ХАЛЫҚАРАЛЫҚ РЕЙТИНГТIК АГЕНТТIКТЕР

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ РЕЙТИНГТIК АГЕНТТIКТЕР

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ РЕЙТИНГТIК АГЕНТТIКТЕР
ашық дереккөзі

Кез келген ел халықаралық нарықтағы ахуалды бақылап отыруға және өзi туралы әлемдiк нарыққа жағымды ақпарат беруге мүдделi. Бұл тұрғыда халықаралық рейтингтiк агенттiкердiң атқаратын маңызы зор.

ҚАЗАҚСТАНҒА КЕЛДI

Өткен аптада Қазақстанға халықаралық рейтингтiк агенттiк — Standard&Poor’s сарапшылары келдi. Сапардың басты мақсаты — елiмiздегi әлеуметтiк-экономикалық ахуалды сарапқа салу. ҚР Экономика және бюджеттiк жоспарлау министрлiгi өкiлдерiнiң шетелдiктер сапарына аса мән бергенi тегiн емес. Былтыр әлемдiк қаржылық дағдарыс дүниежүзiлiк экономиканы жағадан алғанда, Жер шарындағы банктердiң қаржылық қауқарын таразыға тартқан халықаралық рейтингтiк агенттiктердiң бiрқатары компанияларға тиесiлi көрсеткiштердi төмендетiп тастаған едi. Тiптi, азуын айға бiлеген компаниялардың өзi қанша жасырып, жапқысы келгенмен, рейтингтiк агенттiктер шындықты ашып көрсеткен. Сол кезде ахуалдары "Тұрақтыдан" "жағымсызға" сырғыған қаржылық құрылымдар арасында қазақстандық банктер де бар едi. Бiздiң билiк ел үшiн онша жағымды емес осы жайтты бiресе қаржы нарығындағы алыпсатарлыққа теңеп, бiресе ақпарат тапшылығына таңып, бiраз әбiгерге түскен. Ақыры Үкiмет халықаралық рейтингтiк агенттiктер қызметкерлерiн Қазақстанға шақырып, оларға отандық қаржылық құрылымдар туралы егжей-тегжейлi мағлұмат беру туралы шешiмге тоқталған. Жыл басынан берi халықаралық рейтингтiк агенттiктер өкiлдерi бiрнеше рет есiк қақты. Өткен аптадағы Standard&Poor’s сарапшыларының елiмiзге келуi де осы шара төңiрегiнде болғаны анық. Әзiрге нақты мәлiметтер жоқ. Бiрақ агенттiктердiң тұтынушыларына ай сайын дерек берiп тұратынын ескерсек, жақын күндерi шетелдiктер пiкiрiн еститiн боламыз. Ал әзiрге рейтингтiк агенттiктердiң қызметi мен олардың әлемдiк қаржылық нарықтағы орны, маңызы мен қызметi және дүние жүзi бойынша ең iрi мекемелерi туралы мағлұматты ұсындық.

Рейтингтiк агенттiк дегенiмiз — эмитенттердiң қаржылық қауқарын, несиелiк мiндеттерiн, корпоративтiк басқару сапасы мен активтердi басқару сапасын бағамдайтын коммерциялық мекеме. Агенттiктiң әсiресе, несиелiк рейтингке қатысты жасаған сараптамасы қаржылық нарық үшiн өте құнды. Бүкiл әлем бойынша, 100-ден астам рейтингтiк агенттiк бар. Халықаралық деңгейдегi рейтингтiк агенттiктер арасында әсiресе, Fitch Ratings, Moody’s, Standard & Poor’s және Morningstar өте танымал.

