Смағұл ЕЛУБАЙ: БАСТЫ МӘСЕЛЕ – «ҚАЗАҚ МӘСЕЛЕСI»
Смағұл ЕЛУБАЙ: БАСТЫ МӘСЕЛЕ – «ҚАЗАҚ МӘСЕЛЕСI»
Ұлт зиялыға қарайды, зиялы қайда қарайды? Бiздiң қоғамда қазiр дәл осы сауал өзектiлiгiмен ерекшеленiп тұр. Зиялыларымыздың көбi ұлттың сөзiн сөйлеп, мұңын мұңдағаннан гөрi, шенеунiктердiң сойылын соғып кеттi. Елдiң ертеңi үшiн шырылдап, астындағы тағын да, басындағы бағын да тәрк етуге дайын санаулы зиялыларымыздың бiрi, жазушы Смағұл Елубаймен арадағы әңгiме — газет бетiнде жиi көрiнiс табатын ұлт және қазақ мәселесiне арналды. Төменде сол сұхбатты оқырман назарына ұсынып отырмыз.
— Смағұл аға, осы кезге дейiн өзiңiз қазақ қоғамының жанды жарасы, тiптен қанды жарасы деуге келетiн тiл, дiн, ашаршылық, демография тәрiздi жанып тұрған тақырыптарға талмай қалам тарттыңыз. Алайда, сiз саяси тақырыптарға аяқ баспаған екенсiз. Сонда Сiздi саясаттан тыс тұлға деуге бола ма?
— Жоқ, мүлдем олай емес. Саясаттан ешкiм де тыс қала алмайды. Әсiресе, елiмiз тәуелсiздiк жариялаған күннен бастап Қазақстан азаматтары өз бала-шағасының болашағын қалай ойласа, осы жас мемлекеттiң болашағын да дәл солай ойлайтын болды. Өйткенi, қарасаң, ертең сенiң ұрпағың өмiр сүретiн үй iргесi бүгiн қаланып жатыр. Бүгiнгi аға ұрпақ сол iргетасты қалай қаласа, ертеңгi бала ұрпақ дәл сол үйде тұратын болады. Тiптен, келер ұрпаққа ол үй ұнамаса қиратып қайта салуы да мүмкiн. Бiрақ, ол жақсылық емес. Бiз ертеңгi немере, шөберелерiмiзге ондай дүрбелең проблемаларды мұра етiп қалдырмауға тиiспiз. Мiнеки, сондықтан да бүгiнде күнде құбылып тұрған саяси самал-желге бейтарап болуға бiздiң құқымыз жоқ.
— Ендеше, Сiзге әсер еткен саясаттың соңғы самал-желi туралы бiлгiмiз келедi…
— Ол Ресейден соққан самал-жел. Ресейдегi Президент сайлауының әсерi. Ресей Президентi пендешiлiкке салынып, «Осы сайлауға түсемiн» дегенде халқы қарсы болмас едi. Керiсiнше, тiк тұрып қуана қарсы алар едi. Ал, Путин Ата Заңнан аттамады.
— Одан кiм ұтты деп ойлайсыз?
— Одан менiңше бәрi ұтты. Ең алдымен Ресей ұтты. Ресей өзiнiң әлемдiк қауымдастық алдындағы демократиялық бет-бейнесiн сақтап қалды. Кiр жұқтырмады. Конституцияға құрмет салтанат құрды. Екiншiден, тарихи тұлға ретiнде Путиннiң өзi де ұтты. Бұл саяси қайраткерге деген құрмет Ресейдiң iшiнде де, сыртында да бұрынғыдан да бетер арта түстi.
— 2012 жылы Қазақстанда да президенттiк сайлау келе жатыр ғой. Осы сайлауда Қазақстан қай жолды таңдайды деп ойлайсыз?
— Сөз жоқ, Қазақстан бұл сайлауда Ресей жолын таңдар деп ойлаймын. Өйткенi, Путин таңдаған жол болашағы бұлдыр ортағасырлық қоғам жолы емес, болашағы жарқын өркениеттi ел жолы. Қазақстан да осы жолды таңдайды деп сенемiн. Бұл таңдау әлем алдында Қазақстан беделiн көтере түспек.
