Арнасай су қоймасына су жiберу көлемiн қысқартты. Содан болар, Арнасай су реттегiш мiндетiн орындай алмай келедi. Осы мәселелердiң кесiрiнен Шардара су қоймасы Сырдарияға құйылатын су ағынын тежеуге дәрменсiз болып отыр. Әрi бұған жуырда Оңтүстiк Қазақстанда болған су тасқынын қосыңыз. Айтып келмеген апаттан 3 мыңнан астам үй мен әлеуметтiк нысандардың бүлiнгенi белгiлi. Бұл табиғат апатының зардабын жоюға республикалық және жергiлiктi бюджеттен 12 миллиард теңге бөлiнген. бiр жылдың iшiнде су реттегiштiң жоқтығынан мемлекет қосымша 130 миллион АҚШ доллары көлемiнде шығын жұмсапты.

Ал, бұл жағдайдың тек биылмен ғана шектелмесi тағы белгiлi. Сонда жыл сайын жергiлiктi халық су тасқынынан азап шегiп отыра бермек пе? Қауiптi жағдай оңтүстiктiң 20 елдi мекенiне және Қызылорда облысының 50 елдi мекенiне жыл сайын қауiп төндiрмесiне кiм кепiлдiк бере алады?! Мамандардың пiкiрiне құлақ ассақ, егер Шардара су қоймасы бұзылса, онда оның зардабы өңiр үшiн аса қауiптi, әрi жойқын болуы мүмкiн.

Қазақстанға Шардара су қоймасының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету, өзеннiң төменгi ағысындағы жағдайды бiрқалыпты ұстау, Қызылорда облысының суармалы жерлерiн, сондай-ақ Сыр бойындағы табиғат кешендерiн қамтамасыз ету үшiн Арнасай су қоймасының орнын толтыратын резервтi сыйымдылық қажет. Ол қажеттiлiктi бiрден бiр өтейтiн су қоймасы "Көксарай" болады. Көксарай реттегiшiнiң техникалық-экономикалық негiздемесiне сүйенсек, ол ұзақ мерзiмдi су сақтайтын нысан болып табылмайды. Оның басты мiндетi Қызылорда облысының және өзеннiң төменгi ағысындағы су жүйесiнiң мұқтаждары үшiн көктемде артық шығындалатын суды жинақтау болып табылады. Сондай-ақ, мұнда қыс айларындағы ең таза өзен ағындарының суы жинақталатын болады.

Бүкiл мәселелердiң бәрiн жан-жақты тыңдаған Елбасы: "Бұл оңай орындалатын шаруа емес — үлкен шығынды және жаңа су қоймасын салуды қажет етедi. Бiрақ бiзде басқа амал жоқ. Сондықтан, мәселенi түбегейлi шешемiз "Көксарайды" саламыз. Бұл да Қазақстанның батысынан оңтүстiгiне тартылған газ құбыры сияқты әлеуметтiк нысан. Ол пайда әкелмейдi, бiрақ көптеген проблемаларды шешуге септiгiн тигiзедi", — деп, даулы мәселеге нүкте қойды.

Әрi Елбасы Қызылорда облысының жұртшылығы арасында осы мәселе бойынша түсiндiру жұмыстарын жүргiзудi тапсырды. "Қызылордалықтар мамандардың пiкiрiне құлақ ассын. Бұл жобаның iске асырылуы ең алдымен облыс халқының мүддесi, сондай-ақ Кiшi Аралды толтыру үшiн қажет екенiн сонда ғана түсiнедi", — дедi Мемлекет басшысы.

Сонымен, "Көксарайдың" мәселесiне де нүкте қойылды. Ендiгi мақсат — жедел iске кiрiсу ғана.

Гүлзина Бектасова