STANDARD&POOR’S

Standard&Poor’s компаниясы 1941 жылы Standard Statistics және Poor’s Publishing Company мекемелерiнiң бiрiгуiнiң нәтижесiнде құрылған. Алайда, мамандар компанияның тарихын америкалық ғалым Генри Варнум Пурдың 1860 жылғы "Құрама Штаттардағы темiр жолдар мен каналдардың тарихы" атты зерттеу жұмыстарынан бастайды. Пур осы еңбектерiнде еуропалық инвесторларға аса қажет болған қаржылық ақпараттарды қоса жариялап отырған. Батыстық қалталылар Америкалық инфрақұрылымдарға салған қаржыларының тағдырына алаңдайтын. 1867 жылы Генри Пур баласымен бiрге Poor’s Railway Manual Company компаниясын ашады. Кейiнiрек бұл атау Poor’s Publishing Company болып өзгередi. 1906 жылы Лютер Блейк Standard Statistics Breau компаниясын құрады. Бұл мекеме америкалық компанияларға қаржылық ақпараттарды кедергiсiз алуына мүмкiндiк бередi. Бұған дейiн деректер мен ақпарат тапшылығынан зиян шегiп келген инвесторлар ендi керектi хабарларын еркiн алатын болды. 1916 жылы Standard Statistics корпоративтiк облигациялардың несиелiк рейтингтерiн, ал сәл кейiнiрек жекелеген несиелiк мiндеттердi жариялай бастайды. 1940 жылы муниципалдық облигациялардың алғашқы рейтингтерi жарыққа шықты. 1941 жылы Standard Statistics және Poor’s Publishing Company бiрiгiп, Standard&Poor’s компаниясы құрылды. 1966 жылы Standard&Poor’s MGraw-Hill корпорациясына сатылды. Генри Пур негiзiн қалаған мекеме "инвесторлардың ақпарат алуға құқығы бар" деген қағида бойынша жұмыс жасаған едi. Арада 140 жыл өтсе де, осы қағида еш өзгерген жоқ. Осының нәтижесiнде, компания несиелiк тәукелдi бағалауда және халықаралық қаржылық нарыққа нақты дерек беруде әлемдiк деңгейде жоғары сапалы қызмет көрсететiн мекемелер қатарынан көрiнiп келедi. Standard&Poor’s компаниясында қызмет ететiн адамдардың саны 6,5 мыңға жуық. Олар әлемнiң 21 мемлекетiнде тер төгуде. Ал 1888 жылы құрылған MGraw-Hill корпорациясы ақпараттық, танымдық, сараптамалық қызмет көрсетумен, ғылыми-зерттеу және конструкторлық жұмыстармен айналысады. Standard&Poor’s сияқты өзiнiң еншiлес компаниялары атынан әлемдiк нарықты несиелiк рейтингтермен, қаржылық және iскерлiк ақпаратпен қамтамасыз ететiн MGraw-Hill Business Week, Aviation Week, Platts сияқты басылымдарға ие. Дүние жүзiнiң 38 елiнде корпорацияға тиесiлi 290 офисi бар.

