ҚАДIРIН БIЛIП, ҚАСИЕТIН ӘСПЕТТЕП...

ҚАДIРIН БIЛIП, ҚАСИЕТIН ӘСПЕТТЕП...

ҚАДIРIН БIЛIП, ҚАСИЕТIН ӘСПЕТТЕП...
ашық дереккөзі

Қазақ тiлi Қазақстаннан тыс жерде қалай дамуда?

Қазақстанда қазақ тiлiнiң өз мәртебесiне ие болу үдерiсi баяу жүрiп жатыр десек, ал оның шет елдерде мойындалуы күн өткен сайын кеңеюде. Бұл жайт Қазақстанның экономикалық-саяси жетiстiктерi мен қазақтың ұл-қыздарының шетелдерде толайым табыстарға жетулерiмен тiкелей байланысты. Қазақ тiлiне ғаламдық тұрғыдан қарайтын болсақ, елдiң әлеуметтiк жағдайы түзелiп, Қазақстанның әлемдiк кеңiстiкте орны биiктеген сайын, тiлiнiң әлеуетi де күшейiп келе жатқанын көремiз.

Қазақстандағы қаржы институттары мен мұнай, тау-кен компанияларымен ынтымақтастықта жұмыс iстейтiн шетелдiктер бiрте-бiрте мемлекеттiк тiлде құжат толтырып, қазақ тiлiнде қызмет көрсетуге көшетiнi заңдылық. Заңды сыйлап үйренген батыс кәсiпкерлерiнiң Қазақстанға келместен бұрын, қазақ тiлiн үйренiп келетiнiн бiрнеше рет көрдiк. Орта Азиядағы көшбасшы халықтың саяси-қоғамдық өзгерiстерiн зерттеумен айналысатын шетел ұйымдары да (мәселен, Америкадағы Индиана универсиететi) қазақ тiлiн бiлмейiнше жұмыстары нәтиже бермейтiнiн жақсы бiледi. Сол тәрiздi дарынын шетелдiктерге мойындатқызып жатқан жастардың қазақ мәдениетiн, яғни қазақ тiлiн ту етiп көтерiп жүргендерi тағы рас. Оның сыртында туған елден жырақта тұрып жатқан қазақтардың тiлi мен дiлiн сақтауда атқарып жатқан азды-көптi шаралары бар. Өзге мәдениеттiң ортасында өмiр сүрiп жатқан ағайынның қазақ тiлiн сақтап қалуға деген ұмтылыстары — мемлекеттiк тiлге жанашырлық танытып жүргендерге үлгi.

Дүниежүзi қазақтары қауымдастығының мәлiметтерiне сәйкес, қазақтар әлемнiң 40-қа жуық елдерiнде өмiр сүруде. Тек 32 мемлекетте ғана Қазақ мәдени орталықтары жұмыс iстейдi. Ал Қазақстанда қазақ тiлiн дамытуға арналған қанша қоғамдық ұйымды бiлемiз?..

— Бейресми деректер бойынша шетелдегi қазақтардың саны 6 миллионнан асады. Оның бiр миллионы Ресейде, 2 миллионға жуығы Өзбекстанда, 1,5 миллионы Қытайда өмiр сүруде. Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында тұрған 70 мың ағайынымызды Қазақстанға көшiрiп алдық. Моңғолияда әлi де болса елiне келуге ынталы 120 мың қазақ бар. Орта Азия елдерiне қатысты айтар болсақ, Түрiкменстандағы 80 мыңнан астам қазақтың жартысы Қазақстанға көшiп келдi. Тәжiкстанда 10 мыңнан астам, Қырғызстанда 45 мыңдай қазақ бар. Украина, Белоруссия, Балтық жағалауы елдерiнде 2-3 мың қазақ түтiн түтетiп отыр. Сонау Калининградтан Якутияға дейiн, Мәскеу, Санкт-Петерборда 10-15 мың көлемiнде. Астрахань, Орынбор, Саратов, Омбы, Самара, Түменде де қазақтар көп, — дейдi Дүниежүзi Қазақтар қауымдастығының төрағасы Талғат Мамашев.

— Өзбекстанның 9 облысы, 25 ауданында қазақтар көптеп шоғырланған. Кеңес Одағы тұсында 600-ден астам қазақ мектептерi болатын. Қазiр сол 600 қазақ мектебiнiң жартысынан көбi жабылды. Қазақтардың өзбектенiп бара жатқан жайы бар. Сол сияқты Қытайдағы қазақ мектептерiнде де қытай пәндерi көбiрек жүретiн болғандықтан, қазақтар қытайланып бара жатыр, — дейдi тағы да сол Талғат Мамашев.

