ЭКОНОМИКА ЖАҢАЛЫҚТАРЫ

ЭКОНОМИКА ЖАҢАЛЫҚТАРЫ

ЭКОНОМИКА ЖАҢАЛЫҚТАРЫ
ашық дереккөзі

БАҒАНЫ АУЫЗДЫҚТАУДА – "БАЗАРКОМДАР" ҮЛЕСI

Атырау қаласының әкiмдiгi мен қаладағы ең iрi базарлардың басшылары бағаны ауыздықтауға және азық-түлiктiң аса маңызды түрлерiмен үздiксiз қамтамасыз етуге қатысты меморандумға қол қойды.

Аталған құжат инфляцияны тежеуге және баға саясатын тұрақтандыруға бағытталған. Меморандумда Махамбет ауданынан жыл сайын 350-400 тонна көкөнiс беруге қауқарлы жылыжай салу, өзбекстандық көкөнiс өсiрушiлермен Атыраудағы базарларға делдалсыз өнiм әкелу туралы келiсiм жасау, халық көп тұтынатын азық-түлiкке үздiксiз мониторинг жүргiзу де қарастырылған. Келiсiм бойынша, базарлар 2008 жылдың соңына дейiн бағаны өсiрмейдi. Көктем мен жазда ауыл шаруашылығы саласында тер төгетiн отандастарға өнiмдерiн сату үшiн базарлардан қосымша орындар бөлiнедi. Сонымен қатар жергiлiктi ауыл шаруашылығы қызметкерлерiне базарларда арнайы жеңiлдiктер қарастырылған. Атыраулықтардың бұл қадамы өзге әкiмдерге де үлгi болса игi. Өйткенi, мамандар елдегi асау аттай ауыздығымен алысқан бағаны базарлар мен базаркомдардан бастау керектiгiн айтудан шаршамай келедi. Тек еститiн құлақтың аз болғаны өкiнiштi.

«КАСПИЙСКИЙДIҢ» ЖЕДЕЛ НЕСИЕЛЕУIНЕ — 5 ЖЫЛ

Осыдан 5 жыл бұрын, анығында, 2003 жылдың 19 наурызында Алматыдағы үлкен дүкендердiң бiрiнен 38 мың теңгеге зат сатып алған азаматша елiмiздегi тұңғыш жедел несиенi рәсiмдеген едi. Қазақстан аумағы бойынша жедел несиенi алғаш енгiзген — Каспийский банкi.

Каспийский банкi 5 жыл iшiнде өз клиенттерiн 140 млрд. теңге көлемiнде 1,6 млн. жедел несиемен қамтамасыз еткен. Осы мерзiм iшiнде жедел несиелiк қызмет көрсету ауқымын 26 қала мен 500-ден астам елдiмекенге дейiн кеңейттi. Тұрмыстық техникадан бастап, қыз айттырам деген күйеу жiгiттiң қалыңдығына беретiн "қалың малымен" бiрге ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргiзуге дейiн жедел несие бөлген банк басқа да түрлi жағдайларды да назардан тыс қалдырмайды. Каспийский банкiнiң Басқарма төрағасы Михаил Ломтадзе: "Қазiргi сәтте жедел несиелер — бүкiл елiмiз бойынша жедел несиелеудiң 500-ден астам орны арқылы ұсынылатын бiздiң банктiң маңызды өнiмi. Бiз осы бизнестi дамыта отырып, өз клиенттерiмiзге қызықты да пайдалы өнiмдер ұсынатын боламыз. 2007 жылы Каспийский банкi жедел несиелеудi бiрыңғай IТ жүйесiне аударды. Осының нәтижесiнде клиенттерiмiз кез келген банк бөлiмшесiнен несиенi алуға және оны өтеуге мүмкiндiгi бар" дейдi. Ал банктiң атқарушы директоры Бақытжан Өмiрзақованың айтуынша, үстiмiздегi жылдың басынан берi Каспийский банкi тұрмыстық техника, жиһаз сатып алуға, бiлiм алуға т.б. 56 мыңнан астам несие (56 млрд. теңге) берген. Былтыр банктiң несиелiк қоржынындағы жедел несие үлесi 10,2 пайыз (20,2 млрд. теңге) болған.

ЗЕЙНЕТКЕРЛIККЕ ШЫҒУ ЖАСЫ ӨЗГЕРТIЛМЕЙДI

Дүйсенбi күнi украиндықтар жағымды жаңалықтың куәсi болды. Бiрнеше уақыттан берi қызу пiкiр сайысқа ұласқан зейнеткерлiкке шығу мәселесi оңтайлы шешiмiн тапты.

