Жаңалықтар

АЯҚТАН ШАЛУ ҚАЛМАЙ КЕЛЕДI

ашық дереккөзі

АЯҚТАН ШАЛУ ҚАЛМАЙ КЕЛЕДI

Құдайға шүкiр, елiмiз тәуелсiздiк алғалы Отанына оралып жатқан қандастар көп. Оның көпшiлiгi өз күшiмен келiп жатса, көбi "квотаны алам" деп бiраз уақыт әуре-сарсаңға түсiп жатады. Ал, шындығында, қандастардың денi алақан жайып қана емес, өз күнiн өзi көрерлiк өнерiн бiрге ала келедi.

Қытайдың Дүрбiлжiң қаласынан отбасымен бiр-ақ көшiп келген Айнұр есiмдi әпкемiздiң "дәмхана" ашып, кәсiп-нәсiбiн дөңгелетiп әкеткенiне куә болған едiк. "Атамекенге келдiк, бiзге көмек берiңiздер!" деуге арланған отбасы бар жиған-тергенiн осы "дәмханаға" салып, ешкiмге алақан жаймай ел қатарлы өмiр сүрiп келдi. Жақында хабарласқанымда, "жалға алып отырған "дәмхананың" арендасын қымбаттатып жiбергендiгiн" айтқан қандасымыздың көңiлi су сепкендей басылып қалыпты. "Неге екенiн бiлмеймiн, бiздi аяғымыздан шалатындар көп кездестi. Ендi ғана ес жиып, өз-өзiмiзге келе бастап едiк, жағдай мынау. Ал кәсiптiң басқа көзiн ашайын десек, сәл қорқақтап та отырмыз" дейдi, не iстерiн, кiмге мұңын шағарын бiлмеген ол. Кезiнде шетелден келген оралмандар шағын және орта кәсiпкерлiкпен айналысатын болса, "Айтарлықтай жеңiлдiк қарастырылсын, салық шарасынан босатылсын" деген Елбасының сөзi қайда қалған? Қайсыбiр қандастың тығырыққа тiрелетiн жерi де осы — салықтың көптiгi немесе жалға алатын мекеменiң аса қымбаттығы. Сонда бармағынан өнерi тамып тұрған жандардың талабы мен жiгерiн қолдап-қолпаштамасақ, басқа берер көмегiмiз қайсы?

Шыны керек, жырақтан ат арытып келген қандастар, әсiресе, еңбектен өлмейтiнiн бiлетiн қытайлықтармен бiрге жүрiп-тұрып, солардың мiнез-құлқы мен психологиясына бейiмделiп кеткен бауырларымыз жұмыстың қай түрiн болсын тез меңгерiп алады. Үнемi қозғалыс пен қимылдың үстiнде тiршiлiк кешетiн Қытай халқының бiздiң қандастарға сiңiрген бiрден-бiр пайдасы да осы еңбекқорлық шығар.

Ал, Бақтияр Қытайдың Құлжа қаласынан келген. Жиырмадан жаңа асқан ол Қазақ елiне әке-шешесiмен емес, өзi жалғыз оралды. Атамекенге тезiрек өтудi армандаған Бақтиярдың анасы баласының жасын бiр-екi жасқа ұзартып алған екен. "Сен ер азаматсың, сондықтан да өмiрiңдi Қазақстанда жалғауың керек! Ұрпағымыз да туған топырағында өмiрге келуi тиiс!" деген аманатпен жiберген ананың бүйрегi қашанда қазақ елiне бұрып тұрған. Әуелi шаңырақтың тiрегi — ұлын Отанына жiберiп, алдын-ала үйренiсiп-бiлiсе берсiн деген ананың көңiлi жай тапты. Бүгiнде үмiт артқан баласы өз нанын өзi тауып жүр. Бұрын-соңды Қазақ елiнiң топырағын баспаған ол атажұртқа тез арада судай сiңiп, тастай батып кеттi. Әрине, Бақтияр отбасымен келмесе де, мұнда бас сұғып тұратын ағайындары бар. Соның iшiнде ол бiздiң де отбасының бiр мүшесiне айналды. "Туғанның аты туған" демекшi, кейде iнi-қарындастарын, туғанын сағынған кезде "Бәрiн тастап, Құлжаға тартып кетсем бе екен" дейдi тағы бiрде. Осындай жабырқау сәттерде көзiне мөлтiлдеп келген жасты ешкiмге байқатпай сүрте қояды да, үйiне телефон шалып, дауыстарын естуге асығады. Телефон тұтқасының арғы жағынан амандық бiлiсiп жатқан анасы бiзге: "Бақтияр, сендердiң iнiлерiң болады, бiр-бiрiңе қорған болып жүрiңдершi" деп қашанда бәйек болып жатқаны.

Ол атамекенге келгелi берi бос жүрген емес. Қолынан келетiн өнерi — ас мәзiрiн дайындау, дәмдi тағам түрлерiн пiсiру. Кiшкентайынан осы өнерге икемдi болған Бақтияр Қытайда арнайы курсты тәмамдап, тәжiрибе жинақтапты. Алматы шаһарында "аспазшы" болып жүрген оның ендiгi арманы — отбасын, әке-шешесiн көшiрiп әкелуге қолұшын беру. Осындай асқақ арманның жетегiнде жүрген қандасымыз жақында қаланың қақ ортасындағы бiр "дәмханаға" аспазшы болып жұмысқа кiрiстi. Алғашқыда "Жалақысы көңiл көншiтерлiктей…" дегенде, бiз де оның жетiстiгiне бiр кiсiдей қуандық. Сөйтсек, әлгi қожайын "Ақшаны ай сайын алып тұрса, аз екенiн бiледi де, басқа жұмысқа ауысып кетер" деген күдiкпен бiрнеше ай жалақысын бермей қойыпты. Азын-аулақ күнделiктi ақшадан басқа беретiн дәнеңесi жоқ. Сөйтiп жүргенде, Бақтияр Қытайға туыстарына барып келу үшiн бiр аптаға сұранады. Ол қалай кеттi, сол күннен бастап клиенттерi де күрт азайып сала берген. Сонау Қытайға бiрнеше мәрте телефон шалып, әбiгерге түскен қожайын Бақтиярды одан да бетер уысынан шығармауға бел буады. Екi айдың еңбекақысы әлi жоқ. Жас та болса, бiр үйдiң бiлдей азаматына лайық ол жалақысын берудi өтiнiп, сұраса, айтқан сомасын түгел бермептi. Адал еңбектiң қаналуына күйiнген ол кейбiр жандардың осындай қарын ашытар әрекеттерiне iштей қапа болды. Сонда, қожайынның түсiнiгiнше, "Сырттан келген оралманның құқығы жоқ болғаны ма? Әлде, намысын таптатып тұра бередi деп ойлай ма?" деп ызаға булыққан Бақтияр тез арада басқа жұмыс тауып алыпты. Ендiгi бар арманы — ақша жинап, отбасын бiржола көшiрiп әкелу. Себебi, квотаға iлiгудiң өзi бөлек мәселе. Оның үстiне Қытайдағы 2 миллиондай қандасты көшiрiп әкелу әзiрге жәй арман екенiн ескерсек, әркiм өз бетiнше әрекет жасап бағуы қажет. Ал квотаны күтiп жүре берсек, әлi бiраз жылды артқа тастауға тура келедi" дейдi қандасымыз.

Бақтиярдың алдына қойған мақсаты көп. Соның iшiнде — үй салып, ағаш отырғызып, өмiрге ұрпақ әкелу басты борышы.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