Өкiнiшке қарай, қазiрдiң өзiнде қазақы болмысынан ажырап, өсiп-өнген жердiң топырағына судай сiңiп кеткендер кездесуде. Мәселен, Ауғанстанда қалған 300-дей қазақ отбасының басым көпшiлiгi өздерiнiң руларын бiлiп, "қазақпыз" деп санағанымен ана тiлiн ұмытып, пуштун, парсы тiлдерiнде сөйлеуге көштi. Тiлiнен айырылған жұрттың бiрте-бiрте ұлттық болмысын жоғалтатыны — аксиома.

Шетелдегi бауырларымыздың қазақ тiлiн сақтап қалу мүмкiншiлiгi тұрып жатқан елдерiндегi саяси-экономикалық ережелерге, демократиялық ұстындардың мойындалуына қатысты әртүрлi. Кәрi құрлық Еуропа және еркiн Америка елдерiнде тұрып жатқан қазақтардың Ауғанстан мен Өзбекстанда және Қытайда тұрып жатқан қазақтарға қарағанда ұлттық ерекшелiктерiн: тiлiн, дiнiн, салт дәстүрi мен тарихын сақтап, дамытуға арналған қолайлы заң тетiктерi бар. Осы мәселеге жеке-жеке тоқталып өтсек.

Ресейде "Қазақ тiлi" қоғамы жұмыс iстеуде. Қоғамға Қазақстаннан бiрнеше басылымдар жолданып тұрады. Сондай-ақ "Қазақ тiлi" атты жеке газеттерi де жарық көруде. Ресейде қазақ тiлiнiң мұңын мұңдап, жоғын жоқтап жүрген жандардың бiрi — Жарқын Қоңырбайқызы. Ол жыл сайын Ресейдегi қазақ оқушыларын Қазақстанда өтетiн қазақ тiлi мен әдебиетi пәнiнiң олимпиадасына алып келудi игi дәстүрге айналдырған.

— Төрт жыл қатар қазақ тiлi мен әдебиетi пәнi бойынша Қазақстанда өтетiн халықаралық олимпиадаға дайындық кезiнде мәскеулiк қазақ балаларының тарихи Отанымыз – Қазақстанның жағдайын (мәдениетi, әдебиетi, салт-дәстүрi, жағрапиялық ерекшелiктерi, саясаты, экономикасы т.б.), қазақтың тiлiн, Абайын, Мұхтарын бiлмейтiнiн бiлгенiмде жүрегiм ауырды. Бабасын бiлмеген бала, басқаны не қылсын? Елiнiң жайын, жерiнiң жағдайын бiлмеген бала оны қалай сүйсiн? Осы олимпиадаға дайындық кезiнде бүкiл қазақ елi, мәдениетi туралы мәлiмет алған, артынан елге барып елдi-жердi көрiп қайтқан балалар "бiз өскенде елге келемiз, оқу-бiлiм алып сол бiлiмiмiздi елдi көркейтуге жұмсаймыз" деп қуантады, — дейдi Жарқын.

Германиядағы қазақтардың ең өзектi мәселелерiнiң бiрi — қазақ тiлi болып отыр. Себебi немiс қазақтарының денi түрiк тiлiнде, ал балалары немiс тiлiнде түсiнiседi. Қазақстаннан кiтап немесе газет-журнал жеткiзiлiп тұрса, бәлкiм, бұл аз да болса мәселенiң шешiлуiне атсалысар едi. Германияда өсiп келе жатқан жастардың арасында мәдени iс-шаралар өткiзiп тұру үшiн Мюнхенде және Кельнде екi қазақ қоғамы құрылған. Алайда қоғамдық ұйымдармен жұмыс iстеу тәжiрибесiнiң жеткiлiксiздiгiнен, қазақ тiлiнен дәрiс беретiн арнайы мамандардың жоқтығынан бұл ұйымдар Германияда қазақ тiлiн сақтап қалуға үлкен үлес қосып отырған жоқ. Тек жеке адамдар ғана мүмкiндiгiнше балаларын жазғы демалысты Қазақстанға жiберiп немесе арнайы оқытушы жалдап оқытуда. Германияда туып-өскен қазақ қызы Өзгежан Кесiжi:

