Жаңалықтар

РАХАТ ӘЛИЕВ ТӨҢКЕРIС ЖАСАМАҚ БОЛДЫ МА?

ашық дереккөзі

РАХАТ ӘЛИЕВ ТӨҢКЕРIС ЖАСАМАҚ БОЛДЫ МА?

26-наурызда Рахат Әлиев пен оның сыбайластарына қарсы қозғалған қылмыстық iс аяқталды. Үкiмдi Ақмола гарнизонының әскери соты шығарып отыр. Үкiм Әлиевпен қатар Әлнұр Мусаев және тағы 14 адамға қатысты. Ал, 20 адамның өз қылмыстарын мойнына алғандығына, кешiрiм өтiнгендiгiне, өкiнiш бiлдiргенiне қарай рақымшылық жасалды.

Үкiм шығарылған 16 адамның бесеуi — Рахат Әлиев, Әлнұр Мусаев, Сергей Маневич, Александр Крайнов, Сергей Зазулялар сырттай сотталды. Өйткенi, олар әзiрге құқық қорғау органдарынан бой тасалап сыртта жүр. Iс қаралғаннан кейiн, сот Р. Әлиев пен Ә. Мусаевқа өте ауыр жаза — мемлекеттiк төңкерiс жасамақ болды деген айып тағып отыр.

Департаменттiң тергеу бөлiмiнiң бастығы М. Қалқабаев журналистер сауалына жауап бере отырып, аталған iске орай 451 куәгердiң тартылғанын, 100-ден астам сараптама жүргiзiлгенiн, 978 дәйектердiң болғанын айтты. Сөйтiп Рахат Әлиевтiң үстiнен 2-шi сот процесi аяқталып, тағы да 20 жылға бас бостандығынан айрылды.

Осы аптаның басында жаңадан құрылған оппозициялық "Азат" партиясының лидерлерi баспасөз мәслихатын өткiзiп, осы мәселеге орай өздерiнiң ой-пiкiрлерiмен бөлiстi. Партия лидерi Б. Әбiловтiң айтуына қарағанда, "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қоғамдық қозғалысының пайда болғанынан берi, яғни 2001 жылдан бастап күресiп келе жатқан көрiнедi. Бiз үнемi ашық сынап келдiк. Билiк Рахаттың 2001 жылы мемлекеттiк төңкерiс жасамақ әрекетiн бiлмедi емес, бiлдi, бiрақ, кешiрдi. Бүгiнгi үкiм — сол 2001 жылғы мотив бойынша шығарылып отыр. Р. Әлиев 2007 жылдың шiлдесiнде мемлекеттiк төңкерiс жасамақ болды дейдi, бiрақ, мен оның қаншалықты шындыққа жанасымды екенiн бiлмеймiн" — дейдi.

"Құлан құдыққа құласа, құлағында құрбақа ойнайды" дегендей, қазiр Р. Әлиев пен оның әкесiне шабуыл жасамаған адам қалмады. Ал, бiз Рахаттың әрекетiн үнемi ескертiп, үнемi билiктi сақтандырдық. Бiрақ, құлақ түрген жан болмады. Мәселе, қиындап кеткеннен кейiн ғана, билiк оны құрықтау қажеттiгiн түсiндi. Ал, сол кезден бастап, жұрт оған барлық күйенi жаға бастады, — деген Б. Әбiлов Рахат Әлиевтiң қылмысы бұнымен тоқтамайтындығын айтады. "Азат" партиясының лидерлерi саяси қайраткерлерi Заманбек Нұрқадiлов пен Алтынбек Сәрсенбайұлының да өлiмiн қайта қарау қажеттiгiн айтып өттi. Сондай-ақ, бүгiнде ұшты-күйлi жоғалып кеткен банкирлер Жолдас Темiрәлиев пен Айбар Хасеновтардың да тағдыры оның мойнында екенiн айтады. Сондай-ақ, ендiгi қылмыстық iс Анастасия Новикованың өлiмiне қатысты болуы тиiс", – дейдi олар.

Есенгүл Кәпқызы