FITCH RATINGS

Fitch Ratings агенттiгiнiң iргетасын 1913 жылдың 24 желтоқсанында Джон Ноулз Фитч қалаған. Бастапқыда Нью-Йоркте баспа ретiнде жұмыс жасаған Fitch Publishing Company қаржылық статистикалық мәлiметтердi жариялаумен айналысты. Компанияның басты клиенттерiнiң бiрi Нью-Йорктiк қор биржасы болатын. Көп кешiкпей-ақ, баспа "Фитчтiң облигациялар қоржыны", "Фитчтiң акциялар мен облигациялар жөнiндегi басшылығы" сияқты өз басылымдары арқылы инвестициялық қауым үшiн статистикалық мәлiметтердi беруде жетекшi ұйымға айналады. Сұраныстың өсуiне байланысты 1924 жылы Fitch рейтингтiң "ААА" шкаласынан бастап "Д" шкаласына дейiнгi зерттеулерiн ұсына бастады. Терең де нақты талдаулар инвестициялық нарықтағы сұранысты қанағаттандырумен бiрге тұтынушылар санын арттырды. Fitch 1975 жылы АҚШ-тың құнды қағаздар мен биржа жөнiндегi комиссиясының статистикалық агенттiктерге берген куәлiгiн алғаш алған 3 агенттiктiң қатарында. 1989 жылдан кейiн мекеме басшылығына жаңа команда келедi. 1990-жылдардағы компаниядағы қарқынды даму нәтижесiнде және компания сарапшыларының қаржыландыру құрылымына қатысты талдаулары мен тым күрделi несиелiк жүйенi өте қарапайым да ұғынықты тiлмен түсiндiрудiң, өзгелерге қарағанда, мониторингтi егжей-тегжейлi зерттеудiң арқасында агенттiктiң тасы өрге домалайды. 1997 жылы Fitch пен негiзгi басшылығы Лондонда орналасқан IВСА Limited co. компаниялары бiрiгедi. Екi күштi мекеменiң қосылуы олардың халықаралық деңгейде күшеюiне ықпал еткенi сөзсiз. 2000 жылы Чикагодағы Duff & Phelps Credit Rating Co компанияларын сатып алған Fitch көп кешiкпей Thomson BankWatch компаниясына қол жеткiзедi. Корпоративтiк эмитенттердi, қаржылық құрылымдарды, сақтандыру саласы мен қаржыландыру құрылымын қалыптастыру саласына қатысты талдаулар мен сараптамаларды дайындауда күшейе түскен Fitch 2006 жылы Derivative Fitch мекемесiнiң негiзiн қалады. Derivative Fitch рейтингтiк агенттiктер арасындағы несиелiк деривативтер нарығын түбегейлi зерттеуге бағытталған алғашқы мекеме едi. Лондонда, Нью-Йорк пен Гонконгте қызмет ететiн 100-ден астам кәсiби мамандар тұтынушылар қызығушылығы артып келе жатқан несиелiк деривативтер нарығының ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз етуге үлес қосуда. Бiрнеше компанияны қанжығасына байлаған Fitch Ratings қарамағында 2200 қызметкер тер төгуде. Олардың 800-ге жуығы — тәжiрибелi сарапшылар. Бүгiнгi таңда Fitch әлемнiң 100 елiндегi 6000-нан астам қаржылық мекемелерге, 3 178 банкке, 2 435 сақтандыру компания¬ларына, оның iшiнде 1 660 корпоративтiк эмитенттерге қызмет көрсетедi. Сонымен қатар ақпаратпен қамтамасыз ететiн мемлекеттер арасында экономикасы жедел дамып келе жатқан Қазақстан сияқты посткеңестiк елдер де бар.

MOODY’S

Moody’s — Moody’s Investors Service халықаралық рейтингтiк агенттiк. Moody’s Corporation компаниясының еншiлес мекемесi. Несиелiк рейтингтердi игеру, тәуекелдiк нарықты сараптау мен зерттеулермен айналысады. Бүкiл әлем мен ТМД елдерiнiң шеңберiнде қызмет көрсететiн Moody’s агенттiгiнiң Сингапурда, Гонг-Конгта, Индонезияда, Австралияда, Үндiстанда, Мумбайда, Жапония, Корея, Қытай, Тайвань, Болгария, Кипр, Чехия, Египет, Германия, Израиль, Италия, Ресей, Солтүстiк Африка, Испания, Бiрiккен Араб Әмiрлiктерi, Аргентина, Бразилия, Канада, Мехико, АҚШ басқа да көптеген мемлекеттерде жұмыс iстейтiн 1700 сарапшы бар.

MORNINGSTAR

Morningstar — АҚШ-тағы 1991 жылы негiзi қаланған рейтингтiк агенттiк. Инвестициялық қорға қатысты деректер мен сараптама дайындайтын агенттiк өз тұтынушыларына деректер жинағын, шолулар, бiлiм беретiн арнайы курстар, сараптамалық және ақпараттық жинақтар ұсынады. Morningstar Құрама Штаттардағы 8000 астам қорға бақылау жасайды. CNN, The New York Times, The Wall Street Journal, Money, Yahoo.com, SmartMoney.com үшiн жүйелi түрде арнайы ақпараттар жiберiп отырады.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