ҚАЗАҚСТАНДА БОСҚЫНДАРДЫ ҚАБЫЛДАЙТЫН ОРТАЛЫҚ АШЫЛМАҚ

ҚАЗАҚСТАНДА БОСҚЫНДАРДЫ ҚАБЫЛДАЙТЫН ОРТАЛЫҚ АШЫЛМАҚ

ҚАЗАҚСТАНДА БОСҚЫНДАРДЫ ҚАБЫЛДАЙТЫН ОРТАЛЫҚ АШЫЛМАҚ
ашық дереккөзі

Еуропалық одақ пен БҰҰ-ның босқындар iсi жөнiндегi агенттiгi Орталық Азиядағы босқындарды қорғау және оларға баспана тауып берудi жүйелеу мақсатындағы жобаны аяқтады. Бұл жоба аймақ үкiметтерiне осы саладағы заңнаманы жетiлдiрiп, босқындарға баспана тауып беру мәселесiн шешуде көмектесiп келедi. Оның нормалары халықаралық стандарттарға сәйкестендiрiлген.

Бұл жайында өткен аптаның соңында Қазақстандағы Еурокомиссия өкiлдiгi мәлiмдедi. Олардың айтуына қарағанда, жоба құны 1 миллион 154 мың еуроны құрайды. Ол негiзгi 4 бағыт бойынша жұмыс iстейтiн болады. Бiрiншiден, мүдделi мемлекеттiк органдардың мүмкiндiгiн арттыру, екiншiден, қоғамды осы жайындағы ақпараттармен қамтамасыз ету, азаматтық қоғамға тарту және аймақтық бiрлескен iс-қимылдар, тәжiрибенi бөлiсу.

Жоба негiзiнде Орталық Азия елдерiндегi жауапты ведомстволар мен ұйымдар құрал-жабдықтармен қамтамасыз етiлiп, оқу мүмкiндiгiне ие болды. Дәл осы жоба аясында түркiмен-өзбек шекарасына жақын өңiрден және Бiшкектен орталықтар ашылған. Бұл орталықтарда босқындар уақытша баспаналы болады, қажеттi ақпараттармен бөлiсiп, заңгер кеңесiне жүгiнедi.

"Республиканың жылына 200-300 босқын қабылдайтынын ескерсек, бұндай орталықтың ашылуы Қазақстан үшiн машақат тудырмауы тиiс, — деп атап өттi БҰҰ-ның босқындар iсi жөнiндегi агенттiгiнiң Қазақстандағы өкiлдiгiнiң басшысы С.Дюбон, – Қазақстан негiзiнен өз елдерiндегi экономикалық қиындықтар салдарынан бұл жерге келiп нәпақа тауып жүрген мигранттарды қабылдайды", – деп қосты ол.

Босқындар iсi жөнiндегi өкiлдiң айтуынша, Қазақстан Үкiметi босқындар жөнiнде арнайы заң қабылдауға әзiр екендiгiн бiлдiрiптi.

"Былтыр Үкiмет ағымдағы жылы заң жобасын әзiрлеу үшiн арнайы жұмыс тобын құруға келiсiм берген болатын, заң 2009 жылы қабылданатын болады", — дедi С.Дюбон.

"Аймақ 30-35 мыңға дейiн босқын қабылдайды, олар негiзiнен сырттан ауып келген ауғандықтар мен шешендiктер", — деп атап өттi БҰҰ ЖКББ-ның Қазақстандағы өкiлдiгi басшысы.

Еуропалық одақ пен БҰҰ ЖКББ-ның Орталық Азиядағы босқындарды қорғау туралы бiрлескен бағдарламасы Орта Азия мемлекеттерiне көшi-қон саясатын қалыптастыру барысында босқындарды қорғаудың тиiмдi механизмдерiн құруға көмектестi. Негiзгi мақсат — босқындармен жұмыс iстеу барысында адам құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету болатын. Жоба шеңберiнде жауапты ведомстволар мен ұйымдар құрал-жабдықтармен, бағдарламалық қамсыздандырумен қамтылды және бiлiм жетiлдiруге мүмкiндiк алды. Аймақтағы жүзден астам әрiптес ұйымға осындай көмек көрсетiлдi. Оның iшiнде прокуратуралар, министрлiктер, көшi-қон органдары, омбудсмендер мен үкiметтiк емес ұйымдар (ҮЕҰ) бар.

