АРДАГЕР ҰСТАЗ ӘРI ЖУРНАЛИСТ

АРДАГЕР ҰСТАЗ ӘРI ЖУРНАЛИСТ

АРДАГЕР ҰСТАЗ ӘРI ЖУРНАЛИСТ
ашық дереккөзі

Ол жұмыс бабында Қазақ ССР Оқу министрi Әди Шәрiповтың қабылдауында бұдан бұрын да бiрнеше рет болған. Солардың бәрiнде республика мектептерiндегi оқу iстерi жөнiнде пiкiр алысатын. Қай кезде де Зекең тәжiрибелi маман ретiнде өз ойын бүкпей ашып айтатын. Мектеп реформаларын жүзеге асырудағы өзектi мәселелердi шешуде өзiндiк құнды ойларын ортаға салып жүрдi.

Ана бiр жылдары орта бiлiм беру мерзiмi әр қалай уақытқа алмастырылып, бiлiм беру жүйесi әрi-сәрi күй кешкен. Әуелi тоғыз жылдық, содан соң онжылдық болды. Тағы бiршама уақыттан соң онжылдықтан он бiржылдыққа ауыстырылды. Санаулы жылдардан соң қайтадан онжылдыққа көштi. Уақыт талабына сай оқу реформасы да өзгертiлiп отырды. Бiрден бiрге ауысу оңай емес әрине. Қаншама тынымсыз еңбек етудi талап еттi. Жаңаша ойлап, жаңаша жұмыс iстеу уақыт талабы едi. Ия, сол кезде Зейнолла Бейсенбаев жас болатын. Қылшылдаған жастық жiгерi, қажыр- қайраты бойында едi. Қазақ университетiнiң қабырғасында атақты ғалымдар Мұхтар Әуезовтен, Қажым Жұмалиевтен, Iсмет Кеңесбаевтан, Төлеген Тәжiбаевтан, Мәулен Балақаевтан дәрiс алған жас маманның бiлiм-бiлiктiлiгi өзгелерден асып түспесе, бiр мысқал да кем емес болатын. Университеттi бiтiрген жылы жолдаманы туған жерi Павлодар облысындағы Баянауыл ауданына сұраған. Ал темiрдей тәртiптi жақсы көретiн сол кездегi Оқу министрi Әбдiхамит Сембаев: "Шырағым, коммунист екенсiң. Университеттi үздiк бiтiрiпсiң. Бiздiң министрлiкке өзiңдей жас маман қажет", — деп аппаратқа мектеп инспекторы етiп қабылдады. Сенiмдi ақтау оңай ма. Жас маман барын салып, өз мiндетiн аз уқыттың iшiнде игерiп алды. Мектеп iсiнiң қыры мен сырына қанықты. Өзiн тыңғылықты iсiмен көрсете бiлдi. Жылжыған жылдармен министрлер де ауысып отырды. Зекеңнiң де қызметi өстi. 1960-62 жылдары министрлiктегi мектептер басқарма бастығының орынбасарлығын мiнсiз атқарды. Ол қызметпен шектелiп қана қойған жоқ. Мектеп оқулықтарының сапалы шығуына да белсене атсалысты. 1 және 2 сынып оқушыларына арнап құрастырған "Ана тiлi" оқу кiтабы, және 5-8 кластарға арналған "Қазақ тiлi диктанттар жинағы" осы уақытқа дейiн қолданыста. Оқу саласына сiңiрген еңбегi бағаланып отырды. Қазақ ССР Жоғарғы Советiнiң "Мақтау грамотасымен" марапатталды. "Қазақстан Республикасы бiлiм беру iсiнiң құрметтi қызметкерi", "Қазақ ССР оқу iсiнiң үздiгi", "Қазақ ССР еңбек сiңiрген мәдениет қызметкерi", және бiрнеше медалдардың иегерi. Алматы қаласы Халық депутаттары Фрунзе аудандық Советiне қатарынан үш рет депутат болып сайланғаны өз алдына бiр әңгiме. Сондай-ақ Республика ағарту және ғылыми мекемелер кәсiподағы республикалық комитетi президиумының әрi пленумының мүшесi кезiндегi маңызды мәселелердi оң шешуде қосқан үлесi ұшан-теңiз. Оны көз көргендер күнi бүгiнге дейiн айтып жүр.

