Жаңалықтар

Мемлекеттік гранттың 75 пайызы қазақ бөліміне бөлінді

ашық дереккөзі

Мемлекеттік гранттың 75 пайызы қазақ бөліміне бөлінді

Бүгін Білім және ғылым вице-министрі Тахир Балықбаев 2015 жылы мемлекеттік білім беру гранттарының 75 пайызы қазақ мектебін бітірген түлектерге берілетіндігін мәлімдеді.

Биылғы жылы бөлінетін мемлекеттік білім гранттарының саны – 39 994. Оның 32 168-і бакалавриат, 7 241-і магистратура, ал қалған 623-і докторантураға бөлінген. Жылдағы әдет бойынша мемлекеттік гранттардың басым көпшілігі техникалық мамандықтарға берілмек. Биылғы техникалық мамандықтардың үлесі 42,4 пайызды құрап отыр.

«Биылғы жылдың мемлекеттің тапсырысындағы басты ерекшелік – гранттардың оқу тіліне байланысты болып отыр. Мемлекеттік гранттардың 75 пайызы қазақ бөліміне және 25 пайызы орыс бөліміне бөлінетін болады. Осы уақытқа дейін гранттар екі тілге шамалас пропорциямен бөлініп келді. Бірақ енді мектеп бітірушілердің үлесі бойынша, қазақ мектебін бітіргендер орыс мектебін бітіргендерден басым. Сондықтан осындай шешімге келдік», – деп вице-министр тағы бір жаңалықпен бөлісті. Айта кетейік, биылғы жылы 62 384 оқушы ҰБТ-ны қазақ тілінде тапсырса, 25 398-і орыс тілінде тапсырған болатын.