Regnum-interfax.

"АСАР" — ОРАЛМАНДАРДЫҢ БАСПАНА МӘСЕЛЕСIН ШЕШУГЕ МҰРЫНДЫҚ БОЛУДА

Оралмандардың республикалық "Асар" қоғамдық бiрлестiгi 1999 жылдан берi жұмыс iстеп келедi. Негiзгi мақсаты — оралмандарға және басқадай көшiп қонушыларға құқықтық, ақпараттық және басқадай көмектер көрсету жұмысының негiзгi бағыты болып табылады.

Қазiр де республикамыздың барлық облыстарына өз филиалдарын ашып, iс-әрекетiн жүргiзуде.

Бiрлестiктiң мақсаты:

— Мемлекеттiк көшi-қон саясатының жүйелi ұйымдастырылуына оның құқықтық базасының дамуына ықпал ету;

— Көшiп келушiлерге жекеменшiк үй салуға жеңiлдетiлген мемлекеттiк несие жүйесiн жасауға ықпал ету;

— Өз бетiмен қоныс аударушыларды қолдау жөнiнде бағдарлама жасау;

— Кәсiпкерлiктi дамыту үшiн мемлекеттiк шағын несие жүйесiн жасауға ықпал ету;

— Оралмандардың кәсiптiк, тiлдiк, құқықтық бейiмделуiне ықпал ету;

— Ақпарат жүйесiн дамытуға үлес қосу;

— Парламентпен, Көшi-қон комитетiмен, жергiлiктi әкiмдермен тығыз байланысты дамыту.

"Асар" қоғамдық бiрлестiгiнiң төрағасы Қайрат Бодауханұлы бүгiнде Мәжiлiс жанынан құрылған Көшi-қон және отандастармен байланыс жөнiндегi ғылыми-консультациялық кеңестiң мүшесi.

Бiрлестiк дүниеге келгелi тындырылған шаруалар шаш етектен. Оның бiрегейi — Алматы iргесiнде бой көтерген "Байбесiк" ауылы. "Асар" қоғамдық бiрлестiгiнiң мұрындық болуымен, Алматы қалалық әкiмшiлiгiнiң қолдауымен бой көтерген аталмыш ауылда бүгiнде 200-дей отбасы тiрлiк етедi. Яғни, Алматы секiлдi iрi мегаполистiң жанынан 1000-дай адамның баспана мәселесi қоғамдық ұйымның қатысуымен жүзеге асырылуы қуантар да құптарлық iс.

"Асар" қоғамдық бiрлестiгi бiзге жақында тағы бiр ақжолтай хабарды жеткiздi. Ол Ақмола облысының Целиноград ауданының Қажымұқан ауылы аумағында бой көтерер оралмандардың "Нұрбесiк" ауылы үшiн жер телiмдерiнiң бөлiнгендiгi жайында. Қазiр ол шағын ауданның жобасы дайындалып, аудандық мәслихатта бекiтiлiптi. Сонымен қатар, Ақмола облысы Целиноград ауданының Талапкер ауылынан 30 га, Ақмола облысының Шортанды ауданы Бозайғыр ауылынан 5 га. жерге оралмандардың жеке кәсiпкерлiгiн дамыту мақсатында "ТЕХНОПАРК" салуды қолға алған.

Сондай-ақ, Астана қаласының әкiмi Асқар Мамин мырза да "Асар" қоғамдық бiрлестiгiнiң атқарып жатқан шараларына бей-жай қарай алмайтындығын танытты. Қайрат Бодауханұлының оралмандардың баспана мәселесiн шешу жөнiндегi ұсыныстары, жобаларымен танысып, ерекше ынта-ықыласын бiлдiрдi. Әкiмнiң оң қабағының нәтижесiнде "Нұр Отау" тұрғын үй кешенiнiң жобасы жасалынды.

Әрi Алматы облысының әкiмi Серiк Үмбетов те оралмандарға арнайы жер телiмдерiн бөлу мәселесiне оң қабақ танытып, Талғар ауданының Нұра аулынан тұрғын үй салуға арналған жерлерден арнайы қоныс бөлiнуге ықпал еттi.

