ПСИХОЛОГТАРҒА АРНАЛҒАН ТҰҢҒЫШ ОҚУ ҚҰРАЛЫ

ПСИХОЛОГТАРҒА АРНАЛҒАН ТҰҢҒЫШ ОҚУ ҚҰРАЛЫ

ПСИХОЛОГТАРҒА АРНАЛҒАН ТҰҢҒЫШ ОҚУ ҚҰРАЛЫ
ашық дереккөзі

Жақында "Қазақ университетi" баспасынан "Жалпы психологияға кiрiспе" атты оқу құралы жарыққа шықты. Бұл кiтаптың бұрынғы кезде шыққан кiтаптардан ерекшелiгi — жантану ғылымынан маманданатын студенттерге арналған қазақ тiлiндегi тұңғыш кiтап екендiгi.

Бiзде психология кадрларын даярлаудың екiншi кезеңi 35 жыл үзiлiстен кейiн әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетiнде 1988 жылы қолға алынды. Онда да тек орыс тобы ғана болған едi. Ал қазақ тiлiнде психологтарды даярлау республиканың оқу министрлiгi шешiмiне орай 1991 жылы, яғни тәуелсiздiкке ие болумен тұспа-тұс келдi.

Бiз сөз еткелi отырған "Жалпы психологияға кiрiспе" оқу құралы – психологтарға арналған оқу құралының алғашқы қарлығашы. Кiтап әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дiң этникалық және педагогикалық психология кафедрасының меңгерушiсi, психология ғылымдарының докторы, профессор С.М. Жақыповтың редакциясымен, сондай-ақ аталмыш кафедраның 12 оқытушысының қатысуымен оқырман қолына тиiп отыр. Оқу құралында үш бөлiм, 15 тарау бар .

"Жалпы психологияға кiрiспе" небары 225 беттен тұрады. Осы материалдар психологиядан маманданатын қазақ студентiнiң 2 жылдың iшiнде осы ғылымнан алатын азығы. Бiздiңше, авторлар ұжымы дайындаған кiтап 1 курсқа түскен студенттердiң бiр семестр бойына психологиямен танысуға жетерлiк қана дүние. Сондықтан алдағы уақыта студенттерге ғылыми психологияның iргелi мәселелерiн төл тiлiмiзде жеткiзу үшiн бұдан басқа да үш кiтап керек болып отыр. Өйткенi, осы кiтаптағы материалды 2,3 және 4 — семестрлерде психолог студенттер тереңдете талдап, сомдап оқулары тиiс. Бұл жайт 050503— "Психология" мамандығы бойынша пәндердiң типтiк бағдарламарында (Алматы, "Қазақ университетi", 2005-350 бет) көрсетiлген. Бiз авторлар ұжымының жақсы ниеттерiн қолдай отыра, төмендегiдей тiлектер бiлдiрер едiк:

– Осы оқу құралының кейiнгi қайта өңделiп басылуы мен алдағы жерде жазылатын жалғасына да қазақ халқының психологиялық ой-пiкiрлерiнен материалдар кiргiзген жөн. Өйткенi, "Мәдени мұра" тарапынан шыққан он томдық әлемдiк психологияның 10-томы қазақ психологиясына арналғаны бiздiң бұл айтқанымызға жақсы дәлел бола алады.

Қазiргi кезде республикамыздың мемлекеттiк 14 университеттерiнде қазақ тiлiнде психолог кадрлары дайындалып жатыр. Олардың әрқайсысында 100-ден астам қазақ студенттерi оқиды. Психологияға қазiргi кездегi сұраныстың көптiгiнен мемлекеттiк емес оқу орындарында психолог кадрлар даярлануда. Сондықтан кiтап бар болғаны 500 данамен ғана шығыпты. Бұл Алматыдағы жоғары оқу орындарының ҚазҰУ, ҚазҰПУ, Қазақ мемлекеттiк қыздар пединституты, Қайнар университетi және т.б университеттер студенттерiнен артылмайды. Сондықтан бұлардың кейiнгi басылымдарында, әсiресе, жазылып жатқан үш кiтапта тираж мәселесi ескерiлуi тиiс.

Психология – тiлi ауыр ғылым. Мұның ұғым түсiнiктерi, атаулары өте күрделi. Орыс тiлiнде шыққан анықтамалық материалдарда психологияның 8 мыңнан астам терминi тiркелген. Сондықтан студенттерге теориялық материалдарды ана тiлiнде жеңiлдету үшiн әртүрлi диаграмма, кесте, таблица, символика көбiрек берiлуi тиiс. Сөз болып отырған кiтап бұл жағынан жүдеулiгiн байқатады. Мәселен, темпераменттердiң физиологиялық негiзi мiнездiң, қабiлеттiң теориялық мәселелерi таблицалар арқылы берiлсе нұр үстiне нұр болар едi.

Қ. ЖАРЫҚБАЕВ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дiң этникалық және педагогикалық психология кафедрасының профессоры

Ж.СЕЙIТНҰР, аға оқытушы