Болат пен Ботагөз Тыныбековтар: ...ӨЗ ЕЛIМIЗДЕ ҰЛТАН БОЛАЙЫҚ

Болат пен Ботагөз Тыныбековтар: ...ӨЗ ЕЛIМIЗДЕ ҰЛТАН БОЛАЙЫҚ

Болат пен Ботагөз Тыныбековтар: ...ӨЗ ЕЛIМIЗДЕ ҰЛТАН БОЛАЙЫҚ
ашық дереккөзі

Болат пен Ботагөз Тыныбековтар Лондон қаласындағы Корольдiк музыка колледжiнiң студенттерi. Болат – виолончельде орындаудың шеберi болса, Ботагөз – скрипканың тамаша орындаушысы. Жуырда олар "Қазақконцертте" "Болашақ" бағдарламасының 15 жылдығына арнап Симфония оркестрi және Қазақстан Республикасының дирижерi – Ерболат Ахмедьяровтың сүйемелдеуiмен концерт бердi. Егiздер батыстың классикалық туындыларын, оның iшiнде Карл Мария фон Вебердiң "Оберонын", Макс Брухтың соль минорын, Эдвард Элгардың ми минорын және Абайдың "Көзiмнiң қарасын" сәттi орындап шықты. Өнердегi қазақтың қос қарлығашы Еуропа елiнде Абайдың, Ахмет және Ғазиза Жұбановтардың, Серiк Еркiмбековтың, Бейбiт Дәлденбайдың, Мансұр Сағатов және Кенжебек Күмiсбековтың шығармаларын жақсы насихаттап жүр. Классикалық өнерде де бiрге жүрген ағалы-қарындас Тыныбековтармен, және олардың анасы Гүлжан Қалжанқызымен әңгiмелескен едiк.

– Сiздерде скрипка мен виолончель аспаптарын жақсы игеру арқылы классикалық музыканы орындауға деген құлшыныс қашан оянды?

– Жетi жасқа толғанда анамыз бiздi Күләш Байсеиiтова атындағы арнаулы музыкалық орта мектебiне апарды. Мен, бұл мектепке бармай тұрып-ақ домбырада ойнайтынмын. Саусақтарым ұзын болғандықтан музыка мектебiндегi О.Әбдiханова мен Е.Луценко менi виолончельге лайық деп тапты. Сондықтан осы аспапты игеруге мәжбүр болдым. "Мәжбүр" деп отырғанымның себебi, музыкадан гөрi менi спорт, яғни баскетбол, футбол және компьютер қызықтыратын. Ал, анам бөлмеге виолончельмен бiрге қамап қойып, сол аспапқа байлап қоюға тырысты. Мүмкiн, оны да түсiнуге болар, өйткенi асқар таудай әкемiз дүниеден өткеннен кейiн асқар таудай сүйенiшiмiз боп – анамыз ғана қалды. Оның берерi – жақсы тәрбие мен музыкалық бiлiм. Сол кезден бастап ара-жiгiмiз ажырамайтын виолончельмен қазақ және классикалық музыканы орындауға талпыныс оянды. Виолончель де ұнай бастады. Музыка – менiң өмiрiм, ал, виолончель – менiң дауысым iспеттi. Себебi, мен өзiм баритон дауысына иемiн. Өзiм ән айтқанды да ұнатамын.

– Ботагөз, бұл жағынан сен не дер едiң?