Премьер Тимошенко: "Үкiмет зейнеткерлiкке шығу жасын ұлғайту төңiрегiнде өрбiген пiкiрталастарды тоқтатуға бел буды. Яғни, зейнеткерлiкке шығудағы жас мөлшерi бүгiнгi қалпында сақталады. Мен адамдардың зейнетақылық реформаға алаңдамауын қалаймын" дедi. Оның айтуынша, зейнетақылық реформа ынтымақтастық немесе жинақтаушы жүйенiң қайсысын таңдалатынын анықтау үшiн қажет. Бүгiнгi таңда Украинада ынтымақтастық зейнетақылық жүйе жұмыс iстеуде. Премьер ханым өз елiнiң бiртiндеп жинақтаушы жүйеге көшкенiн қалайды. Тимошенконың командасы зейнетақылық жүйенi өзгерту барысында туындайтын қаржылық тапшылық мәселесiн шешудiң жолдарын қарастыруда.

ТҰРҒЫН ҮЙ ТЫМ ҚҰНСЫЗДАНЫП БАРАДЫ

Әлемдiк қаржылық дағдарыс америкалық ипотекалық дағдарыстан бастау алғаны белгiлi. Өкiнiшке қарай, АҚШ-тағы жылжымайтын мүлiк бағасы әлi тұрақтанған жоқ. Керiсiнше, уақыт өткен сайын арзандап барады. Бағаның төмендеуi қаңтар айында 11,4 пайызға жеткен.

Американың 10 ауданындағы тұрғын үй нарығына зерттеу жасаған Standard & Poor’s рейтингтiк агенттiгi құнсыздану процесiнiң әлi де тоқтамағанын айтады. Құрама Штаттардағы тұрғын үйдiң тым арзандап кетуi қаржылық дағдарыстың кесiрiнен. Тiптi, әлемдегi ең iрi деген банктердiң өзi қыруар шығынға батты. Апта басында америкалық тұтынушылық сенiм деңгейi соңғы бес жылда болмаған деңгейге күрт төмендегенi анықталған. Жекеменшiк зерттеу компаниясы — Conference Board тарапынан ұсынылған деректерге сүйенсек, үстiмiздегi жылдың наурызында 64,5 пайызға төмендеген көрiнедi. Зерттеу орталығының жетекшiсi Линн Франко: "Тұтынушылардың кәсiпкерлiк пен нарық талаптарына сенiмсiздiкпен қарайтындықтан, экономикалық өсiмнiң күрт төмендеуi қайталану қаупi бар", – дедi. Тұтынушылар сенiмiнiң бәсеңдеуi ФЖҚ-ның пайыздық көрсеткiштердi одан сайын төмендетуге мәжбүрлеуi мүмкiн. Bank of America Securities банкiнiң сарапшысы Питер Кретцмер қаржылық нарық тұрақтанған күннiң өзiнде жыл соңына дейiн тұрғын үй мен жұмыссыздық мәселесiнiң ушыға түсетiнiн көлденең тартады. Демек, америкалық экономикаға рецессияға ұшырау қаупi қайта төндi.

ТҮРКIМЕНДЕРДIҢ ГАЗЫ — ТҮРIКТЕРГЕ

КСРО құрсауынан құтылған дербес мемлекеттер Кремльдiң нұсқауынсыз, тәуелсiз шешiм қабылдауға, халықаралық сахнада ықпалын арттыруға мүдделi. Дүйсенбi күнi Түркия билiгiмен кездескен Түркiменстан президентi Еуропаға бастар жолда ынтымақтастықты нығайтуды көздейтiнiн айтты.

Анкарадағы басқосуда түрiктердiң басшысы А.Гүл мен түркiмендер басшысы Қ.Бердiмұхамедов үкiметаралық комиссия құру туралы бастаманы қолдайтындықтарын жеткiздi. Екi елдiң кәсiпкерлерi мен компаниялары арасында серiктестi нығайтуға мүдделiлiк танытқан түркiменбашының мұрагерi өз елiнiң экономикасының, әсiресе, тiгiн өнеркәсiбiнiң қарқынды дамуына түрiк инвесторлардың қомақты үлес қосып отырғандығына тоқталды. Сонымен қатар келешекте энергетика, көлiк, байланыс пен уризм салаларына баса назар аударылмақ. Абулла Гүл: "Энергетикалық серiктестiкте түркiмендердiң табиғи газы түрiктердiң жерi арқылы еуропалық нарыққа тасымалдануын қамтамасыз етуге дайынбыз", – дедi.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