— Германияда қазақ мектебi жоқ. Үй iшiнде ғана әке-шешеммен қазақ тiлiнде сөйлесемiз. Қазақшаны әжемнен үйрендiм. Десе де көшеге шыққанда, я болмаса сiңiлiмiз екеумiз өзара немiсше сөйлесiп кететiнiмiз бар. Германияда өтетiн қазақтардың кiшi құрылтайына ұдайы қатысамын. Сол жердегi ағалардың қазақ тiлiнде жасаған баяндамасын құрбы-құрдастарымның көпшiлiгi түсiнбейдi. Тiптi, Германияға "Болашақ" бағдарламасымен келген қазақ студенттерiнiң көбi орысша сөйлейтiндерi таңқалдырады. Қазақ тiлiндегi кiтаптар көп болса, тiлдi тез үйренiп кетер ме едiм деп ойлаймын. Қазақ тiлiн сақтап қалуда Дүниежүзi Қазақтар қауымдастығы немесе Қазақстанның үкiметi тарапынан қолдау болғаны әрине жақсы.

Швецияда негiзiнен Түркиядан көшiп барған 30 отбасы тұрады. Денi Стокгольм, Евл, Вастерас, Геттерборгте шоғырланған. Шведтермен отау құрған қазақстандықтар есебiнен қазiр Швециядағы қазақтар саны бiрте-бiрте өсуде. Швециядағы қазақ диаспорасының өкiлi — Сағадат Түркөз. Сағадат — ән әлемiндегi фольклордан бастау алатын жаңа жанрды қалыптастырып келе жатқан талантты әншiлердiң бiрi.

— Қазақша тек ауызекi қажеттi сөздердi ғана айта аламын. Өте жақсы демеймiн, бiрақ сөйлесiп түсiнiсе алатын деңгейдемiн. Менiң қазақшам түрiк тiлiмен араласып кеткен. Ән салу барысында қазақ тiлi мен үшiн аса маңызды, сол себептi қазақ тiлiн оқып үйренетiн мүмкiндiктi қалт жiбермеуге тырысамын. Репертуарымда түрiк әндерiмен қатар бiрнеше қазақ әндерi де бар. Қазақстанда өмiрiмде үш рет қана болдым. Жұмыс бабымен сөзсiз ата-баба жерiне әлi талай рет келермiн, — дейдi Швецияда тұратын қазақтың әншi қызы. Қазақтың қоңыр әнiн Швецияның сахнасында әуелетiп шырқалып жатса, ұлттық қадiр-қасиеттiмiздiң өшпегенi, қайта жанданғаны емес пе?

Ұлыбританиядағы қазақтардың бiр ерекшелiгi, отбасын құрғанда қан тазалығына қатты мән бередi. Сол себептi ағылшын қазақтары үшiн ұлттық тамырларынан ажырамай, балаларын қазақ рухында тәрбиелеуге көп көңiл бөледi. Мәселен 1992 жылы тұманды Альбион елiнде қазақ қауымдастығы құрылды. Бұл қоғам Ұлыбританиядағы қазақтардың өзара тығыз араласып, туған елден қол үзбеу мақсатын көздейдi. Қазiргi күнi Лондон-Қазақстан Кәсiпкерлер қауымдастығы да сәттi жұмыс iстеуде.

АҚШ-тағы қазақ диаспорасының денiн американдықтармен отасқан қазақтар және өнер-ғылым қуып, Америкада қалып қойған қазақтың дарынды азаматтары, Түркия, Ресей, Еуропа елдерiнен көшiп барғандар құрайды. Бiр қызығы АҚШ-та әлi күнге дейiн Қазақ мәдени орталығы құрылмаған. Нью-Йоркте тұрып жатқанына он бес жылдан асқан Әлия Әлхан өз еркiмен Бруклинде американдықтар асырап алған қазақ балаларына қазақ тiлiнен, ән-күйден сабақ беруде.

— Өткен жылы Түркиядан Америкаға келген қазақ бауырларымыз өз балаларына арнап қазақ тiлiн үйрену курсын ашуды ұсынды. Қуана келiсiм бердiм. Өзiм кәсiби музыкант болғандықтан төмен баға бойынша домбырадан, фортепиана, гитара үйрететiн курстар ұйымдастырдым. Ал, ең қызығы, курс ашылған күнi 3-5 жас арасындағы балаларын ертiп, бiр топ американдықтар келдi. Бұл американдықтар асырап алған қазақ балалары болатын. Жалпы АҚШ бойынша Қазақстаннан 2000-нан астам бала асырап алыныпты. Көпшiлiгi — қазақтың балалары. "Бiз балаларымыздың өздерiнiң төл мәдениеттерiн танып бiлуге мүмкiндiктерi туғанына өте қуаныштымыз. Сiзге үлкен рахмет", — деп олар кездескен сайын алғыстарын бiлдiрiп жатады, — дейдi Әлия Әлхан.