– Күләш Байсейiтова атындағы мектепке бармай тұрып қобызды жақсы орындайтынмын. Бiрақ анам скрипкашы болғандықтан, маған скрипкада ойнау қызықты көрiндi. Арнаулы музыкалық мектепке жетi жасымда барғандықтан, скрипканың қыр-сырын игеру кеш болды. Бұл аспаптың мықты орындаушысы болу мүмкiн емес едi. Сондықтан, ол жақтағы ұстаздар менiң қобызды әрi қарай жалғастырғаным дұрыс дедi. Бiрақ мен скрипканы қаладым. Анам да осы мектептiң ұстазы болғандықтан, қояр да қоймай директормен және аталмыш аспаптың жетекшiлерiмен сөйлесiп, скрипканың сыныбына бердi. Ф.Подольная мен О.Данилова атты ұстаздар маған шарт қойды. Яғни, емтихандардан, сынақтардан "3" деген баға алсам, әрi қарай мен бұл сыныпта оқымаймын. Осындай келiсiм-шарт жасасу арқылы скрипканың үйiрмесiне қабылдандым. Аллаға шүкiр, сынақтарды, емтихандарды үш айдан кейiн "5-ке" тапсырып, сүрiнбей өттiм. Скрипкаға лайықты екенiмдi дәлелдедiм. Содан бiз 10 жастан асқанда халықаралық "Айналайын" фестивалiне қатысып, жеңiмпаз атандық. Бұл бiздiң ең алғашқы табысымыз.

– Гүлжан апай, мүмкiн, сiздiң балаларыңызға үлкен өнер ана сүтiмен дарыған шығар…

– 1993 жылы Құдай қосқан қосағым ауыр науқастан қайтыс болды. Оның дүиеден кетуi мен үшiн ауыр тидi. Бiрақ ата-бабамыз "жұт жетi ағайынды" демей ме, жығылғанға жұдырық болып ойда жоқта үлкен қызым Айнұрдан айрылдық. Ол – пианиношы едi. Үш балам бiрiгiп отбасылық трио құрғанбыз. Айтпақшы, бiздiң триомыздың аты "Болашақ" болған.

Ал, Болат пен Ботагөзге келсек, олар бiрге туылған. Қарағандыда дүниеге келдi. Ұлым қызымнан жарты сағат үлкен. Олардың музыкалық дарындылығы ана сүтiмен дарыған да шығар, мүмкiн, менiң ыждаһатты еңбегiмнiң жемiсi болар. Бiрақ жолдасым ұлымның ғалым болғанын қалаған. Ал, менiң берерiм өнегелi тәрбие мен музыка ғой. Қыз бала анасының айтқанына көнгiш келедi ғой, сондықтан да Ботагөз скрипканы тез үйрендi. Ал, Болат баламды музыкаға әуестендiру, виолончельге қызықтыру аса қиынға соқты. Бiрте-бiрте Болат та виолончельге үйрендi. Бүгiнде ұлым музыканы ғылым деп таниды. Басқа не айтайын, бар тiлерiм – Болат пен Ботагөзiмдi тiл-көзден сақтасын!

– Ботагөз, ағаңыз екеуiңiз шетелде бiлiм алып, тәжiрибеден өтiп жүрсiздер. Жақында Болатпен бiрге Лондонның Ұлттық галереясында, Корольдiк-Азиат қоғамында қатарынан екi күн бойы қазақ музыкалық өнерiнен арнаулы концерт берiпсiздер. Ағылшындар бiздiң музыкамызды қалай қабылдады?

– Ағылшындарды, жалпы еуропалықтарды өздерiнiң музыка шеберлерiнiң шығармашылығымен таңқалдыра алмайсыз. Себебi, олардың классикалық музыкасы әлiмсақтан дамыған. Классика¬лық туындыларды орындайтын мықты музыканттары да бар. Десек те, басқа елден шыққан ән ырғақтарымен еуропалықтарды қызықтыруға болады. Жақында өткiзген Лондондағы концерттi бiз колледж студенттерiмен бiрлесiп ұйымдастырдық. Франциядан, Жапониядан, Испаниядан, Италиядан және тағы басқа шет мемлекеттерден келген жастардың қазақ өнерiне деген таңданыстары жоғары болды. Осындай қызығушылықтың, жоғары дайындықтың септiгiнен концерттi сәттi орындап шықтық. Көрермен қауым бiздерге ұзақ қол соқты. Көптiң көңiлiнен шықтық деуге әбден болады. Сырт мемлекеттердiң қай-қайсысына болмасын гастрольдiк сапармен барғанда, қазақ өнерiн құлақ түрiп тыңдайды. Орынды бағасын бередi. Қазақ әндерi орындалғанда әуелеп бүкiл зал тербелетiн секiлдi. Өйткенi, сол сәтте ата-бабамыздың туындылары үлкен рухани күш беретiндей.

