ҚАУЛЫ БАР, ЖЕР ЖОҚ
ҚАУЛЫ БАР, ЖЕР ЖОҚ
Осыдан бiр жарым жыл бұрын Үкiмет "Қазақстан Республикасының әрбiр азаматы 10 сотық жердi тегiн иеленуге құқылы" деген Қаулы қабылдаған болатын. Сол-ақ екен, жұрт қалалық әкiмшiлiктерге лап берiп, алақандай жер алып қалу үшiн барын салуға кiрiстi. Алайда, Қаулы қабылданғаннан кейiн ай өтпей жатып оның орындалуы неғайбыл екендiгiн айтып, шенеунiктер айды аспанға бiр-ақ шығарды.
Бiз кезiнде ол туралы "Орындалмайтын қаулы" ("Түркiстан", №38, 21-қыркүйек, 2006 жыл) атты мақала да жазған болатынбыз. Содан берi бiр жарым жыл уақыт өтсе де, аталған Қаулының жүзеге асуы мүмкiн болмай тұр. Әсiресе, бұл қала маңындағы елдi мекендер үшiн, түсiңе де кiрмейтiн шаруа болды. Тiптi, оңтүстiк облыстарда жерге иелiк етуден гөрi, аспандағы бұлт жуық секiлдi көрiнедi де тұрады. Мысалы, Оңтүстiк Қазақстан облысында осы уақыт аралығында 127740 адам жеке тұрғын үй құрылысына жер бөлiп беруiн өтiнген. Бұл басқа облыс қалаларымен салыстырғанда аса жоғары көрсеткiш көрiнедi. Сондай-ақ, 2008 жылдың 1 қаңтарындағы мәлiмет бойынша, Алматы қаласынан жер иеленуге өтiнiш бiлдiргендердiң саны – 120749-ға жеткен. Бұлардан кейiнгi орында – Маңғыстау облысы – 119979 адам өтiнiш бiлдiрген, Алматы облысы – 92925 адам, Астана қаласы – 61261 адам. Сондай-ақ, Жамбыл облысында – 51155, Қызылорда облысында – 45561 адамның өтiнiшi тiркелген.
Үкiмет өзi қабылдаған Қаулысын аяқсыз етпей, орындауға кiрiскендiгi де байқалады. Мәселен, Оңтүстiк Қазақстан облысынан өтiнiш бiлдiргендердiң 53 мыңдайы жерге иелiк еткен. Бiрақ, бұлардың барлығы қала маңынан емес, ауылды жерден өтiнiш бiлдiргендер көрiнедi. Өйткенi, Шымкент қаласынан жерге иелiк етуге ниет еткен 41 мың адамның өтiнiшi сол қалпында қанағаттандырылмаған. Бiр айта кетерлiк мәселе – Оңтүстiк Қазақстан облысында 2 миллиондай адам тұрады. Бұл басқа облыстармен салыстырғанда, адам ең тығыз орналасқан облыс. Сондай-ақ, жер көлемi жағынан Оңтүстiк Қазақстан облысы басқалармен салыстырғанда, ең аз территорияға ие (жер көлемi – 116 мың шаршы. км).
Бұл жерде жер көлемi жағынан да, халқының тығыздығы жағынан да – солтүстiк облыстарда сәл тыныс бар. Мәселен, Солтүстiк Қазақстан облысында жерге иелiк етуге талаптанғандардың 80%-ының өтiнiшi қанағаттандырылған болса, Қарағанды облысында 69%-ы тұрғын үй салатын жердiң иесi атанған.
Қазақстанның iрi қалаларында тұрғын үй салуға арналған жер телiмдерi жоқ. Жердiң көбi Жер кодексi қабылданбай тұрып-ақ, қолды болып кеткен. Яғни, жер нарық қатынастарына енгiзiлiп, саудаға түспей жатып-ақ, iрi-iрi жер иелерi пайда болған. Сол себептi де, аузын ашып, аңырап қалған қарапайым халық өтiнiшiн арқалап, құзырлы мекемелердiң есiгiн тоздырып жүр. Олардың берер жауабы бiреу – "жердiң көбi аукцион арқылы сатылуы керек немесе қаланың бас жоспары бойынша, бұл жерлерде iрi нысандар бой көтередi, я болмаса, қала маңында сiздiң өтiнiшiңiздi қанағаттандырар жер жоқ".