Сол күнi Әди Шәрiпов өзi күтпеген ұсынысты алдына тартты.

– Зейнолла Баязитұлы, бiз сiзге аса жауапты жұмысты тапсырғалы отырмыз.

— Құлағым сiзде, Әдеке. Айтыңыз.

— Бiздiң министiрлiктiң органы "Қазақстан мұғалiмi" газетi ашылғалы берi дотацияда отыр. Коллегия мәжiлiсiнде сол газет мәселесiн қаншама рет қарадық. Нәтижесi күткендегiдей болмай жүр. Сол газетке ендi өзiң басшылық етсең. Өйткенi республикадағы оқу iсiн жақсы бiлесiң. Газет соны жоғары талап деңгейiнде көрсете бiлуi керек. Бұл тек сенiң ғана қолыңнан келедi, — дедi.

Зекең ұсынысын қабыл алды. Ертеңiне министрдiң орынбасары Сүлеймен Задин Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетi секретариатының мәжiлiсiне алып барды. Дiнмұхамед Қонаев басқарған секретариат мүшелерi оған бiрнеше өзектi сұрақтар қойып, жауаптарына қанағаттанған соң "Қазақстан мұғалiмi" газетiне редактор етiп бекiттi. Бұл 1962 жыл болатын. Сонда газеттiң тижражы он мыңға жетер-жетпес едi.

Зейнолла Бейсенбаев iстi келе жаңаша ұйымдастырды. Газет қызметкерлерiне батыл талаптар қойып, бас аяғы бiрер айда басылымның түрi мен мазмұнын, сапасын мүлдем өзгерттi. Мектеп реформасын жүргiзудегi орын алған кемшiлiктердi өткiр сын тезiне алды. Республика мектептерiндегi үлгiлi iстердiң тәжiрибесiн дер кезiнде насихаттап отырды. Газет ұжымы тек Республика көлемiнде шектелiп қалған жоқ, одан тысқары жерлердегi қазақ мектептерi жайларын да қамтып отырды. Бас редактор арнаулы тiлшiлерiн Ресейдегi Омбы облысы және Алтай өлкесiне арнайы жiберiп онда қазақ мектептерiнiң жай-жапсары жөнiнде газеттiң бiр бетiне жуық материалдар жариялады. Жай материалдар емес, өзектi мәселенi қозғаған өткiр дүниелер болатын. Осындай игi iстерге газеттiң көп ықпалы тидi. Жалпы Зейнолла Бейсенбаевтың басшылығы кезiнде газет ұжымы одақтас республикалардың барлығындағы ұстаздарға арналған басылымдармен тығыз байланыс жасап, тәжiрибе алмасу беттерiн ұйымдастырып отырды. Газет сындарына әр облыстың халық ағарту бөлiмi дер кезiнде жауап берiп, сыннан қорытынды шығарғандарын жазбаша түрде жазып жатты. Айналдырған екi-үш жылда газет Республикадағы оқу iсiнiң шын мәнiндегi айнасына айналды. Ұстаз қауымының сүйiктi әрi асыға күтетiн мерзiмдiк басылымы болды. Сол жылдары газет тиражы жетпiс үш мыңға жетiп, мемлекеттiк дотациядан шықты. Бұл Зейнолла Бейсенбаевтың газетке ұтымды басшылық жасауының арқасында қол жеткен үлкен жеңiс едi.

Өмiрдiң талай өткелдерiнен сүрiнбей өткен Зейнолла Бейсенбаев қазiр сексеннiң сеңгiрiнде. "Қартайдым, қажыдым", деп отырған жайы жоқ. Қолына қалам алып оқу iсiне, қоғамға, тарихқа байланысты жайларды жазып жүр. Баспалармен байланысын үзбеген. Солардың тапсырмаларын дер кезiнде орындауда. Әйелi Жәмила Әбiтқызы да ұстаз. Қаланың орта мектептерiнде бiрнеше жыл тарих пәнiнен сабақ берген. Қалалық оқушылар сарайы директорының орынбасары қызметiнде жүрiп еңбек демалысына шықты. Олар төрт немересiнiң сүйiктi атасы мен әжесi. Сексеннiң сеңгiрiне шыққан жасыңыз құтты болсын, Зеке!

Көлбай Адырбекұлы