Қазақ жерiндегi классикалық музыка өнерi жақсы дамып келедi. Мәселен, Лондонда өнердiң бұл музыка саласына барлық материалдық жағдай жасалса да, ол жерде бiздегiдей таланттылар сирек ұшырасады. Ал, бiзде ше? Материалдық жағдай тым жақсы емес. Егер елiмiзде классикалық музыкаға жан-жақты материалдық қолдау көрсетiлсе, онда: "Әу, демейтiн қазақ жоқ" демекшi, аспапта ойнай алмайтын қазақ баласы болмас! Көрмейсiздер ме, аты шулы өнер иелерi М.Бисенғалиев, А.Мұсаходжаева, апалы-сiңлiлi Нақыпбековалар бiздiң елден шығып жатқан жоқ па?

Үш жыл болды шетелде оқып, үлкен өнердiң бiлiм нәрiмен сусындап жатырмыз. Ендi бiраз жылдардан соң Еуропаның өзi бiздiң елден бiлiм алуға келедi деп ойлаймын.

– Болат, сiз жас болсаңыз да, виолончель арқылы көпке кеңiнен танылдыңыз. Қазақ аспаптарымен мұндай жетiстiкке жетпес пе едiңiздер?

– Рас, өзге елдiң музыкалық аспаптарымен өнер көрсетiп жүрмiз. Егер қобыз бен домбырада ойнасақ, туған жердiң домбырашы-ұстаздарымен бiрге жұмыс жасайтын едiк, әлi де қобыз бен домбырада ойнай аламыз. Ал виолончель мен скрипка арқылы көбiне қазақ әуезiмен жаһанды таныстыруға, табындыруға ұмтыламыз. Үлкен жетiстiктерге жеткеннен кейiн Батысты қазақ домбырасына да бейiмдеуге болады. Бiрақ бұл үшiн интенсивтi жұмыс жүргiзуiмiз керек. Музыканың өзi үлкен ғылым. Жастайынан музыкаға әуес балалардан жақсы физик, химиктер де шығуы әбден мүмкiн ғой. Өйткенi, музыкаға тербелгенде ми да қозғалыста болады. Музыка психологиялық жағынан шаршап жүрген жандардың көңiлiн басады. Қуанышты жандардың шабытын шаттандырады. Өнердiң, музыканың құдiретi шексiз!!!

Арман демекшi, "армансыз адам, қанатсыз құс" деймiз. Содан болар, арманымыз таусылмастай. Соның ең бiр жоғары шыңы – ол Тәуелсiз елiмiздiң қажеттiлiгiне жарау. Бiз Қазақстанның түкпiр-түкпiрiнен тегiн музыка мектептерiн ашқымыз келедi. Әлбетте, ауылда шөп шауып, мал бағып жүрген қарапайым, қаракөз қазақ балаларының iшiнде есту қабiлетi мықты, дауысы керемет талантты балалар кездеседi. Бүгiнде олардың өнерiмен жұртшылықты таныстыруға мүмкiндiк жоқ. Кәсiби бiлiктi музыка мамандарын тәрбиелеу үшiн екеумiз бiрлесiп, тегiн үлкен Институт, Академияны да ашқымыз келедi. Аталмыш институт пен академия ауылдағы музыкалық мектептермен қоян-қолтық байланыста жұмыс жүргiзедi. Сондықтан да мұндай музыкалық бiлiм ордаларын өзара үзеңгiлес, сабақтасып жатқан Ассоцация деуге болар.

– Сiздер, көптеген фестиваль, байқауларға қатысып жүрсiздер. 2003 жылғы 11-шi қыркүйекте АҚШ-ты дүр сiлкiндiрген лаңкестердiң апатынан құрбан болған жандарға да арнап әлемнiң түрлi мемлекеттерiнде елiмiздiң атынан жеке концерттер бердiңiздер. Алла қаласа, ендi Астанада да жеке концерттерiңiз болады. Сахна төрiнде есте қалған қызықты жайтты айтып берсеңiздер?