"ОЛ ЖЕЛI — БҮГIНДЕ БАЙЛЫҚ ПЕН БИЛIК ЖЕЛIСI БОЛЫП ТҰР"
— Саясаттан сырт тұрмайтыныңыз көрiнiп тұр. Ендеше жаңадан құрылған оппозициялық "Азат" партиясының төрағасы, белгiлi кәсiпкер Болат Әбiловтiң Алматы қаласының әкiмi Иманғали Тасмағамбетовке жазған ашық хатынан да хабардар боларсыз?
— Әрине.
— Бұл хатта белгiлi кәсiпкер қала әкiмiне көптеген айыптар тағыпты. Бұған сiздiң көзқарасыңыз?
— Болат Әбiлов келтiрген айыптаулардың рас-өтiрiгiн тексерiп жату, әрине, бiздiң шаруамыз емес. Бiрақ, өзiмiз бiлетiн бiр дерек туралы ғана айтқым келедi. Болат Әбiлов "Көшпендiлер" фильмi тура¬лы: "ол фильм 10 миллион АҚШ долларына түсiрiлдi", — дейдi. Ал, кешегi күнге шейiн "Қазақфильм" АҚ-ын басқарып келген, сол үлкен жоба үшiн тiкелей өз басымен жауап берген Сергей Әзiмов болса: "Көшпендiлер" фильмi 34 миллионға түсiрiлдi" – дейдi. Б.Әбiлов: "Фильм прокатта небары 200 мың доллар қаржы жинады" дептi. Бұл да жаңсақ. С.Әзiмов: "Фильм тек Қазақстанның өзiнде 1,5 миллион доллар, Ресейде 2,5 миллион доллар қаржы жинады" дейдi. Және "әлемнiң 77 елi бұл фильмдi сатып алып, өз прокатына шығарды" – дегендi айтады. Фильмнiң мақсаты — ақша табу емес, дүниеде "қазақ" деген халықтың барын әлем көрермендерi назарына ұсыну болған. Фильм барысын тiкелей қадағалауда ұстаған Елбасы ұстанымы да осы болды дейдi.
— Осы хаттың өмiрге келуiне түрткi болған не деп бiлесiз?
— Себеп?! Себебi… жоғарыда айтылған, алда келе жатқан — 2012 жылғы Қазақстандағы президент сайлауы деп бiлемiн. Кез келген партия билiк үшiн таласады. Кез келген партия басшысы мемлекет басшысы да болғысы келедi. 2012 жылғы президент сайлауына бүгiнгi негiзгi оппозициялық партия жетекшiсi ретiнде Болат Әбiловтiң те түсетiнi анық. Сонда оған сол сайлауда ықтимал бақталастар iшiнде кiм болуы мүмкiн? Әрине, Иманғали Тасмағамбетов болуы мүмкiн. Сондықтан да Болатқа ертеңгi "кедергiнi" бүгiн қирату керек болған сияқты. Болат Әбiлов сол ертеңгi негiзгi "кедергiнi" бүгiнгi күнi "қиратумен" айналыса бастады деп бiлемiн. Әйтпесе, егер "Азат" партиясының жетекшiсi шын мәнiнде ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрескiсi келетiн болса, ұйымдасқан қылмыс мәселесi, ол ертегiлерде айтылатын алты басты айдаһар сынды құбыжық. Бiр басын кессең, екi-үш бас өсiп шығатын жалмауыз. Елiмiздегi ұйымдасқан қылмысты топтарда азуы алты қарыс акулалар жетерлiк шығар. Олармен күресуге жалғыз кiсiнiң, тiптi, Иманғалидың да аса қауқары жетпейдi. Яғни, бүкiл қоғам болып аяусыз қарсы күресуiмiз керек. Болат шын мәнiнде шындық үшiн, қоғамдағы тазалық үшiн күрестi бастаған екен, алдымен сол акулалардан бастауы керек едi.
— Сонда сiз Әбiловтiң кiнәлауының себебi негiзсiз деп ойлайсыз ба?
