"ЕЛЕС" КЕЗГЕН ТЕАТР

"ЕЛЕС" КЕЗГЕН ТЕАТР

"ЕЛЕС" КЕЗГЕН ТЕАТР
ашық дереккөзі

Театр кезектi фестивалiн бастады. Театр фестивалi басталардан бұрын көрермен тағы бiр премьерамен қауышқан болатын. М.Әуезов театрының сахнасында қойылған "Сағыныш пен Елес" кезектi фестивальдiң шымылдығын ашты.

Драматург Сұлтанәлi Балғабаевтың пьесасының негiзiнде қойылған "Сағыныш пен Елестi" режиссер Әубәкiр Рахимов сахналапты. Сағынышын қайдам, спектакльдiң өнбойын елес кезiп жүргенi анық. Қойылымды қоюда да режиссер осыны басты тақырып етiп пайдаланған сыңайлы. Оның себебi, спектакльдiң басынан аяғына шейiн "елес" кездi де жүрдi. Мүмкiн, қоғамда мұндай оқиғалар аяқ бассақ кездесiп жататын шығар. Өткенiне өкiнiш тудыру үшiн, баяғыда ұмыт болған оқи¬ғаны көз алдына жасөспiрiм қыздың баяндауы арқылы келтiру де дұрыс шығар, бiрақ, спектакльде күмән тудыратын, көңiлге қоныңқырамайтын тұстары өте көп.

Әлқисса, бәрiн басынан баяндайықшы. Белгiлi ғалым, профессор Хайретдин, бұрынғы партия қызметкерi Абдулхамит, бұрынғы мектеп директоры Анардың тұрмыстары бiр қалыпты, өмiрге разы кейiппен ғұмыр кешiп жатқан шағында, аяқ астынан отбасыларының шырқы бұзылады. Барлығы сол баяғы телефонның шылдырынан басталды. Ауылдан келген Арайлымның ғалымның үйiне телефон шалуы, телефон тұтқасын көтерген Арманның Арайлымды ұнатып қалуы, қалыңдығын отбасына, отбасының достарына алып келiп таныстырған күннен бастап, өткеннiң де елесi қайта қозады. Өздерiнен өздерi жасырған, еске түсiргiсi келмейтiн, баяғыда ұмыт болған оқиға көз алдарында қайта жанданады.

Ары кеткенде алты адамның арасында өтетiн оқиғада басты көзiр "Елес" болған сыңайлы. Онда атынан көрiнiп тұрғандай сағыныш жоқ. Тек өткенге өкiну, бармақ тiстеу, жан ауыртпалығы, қатыгездiк, қоғамның тоғышарлығы ғана бар. Бәрiне қоғам кiнәлi шығар, бiрақ басты кiнә адамзат баласында екенi айқын. Онда қызметiнен қуылып кетуден қорыққан мектеп директоры, партияның қатаң ұстанымы, сүйгенiн арашалап алып қала алмаған ғалым… Қоғамның озбырлығына, қиянатшылдығына қарамастан, қыз өз ұрпағын аман сақтап қалады. Балалар үйiнде өскен баланың келешек тағдырынан хабар беретiн кейiпкер – Арайлым ғана. Одан ары қарай, оқиға елес пен Арайлым арқылы тiзбектеле бередi. Спектакльдiң де басты мақсаты – Елес арқылы көрерменге ой салу болған сыңайлы. Драматургтiң пьеса арқылы ненi айтқысы келгенiн оқиғаның барысында бiрден аңғаруға болады. Ал, режиссердiң пьесаны қоюда ненi көрсеткiсi келгенiн түсiне алмадық. Бiздiң ұғымымыздағы Елес түс арқылы ғана адам жанына қозғау салушы едi, мұндағы Елес оқиғаға тiкелей араласып кетедi. Жарайды, қоғамның, адамзаттың құрбандығы болған қыздың жаны немересiне қайта берiлсе, онда да қабылдай алар едiк. Мұнда тек екi адамның қайта-қайта кездесуi ғана бар. Әрi Елес бейнесiндегi актрисаның ойыны да тым шалағай. Адамзаттың ұғымындағы әруақ аппақ киiмде көрiнушi едi, мұндағы Елестiң де киiмi де көңiлге қонымсыз. Әрi ән шырқағандағы актрисаның дауысын қабылдау мүмкiн емес. Оған қарағанда Арайлымның үнi құлаққа жағымды естiледi. Халық әндерiн нақышына келтiрiп шырқай алмаса, неге диапазоны бар адамдарға айтқызбады екен деген ой да келдi. Қалай десек те, кейiпкер Елестiң қайта-қайта сахнада көлбеңдеп шыға беруi режиссердiң ұтымды тапқырлығы емес. Елес деген оңашада, қызбен ғана тiлдесе алса, ол әрi түс ретiнде көрiнсе, онда шындыққа жанасар едi. Мұндағы елес ғалым Хайретдинмен де, партия қызметкерi Абдулхамитпен де сөйлесiп кете бередi. Тағы бiр қызығы, өмiрге бала әкелiп, жоғалып кеткен қыздың кейiнгi тағдыры не болды? Он алты жасар қыз қайда кеттi, әлде өз-өзiне қол жұмсады ма? Осы жағы спектакльде айқындалмай қалған.

Жалпы, сектакльдi сомдаған кейiпкерлердiң бәрi де осал актерлер емес. Хайретдиндi сомдаған – Саят Мерекеұлы, Абдулхамит бейнесiн берген Бектемiрұлы, Анарды көрсеткен Рахила Машурованың ойындарында мiн жоқ. Майталман сахна шеберлерiнiң ойыны қай кезде де өз шеберлiгiнiң осал еместiгiн көрсетедi. Оларға қосылған Арман – Берiк Айтжанов та, Арайлым – Зәуре Көпжасарованың ойындары шынайы, көңiлге қонымды шықты. Әсiресе, спектакльдiң барлық жүгiн көтерген Зәуре Көпжасарова екенiн де жасырмауымыз керек.

Ең бастысы, спектакль адам баласының ұрпақ алдындағы жауапкершiлiгiн сезiндiрiп қана қоймай, қиянаттың да түбi қайта өзiңе оралатынын да көрсетiп отыр. Спектакльдiң де ұтатын тұсы осы. Жалпы, драматург Сұлтанәлi Балғабаевтың "Сағыныш пен Елес" пьесасының ғұмыры ұзақ боларына сенiмiмiз мол.