– Бұл сауалыңызға мен жауап берейiн (Болаттың бұл жерде айтары қызықты болды-ау, сiрә?). Он сегiз жасымда мен халықаралық "Шабыт" фестивалiне қатыстым. Ойда жоқта бiрiншi сынақтан өттiм. Ұстазым да менен мұны күткен жоқ. Мәскеуден, Қытайдан келген 30 жастағы өнерпаздар виолончельдi тартып отырғанымда, бiр жерден мүлт кеткенiмдi күтiп отырған "мысықтiлеудей" көрiндi. Қабақтарына қар жауғандай. Ал, анам болса, бiрiншi қатарда менiң сәттi орындап отырғандығымды бiлдiрiп, белгi берiп, үлкен моральдық қолдау көрсеттi. Анамның жарқын жүзi жүрегiмдi жылытып, жiгерлендiрiп жiбергендей болды. Сөйтiп, мен екiншi белестен де өтiп, 4-шi орынды иелендiм.

2003 жылы АҚШ-та лаңкестердiң әрекетiнен өмiрден озған адамдарға арнап Германияда, Жаңа Орлеанда жеке концерттер ұйымдастырдық. Қиналғанда қол ұшын созу және достықты бiлдiру – бұл жеке тараптан болсын, мемлекетаралық тұрғыдан болсын бiр-бiрiмiздi жақындастырады. Әуелi бiздiң мақсатымыз – адамгершiлiк екендiгiн ұмытпауымыз қажет!

– 15 жыл бұрын Елбасының бастамасымен құрылған "Болашақ" бағдарламасы бойынша 2005 жылы Лондондағы Корольдiк музыка колледжiне түстiңiздер. Бұл беделi жоғары, сынақтары көп бағдарлама бойынша оқуға түсу әсте қиын болған жоқ па?

– Иә, 2005 жылы Болат пен менiң көптен күткен асыл армандарымыз жүзеге асты. Бiз сол жылы Елбасы Нұрсұлтан Әбiшұлының Жолдауын тыңдаған едiк. 3000 студентке тегiн оқу қарастырылыпты. Тәуекелге бел буып, осы бағдарлама бойынша алғашында Мәскеуге, кейiннен Лондонға оқуға түсуге талпындық. Сынақтарды сәттi тапсырдық. Бiрақ ақшаның жоқтығы қолымызды байлап, меселiмiздi басқандай болды. Дегенмен, жұлдызымыз бұл жерде де оңынан туды. Мәскеу консерваториясының профессоры, әлемге мәшһүр виолончелшi Наталья Гутман Алматыға өнерсапарымен келген едi. Анамыз әккi музыкантпен жүздесiп, ол Александр мен Наталья Боярскийлерге Лондонға табан астында қоңырау шалып, колледжге қабылдауды өтiндi. Қабiлеттi ұға бiлетiн осындай азаматтар бiздей жастардың көзiн ашып, жәрдемдесе бiлдi.

– "Болашақ" бағдарламасы бойынша оқитын студенттердiң көп бөлiгi қазақ тiлiн бiлмейтiн көрiнедi. Өздерiңiз де тiлге шорқақтау сияқтысыздар. Бұған не дер едiңiз, Ботагөз?

– Рас, өкiнiшке орай, "Болашақ" және де басқа бағдарлама бойынша сыртта оқып жатқан қазақ студенттерi қазақ тiлiн жетiк бiлмейдi. Басқа елдiң жастары немесе жергiлiктi жерде өсiп-өнген қазақ жастары бiздерден қазақ тiлiн үйренуге тырысады. Сондықтан да қазiр қазақ тiлiн жетiк меңгеруге талпынып жатырмыз. Жасыратыны жоқ, кезiнде қазақ тiлiне деген қажеттiлiк болған жоқ. Қай жақта болмасын орыс тiлi қолданылды. Әлi де орыс тiлiне деген сұраныс көп. Бiрнеше тiл бiлген әрине жақсы. Әйтсе де, тiлiмiздi құрметтеу, бұл — бiздiң ең басты парызымыз екендiгiн түсiнемiз.

– Әңгiмелерiңiзге рахмет!

Сұхбаттасқан Жансая Құрманғалиқызы