— Мен ешкiмдi де перiште демеймiн. Бiз өмiр сүрiп отырған қоғамда, әсiресе билiк пен байлық майданынан бүгiнде перiште табу қиын. Оның себебi былай. Ескi ауылда көген дейтiн болған. Көген дегенiмiз бiр желiдегi жүздеген бас сұғатын тұзақ. Сол тұзақтарға қатар-қатар жүздеген қозы көгенделедi. Көгенделген жүздеген қошақандар қашан мойнын шешкенше тырп ете алмайды. Бiздегi шенеунiктер шебi де сол бiр желiге байланған қошақандарға ұқсайды. Тырп ете алмайды. Тағдыры желiге байланып тұр. Сол желiдегi тәртiптен шығып олар қапталға қалт баса алмайды. Ол желi — бүгiнде байлық пен билiк желiсi болып тұр. Бай болғысы келген, лауазымды қызметке ие болғысы келген жан сол көгенге өзi ұмтылып, сол тұзаққа өз еркiмен бас сұғады. Бұл желiге тiзiлгендер арасынан перiште iздеп әуре болудың қажетi жоқ. Оларға "неге перiште болмадыңдар!" деп ұрсу да мәселенiң бергi жағы. Бұл желiге iлiккендер арасынан перiштелiктi сақтағысы келетiндер алдында жалғыз жол бар: ол — мойынды көгеннен босату. Иманғали билiк iшiнде жүрiп-ақ мемлекетке, халыққа қажеттi реформаларды жасауға болатындығын дәлелдеп жүр емес пе?! Бiз қаласақ та, қаламасақ та, сол желi, сол элита Қазақстанды басқарып тұр. Ғасырға татырлық қыруар жұмыстар жасалынды. Сол элита арасында Иман¬ғалидай азаматтардың жоқ болғанынан кiм ұтады? Шенеунiктер қатарында жүрiп те ұлтына қыруар пайда келтiруге болады!
Қарапайым адам қазiргi саясат оп-оңай нәрсе деп ойлауы мүмкiн. Жоқ, мүлдем олай емес! Тәуелсiз елдiң саясаты аса күрделi, су астындағы көзге көрiнбес кедергiлерi мол саясат. Жалпы, саясат дегенiңiздiң өзi теңгенiң екi бетi секiлдi. Бiрiнде бүгiн ұлтқа, мемлекетке тез әрi аса пайдалы деп бiлек сыбанып, бел шешiп кiрiскен нәрсеңiз жылдар өте зияны мол боп шығуы ықтимал. Ал ендi бiрде жұртшылыққа зияны тиедi-ау дегенiңiз түптiң-түбiнде халық, мемлекет үшiн аса қажеттi боп шығатыны бар. Сондықтан популизмнен сақ болу қажет. Қазақ жерi талай популистердi көрген, қазiр де ондайлардың арамызда жүргендерi жетерлiк. Қай қызметте жүрсе де, қандай мансап иесi болса да, адам ең әуелi ұлтқа, мемлекетке тигiзер пайдасын ойлауы тиiс. Сонда ғана шенеунiктерiмiз беделдi билiк иелерi бола алады.
"ҚАЗАҚСТАНДА ҚАЗАҚ МӘСЕЛЕСI ШЕШIЛМЕЙ, ӨЗГЕ ҰЛЫСТАРДЫҢ ДА МӘСЕЛЕСI ШЕШIЛМЕК ЕМЕС"
— 1991 жылы қазақ элитасының басшылығымен Қазақстан тәуелсiздiгiн жариялады. Қазақ 2,5 ғасырға созылған бодандық бұғауынан құтылды. Одан берi де 17 жыл өттi. Тәуелсiздiк жариялаған қазақ элитасы өзiнiң сол тарихи ұлы миссиясын адал атқара алды ма?
— Бұл тым ауқымды сауал. Оған толық жауапты асықпай абыз тарихтың өзi беруге тиiс. Алайда, көзге ұрып тұрған бар мен жоқты айту парыз. Тоқсаныншы жылдардағы қиындықтарға қарамастан қазақ саяси элитасы Елбасы басшылығымен астананы Ақмолаға көшiрдi. Небары 10 жылда Еуразия кiндiгiнде мүлдем жаңа сипатты заманауи қала – Астана пайда болды. Астана әлемге қазақ пассионарлығын паш еттi. Астана ұлт бойындағы жасампаз ұлы дүмпудiң айғағына айналды. Шекара заңдастырылды. Экономикалық реформа жүзеге асты. Қазақстан Орта Азия көшбасшысына айналды. Тiптен, ТМД-да алдыңғы қатарлы ел атанды. Жүздеген тарихи тұлғалардың аруағы ұлықталып, халқымен қайта қауышты. Жер бетiне шашылып кеткен қазақпен мәдени мұраларымыз жинала бастады.