Қытайда бiр жарым миллионнан астам қазақ тұрады. Iле, Тарбағатай, Алтай өлкелерiнде шоғырланған қазақтар тiл тұнығын сақтап қалған. Сонымен қатар қазақ тiлiнде газет-журнал шығаратын редакциялардың саны отызға жуық. Тәулiгiне 34 сағат қазақ тiлiнде бағдарлама беретiн Шыңжаң телевизиясында қазақтың 250 ұл-қызы еңбек етедi. Пекин педагогика университетiнiң түлегi, бұл күнде профессор Меллат Раметұлы:

— Қытай Халық Республикасында қытай тiлi мен жазуын қолданумен бiрге, қазақ тiл-жазуын қатар қолданысқа түсуiне: "Қытай Халық Республикасының Ата заңы" бастаған заң ережелерi кепiлдiк бередi. ҚХР-дың Ата заңында: Отанымыздың топырағында өсiп-өнiп отырған "Ұлттардың барлығында өздерiнiң тiл-жазуын қолдану және дамыту бостандығы болады", — деп белгiленген. Шыңжаң Ұйғыр Автономиялы Республикасының тiл жазу комитетi қазақ тiлi жағынан жуықтағы бiр жылдың iшiнде "Қазақ тiлiнiң емле сөздiгiн", "Қазiргi қазақ тiлiн", "Қытайша-қазақша арнаға түсiрiлген атаулардың" екi жинағын т.б. құрастырып баспадан шығарды, — дейдi Қытайдағы қазақ тiлiнiң жай-күйiне орай.

Сырт қазағының ұлтшыл болып, ұлттық болмысын сақтап қалуда жергiлiктi қазақтарға қарағанда анағұрлым белсендiлiк танытуы түсiнiктi. Себебi үшiншi, төртiншi ұрпағын өсiрiп, шетелге сiңiсе бастаған қазақ отбасылары Қазақстанға көшiп келуден гөрi, ата-бабасының асыл мұрасын тұрып жатқан жерлерiнде қастерлеп, қадiрлеудi жөн көредi. Сол үшiн де ата-баба тiлiн сақтап, сол тiлде сөйлеп, ұрпағына аманат етiп қалдыруды ойлайды. Бұл жолдағы қиындықтары мен қызықтары жайлы жыл сайын өткiзiлетiн құрылтайларда шетел қазақтары ашық бөлiседi. Қазақ тiлiн үйренудiң негiзгi қиындықтары ретiнде олар: арнайы тiл үйрететiн оқытушының тапшылығын, бiр тiлде сөйлегенiмiзбен төте, кирилл, латын әлiпбиiн қолданатындығын, өз бетiнше тiл үйренуге арналған бағдарламалардың болмауын атайды. Әрбiр құрылтайда қазақ тiлi мәселесiнiң бiрiншi кезекте көтерiлуi — ағайындарымыздың тiлге деген қамқорлығының бiрден бiр көрiнiсi. Бiр қуантарлығы, ҚР Мәдениет және Ақпарат министрлiгiнiң Тiл комитетi шетел қазақтарымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс iстеп, Қазақстаннан тысқары жерлерде де қазақ тiлiн дамытуды қолға алды. Қазақ тiлiн үйренудiң электронды сөздiгi мен "Алтын бесiк", "Туған тiл" альманахтары шығарылып, Сыртқы Iстер министрлiгiнiң жәрдемiмен таратылуда. Әрине қалай десек те, шетел қазағының тiлдi сақтап қалуда бiрiншi кезекте ұлтқа деген сүйiспеншiлiгi мен махаббаты, "түбi туған елге өзiм бармасам да, балаларым барады" деген ниеттерi маңызды рөл ойнап отыр. Шетел қазақтарымен ұдайы байланыста болып, Қазақстан туралы ақпараттармен оңай танысып отыруы қазақ тiлiнiң сақталуына әсер етерi сөзсiз.

Асхат ЕРКIМБАЙ