ЗЕРГЕРДIҢ БҰЙЫМДАРЫН АҚШ ПЕН ГЕРМАНИЯ САТЫП АЛАДЫ

Қостанай қаласына жақын "Тобыл" селосында Моңғолиядан келген оралмандар ағаш өңдейтiн цех ашып, жұмыс iстегелi бiраз уақыт болды. Оны ашып, 12 адамға жұмыс берiп жүрген Туысқан Қабдылұлы өздерi жасаған бұйымдардың аса жоғары сұранысқа ие екендiгiн айтады. Олардың жасаған бұйымдары ұлттық нақыштағы үй заттары, ат әбзелдерi және ағаш ыдыс-аяқ. Ал, Туысқан Қабдылұлы өзi ағаштан ойып домбыра, қобыз секiлдi ұлттық аспаптарды жасайды. Оның музыка аспаптарын алу үшiн арнайы Германиядан, АҚШ-тан және көршi Ресейден ат сабылтып келетiндер көп екен.

Олардың мұндай iспен айналысып, өз кәсiбiн дөңгелетiп әкетуiне жергiлiктi әкiмшiлiктiң көмегi зор болған көрiнедi. Қандастарымыздың арманын iске асыру үшiн қаңырап қалған балабақша ғимаратын тегiн берген екен.

Т. Қабдылұлы Қостанай облысына 10 жыл бұрын қоныс тепкен. Алғашқы жылдары ол "Қарабатыр" агрофирмасында жұмыс iстейдi. Кейiннен Тобыл ауылына көшiп келедi. Мұнда шеттен келген қазақтардың басын қосып "Оралман" қоғамын ашады. Ал, өткен жылы ол халықаралық "Каунтерпарт Консорциум" қорының 2.5 мың долларлық грантын жеңiп алды. Бұл қаржы ұлттық мәдениеттi дамытуға күш салып жатқан ағайындарға деген көмек көзi болатын.

Inform-kz

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚАЙ ӨҢIРIНДЕ ӨМIР СҮРГЕН ҚОЛАЙЛЫ

Қазақстанның статистика жөнiндегi мемлекеттiк агенттiгiнiң мәлiметi бойынша, Ақтау қаласының тұрғындары ең қымбат азық-түлiк сатып алуға мәжбүр. Мұнда өз өнiмдерi деген атымен жоқ, күнделiктi қажет бұйымдардың барлығы Қазақстанның өзге өңiрлерiнен және Әзiрбайжан мен Түркiменстаннан әкелiнедi. Бiрақ, мұнда еңбекақы өте жоғары.

Көршi Атырауда Ақтауға қарағанда азық-түлiк бағасы сәл-сәл арзан. 2007 жылы "Мұнай астанасы" атанған Атырауда азық-түлiк 24,2 пайызға артқан. 2006 жылғы мәлiмет бойынша Атырау облысының 23,8% тұрғыны күнкөрiс минимумынан төмен деңгейде өмiр сүрген.

Шымкентте 2007 жылы азық-түлiк бағасы 28%-ға өскен. Бұнда кедейшiлiкте халықтың 14,1%-ы өмiр сүретiн көрiнедi. Бiрақ, бұның өзi күмәндi. Оңтүстiк Қазақстан облысында күнкөрiс мнимумынан төмен деңгейде табысы бар тұрғындардың үлес салмағы 2001 жылы 60,9%-ды, 2005 жылы 46,8%-ды көрсеткен. Бiздiң келтiрiп отырғанымыз, 2006 жылғы мәлiмет. Сонда бiр жарым жылдың iшiнде кедейлердiң саны үш есе азая қойды деу ақылға сыймайды.

Азық-түлiк бағасы Петропавлда Атырау мен Алматыдан да қымбат. Қостанайда былтырғы жылы азық-түлiк бағасы 26,3%-ға өстi. Оңтүстiк Қазақстандағы статистика бұнда да байқалады. Мысалы, 2001 жылы Қостанай халқының 42,4%-ы кедейшiлiк шегiнде өмiр үсрген болса, 2006 жылғы көрсеткiш бойынша, кедейлердiң үлес салмағы 14%-ға дейiн төмендеген.