— Ал, iстелмеген iстерге келсек… Ол да аз емес қой!
— Рас, iстелмеген iстер де шаш етектен. Үкiмет өткен 17 жыл бойы негiзiнен экономикалық мәселелермен айналысты. Саяси элита солай шештi. Алайда өмiр ненi көрсеттi? Өмiр самғаудың екiншi қанаты — мәдени-идеологиялық дамусыз ұлттың божырайтынын көрсеттi. Өмiр мәдени-идеологиялық майданымыздың игерiлмей қалғанын, тiптен оның кейбiр сай-салаларын арам шөп басып кеткенiн көрсеттi. Екi жүз жылдан астам отарлық езгiден ұлттық құндылықтары оңбай ойрандалып, есеңгiреп шыққан қазақ халқын қалпына келтiру үшiн Тәуелсiздiкпен қоса отаршылық салдарларын жою жоспарлары да қабылдануы керек едi. Яғни, деколонизация — отарсыздану бағдарламасы да қабылдануы керек едi. Осындай мемлекеттiк Бағдарламамен Үкiмет жүйелi түрде қазақтың ұлттық құндылықтарын қалыпқа келтiрумен айналысуы керек едi. Бүгiнгi тiлмен айтқанда ғасырлар бойы қордаланып қалған қазақ мәселесiн шешумен айналысуы керек едi. Тәуелсiздiк үшiн ғасырлар бойы күрескен, қан төккен қазақ халқы тек қарнымыз ғана тоқ болсын деген жоқ едi ғой! Рухымыз азат, өзгелермен тереземiз тең ел болсақ деп аңсап едi ғой! Орыс отаршылдығы тiлiмiзден айыруға жақындады. Дiнiмiздi талқандады. Тарихи санамызды таптады. Жарты қазақты қырып салып, оны айтқанның ұртына ұрды. Қазақты мәңгүрттендiрдi. Тәуелсiздiк мақсаты осынау қордаланған қазақ мәселесiн шешу едi ғой. Әйтпесе, тұрмыстық тұрғыдан алғанда қазақ халқы отаршыл Одақ кезiнде жаман тұрып па едi?! Тiптен ауыл жағдайы бүгiнгiден жаман болды деп кiм айта алады?! Қазақстанда қазақ мәселесi шешiлмей, өзге ұлыстардың да мәселесi шешiлмек емес. Үй қожасы тынышталмай қонақтың жағдайы болмақ емес. Сондай, бүгiнгi саяси элита жеткiлiктi дәрежеде көңiл бөлмей кеткен қазақ мәселелерiнiң бiрi — халқымыздың жартысы қырылған отызыншы жылдар ойраны. Немесе, сол ұлы ұлттық апатқа баға беру мәселесi. Коммунистер қолдан ұйымдастырған ашаршылыққа саяси баға беру мәселесi. Голощекин басқарған Қазақстан коммунистерi қазақ халқына зорлық-зомбылық жасады, халықтың малын, астығын тартып алып, Орталыққа айдады. Осы өз халқына өзi қырғын ұйымдастырған мемлекеттiк террор салдарынан Қазақстандағы 40 миллион мал саны 10 есе қысқарды. 2 млн. 300 мың қазақ қырылды. 1921-22 жылдардағы ашаршылық та коммунистiк зорлық-зомбылықтан болды. 1922 жылы Ташкентте қазақ зиялыларының бас қосуында елдегi жағдай жәйлi баяндама жасаған жазушы Мұхтар Әуезов: «1921-22 жылдардағы аштықта 1 млн. 700 мың қазақ қырылды» деп мәлiмдеген. КГБ мұрағатынан алынған бұл деректi тарихшы-жазушы Тұрсын Жұртбаев тауып алып жария еттi. Сонда өткен ғасырдың 20-30 жылдарында қолдан ұйымдастырылған ашаршылықтан 4 млн. қазақ қырылған болып шығады.
Ендi ресми статистикаға жүгiнелiк. Ресей империясында 1897 жылы алғашқы халық санағы өттi. Оның қорытындысы (Брокгауз — Эфрон энциклопедиясында) бойынша Орта Азия халықтарының саны былай көрсетiлген: қырғыздар — 201 мың, түрiкмендер – 281 мың, қарақалпақтар — 104 мың, тәжiктер — 350 мың, сарт пен өзбектi қосқанда 1 млн. 690 мың, қазақтар — 4 млн. 84 мың адам. Яғни, қазақтың саны 1897 жылы Орта Азиядағы өзге халықтардың бәрiн қосқанда олардан екi еседей көп болған. Арадан жүз жыл өткенде осы халықтардың барлығы 10-12 есе өсiм бергенi белгiлi. Тек, қазақтар ғана екi еседен сәл ғана асатын өсiм бердi. Егер, 20-30 жылдар ойраны болмағанда қазақтар да бүгiнде 10-12 есе өсiм берiп, саны 40 миллионнан асқан болар едi. Статистика ненi көрсетiп отыр? Статистика жиырмасыншы — отызыншы жылдары қолдан ұйымдастырған аштықтан қырылған қазақтың 4 миллион өкiлiнiң өмiрге келмеген ұрпағының орны үңiрейiп тұрғанын көрсетiп отыр. Яғни, 30 миллиондай қазақтың орны үңiрейiп тұр.
20-30 жылдардың қызыл қырғыны — сөзсiз, қазақ тарихында бұрын-соңды болмаған ұлттық қасiрет. Ұлы ұлттық апат. Саяси тiлмен айтқанда, ұлы империяшыл кемсiтуге негiзделген мемлекеттiк масштабтағы зорлық-зомбылық, қазақтарға қарсы жасалған коммунистiк геноцид. Осы шындықты бiз әлi ресми тұрғыдан мәлiмдей алмай келемiз. Оның себебi коммунистiк геноцидтi Совет Одағын басқарған Кремль көсемдерi жасады. Совет Одағының заңды мұрагерi — Ресей Федерациясы. Қазақстан Ресеймен мәңгi достыққа қол қойған ел. Сол мәңгi орыс достарымызды ренжiтпеймiз деп, 4 млн. қазақтың аруағын өз дәрежесiнде мемлекеттiк деңгейде ұлықтай алмай келемiз. Яғни, 4 млн. халықты жоқтай алмадық. Жылдың бiр күнiн яғни 31 мамырды "Ашаршылық және репрессия құрбандарын еске алатын күн" деп жариялаймыз дедiк. Өкiнiшке қарай, Парламент қабылдаған ол заңнан "ашаршылық" деген сөз түсiп қалды, "31 мамыр репрессия құрбандарын еске алатын күн" болып жарияланды. Астанаға кiре берiсте ашаршылық және репрессия құрбандарына арналған монумент те бой көтердi. Алайда, артында 4 млн. қазақ тұрған "ашаршылық" деген сөз, ол жерде де жоқ деп естимiз. Совет заманында өз қылмысын жасыру үшiн коммунистiк идеология 20-30 жылдардағы ашаршылық туралы жұмған ауызын ашпады, ауыз ашқандардың ауызына ұрды. Сол отаршылдық дәстүр Қазақстанда әлi күнге шейiн созылып келе жатқаны ма деген ой келедi.
Жуырда Астанада болып кеткен Украина президентi Виктор Ющенко Қазақстан басшыларын 30-жылдардағы қолдан ұйымдастырылған аштықты Ресей империясы тарапынан бодан халықтарға қарсы ұйымдастырылған геноцид болды деген идеяны қолдауға шақырды. Бұл аштықта украин халқы да 7-8 миллион кiсiден айырылған едi. Алайда Қазақстан басшылығы үнсiз қалды. Биыл Қазақстандағы ашаршылыққа — 65 жыл. Тағы да үнсiз отырмыз.
Кезiнде Алматыда Көктөбенiң үстiне мемориал-холокост орнату туралы қозғалыс болған едi. Билiк бiрақ зиялы қауымның ол айқайына құлақ аспады.
— Қазақ қаламгерлерi 20 ғасырдың 20-30 жылдарында қазақ даласында орын алған алапат ашаршылық туралы бiршама қалам тербедi. Оның iшiнде өзiңiз де барсыз. Ендi сол 4 млн. жазықсыз қырылып, жоқтаусыз кеткен халықтың рухын ұлықтауда қандай iс-шаралар iстелуге тиiс деп бiлесiз?
— Ондай iс-шаралар неден басталуы керек? Бiздiңше, ең алдымен бұл шараға Үкiмет мұрындық болуы керек. Яғни, қазақ халқының атынан сол ашаршылықты ұйымдастырған Коммунистiк партияға ашық сот үдерiсi өтуi керек. Коммунистiк партия Қазақстанда заңнан тыс деп жариялануы керек. Астана, Алматы қалаларында Қазақстандағы 20-30 жылдары болған ашаршылық және репрессия жәйлi мәлiмет беретiн мемориал кешендер бой көтерiлсе деп ойлаймын. Ол мемориал жас ұрпақтың тарихи-патриоттық санасын қалыптастыратын тәрбие орталығына айналып, Ашаршылықта болған қазақ бастан кешкен сол сұрапыл сұмдықтарды еске алған көнекөз қариялардың үнi күңiренiп тұруы қажет. Алматы, Астана және облыс орталықтарында 4 млн. жазықсыз қырылған қазақ рухына тағзым ететiн алаңдар жасақталып, ескерткiштер қойылса… Әр жылдың 31 мамырында Республика Парламентi 1 минут үнсiз тұрып, ашаршылық және репрессия құрбандарын еске алуы керек. Мешiттерде сол күнi ашаршылық және репрессия құрбандарына арналып құран оқылуы керек.
Барлық елдi мекендерде көнеден қалған көз — куәгер қариялардың отызыншы жылдар ойраны туралы естелiктерi таспаға жазылып алынып, аудан орталықтарындағы мұражайларға тапсырылуы керек. Ондай қариялар ендi бiрер жылдардан кейiн арамызда қалмауы мүмкiн.Сондықтан асығу керек. Бұл iс-шараны ұйымдастырған қандай да болмасын партия халық сүйiспеншiлiгiне бөленетiнi хақ.
"ҚАЛАМ ҰСТАҒАН АҒАЙЫН ҚАШАННАН БИЛIККЕ ӨЗIНШЕ БIР ОППОЗИЦИЯ"
— Смағұл аға, саяси элита атқаруға тиiс iс тiптi көп сияқты. Мысалы кеңестiк тоталитарлық жүйе халқымызды дiнiнен айырды, тiлiнен айыруға күш салды дедiк…
— Айта-айта жауыр болған тақырыпқа тағы айналып соғатын болдық. Тiлден бастасақ, бұ салада азды-көптi жұмыстар жасалып жатыр. Бiрақ, бұның бәрi мәңгүрттенген қалалық қазақ санасына әсер етер емес. Бүгiндердiң өзiнде Алматы, Астана қалаларында ата-аналар, тiптен қалт-құлт еткен қариялардың өздерi тәй-тәй басқан немерелерiмен орысша тiлдесiп келе жатады. Бұл деген сөз — қазақтың орыстану үдерiсi әлi тоқтамады деген сөз. Неге тоқтамады? Қазақтың тәуелсiздiк алғанына – 17 жыл өттi емес пе дейсiз. Бұл жерде мен тағы да қазақтың орыстану үдерiсiнiң тоқтамауына қазақтың саяси элитасы кiнәлi деп бiлемiн. Өз санасы орыстанған ол элитадан не күтуге болады? Өзiнде жоқ қасиеттi ол элита халыққа қалай үлгi етпек? Үлгi етсе тек өзiнiң мәңгүрт қалпын ғана үлгi етедi емес пе? Саяси элитаның орыстануы бiртiндеп қазақты жоюға бастар ұлттық қасiретке ұласу қаупi жоқ емес. Ол үшiн билiк басына мемлекеттiк тiлде сөйлеп қана қоймай, сол ана тiлiнде ойлай алатын ұлтжанды басшылар келуi керек. Онсыз, яғни, Президент аппараты, Үкiмет, Парламент қазақша сөйлемей, тiл туралы мың заң қабылданса да түк шықпайды. Мемлекет басшысынан бастап үлкен жиындар түгел мемлекеттiк тiлде өтуi керек. Егер бiз орыстiлдiлердi мүсiркеп, үлкен мiнберлерден үнемi Ресей мемлекеттiк тiлiнде сайрай берер болсақ, өз халқымызды аямағанымыз болып шығады. Бүйтiп, тiл проблемасын ешқашан шеше алмаймыз. Онымен тек, қазақтың орыстану үдерiсiн үдете түсемiз. Үкiметке разы емеспiн. Осы Үкiмет телеарналардағы қазақша хабарларды түннен күндiзге ауыстыруға шешкен және мемлекеттiк тiлде бiр телеарна ашылады деп жариялап едi. Әлi жоқ.
— Дiндегi жағдай тiптен одан да сорақы сияқты ғой…
— Рас. Дiн сияқты санаға, ұлт бiрлiгiне тiкелей қатысты мәселеде есiк-тереземiздi әлемге ашып тастап, жалпақшешейлiк жасадық. Нәтижесiнде қазақ бiрлiгi бұзылды. Дiни негiзде ата — балаға, бала атаға жау болып жатқан жағдайлар бар. Адамды ата-анасынан, қоғамынан, мемлекетiнен бездiретiн әзәзiл экстремистiк пиғылдағы дiни секталардың бұйдасын түрiп, халық арасына тайраңдатып жiбердiк. Нәтижесiнде Қазақстан Әнұранын айтудан бас тартқан қазақ ұрпақтары пайда бола бастады. Бұл жәйлi ақпарат құралдарының жан айқайы естiлiп жатыр. Бұл да жұрттың бәрiне ұнап, арзан абыройға ие болғысы келген саяси элитаның қатесi. Ол қателiктiң дүмпуi әлi алда. Дiни тұрғыдан қырық руға бөлiнген қазақ күндердiң күнiнде өзара қырықпышақ болуы әбден ықтимал. Бүгiнгiден арғыны болжай алмайтын саяси меркантилизмге ұрынған қазақ элитасы халқының сорына сондай болашаққа жол ашып қойды ма деп қорқамын. Бұл кесел тым асқынбай тұрғанда ес жинау керек. Ел аралап тайраңдап кеткен секталарды ұлт рухын бiржола ойрандап кетпей тұрғанда тоқтатуымыз керек. Халықаралық ұйым¬дар сана бостан¬дығына жол аштыңыз деп арқадан қаққанға мәз болмауымыз керек. Сол халықаралық ұйымдардың да мақсаты қазақ халқын шоқындыру болмасына кiм кепiл? Сырттан келген сырты жылтыр ұсыныстардың бәрiне тек ұлттық мүдде тұрғысынан қарағанда ғана ұтылмаймыз. Ұлт бiрлiгiне түптiң -түбiнде нұқсан келтiретiн идеялардан мың жерден сырты жылтырап тұрса да сақтануымыз керек. Iшiне үңiлуiмiз керек. Қазақстан тәуелсiздiгiнiң мұрат-мақсаты сайып келгенде қазақ халқының рухани саулығы емес пе? Ол — жалпы Қазақстан халқының да саулығы емес пе?
— Аға, мiнеки қазақ даласына көктем, жаңғыру, жаңа жыл басы Наурыз мерекесi келдi. "Түркiстан" оқырмандарына тiлегiңiз?
— Бiз, қалам ұстаған ағайын, бар нәрсе бар ғой, бар нәрсе қайда кетер дейсiң деп, көбiнесе жоқ нәрселердi айтамыз. Яғни, қоғам назарын шешiлмеген түйiндерге аударамыз. Соған қарап қалам ұстаған ағайын азат елiмiздiң өмiрiнде болып жатқан орасан оң өзгерiстердi көрмей ме деген пiкiр тумаса керек. Қалам ұстаған ағайын қашаннан билiкке өзiнше бiр оппозиция. Ұрдажық оппозиция емес, ақылгөй оппозиция. Бұхар жырау да кезiнде Абылайға сондай ақылгөй оппозиция болған. Хан Абылайға кiсiнiң сай-сүйегiн сырқыратарлық сындар айтқан. Сол дәстүрдi сыйлағандықтан да Абылайды халқы төбесiне көтердi. Ақылгөй ақынын әспеттеген халқымыздың осынау алтын сабақ дәстүрi жаңа ғасырда да үзiлмесе екен деймiз. Халқымыз қашанда жылбасы Наурыздан жаңа леп келгендей жақсылық күткен. Бүгiнде тәуелсiз Қазақстан тағдырын қолда ұстап отырған саяси элитадан да халқы сондай жақсылық күтедi. Жаңа жылда жаңа леп келгендей жақсылық күтедi. Ұлт игiлiгiне жарайтын үлкен iс, iрi қадамдар күтедi.
— Әңгiмеңiзге рахмет! Наурыз құтты болсын!
Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАСОВА